ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Стандарттау туралы
(2021.01.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2021 жылғы 27 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет құқықтық актілердің тізбесін қараңыз
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасы
3-бап. Осы Заңның реттеу саласы
4-бап. Стандарттау мақсаттары
5-бап. Стандарттау қағидаттары
6-бап. Әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімдерді, процестерді және көрсетілетін қызметтерді стандарттау саласындағы реттеу
2-тарау. ҰЛТТЫҚ СТАНДАРТТАУ ЖҮЙЕСІ
7-бап. Ұлттық стандарттау жүйесінің құрылымы
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің стандарттау саласындағы құзыреті
9-бап. Уәкілетті органның құзыреті
10-бап. Мемлекеттік органдардың стандарттау саласындағы құзыреті
11-бап. Стандарттау жөніндегі ұлттық орган
12-бап. Стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер
13-бап. Стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылар
14-бап. Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры
15-бап. Жеке және заңды тұлғалардың стандарттау саласындағы құқықтары
3-тарау. СТАНДАРТТАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚҰЖАТТАР
16-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттардың түрлері
17-бап. Ұлттық стандарттар
18-бап. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары
19-бап. Ұйымдардың стандарттары
20-бап. Стандарттау жөніндегі ұсынымдар
4-тарау. СТАНДАРТТАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚҰЖАТТАРДЫ ӘЗІРЛЕУ ТӘРТІБІ
21-бап. Стандарттау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау
22-бап. Ұлттық стандарттарды әзірлеу және бекіту
23-бап. Ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізу және олардың күшін жою
24-бап. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын әзірлеу және бекіту
25-бап. Ұлттық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды тіркеу
5-тарау. СТАНДАРТТАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚҰЖАТТАРДЫ ҚОЛДАНУ
26-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттарды қолдану
27-бап. Халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын қолдану
28-бап. Стандарттау саласындағы мониторинг
6-тарау. СТАНДАРТТАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚҰЖАТТАРДЫ КАТАЛОГТАУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
29-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттарды каталогтау жүйесі
30-бап. Стандарттау саласындағы ақпараттық қамтамасыз ету
30-1-бап. Ұлттық стандарттарды түсіндіру
31-бап. Стандарттау жөніндегі құжаттар туралы ақпаратты орналастыру
32-бап. Жариялау
33-бап. Ұлттық стандарттау белгісі
7-тарау. СТАНДАРТТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
34-бап. Стандарттау саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастық
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
35-бап. Стандарттау саласындағы қызметті қаржыландыру көздері
36-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
37-бап. Өтпелі ережелер
38-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң ұлттық стандарттау жүйесінің жұмыс істеуіне бағытталған құқықтық негіздерді айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әскери ұлттық стандарт - белгілі бір және арнайы пайдалану мақсатында әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) объектілерге қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін, оның ішінде мемлекеттік құпияларға жатқызылатын және таратылуы шектеулі мәліметтерді қамтитын өнімдерге, процестер мен көрсетілетін қызметтерге арналған стандарттау жөніндегі құжат;
2) дайындаушы - өткізу үшін өнім өндіретін жеке немесе заңды тұлға;
3) көрсетілетін қызмет - жеке және заңды тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелерінің материалдық мәні болмайтын қызмет;
4) мемлекетаралық стандарт - стандарттау жөніндегі өңірлік ұйым - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесі қабылдаған өңірлік стандарт;
5) негізге алынатын ұлттық стандарт - ұлттық стандарттау жүйесінің жалпы ұйымдастырушылық-әдістемелік ережелерін белгілейтін және қолданылу саласы кең немесе белгілі бір стандарттау саласы үшін жалпы ережелерді қамтитын стандарттау жөніндегі құжат;
6) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры - Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылатын нормативтік техникалық құжаттарды, стандарттау жөніндегі құжаттарды (әскери ұлттық стандарттарды және ұйымдардың стандарттарын қоспағанда), сондай-ақ бұлар туралы мәліметтерді қамтитын, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, жалпыға қолжетімді мемлекеттік ақпараттық ресурс;
7) өзара байланысты стандарттар - техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұлттық стандарттар және (немесе) мемлекетаралық стандарттар;
8) өнім - қызметтің материалдық-заттай нысанда ұсынылған және шаруашылық және өзге де мақсаттарда одан әрі пайдалануға арналған нәтижесі;
9) өнімнің өмірлік циклі - өнімді жобалау, өндіру, пайдалану немесе тұтыну, сақтау, тасымалдау, өткізу, жою және кәдеге жарату процестері;
10) өңірлік стандарт - стандарттау жөніндегі өңірлік ұйым қабылдаған стандарттау жөніндегі құжат;
11) процесс - өнімнің өмірлік циклі кезеңдерін қоса алғанда, қандай да бір тапсырылған нәтижеге жету жөніндегі өзара байланысты және ретімен орындалатын іс-қимылдар (жұмыстар) жиынтығы;
12) ресми басылым - нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры басып шығаратын, ұлттық стандарттау белгісі салынған стандарттау жөніндегі құжаттың (әскери ұлттық стандарттарды және ұйымдардың стандарттарын қоспағанда) баспа не электрондық мәтіні;
13) стандарттардың ақпараттық көрсеткіші - стандарттау жөніндегі қабылданған құжаттар, оларға өзгерістер туралы ақпаратты, сондай-ақ оларды қолданысқа енгізу мерзімдерін және қосымша ақпаратты қамтитын мерзімділікпен басып шығарылатын көрсеткіш;
14) стандарттау - нақты қойылып отырған және әлеуетті міндеттерге қатысты жалпыға бірдей, көп рет пайдалану үшін ережелер белгілеу арқылы стандарттау объектілерінің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге және стандарттау объектілеріне қойылатын талаптарды ретке келтірудің оңтайлы дәрежесіне қол жеткізуге бағытталған қызмет;
15) стандарттау жөніндегі құжат - стандарттау саласындағы қызметтің алуан түріне немесе оның нәтижелеріне қатысты нормаларды, қағидаларды, сипаттамаларды, қағидаттарды белгілейтін құжат;
16) стандарттау жөніндегі құжаттарды жаңартып отыру - стандарттау жөніндегі құжаттарды оларға белгіленген тәртіппен қабылданған өзгерістерді, олардың қолданылу мерзімдері, қайта қарау туралы, шектеу немесе күшін жою туралы ақпаратты енгізу жолымен жаңартып отыратын күйде ұстау процесі;
17) стандарттау жөніндегі құжаттардың каталогы - ұлттық, мемлекетаралық стандарттар және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық ресурс;
18) стандарттау жөніндегі өңірлік ұйым - қызметіне қатысуға бір географиялық немесе экономикалық өңір үшін ашық стандарттау жөніндегі ұйым;
19) стандарттау жөніндегі техникалық комитет - стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыру және бекітіп берілген стандарттау объектілері немесе қызмет бағыттары бойынша ұлттық стандарттау жүйесін құруға қатысу үшін экономика салаларында ерікті негізде құрылатын консультативтік-кеңесші орган;
20) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің базалық ұйымы - базасында стандарттау жөніндегі техникалық комитет құрылған және жұмыс істейтін ұйым;
21) стандарттау жөніндегі техникалық сарапшы - стандарттау саласындағы қызметке қатысатын, стандарттау объектісіне қатысты арнаулы білімі бар және осы Заңда белгіленген сипаттамаларға сай келетін жеке тұлға;
22) стандарттау жөніндегі ұсынымдар - стандарттау және (немесе) өлшем бірлігін қамтамасыз ету мен сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысты ұйымдастырушылық және әдістемелік сипаттағы ақпаратты қамтитын стандарттау жөніндегі құжат;
23) стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым - мүше болуға кез келген ел үшін ашық стандарттау жөніндегі ұйым;
24) стандарттау жөніндегі шетелдік ұйым - стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыратын, шет мемлекеттің ұлттық деңгейінде танылған стандарттау жөніндегі ұйым;
25) стандарттау саласындағы қызмет - стандарттау жөніндегі құжаттарды жоспарлау, әзірлеу, бекіту, тіркеу, есепке алу, жариялау, тарату, қолдану, мониторингілеу және жаңартып отыру;
26) стандарттау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - стандарттау саласында басшылық етуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
