175-бап. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары
1. Стационарлық жағдайларда психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмек емдеуге жатқызылған адам мен басқа да адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің неғұрлым аз шектеулі жағдайларында, медицина персоналы оның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып жүзеге асырылады.
2. Стационарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызылған және онда болған кезде күш қолданып қысым жасау және оқшаулау шаралары, психиатр-дәрігердің пікірінше, емдеуге жатқызылған адамның өзіне немесе басқа адамдарға тікелей қауіп төндіретін әрекетіне өзге әдістермен жол бермеу мүмкін болмаған жағдайларда, нысандарда және сол уақыт кезеңіне ғана қолданылады және ол медицина персоналының тұрақты бақылауымен жүзеге асырылады. Күш қолданып қысым жасау немесе оқшаулау шараларының нысандары мен қолданылу уақыты туралы оның заңды өкілі хабардар етіле отырып, медициналық құжаттамада жазба жасалады.
3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мәжбүрлеп куәландыруды, мәжбүрлеп емдеуге жатқызуды жүзеге асыру кезінде медицина қызметкерлеріне жәрдем көрсетуге, емдеуге жатқызылатын адамды қарап-тексеру мақсатында оған бару үшін, сондай-ақ емдеуге жатқызылған адам (емдеуге жатқызылуға жататын адам) тарапынан айналадағылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайларда қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
176-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау
1. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның немесе оның заңды өкілінің келісіміне қарамастан белгіленуі мүмкін және психиатр-дәрігердің тұрақты қарап-тексеруі арқылы адамның психикалық денсаулығының жай-күйін байқауды және оған қажетті медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді.
2. Динамикалық байқау ауыр, өзгермейтін сипат алған, асқынған ауру белгілері жиі болатын созылмалы немесе ұзаққа созылған бұзылушылықтан зардап шегетін адамға белгіленуі мүмкін.
3. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау, сондай-ақ динамикалық байқауды тоқтату қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адам психикалық жай-күйі өзгерген кезде осы Кодекстің 166-бабының 5-тармағында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен өзінің келісімінсіз немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз куәландырылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау психиатр-дәрігерлер комиссиясының шешімі бойынша қайта басталуы мүмкін.
2-параграф. Орфандық аурулар кезінде медициналық көмек көрсету
177-бап. Орфандық аурулар кезінде медициналық көмек көрсету
1. Орфандық (сирек кездесетін) ауруларға адам өміріне қатер төндіретін немесе мүгедектікке алып келетін, болу жиілігі ресми айқындалған деңгейден аспайтын сирек кездесетін ауыр аурулар жатады.
2. Орфандық ауруларды емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.
3. Орфандық аурулардың және оларды емдеуге арналған дәрілік заттардың (орфандық) тізбесін мынадай өлшемшарттарды ескере отырып, уәкілетті орган бекітеді:
1) Қазақстан Республикасында таралуы;
2) жүргізу үшін Қазақстан Республикасының аумағында әзірленген және тіркелген дәрілік заттар бар жүйелі емдеу қажеттілігі (курабелді пациенттер);
3) әзірленген және әлемде бар, бірақ Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға тіркелмеген дәрілік заттарды қолдана отырып, жүйелі емдеу қажеттігі;
4) емдеу үшін әлемде әзірленген дәрілік заттар жоқ аурулардың болуы;
5) радикалды терапияның болмауына байланысты паллиативтік медициналық көмек көрсету қажеттігі (инкурабелді пациенттер).
4. Орфандық аурулардың және оларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
21-тарау. УАҚЫТША БЕЙІМДЕУ ЖӘНЕ ДЕТОКСИКАЦИЯ ОРТАЛЫҚТАРЫ
178-бап. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары
1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылады.
2. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының қызметін ұйымдастыру тәртібі мен уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының ішкі тәртіптеме қағидаларын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.
179-бап. Адамдарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастыру негіздері
Орналастырылатын адамның алкогольдік масаң (интоксикациялық) күйде болғандығы туралы психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның персоналы жүргізген медициналық куәландыру қорытындысы адамдарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастыру негізі болып табылады.
180-бап. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылатын адамдарды қабылдау және тіркеу
1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылатын адамдарды қабылдау және тіркеу, жеке тексеріп-қарауды, медициналық куәландыруды жүргізу тәртібі, сондай-ақ алып қоюға жататын заттардың тізбесі уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының қызметін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес айқындалады.
