2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Атқарушылық іс жүргізуде сот орындаушысының өтінішхаты немесе тараптардың арызы, сондай-ақ олардың арасында жасалған татуласу келісімі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот отырысында қаралады. Іске қатысатын адамдар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі өтінішхатты немесе арызды шешуге кедергі болып табылмайды.
Сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру және оның мерзiмiн ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту, татуласу келiсiмін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту туралы арызды, өтінішхатты сот арыз сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Соттың осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген:
осы Кодекстің 238-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру, оның мерзiмiн ұзарту туралы, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы;
осы Кодекстің 177-бабының жетінші бөлігіне сәйкес татуласу келiсiмін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту туралы ұйғарымдарына жеке шағымдар берілуі, прокурор өтінішхаттар келтіруі мүмкін.
247-бап. Сот шешiмiн орындауды бұру
1. Заңды күшіне енген, толық немесе бір бөлігінде орындалған бірінші сатыдағы сот шешiмiнің, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сот қаулысының күшi жойылған және сот талап қоюдан толық немесе оның бір бөлігінен бас тарту туралы жаңа шешiм шығарған жағдайда талап қоюшыдан күшi жойылған шешiм бойынша ол алғанның барлығы өндiрiп алынады (шешiмнiң орындалуын бұру).
2. Шешiмнiң орындалуын бұру орындалған сот шешімі толық немесе бір бөлігінде күшін жойған және іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарым немесе талапты қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған жағдайда да жүргізіледі.
248-бап. Сот шешiмінiң орындалуын бұру туралы арызды қарау
1. Бұрын шығарылған шешім толық немесе бір бөлігінде орындалған іс бойынша жаңа шешiм шығарған сот шешімнің орындалғаны туралы дәлелдемелер ұсынылған кезде жаңа шешімде жауапкердің орындалуды бұру туралы арызын қарайды және шешеді.
2. Егер сот iстi жаңадан қараған кезде күшi жойылған шешiм бойынша орындалуды бұру туралы мәселені шешпесе, жауапкер шешiмнің орындалуын бұру туралы арызбен бірінші сатыдағы сотқа жүгінуге құқылы.
3. Сот шешiмінiң орындалуын бұру туралы арызды ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Арыз талап қоюшы мен жауапкерді, ал қажет болған кезде, сотқа күші жойылған сот шешімінің орындалуы туралы мәліметтерді табыс етуге тиіс әділет органын да хабарландыра отырып, жеке сот отырысында қаралады.
Көрсетілген тұлғалардың сот отырысына келмеуі орындалуды бұру туралы арызды шешу үшін кедергі болмайды. Сот шешімі орындауда жатқан жағдайда іс жүргізуінде тиісті атқарушылық ісі жатқан сот орындаушысы сот отырысына келуге және оны сотқа ұсынуға міндетті.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Шешiмнiң орындалуын бұру туралы бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
249-бап. Сот орындаушысының ұсынымдарын қарау
1. Сот орындаушысының ұсынымында атқарушылық іс жүргізу тараптарының деректемелері мен орналасқан жері, оны қозғау күні, атқарушылық құжаттың орындалу барысы туралы мәліметтер, өтініштің негіздері қамтылуға тиіс.
Ұсыным көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген, сондай-ақ сот орындаушысы ұсынымды қайтарып алу туралы арыз берген жағдайда, сот ұсынымды оған қоса берілген құжаттармен қоса қайтарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Сот орындаушысының ұсынуын борышкердің тұрғылықты (тұрған) жері бойынша судья ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде шешеді. Сот борышкерді және өндіріп алушыны сот орындаушысының келіп түскен ұсынуы туралы хабарландырады, сот отырысының өткізілетін уақыты мен орнын хабарлайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабарландырылған борышкердің немесе өндіріп алушының келмей қалуы істі қарауға кедергі болып табылмайды. Судья сот орындаушысының ұсынуын қарап, ұйғарым шығарады, оған жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
Сот ұйғарымының көшірмесі борышкер мен өндіріп алушыға үш жұмыс күні ішінде салып жіберіледі.