27) тарату - осы Заңда айқындалатын тәртіппен жеке және заңды тұлғалардың тиісті сұрау салулары негізінде ресми басылымдарды және (немесе) олардың көшірмелерін беру не өткізу;
28) техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары - техникалық-экономикалық ақпарат объектілері сыныптауыш топтарының кодтары мен атауларының жүйеленген жиынтықтарын білдіретін стандарттау жөніндегі құжаттар, бұларға ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі өңірлік ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары және шет мемлекеттердің техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары жатады;
29) техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының депозитарийі (бұдан әрі - депозитарий) - ведомствоаралық сипаты бар техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының жиынтығын білдіретін, оларды қалыптастыруды, есепке алуды, сақтауды, жаңартып отыруды, депозитарийді пайдаланушылардың мүддесінде ақпараттық және нормативтік қамсыздандыруды қамтамасыз ететін мамандандырылған қор;
30) ұйым стандарты - ұйым өз мақсаттарын іске асыру үшін дербес қабылдаған стандарттау жөніндегі құжат;
31) ұлттық стандарт - уәкілетті орган бекіткен, пайдаланушылардың қалың тобына қолжетімді стандарттау жөніндегі құжат;
32) ұлттық стандарттау белгісі - ұлттық стандарттау жүйесінде әзірленетін және қолданылатын құжаттарды таңбалау үшін пайдаланылатын белгі;
33) ұлттық стандарттау жүйесі - стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыру процесінде субъектілердің және олардың қатынастарының, сондай-ақ жалпыға қолжетімді мемлекеттік ақпараттық ресурс объектілері болып табылатын стандарттау жөніндегі құжаттардың және нормативтік техникалық құжаттардың жиынтығы;
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 34) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
34) ұлттық стандарттау жүйесінің тізілімі - ұлттық стандарттардың, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының, стандарттау жөніндегі ұсынымдардың, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің жүйелендірілген есебі жүргізілетін электрондық дерекқор;
35) үйлестіру - ғылым мен техникадағы жаңа жетістіктер көрініс табатын және стандарттау объектілерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттігі деңгейіне қойылатын қазіргі заманғы талаптарды айқындайтын халықаралық және өңірлік стандарттарды ұлттық мүддеге орай енгізу және пайдалану үшін жағдайлар жасау жөніндегі қызмет;
36) халықаралық стандарт - стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым қабылдаған, пайдаланушылардың қалың тобына қолжетімді стандарттау жөніндегі құжат;
37) шет мемлекет стандарты - шет мемлекеттің стандарттау жөніндегі ұлттық органы не шет мемлекеттің ұйымы қабылдаған стандарттау жөніндегі құжат;
38) шет мемлекеттердің стандарттау субъектілері - стандарттау саласында өз елдерінің мүдделерін білдіруге уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар, жеке не заңды тұлғалар.
2-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның реттеу саласы
1. Осы Заң стандарттау саласындағы қызметпен байланысты қатынастарды реттейді.
2. Стандарттауға жататын немесе стандартталған өнімдер, процестер және көрсетілетін қызметтер стандарттау объектілері болып табылады.
3. Стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар ұлттық стандарттау жүйесінің субъектілері болып табылады.
4-бап. Стандарттау мақсаттары
Стандарттау мақсаттары:
1) отандық өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттігін арттыру;
2) табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу;
3) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін және әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету;
4) өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру;
5) халықаралық стандарттау жүйесіне интеграциялау жағдайларын жасау үшін саудадағы техникалық кедергілерді жою;
6) өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу;
7) инновацияларды тиімді енгізуді және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуды қолдау, сондай-ақ технологиялар мен үздік зертханалық практикалар трансфертіне жәрдемдесу;
8) халық өмірінің қауіпсіздігі мен сапасын жақсарту үшін жағдайлар жасау болып табылады.