2. Алкогольдік масаң (интоксикациялық) күйдегі адамдарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастыру туралы тұрғылықты жері бойынша жақын туыстарына дереу хабарланады.
Шетелдікті уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырған кезде медицина персоналы бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне хабарлайды.
181-бап. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарында ұстау режимі
1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарында ұсталатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және олардың өздігінен кетіп қалу мүмкіндігін болғызбайтын режим белгіленеді. Үй-жайларды күтіп-ұстау шарттары, оларды жабдықтауға қойылатын талаптар уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының ішкі тәртіптеме қағидаларында айқындалады.
2. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған ер адамдар әйелдерден бөлек орналастырылады.
3. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған кәмелетке толмағандар өздерінің заңды өкілдерінің келісімімен тиісті медициналық ұйымның бейінді бөлімшелеріне емдеуге жатқызылады.
4. Инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын адамдар уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған басқа адамдармен бірге ұсталмайды.
182-бап. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылатын адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылатын адамдардың:
1) өздерінің құқықтары мен міндеттері, ұстау режимі туралы ақпарат алуға;
2) уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында болу кезеңінде жеке басының қауіпсіздігіне;
3) материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитариялық қызмет алуға;
4) өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу мәселелері бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның медицина персоналына, сондай-ақ полиция, прокуратура органдарына, сотқа жүгінуге құқығы бар.
2. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған адамдар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган бекітетін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының ішкі тәртіптеме қағидаларын орындауға міндетті.
183-бап. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған адамдарды босату
1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған адамдар орталық жағдайларында одан әрі байқау мен емдеуді қажет етпейтін жай-күйінің жақсаруына қол жеткізгеннен кезде түскен кезінен бастап бір тәулік ішінде жоспарлы түрде дереу босатылуға жатады.
2. Босатылған адамдарға олардан сақтауға алып қойылған, сақталуы заңсыз болып табылатын заттардан басқа, құжаттар, ақша мен заттар қолхатпен қайтарылады.
3. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылатын адамдар атыс қаруын немесе суық қаруды, жарылғыш, күшті әсер ететін немесе улы заттарды, есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын заңсыз сақтаған кезде шешімдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданады.
4. Шығару кезінде адамға оның уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында болғаны туралы анықтама беріледі.
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 22-тарау өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
22-тарау. ҰЛТТЫҚ АЛДЫН АЛУ ТЕТІГІ
184-бап. Ұлттық алдын алу тетігі
1. Ұлттық алдын алу тетiгi ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметі арқылы жұмыс істейтін, азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу жүйесі түрінде қолданылады.
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары өз қызметі шеңберінде мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымдарға (туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымдарға, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға арналған психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарға (мәжбүрлеп емдеу үшін - жалпы үлгідегі психиатриялық стационарға, мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарға, қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарға) және осы қатысушылардың баруы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын өзге де ұйымдарға барады.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі іріктейтін, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық байқау комиссияларының және қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары болып табылады.
4. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметін үйлестіреді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.
5. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
185-бап. Үйлестіру кеңесі
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлді қоспағанда, Үйлестіру кеңесінің мүшелерін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл құратын комиссия Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан сайлайды.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
1) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;
2) ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларын іріктеу қағидаларын;
3) алдын ала бару үшін ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларынан топтар құру қағидаларын;
4) алдын ала бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;
5) алдын ала бару қорытындысы бойынша жыл сайынғы жинақталған баяндаманы дайындау қағидаларын бекітеді.
3. Үйлестіру кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Азаптауға қарсы комитетінің Азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі кіші комитетімен өзара іс-қимыл жасайды.
186-бап. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына қойылатын талаптар
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікті немесе айыпталушы;
3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер және әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
5) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда есепте тұрған адамдар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
2. Қасақана қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған; теріс себептер бойынша мемлекеттік немесе әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарынан, соттардан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған; адвокаттық қызметпен айналысуға берілген лицензиядан айырылған адамдар да ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
187-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының құқықтары
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушысы:
1) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдардың саны, осындай ұйымдардың саны және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алуға;
2) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларына қатысты ақпаратқа қол жеткізе алуға;
3) құрылған топтардың құрамында белгіленген тәртіппен алдын ала баруды жүзеге асыруға;
4) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз, жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының пiкiрi бойынша тиiстi ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесу жүргізуге;
5) алдын ала баруға жататын ұйымдарды кедергісіз таңдауға және оларға баруға;
6) азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы хабарлар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы заңды қызметін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болып табылады.
