556-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс органының кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомаларын төлеу туралы талабын белгіленген мерзімдерде орындамау
Банктің, сақтандыру ұйымының, кепілгердің мемлекеттік кіріс органының кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомаларын төлеу туралы талабын белгіленген мерзімдерде орындамауы -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 557-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
557-бап. Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс органдарының шешiмдерiн орындамауы
Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс органдарының кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешекті, өсімпұлдарды, пайыздарды өндiрiп алу туралы немесе төлеушiнiң банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешiмдерiн банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың кiнәсiнен орындамауы -
заңды тұлғаларға екi жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 558-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
558-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кіріс органдарының кеден ісі саласындағы талаптарын орындамау
1. Мемлекеттік кіріс органдарының және олардың лауазымды адамдарының кеден іс саласындағы талаптарын орындамау -
ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
30-тарау. Көліктегі, жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар
559-бап. Темiржол көлiгiнде қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу
1. Темiржол арқылы ат-арба көлігімен (шаналармен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу -
ескерту жасауға немесе бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Темiржолды, қорғаныштық ағаш екпелерін, қардан қорғайтын қоршауларды және басқа да жол объектiлерiн, сигнал беру және байланыс құрылыстары мен құрылғыларын бүлдiру -
жеке тұлғаларға - бес, заңды тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жүктердi тиеу және түсiру кезiнде белгiленген көлемдердi сақтамау -
жеке тұлғаларға - бес, заңды тұлғаларға он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Темiржолдарға поездар қозғалысының бұзылуын туындатуы мүмкін заттар төсеу, тастау немесе қалдыру -
жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Белгiленбеген жерлерде темiржол арқылы өту -
ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Қазақстан Республикасының темiржол көлігі туралы заңнамасының талаптарын:
2019.27.12. № 295-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) теміржол желісінің бағыттамалық бұрмаларын, станциялық және магистральдық жолдарын және теміржол кірме жолдарын күтіп-ұстау;
2019.27.12. № 295-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) жылжымалы құрамды, теміржол көлігіндегі жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған техникалық құралдарды, жасанды құрылысжайларды, сондай-ақ теміржол өткелдерін күтіп-ұстау, пайдалану және жөндеу кезінде жасалған бұзушылық -
жеке тұлғаларға - үш, лауазымды адамдарға - жеті, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - сегіз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларын жылжымалы теміржол составының қалпына келтіруге келмейтін жағдайға дейін зақымдануына әкеп соққан бұзушылық -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларын соның салдарынан жылжымалы составты ағыту және жөндеуге беру талап етілетін көлемде зақымдауға жол берілген бұзушылық -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 9-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Тасымалдау процесіне қатысушылардың уәкілетті органға теміржолдардағы қауіпсіздік бойынша жол берілген бұзушылықтар туралы ақпаратты теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларында белгіленген мерзімдерде бермеуі -
лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
560-бап. Темiржол көлiгi құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу
1. Жүк поездарында заңсыз жүрiп-тұру, поезд жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, қажетсiз ретте поезды заңсыз тоқтату -
жеке тұлғаларға бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Поездар вагондарының терезелерi мен есiктерiнен қоқыстарды және өзге де заттарды тастау, поезд жүрiп бара жатқан кезде сыртқы есiктердi заңсыз ашу -
жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 561-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
561-бап. Жылжымалы теміржол составын және қалалық рельсті көлікті мемлекеттік тіркеусіз немесе қайта тіркеусіз пайдалану
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жылжымалы теміржол составын және қалалық рельсті көлікті мемлекеттік тіркеусіз немесе қайта тіркеусіз пайдалану -
жеке тұлғаларға - екі, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жеті, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
жеке тұлғаларға - бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - жеті, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
562-бап. Ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарын және олардың iшкi жабдығын бүлдiру
Ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарын, атап айтқанда, темiржол көлiгiнде жолаушылар вагондарын және локомотивтердi, теңiз және өзен көлiгiнде кемелердi, автобустарды, троллейбустарды, трамвайларды бүлдiру, сондай-ақ олардың iшкi жабдығын бүлдiру -
жеке тұлғаларға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
563-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану, атап айтқанда әуе кемелерінің және басқа да ұшу аппараттарының ұшуы, Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде атыстың, зымырандар ұшырудың барлық түрлерiн өткiзу, жарылыс жұмыстары және материалдық объектiлердiң қозғалуымен байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн:
1) ұшу жоспарын ұсынбай (бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде хабардар етпей) және (немесе) ұшуды орындауға рұқсатсыз және (немесе) әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қызметті жүзеге асыруға рұқсатсыз қызметті жүзеге асыру;
2) саны рұқсатта көрсетілгеннен артық әуе кемелері тобының ұшуы;
3) әуе кемелерінің әуе кеңiстiгiн пайдалану режимдерін сақтамауы;
4) мәжбүрлі түрде қону және қосалқы әуеайлаққа жіберу жағдайларынан басқа, әуе кемелерінің ұшу жоспарында көрсетілмеген әуеайлаққа қонуы;
5) әуе кемесінің Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің рұқсатынсыз, тыйым салынған аймақ және шек қойылған аймақ аумағының үстінен ұшып өтуі;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) ұшу қауіпсіздігіне анық қатер төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе трассаларынан, маршрут осьтерінен белгіленген нормалардан артық қашықтыққа ауытқуы;