5-бап. Стандарттау қағидаттары
Қазақстан Республикасындағы стандарттау:
1) мынадай:
егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, стандарттау жөніндегі құжаттарды қолдану мақсатында таңдау;
стандарттау саласындағы қызметке барлық мүдделі тараптардың қатысу;
өзара байланысты стандарттардан таңдау еріктілігі;
2) ұлттық стандарттау жүйесінің бірлігі мен тұтастығы;
3) стандарттаудың жүйелігі мен кешенділігін қамтамасыз ету;
4) стандарттау объектілеріне бірыңғай терминологияны қолдану;
5) барлық мүдделі тараптардың қатысуы негізінде ұлттық стандарттарды әзірлеу процесінің ашықтығы;
6) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын стандарттау жөніндегі құжаттарды және авторлық құқық объектісі болып табылатын стандарттау жөніндегі құжаттарды қоспағанда, пайдаланушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар үшін стандарттау жөніндегі құжаттар, оларды әзірлеу, бекіту және жариялау тәртібі туралы ақпараттың ашықтығы;
7) стандарттау жөніндегі құжаттарды әзірлеу кезінде ғылым мен техниканың жетістіктерін, сондай-ақ халықаралық, өңірлік стандарттарды, шет мемлекеттердің стандарттарын пайдалану;
8) стандарттаудың серпінділігі және оны озық дамыту қағидаттарына негізделеді.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-бап. Әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімдерді, процестерді және көрсетілетін қызметтерді стандарттау саласындағы реттеу
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мұқтажы үшін пайдаланылатын әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу тәртібін қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2-тарау. ҰЛТТЫҚ СТАНДАРТТАУ ЖҮЙЕСІ
7-бап. Ұлттық стандарттау жүйесінің құрылымы
Ұлттық стандарттау жүйесінің құрылымын:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) уәкілетті орган;
3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар;
4) стандарттау жөніндегі ұлттық орган;
5) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер;
6) стандарттау жөніндегі техникалық сарапшылар;
7) жеке және заңды тұлғалар құрайды.
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің стандарттау саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) стандарттау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың орындалуын ұйымдастырады;
2) стандарттау жөніндегі ұлттық органды айқындайды;
3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
9-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті органның құзыретіне:
1) стандарттау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың стандарттау саласындағы қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
3) стандарттау жөніндегі ұлттық органды айқындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыну беру;
4) стандарттау жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру;
5) ұлттық стандарттау жоспарын әзірлеу тәртібін айқындау;
6) ұлттық стандарттау жоспарын бекіту;
7) ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды, сондай-ақ оларға өзгерістерді бекіту;
8) ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, келісу, сараптама жасау, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу тәртібін айқындау;
9) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттардың, ресми басылымдардың көшірмелерін тарату тәртібін айқындау;
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
9-1) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорының жұмысын ұйымдастыру және үйлестіру;
10) техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының депозитарийін құру және жүргізу тәртібін айқындау;
11) ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын нормативтік құқықтық актілерде қолдану тәртібін айқындау;
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12) халықаралық, өңірлік стандарттарды (оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетаралық стандарттарды келісу, қолданысқа енгізу және олардың күшін жою) және шет мемлекеттердің стандарттарын, стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын, стандарттау жөніндегі өңірлік ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын, стандарттау жөніндегі қағидалары мен ұсынымдарын, шет мемлекеттердің техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын, стандарттау жөніндегі қағидаларын, нормалары мен ұсынымдарын қолдану тәртібін айқындау;
13) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерді құру, жұмыс істеу және тарату тәртібін айқындау;
14) 2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15) ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда) және мемлекетаралық стандарттарды талдау мен әзірлеуді ұйымдастыру;
16) ұлттық стандарттарды Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті техникалық регламенттеріне стандарттардың тізбелеріне енгізу жөнінде жұмыстар жүргізу;
17) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
10-бап. Мемлекеттік органдардың стандарттау саласындағы құзыреті
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде стандарттау саласында:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау туралы және күшін жою туралы ұсыныстарды дайындауды және уәкілетті органға енгізуді;
2) уәкілетті органмен келісу бойынша ұлттық стандарттарды және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын әзірлеуді;
3) стандарттау жөніндегі құжаттар мен ұлттық стандарттау жоспарының жобаларын қарауды;
4) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерді құру жөнінде ұсыныстар дайындауды;
5) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің және стандарттау жөніндегі ұлттық органның, стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуды;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
11-бап. Стандарттау жөніндегі ұлттық орган
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Стандарттау жөніндегі ұлттық орган мемлекеттік заңды тұлға болып табылады.
