14) ресурстық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
15) өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесін әзірлейді;
16) елді мекендердің жасыл екпелерін жасаудың, күтіп-баптаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
17) жеке және заңды тұлғалардың өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
18) жабайы өсетін өсімдіктерді күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
19) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері өз қызметін уәкілетті орган және осы Заң белгілеген құзырет шегінде жүзеге асырады.
10-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдарының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары:
1) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы іс-шаралар жоспарларын бекітеді;
2) жергілікті атқарушы органдардың өсімдіктер дүниесімен жұмыс істеу мәселелері бойынша есептерін тыңдайды;
10-баптың 3) тармақшасы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) тиісті өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізілді
3) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде түбірімен босатылатын сүрек үшін мөлшерлемелерді қоспағанда, өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалану тәртібімен өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін бекітеді;
4) елді мекендердің жасыл екпелерін жасаудың, күтіп-баптаудың және қорғаудың қағидаларын бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
11-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы іс-шаралар жоспарларын әзірлейді және іске асырады;
2) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы қызметті ұйымдастырады;
3) елді мекендердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерінде орналасқан жасыл екпелерді күтіп-баптауды қамтамасыз етеді;
11-баптың 4) тармақшасы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) тиісті өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізілді
4) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде түбірімен босатылатын сүрек үшін мөлшерлемелерді қоспағанда, өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалану тәртібімен өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін әзірлейді;
5) елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғау қағидаларын әзірлейді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жабайы өсетін өсімдіктерді пайдалану құқығына шектеу (тоқтата тұру) белгілеу туралы шешімдер қабылдайды;
7) жеке және заңды тұлғалардың өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4-тарау. ӨСІМДІКТЕР ДҮНИЕСІН КҮЗЕТУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ
12-бап. Өсімдіктер дүниесін және өсімдіктер өсетін жерлерді күзету
1. Өсімдіктер дүниесі және өсімдіктер өсетін жерлер күзетілуге жатады.
2. Өсімдіктер дүниесін және өсімдіктер өсетін жерлерді күзету:
1) өсімдік түрлерін, олардың популяциялары мен қауымдастықтарын бүлдірудің немесе жоюдың алдын алу және жолын кесу;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру не оларды кеңейту жоспарланып отырған жер учаскелері шегінде өсімдіктер дүниесінің жай-күйіне теріс әсер ететін шаруашылық қызметті шектей отырып, осы учаскелерді резервке қою;
3) өсімдіктердің табиғи өсу учаскелерінде, ботаникалық коллекцияларда олардың бағалы түрлерінің гендік қорын, сондай-ақ өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларында осы түрлердің генетикалық материалын сақтау;
4) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулерді (жұмыстарды) ұйымдастыру;
5) жабайы өсетін өсімдіктерді пайдалану құқығын шектеуді (тоқтата тұруды) белгілеу;
6) Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғаларды жауаптылыққа тарту;
7) өсімдіктер дүниесін сақтауды насихаттау, қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру;
8) өзге де мемлекеттік реттеу шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.
3. Өсімдіктер дүниесін және өсімдіктер өсетін жерлерді күзету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер учаскелерінің меншік иелеріне, жер пайдаланушылар мен су пайдаланушыларға, өсімдіктер дүниесін пайдаланушыларға жүктелген жағдайларды қоспағанда, өсімдіктер дүниесін және өсімдіктер өсетін жерлерді күзетуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
13-бап. Жабайы өсетін өсімдіктерді пайдалану құқығын шектеуді (тоқтата тұруды) белгілеу
Өсімдіктер дүниесін сақтау мақсатында мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде:
1) өсімдіктердің жекелеген түрлеріне, олардың популяцияларына, қауымдастықтарына және өсетін жерлеріне, өсімдіктердің гендік қорының сақталуына қатер туындаған кезде;
2) аумақтың бірегей түрлік әралуандығын, сондай-ақ сирек кездесетін немесе әдеттегі табиғи ландшафты сақтап тұру үшін;
3) Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру немесе кеңейту үшін резервке қойылған, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарындағы жер учаскелерінде;
4) Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес мемлекеттік орман қоры учаскелерінде;
5) өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, эндемиялық және реликтік түрлері бар жерлердің, су объектілерінің учаскелерінде;
6) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін берілген және пайдаланылатын жер учаскелерінде;
7) деградацияға ұшыраған және қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуді талап ететін өсімдіктері бар жер учаскелерінде;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларда жабайы өсетін өсімдіктерді пайдалану құқығын шектеуді (тоқтата тұруды) белгілейді.
14-бап. Өсімдіктер дүниесін өрттен күзету
1. Жергілікті атқарушы органдар, жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар мен су пайдаланушылар, өсімдіктер дүниесін пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өсімдіктер дүниесін өрттен күзетуді жүзеге асырады.
2. Өсімдіктер өсетін жерлерде өрт туындаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар, жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар мен су пайдаланушылар, өсімдіктер дүниесін пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды оқшаулау және сөндіру жөніндегі шараларды дереу қабылдайды.