7) ұшу қауіпсіздігіне анық қатер төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе кеңістігін пайдаланушылардың әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару органдарының командаларын орындамауы түрінде жасалған бұзушылық -
жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер -
құқық бұзушылық жасаудың құралы болған зат тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға - он бес, лауазымды адамдарға жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
564-бап. Ұшу қауіпсіздігі қағидаларын бұзу
1. Әуеайлақ ауданында әуеайлақтарды тану үшін қабылданған таңбалық белгілер мен құрылғыларға ұқсайтын қандай да бір белгілер мен құрылғыларды орналастыру немесе әуежай, әуеайлақ әкімшілігінің рұқсатынсыз пиротехникалық бұйымдарды жағу немесе құстардың топталып жиналуына ықпал ететін, әуе кемелерінің ұшуы үшін қауіпті объектілер орнату -
жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ғимараттар мен құрылыстарда түнде және күндіз көрінетін таңбалық белгілерді немесе құрылғыларды орналастыру туралы қағидаларды орындамау -
жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Әуеайлақ жабдығын, әуеайлақ белгілерін, әуе кемелері мен олардың жабдығын бүлдіру -
жеке тұлғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Әуежайлардың (аэровокзалдардан басқа), әуеайлақтардың, ұшуды радиомен және жарықпен қамтамасыз ету объектілерінің аумағы бойынша тиісті рұқсатсыз жүріп өту немесе көлікпен өту -
жеке тұлғаларға бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-бөлік өзгертілді
5. Осы Кодекстің 441-бабының 1-2-бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, әуе кемесіндегі жолаушылар ретіндегі адамдардың әуе кемесі бортындағы ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай жасауы -
жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
565-бап. Кәсіптік даярлықтан өтпеген не тиісті біліктілігі жоқ авиация персоналын жұмысқа жіберу
Кәсіптік даярлықтан өтпеген не тиісті біліктілігі жоқ авиация персоналын жұмысқа жіберу -
лауазымды адамдарға - қырық, заңды тұлғаларға алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 565-1-баппен толықтырылды
565-1-бап. Азаматтық авиация саласында медициналық куәландыру жөніндегі талаптарды бұзу
1. Авиациялық медициналық сарапшының ұшуды орындау үшін қауіп төндіретін, азаматтық авиация саласында медициналық куәландыру жөніндегі талаптарды сақтамауы -
бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Әуе кемелерінің ұшуын орындаумен және қамтамасыз етумен, әуе қозғалысына қызмет көрсетумен тікелей байланысты адамның өзіне белгілі және ұшуды орындау үшін қауіп төндіретін ауруының болуы туралы ақпаратты медициналық куәландырудан өту кезінде жасыруы -
бір жүз сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 565-2-баппен толықтырылды
565-2-бап. Аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің түзету іс-қимылдары жоспарын орындамауы не тиісінше орындамауы немесе хабарлама ұсынбауы
Аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің сертификаты иесінің түзету іс-қимылдары жоспарын белгіленген мерзімдерде орындамауы не тиісінше орындамауы немесе аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің әуе қозғалысын ұйымдастырудың функционалдық жүйелеріндегі өзгерістер туралы хабарламаны ұсынбауы -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
566-бап. Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу
1. Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын әуе кемесіндегі адамның әуе кемесі командирінің немесе экипаждың басқа да мүшелерінің өкімдерін орындамауы түрінде жасаған бұзуы, егер осы адамның іс-әрекеті ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірмесе, -
үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ұялы байланыс пен радиоэлектрондық құралдарды әуе кемесінің бортында «ұшуда» деген автономды режимде пайдалануды қоспағанда, ұшудың барлық кезеңдерінде әуе кемесінің бортында ұялы, транкингтік байланыс қызметтерін, әуе кемесін жүргізу, биіктікке көтерілу, қонуға бет алу кезеңдерінде радиоэлектрондық құралдар мен тұрмыстық мақсаттағы жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану -
ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3. Осы баптың бірiншi және екінші бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер -
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
567-бап. Тасымалдаушының кінәсінан рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідіртілген, орындалмаған кезде тасымалдаушының жолаушыға қызметтер көрсету жөніндегі міндеттерді орындамауы не тиісінше орындамауы
1. Тасымалдаушының кінәсінан рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідіртілген, орындалмаған кезде тасымалдаушының Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жолаушыға қызметтер көрсету жөніндегі міндеттерді орындамауы не тиісінше орындамауы -
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
568-бап. Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны қасақана жасыру
Авиациялық оқиғаны, оқыс оқиғаны немесе бұлар туралы мәліметтерді қасақана жасыру не ақпаратты бұрмалау не борттағы немесе жерүстіндегі объективтік бақылау құралдарын немесе авиациялық оқиғамен немесе оқыс оқиғамен байланысты басқа да дәлелдеме материалдарды бүлдіру немесе жою -
жеке тұлғаларға - жиырма, лауазымды адамдарға - отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
569-бап. Әуе кемелерін пайдаланудың қауіпсіздік қағидаларын бұзу
1. Осы баптың екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, әуе кемелерін ұшуды орындауға жіберу тәртібін не ұшуға дайындау және оны орындау қағидаларын бұзу, егер бұл әрекеттер абайсызда жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқса, -
жеке тұлғаларға әуе кемесін басқару (әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету) құқығынан алты ай мерзімге айыра отырып, отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға, лауазымды адамдарға - отыз, заңды тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның рұқсатынсыз ұшуды орындауды бастауға тыйым салынған ақаулар болған кезде не жолаушылар сыйымдылығы (жүк сыйымдылығы) нормаларын немесе әуе кемесінің ұшу массасы немесе орталықтануы бойынша шектеулерді бұза отырып әуе кемесінде ұшу -
әуе кемесінің командиріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе әуе кемесін басқару құқығынан бір жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.