250-бап. 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 250-1-баппен толықтырылды
250-1-бап. Атқарушылық іс жүргізуде борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану
1. Сот шешімін мәжбүрлеп орындау барысында берешекті өзге мүлік есебінен өтеу мүмкін болмаған кезде не мүлік жеткіліксіз болған кезде өндіріп алушы не сот орындаушысы борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Сот борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арызды осы мүліктің орналасқан жеріндегі сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Сот өндіріп алушыға, борышкерге және сот орындаушысына сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды, алайда олардың келмеуі арызды шешу үшін кедергі болып табылмайды. Сот арызды қарау нәтижелері туралы ұйғарым шығарады.
2. Өндіріп алушының немесе сот орындаушысының арызы мазмұны бойынша осы Кодекстің 148-бабының екінші бөлігі 1), 2), 3), 5), 7) және 8) тармақшаларының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Өндіріп алушының немесе сот орындаушысының сотқа берілген арызы осы баптың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, ол осы Кодекстің 152-бабының екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен қараусыз қайтарылуға жатады.
3. Осы баптың қағидалары бойынша, борышкер болып табылмайтын кепіл берушінің жылжымайтын мүлкіне не егер жылжымайтын мүлікті борышкер ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сатып алған болса, өндіріп алуды қолдану туралы өндіріп алушының арызы қаралуға жатпайды.
4. Борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану не өндіріп алуды қолданудан бас тарту туралы сот ұйғарымына жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
251-бап. Шешiмдi орындаған кезде басқа тұлғалардың құқықтарының қорғалуы
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Сот орындаушысы мүлiкке тыйым салу ісін жүргiзу кезiнде мүлiктiң борышкерге немесе басқа тұлғаларға тиесiлi болуына қарамастан, тыйым салудың күшiн жоюға негiз болып табылатын заң бұзушылыққа жол берген жағдайда, сот басқа тұлғалардың мүлiкке тыйым салудың күшiн жою туралы арыздарын Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртiппен қарайды. Мұндай арыздар тыйым салынған мүлiк өткізілгенге дейiн берiлуi мүмкiн.
Өндiрiп алу қолданылған мүлiктiң тиесiлiлігiне байланысты құқық туралы дауды басқа тұлғалар әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде немесе тұлғаға бұл туралы белгілі болған күннен бастап мәлiмдеуі мүмкін. Мұндай талаптарды сот талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қарайды.
2. Меншiк иелерi немесе мүлiкке шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, жалға алу, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заңда немесе шартта көзделген өзге де негiз бойынша иелiк ететiн тұлғалар мүлiкті тыйым салудан босату (тізімдемеден алып тастау) туралы талап қоюлар бере алады.
3. Мүлiкті тыйым салудан босату туралы талап қоюлар борышкерге және өндiрiп алушыға беріледі.
4. Егер сот орындаушысы мүлiкке тыйым салуды тәркiлеуге жататын нәрселер көрсетілмеген, мүлiктi тәркiлеу туралы үкімді, қаулыны орындау шеңберінде жүргiзсе, сотталған адам және мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi тиiстi орган жауапкер ретiнде тартылады.
Талап қою талаптары негiздi деп танылған жағдайда, егер тәркiленуге тиiсті мүлiк мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi органда болса және ол оны сауда ұйымдарына, басқа ұйымдарға сату, қайта өңдеу үшiн не өтеусiз берілсе, онда осы мүлiк заттай түрде қайтарылуға жатады. Мұндай жағдайда мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi органнан басқа көрсетілген сауда ұйымдары және басқа да ұйымдар iске қатысуға тартылады. Егер осы ұйымдар тізімдемеден алып тасталуға тиісті мүлікті сатпаған болса, онда оларға мүлікті заттай түрінде қайтару жөнінде міндет жүктеледі.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Судья мүдделi тұлғалардың арызына қарамастан, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мән-жайларды анықтап, арызды осы бапта және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қараған кезде мүлікті тыйым салудан босатуға (тізімдемеден алып тастауға) міндетті.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Егер мүлiктi тәркiлеуге байланысты тыйым салу жүргiзiлген мүлiк өткізілген немесе қайта өңдеуге жiберiлген болса, арызды осы бапта және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен қараған кезде талап қоюшыға мүлiктi өткізуден түскен сома өтеледi.