3. Жоғары сыныпты өрт қауіптілігі кезеңінде өсімдіктер дүниесінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып, карантиндік объектілер мен өсімдіктердің зиянкестері мен ауруларының бөтен текті түрлерінің таралу ошақтарын жою жөніндегі іс-шараларды қоспағанда, ормандарда, барлық санаттағы жерлерде құрғақ өсімдіктерді (сабаншөп, сабан, аңызшөп және өзге де өсімдік қалдықтарын) өртеу жұмыстарына тыйым салынады.
Өрттің туындау қаупін азайту мақсатында, сондай-ақ шаруашылық қажеттілік жағдайында жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша жағалау-судағы құрғақ өсімдіктерді шабуға жол беріледі.
15-бап. Өсімдіктер дүниесін қорғау
1. Мемлекеттік және жеке меншіктегі жерлерде өсетін өсімдіктер дүниесін қорғау осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Өсімдіктер дүниесін қорғау мақсатында жергілікті атқарушы органдар, жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар:
1) карантиндік объектілердің, аса қауіпті зиянды организмдердің, өсімдіктер зиянкестері мен ауруларын қоздырғыштардың бөтен текті және өзге де түрлерінің фитосанитариялық мониторингі, профилактикасы және оларды уақтылы анықтау, қолайсыз факторлардың өсімдіктерге әсерін азайту жөніндегі іс-шараларды орындауды;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес карантиндік объектілердің, аса қауіпті зиянды организмдердің, өсімдіктер зиянкестері мен ауруларын қоздырғыштардың бөтен текті және өзге де түрлерінің ошақтарына қарсы олардың тиімділігі мен қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәсілдермен және құралдармен күресуді;
3) уәкілетті органға және өсімдіктерді қорғау саласындағы, өсімдіктер карантині жөніндегі, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органдарға карантиндік объектілердің, аса қауіпті зиянды организмдердің, өсімдіктер зиянкестері мен ауруларын қоздырғыштардың бөтен текті және өзге де түрлерінің таралу ошақтарының туындау фактілері туралы уақтылы хабар беруді қамтамасыз етуге міндетті.
16-бап. Өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, эндемиялық және реликтік түрлерін күзету
1. Өсімдік түрлерін өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің санатына жатқызу осы түрлердің табиғи таралу ареалы шекараларында жүргізілетін түгендеу деректері мен ғылыми зерттеулердің және ведомствоаралық ботаникалық комиссияның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
2. Өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін күзету:
1) олар өсетін учаскелерді анықтау, зерделеу, ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларында сақтау;
2) олар өсетін учаскелерде арнайы күзет режимін белгілеу;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту;
4) осы өсімдіктер өсетін учаскелердің меншік иелері мен пайдаланушыларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың сақталуын қамтамасыз етуі арқылы жүзеге асырылады.
3. Өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде:
1) мынадай:
табиғи популяциялар санын қалпына келтіру;
халықаралық алмасу (халықаралық сауда) мақсатында арнайы жасалған жағдайларда көбейту;
2) ғылыми зерттеулер, оның ішінде өсімдіктердің коллекцияларын, генетикалық банктерін жасау;
3) селекция үшін жүзеге асырылады.
Осы тармақтың ережелері, қала ормандарын қоспағанда, елді мекендер аумағында жасыл екпелер құрамында отырғызылған және өсіп жатқан өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлеріне қолданылмайды.
4. Эндемиялық және реликтік өсімдіктерді күзету осы Заңның 12-бабының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. ӨСІМДІКТЕР ДҮНИЕСІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӘНЕ САҚТАУ
17-бап. Өсімдіктер дүниесін қалпына келтіру
1. Өсімдіктер дүниесін қалпына келтіру:
1) жабайы өсетін өсімдіктердің, олардың популяциялары мен қауымдастықтарының қолайлы өсу жағдайларын сақтап тұру (жасау);
2) жабайы өсетін өсімдіктердің, олардың популяциялары мен қауымдастықтарының табиғи қалыпқа келуіне жәрдемдесу;
3) өсімдіктерді отырғызу (егу) және оларға күтім жасау;
4) өсімдік түрлеріне, олардың популяциялары мен қауымдастықтарына, өсетін жерлеріне теріс әсер ететін қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шектеу (тоқтата тұру) арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Өсімдіктер дүниесін қалпына келтіру жерге орналастыру және орман орналастыру, қала құрылысын жоспарлау материалдары мен өзге де құжаттар, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың зерттеп-қарауы немесе нұсқамалары негізінде жүзеге асырылады.
Қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тәсілдері мен технологиялары (агротехникалық іс-шаралар) мамандандырылған ұйымдар ғылыми ұсынымдар негізінде әзірлеген жобаларда айқындалады.