3. Әуе кемесін басқаруға құқығы жоқ адамның оны басқаруы -
қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген не мемлекеттік және тіркеу тану белгілері жоқ не азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымда есепте тұрмаған не көрінеу жалған мемлекеттік және тіркеу тану белгілері бар әуе кемесін басқару -
әуе кемесінің командиріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе әуе кемесін басқару құқығынан бір жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.
5. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кеме және ұшу құжаттамасы жоқ әуе кемесін басқару не өзімен бірге әуе кемесінің осы түрін басқару құқығына құжаттары жоқ ұшу экипажы мүшесінің әуе кемесін басқаруы -
қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген не мемлекеттік және тіркеу тану белгілері жоқ, не азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымда есепте тұрмаған не көрінеу жалған мемлекеттік және тіркеу тану белгілері бар не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кеме және ұшу құжаттамасы жоқ не ұшу немесе кабина экипажы жасақталмаған не азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым беретін рұқсатсыз оны пайдалануға тыйым салынған ақаулары бар, не жолаушылар сыйымдылығы (жүк сыйымдылығы) нормалары немесе әуе кемесінің ұшу массасы немесе орталықтануы бойынша шектеулер бұзылған әуе кемесін ұшуға жіберу, сол сияқты әуе кемесіне қызмет көрсетуге осыған құқығы жоқ немесе масаң күйдегі адамды жіберу не оның әуе кемесіне қызмет көрсетуі -
жеке және лауазымды адамдарға - қырық, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Бортында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген іздеу және авариялық-құтқару құралдары жоқ әуе кемелерінің ұшуды орындауы -
жеке және лауазымды адамдарға - қырық, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Авиация персоналы куәлігін бүлдіру немесе жоғалту -
жеке тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 570-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
570-бап. Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды бұзу
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды орындамау не тиісінше орындамау -
жеке тұлғаларға - жиырма, лауазымды адамдарға - қырық, заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Әуежай, әуеайлақ аумағының периметрі қоршауларын күтіп-ұстау жөнінде шаралар қолданбау, егер бұл іс-әрекет авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға әкеп соқпаса, -
заңды тұлғаларға төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
571-бап. Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Автомобиль және теміржол көлігімен тасымалдауды қоспағанда, жолаушыларды, багажды және жүктерді халықаралық тасымалдау қағидаларын бұзу -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Автомобиль көлігімен жолаушыларды және багажды тасымалдау қағидаларын бұзу -
жеке тұлғаларға - бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-1-бөлікпен толықтырылды
2-1. Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу -
жеке тұлғаларға - бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың екінші және 2-1-бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер -
жеке тұлғаларға - он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Темiржол көлігімен жүктерді, жолаушыларды, багажды және жүк багажын тасымалдау қағидаларын бұзу -
жеке тұлғаларға - бес, лауазымды адамдарға - он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жиырма бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне отыз бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды
5. Белгiленген қағидаларды бұза отырып, қауiптi жүктердi автокөлiк құралдарымен не мамандандырылған автокөлiк құралдарымен, сол сияқты 1, 6 және 7-сыныптағы қауiптi жүктi тасымалдауға арналған арнайы рұқсатсыз тасымалдау -
жеке тұлғаларға - жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды
6. Ауыр салмақты автокөлiк құралдарының салмақтық параметрлерден, оның iшiнде арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдалану арқылы тiркелетiн салмақтық параметрлерден асыра отырып, сол сияқты арнайы рұқсатсыз жүрiп өтуi -
жол берілетін салмақтық параметрлер бір тоннадан бес тоннаға дейін асырылған кезде жеке тұлғаларға - қырық, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - сексен, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, бес тоннадан он тоннаға дейін асырылған кезде жеке тұлғаларға - сексен, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз сексен, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз сексен айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, он тоннадан және одан жоғары асырылған кезде жеке тұлғаларға - бір жүз сексен, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - төрт жүз сексен, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жеті жүз сексен, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.