252-бап. Сот орындаушысының қаулысын санкциялау
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Заңда белгіленген жағдайларда сот орындаушысы соттың не прокурордың санкциялауына жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулы шығарады. Қаулыда санкцияланатын әрекеттерді қабылдау қажеттілігін туғызған уәждер мен негіздер жазылуға тиіс.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Соттың не прокурордың санкциялауына жататын қаулыны сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасалған жердегі сотқа не прокурорға ұсынады. Қаулыға санкцияланатын әрекеттерді қабылдаудың негізділігін растайтын атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса беріледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Сот орындаушысының қаулысын сот не прокурор материалдар санкциялауға келіп түскен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Сот орындаушысының қаулысын және оған қоса берілген атқарушылық іс жүргізу материалдарын қарап, сот немесе прокурор атқарушылық әрекеттерді жасауға санкция береді не санкция беруден бас тартады.
Санкция беру сот орындаушысының қаулысына судьяның не прокурордың қолтаңбасымен расталатын «Санкциялаймын» деген сот, прокурор мөртабанын басу арқылы жүзеге асырылады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда, атқарушылық әрекеттерді жүргізуге санкция беруден бас тарту туралы - судья ұйғарым, ал прокурор қаулы шығарады.
Сот орындаушысының электрондық құжат нысанында ұсынылған қаулысына санкция беруді сот немесе прокурор судьяның не прокурордың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландыру арқылы жүзеге асырады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда, электрондық құжат нысанында судья - санкция беруден бас тарту туралы уәжді ұйғарым, ал прокурор қаулы шығарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-бөлік өзгертілді
5. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы сот не прокурор санкциялаған қаулысына Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
Атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыға санкция беруден бас тарту туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
Прокурордың қаулысына заңда белгіленген тәртіппен жоғары тұрған прокурорға не сотқа шағым жасалуы мүмкін.
20-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДІ ОРЫНДАУ
253-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату
1. Егер төрелік шешiм онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, өз пайдасына төрелік шешім шығарылған төрелік талқылау тарапы (өндiрiп алушы) төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арызбен төреші дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа жүгiнуге құқылы.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Атқару парағын беру туралы арыз осы Кодекстің 148-бабының екінші бөлігі 1), 2), 3), 5), 7) және 8) тармақшаларының және төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Атқару парағын беру туралы арызға:
1) төрелік шешімнің төлнұсқасы немесе көшірмесі қоса тіркеледі. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік шешімінің көшірмесін осы төрелік басшысы куәландырады, төрелік шешімнің көшірмесі нақты дауды шешу үшін нотариаттық куәландырылуға тиіс;
2) заңда белгіленген тәртіппен жасалған төрелік келісімінің төлнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі қоса беріледі.
Сотқа берілген арыз осы баптың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, ол осы Кодекстің 152-бабының екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен қараусыз қайтарылуға жатады.
3. Атқару парағын беру туралы арыз төрелік шешімді ерiктi түрде орындауға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешiктiрмей берiлуi мүмкiн.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Белгiленген мерзiм өткiзіп берілген, мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат және растайтын құжаттар қоса берілмеген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай қайтарады, бұл жөнінде ұйғарым шығарылады. Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
5. Сот аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арыздың мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 5-1-бөлікпен толықтырылды
5-1. Егер атқару парағына шағым жасаудың осы Кодекстің 464-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімі өтпесе, сот өндіріп алушыға атқару парағын беру туралы арызын қайтарады.