188-бап. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының міндеттері
1. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы өз өкілеттігін орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.
2. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының алдын ала баруға жататын ұйымдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.
3. Алдын ала бару жөніндегі топқа кіретін ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының бейтараптығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде ол алдын ала баруға қатысудан бас тартуға міндетті.
4. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы қабылданатын хабарлар мен шағымдарды Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл айқындайтын тәртіппен тіркеуге міндетті.
Қабылданған хабарлар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің қарауына беріледі.
Қабылданған және берілген хабарлар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала бару нәтижелері жөніндегі есепке енгізіледі.
5. Осы Кодекстің ережелерін бұзған ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
189-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттігін тоқтату
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттігі:
1) осы Кодекстің ережелері бұзылған;
2) өз өкілеттігін доғару туралы жазбаша өтініші;
3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
5) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
6) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.
190-бап. Алдын ала барудың түрлері мен мерзімділігі
1. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала баруы былайша бөлінеді:
1) төрт жылда бір реттен сиретпей тұрақты негізде жүргізілетін мерзімдік алдын ала бару;
2) алдыңғы мерзімдік алдын ала бару нәтижелері бойынша ұсынымдардың іске асырылуына мониторинг жүргізу, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары әңгімелесу жүргізген адамдарды алдын ала баруға жататын ұйымның әкімшілігі тарапынан қудалаудың алдын алу мақсатында, мерзімдік алдын ала бару аралығындағы кезеңде жүргізілетін аралық алдын ала бару;
3) азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы келіп түскен хабарлардың негізінде жүргізілетін арнаулы алдын ала бару.
2. Үйлестіру кеңесі бөлінген бюджет қаражаты шегінде алдын ала бару мерзімдерін және алдын ала баруға жататын ұйымдардың тізбесін айқындайды.
191-бап. Алдын ала бару тәртібі
1. Алдын ала баруды Үйлестіру кеңесі Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құратын топтар жүргізеді.
2. Алдын ала бару үшін топтарды құру кезінде ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының ешқайсысын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітушілікке ұшыратуға болмайды.
3. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдын ала баруға жататын ұйымның әкімшілігіне жүктеледі. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының құқыққа сыйымсыз әрекеттері орын алған жағдайда, алдын ала баруға жататын ұйым әкімшілігінің басшысы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жазбаша ақпарат береді.
4. Әрбір алдын ала барудың нәтижелері бойынша топтың атынан Үйлестіру кеңесі бекіткен нысан бойынша жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала баруды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды. Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша түрде ресімдейді және есепке қоса береді.
192-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы
1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала бару нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып дайындайды.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасында:
1) уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұсынымдар;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар да қамтылады.
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала бару жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және оны Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің интернет-ресурсында орналастырылады.
193-бап. Құпиялылық
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
194-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына олардың заңды қызметін жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.
Бірде-бір мемлекеттік орган немесе лауазымды адам азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнің қолданылу фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына хабарлағаны үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқылы емес.
Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда ақпарат береді.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару нәтижелері бойынша есептері негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық іс қозғау туралы өтінішхатпен жүгінуге құқығы бар.
23-тарау. МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ КӨЛЕМІ
195-бап. Медициналық көмектің көлемі
Медициналық көмек мынадай көлемде ұсынылады:
1) осы Кодекстің 196-бабына сәйкес ұсынылатын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін білдіретін ең төмен көлем;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұсынылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті білдіретін базалық көлем;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3) тармақша өзгертілді
3) медициналық көмектің:
жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналарының қаражаты есебінен көрсетілетін ерікті медициналық сақтандыру шеңберіндегі;
ақылы қызметтер көрсету және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен ұсынылатын;
әскери-медициналық (медициналық) мекемелерде (ұйымдарда) әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелеріне, құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне, әскери қызметтен, арнаулы мемлекеттік органдар қызметінен босатылған адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері мен азаматтарының жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қаражат есебінен көрсетілетін;
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қаражат есебінен көрсетілетін;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғаларға бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен ұсынылатын медициналық көмекті қамтитын қосымша көлемі.
196-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі
1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ дәрілік қамтамасыз етуді қамтиды.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.