2. Өз қызметін жүзеге асыру үшін стандарттау жөніндегі ұлттық органның:
1) стандарттау жөніндегі құжаттарды таратуға және қолдануға стандарттау жөніндегі халықаралық, өңірлік және шетелдік ұйымдармен келісімдері;
2) ұлттық және мемлекетаралық стандарттарды әзірлеуде, стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларына сараптама жасауда тәжірибесі;
3) салалар бойынша стандарттау жөніндегі құжаттарға талдау жүргізу мен оларды жүйелеуде тәжірибесі болуға тиіс.
3. Стандарттау жөніндегі ұлттық органның қызметі отандық өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттігін дамыту мен олардың ішкі және сыртқы нарықтарға еркін қол жеткізуі, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін және әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау мақсатында ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің келісілген өзара іс-қимыл тетігін жүзеге асыруға бағытталады.
4. Стандарттау жөніндегі ұлттық орган өз құзыреті шегінде:
1) негізге алынатын ұлттық стандарттарды, техникалық регламенттерге стандарттардың тізбелеріне өзара байланысты стандарттар ретінде енгізілетін ұлттық және мемлекетаралық стандарттарды және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеуді;
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды тіркеуді;
2) стандарттау саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді және (немесе) оларға қатысуды;
3) басым салалар бөлігінде стандарттау жөніндегі құжаттарды талдауды және жүйелеуді;
4) ұлттық стандарттарға сәйкес келетін қауіпсіздік көрсеткіштері жоғары өнім өндіруге бағытталған инновациялық және инвестициялық жобаларды әзірлеу арқылы оларды қамтамасыз етуді;
5) ұлттық стандарттау жоспарын қалыптастыруды, сондай-ақ оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді;
6) стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларына сараптама жасауды;
7) нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын, стандарттау жөніндегі құжаттарды каталогтау жүйесін қалыптастыруды, жүргізуді және қолдап отыруды;
8) ұлттық стандарттау жүйесінің тізілімін жүргізуді;
9) стандарттау жөніндегі халықаралық, өңірлік, шетелдік ұйымдармен, оның ішінде ақпарат алмасу, халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын Қазақстан Республикасының аумағында тарату және қолдану бойынша ынтымақтасуды;
10) нормативтік техникалық құжаттарды және стандарттау жөніндегі құжаттарды (әскери ұлттық стандарттарды және ұйымдардың стандарттарын қоспағанда), сондай-ақ стандарттар мен каталогтардың ақпараттық көрсеткіштерін ресми басып шығаруға, таратуға және жариялауға қатысуды;
11) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерді құруды, қызметін үйлестіруді және таратуды, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердің құрамын және стандарттау жөніндегі техникалық комиттерге бекітіп берілген стандарттау объектілерін жаңартып отыруды;
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
11-1) стандарттау саласындағы мониторингті үйлестіруді;
12) стандарттау саласындағы даярлауды және біліктілікті арттыруды ұйымдастыруға қатысуды жүзеге асырады.