6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес жұмыс күні iшiнде жеке-дара қарайды.
7. Сот өндiрiп алушының төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы түскен арызы, сондай-ақ оны сот отырысында қарау орны мен уақыты туралы борышкерге хабардар етеді. Өндiрiп алушы да оның арызын қараудың орны мен уақыты туралы хабардар етіледі. Егер борышкерден сот отырысына келе алмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтінішхат түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.
8. Сот төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде төрелік шешімді мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.
9. Сот арызды қараудың нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Соттың атқару парағын беру туралы ұйғарымы дереу орындалуға жатады.
254-бап. Атқару парағын беру
1. Сот төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстiң 241-бабының қағидалары бойынша берiледi.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған соттың ұйғарымына жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн.
255-бап. Атқару парағын беруден бас тарту
1. Сот, егер:
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) өзiне қарсы төрелік шешім қабылданған тарап сотқа:
төрелік келiсiмнің - тараптар оны көндірген мемлекеттің заңдары бойынша, ал мұндай нұқсау болмаған кезде - шешім шығарылған елдің заңы бойынша жарамсыз болып табылатынына;
төрелік шешім төрелік келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының не төрелік келiсiмнiң шегінен шығатын мәселелер бойынша қаулылардан тұратынының, сондай-ақ даудың төреліктің ведомстволығына жатпайтыны салдарының;
төрелік келісім тараптарының біреуін соттың әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп танығанының;
өзiне қарсы шешiм шығарылған тарап төрешінің тағайындалуы туралы немесе төрелік талқылау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенінің немесе төрелікке сот дәлелді деп таныған басқа да себептермен өз түсiніктерiн бере алмағанының;
сол бір тараптардың арасындағы дау бойынша, сол бір нысана туралы және сол бір негiздер бойынша шығарылған, заңды күшiне енген соттың шешiмi немесе төрелік шешім не талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болғанының;
төрелік құрамы немесе талқылаудың төрелік рәсімі тараптардың келісіміне сәйкес келмегенінің немесе мұндай болмаған кезде төрелік талқылау өткізілген елдің заңдарына сәйкес келмегенінің;
шешімнің әлі тараптар үшін міндетті болмағанының немесе оның күші жойылғанының немесе оның орындалуын заңына сәйкес ол шығарылған елдің соты тоқтата тұрғанының дәлелдемелерін ұсынса;
2) сот осы төрелік шешімді орындауға келтіру Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келетінін немесе өзі бойынша төрелік шешім шығарылған дау заңға сәйкес төрелік талқылау нысанасы бола алмайтынын анықтаса, төрелік шешiмді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
2. Егер төрелік келісімде қамтылатын мәселелер бойынша төрелік шешімді осындай келісімде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешімдерден бөліп алу мүмкін болса, онда төрелік шешімнің төрелік келісімде қамтылған бөлігін мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тартылмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сот төрелік шешімді орындау туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады, оған осы Кодекске сәйкес жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
21-тарау. 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 21-1-тараумен толықтырылды
21-1-тарау. ОҢАЙЛАТЫЛҒАН (ЖАЗБАША) ІС ЖҮРГІЗУ
267-1-бап. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі
1. Сот оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен істерді осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен бірге осы Кодекстің 14-тарауының қағидалары бойынша қарайды.
2. Судья оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен істерді талап қою қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде қарайды. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен істерді қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды.
3. Сот, егер:
1) тарап бұл туралы өтінішхат берсе;
2) үшінші тұлғаның іске кіруі туралы өтінішхаты қанағаттандырылса;
3) қарсы талап қою қабылданса;
4) осы іс бойынша қабылданған сот актісімен басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы мүмкін болса;
5) дәлелдемелерді олардың тұрған жерінде қарап тексеру және зерттеу жүргізу, сараптама тағайындау немесе куәнің айғақтарын тыңдау қажет болса;
6) қосымша мән-жайларды анықтау немесе қосымша дәлелдемелерді зерттеу қажет болса, істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қарауға көшеді, бұл туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда көрсетеді.
4. Істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда іске қатысатын адамдар жасауға тиіс әрекеттер мен осы әрекеттерді жасау мерзімдері көрсетіледі. Іс осы Кодексте тиісті санаттағы істер үшін белгіленген мерзімдерде қаралуға тиіс. Істі қарау мерзімі талап қою қабылданған күннен бастап есептеледі.
5. Егер бір мезгілде бірнеше талап мәлімделсе, оның біреуі немесе одан да көбі осы Кодекстің 267-2-бабында көрсетілген тізбеге сәйкес келмесе және сот осы талаптарды жеке іс жүргізуде бөліп қарамаса, олар осы Кодекстің 14-тарауында белгіленген тәртіппен қаралады.
267-2-бап. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер
1. Мынадай:
1) егер талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін - екі мың айлық есептік көрсеткіштен, дара кәсіпкерлер, азаматтар үшін бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақшаны өндіріп алу туралы талап қоюлар бойынша;
2) талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қоюлар бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
2. Егер осы Кодекстің 267-1-бабы үшінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар болмаса, талап қою ісін жүргізудің өзге де істері тараптардың өтінішхаты бойынша немесе соттың бастамасы бойынша оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
3. Алиментті өндіріп алу туралы дауларды қоспағанда, балалардың құқықтарын қозғайтын даулар бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде санамаланған талап қою талаптары оларды оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде қарау көрсетілмей қойылған кезде олар осы тараудың қағидалары бойынша қаралады.
267-3-бап. Істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қараудың ерекшеліктері
1. Талап қою нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 148 және 149-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Сот тараптарды істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде қарау туралы ол қабылданған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша, сондай-ақ хабарламаның тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып хабардар етеді.
Хабарламада сот тараптардың татуластыру рәсімдері шеңберінде дауды реттеуге құқығы туралы, сондай-ақ осы Кодекстің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес дәлелдемелерді өзара ашу және ұсыну құқығы туралы көрсетеді.
3. Істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде қараумен келіспеген тараптар - хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде сотқа дауды талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жалпы тәртіппен қарау туралы өтінішхат, ал жауапкер құжаттар мен дәлелдемелерді қоса бере отырып, талап қоюға пікір (қарсылық) ұсынуға құқылы.
4. Шешім шығарылғаннан кейін сотқа келіп түскен, дауды жалпы тәртіппен қарау туралы өтінішхат осы шешімнің күшін жою туралы арыз ретінде қабылданады және қаралады.
5. Пікірді, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін сот тараптарды шақырмастан, істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен электрондық форматта қарайды.
6. Осы Кодекстің 267-1-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімдер сақталған кезде сот осы Кодекстің 267-1-бабы үшінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларында көзделген жекелеген процестік әрекеттерді жүргізуге құқылы.
Жекелеген процестік әрекеттер жүргізілгеннен кейін оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуді одан әрі жүзеге асыру қосымша ұйғарымдар шығарылмастан жалғасады.
7. Сот тараптар ұсынған құжаттарда жазылған түсініктемелерді, қарсылықтарды және (немесе) дәлелдемелерді зерттейді және шешім қабылдайды.
8. Істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау кезінде осы Кодекстің 26-тарауында және 198-бабында көзделген қағидалар қолданылмайды.
267-4-бап. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша шешім
1. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша сот кіріспе және қарар бөліктерден тұратын шешім шығарады. Сот шешімінің көшірмесі тараптарға оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі не шешім шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.
Сот тараптың шешім заңды күшіне енгенге дейін мәлімдеген жазбаша өтінішхаты бойынша не өзінің бастамасы бойынша кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерден тұратын шешімді дайындайды.