3. Өсімдік түрлерін, олардың популяциялары мен қауымдастықтарын қалпына келтіру кепілдік берілген гендік типті аналық өсімдіктердің отырғызылатын материалы, тұқымдары, вегетативтік бөліктері пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
18-бап. Өсімдіктер дүниесінің гендік қорын сақтау
1. Өсімдіктер дүниесінің гендік қорын сақтау:
1) өсімдік түрлерін, популяцияларды олардың табиғи өсетін жерлерінде сақтап тұру және қалпына келтіру;
2) өсімдіктердің әртүрлілігін олардың табиғи өсетін жерлерінен тыс жерде сақтау арқылы жүзеге асырылады.
2. Өсімдік түрлерін, олардың популяцияларын табиғи өсетін жерлерінде сақтап тұру және қалпына келтіру түрі мен оның белгіленген табиғи өзге түрлерінің (нысандарының) гендік қоры сақталған учаскелерді бөлу, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларға мемлекеттік табиғи-қорық қорының және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар объектісі мәртебесін беру арқылы қамтамасыз етіледі.
3. Өсімдік әртүрлілігін олардың табиғи өсетін жерлерінен тыс жерде сақтау екпелерді, өсімдіктердің бағалы түрлерінің және (немесе) олардың өзге түрлерінің (нысандарының) тірі коллекцияларын қолдан жасау және күтіп-баптау, сондай-ақ популяциялардан, олардың вегетативтік бөліктерінен, тұқымдарынан (спораларынан) өсімдіктерді консервациялаудың әртүрлі тәсілдерін пайдалана отырып, бақыланатын ортада күтіп-баптау арқылы қамтамасыз етіледі.
4. Өсімдіктердің сақталатын генетикалық ресурстары туралы ақпаратты құзыретті органдар мен генетикалық ресурстарға қол жеткізу және пайданы бірлесіп пайдалану мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестіру орталығы (бұдан әрі - ұлттық үйлестіру орталығы) қалыптастырады.
Мұндай ақпаратқа қол жеткізу өсімдіктер дүниесінің гендік қорымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес делдалдықтың ұлттық тетігі арқылы жүзеге асырылады.
6-тарау. ӨСІМДІКТЕРДІ ИНТРОДУКЦИЯЛАУ, ЖЕРСІНДІРУ ЖӘНЕ БУДАНДАСТЫРУ
19-бап. Өсімдіктерді интродукциялау және (немесе) жерсіндіру
1. Өсімдіктерді шаруашылық мақсаттарда плантациялық өсіру, арнайы бөлінген учаскелердегі ғылыми зерттеулер және ботаникалық коллекцияларда сақтау, сондай-ақ елді мекендерді көгалдандыру үшін оларды интродукциялауға және (немесе) жерсіндіруге жол беріледі.
Өсімдіктерді интродукциялау және (немесе) жерсіндіру өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы хабарлама негізінде жүзеге асырылады.
2. Жабайы өсетін өсімдіктерді өздерінің табиғи ортасында қалпына келтіру байырғы флора түрлерін реинтродукциялау не қайта жерсіндіру арқылы жүргізіледі.
3. Өсімдіктердің бөтен текті түрлері мен гендік түрлендірілген өсімдіктер организмдерін табиғи түрдегі өсімдіктер қауымдастықтарына енгізуге тыйым салынады.
20-бап. Өсімдіктерді будандастыру
1. Ғылыми-зерттеу және селекциялық мақсаттарда өсімдіктерді қолдан будандастыруға жол беріледі.
Өсімдіктерді будандастыру жөніндегі жұмыстар жүргізілетін учаскелер өсімдіктер дүниесі үшін генетикалық эрозия көзі болып табылмауға тиіс.
2. Селекция үшін бағалы гендік қор көзі болып табылатын дақылдық өсімдіктердің жабайы тұқымдастары өсетін аумақтар шегінде өсімдіктердің табиғи будандасу қатерін, генетикалық эрозияны азайту мақсатында олардың сыртқы шекарасынан кемінде екі километр қашықтықта:
жеміс және жаңғақ бақтарын (плантацияларын), гүлді өсімдіктердің өзге де түрлерінің көшеттерін;
өсімдіктер будандарының көшеттерін (плантацияларын) орналастыруға тыйым салынады.
7-тарау. ӨСІМДІКТЕР ДҮНИЕСІН КҮЗЕТУ,
ҚОРҒАУ, ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР (ЖҰМЫСТАР)
21-бап. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласында ғылыми зерттеулерді (жұмыстарды) ұйымдастыру
1. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер (жұмыстар):
1) өсімдік түрлерінің, оның ішінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, эндемиялық және реликтік түрлерінің, олар құрайтын популяциялардың, қауымдастықтар мен экожүйелердің жай-күйін бағалау, оларға табиғи және техногендік факторлардың әсерін зерделеу;
2) өсімдіктер дүниесін түгендеу, оның мемлекеттік мониторингі мен мемлекеттік кадастрын жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін ғылыми негіздер әзірлеу;
3) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану, өсімдіктер дүниесінің гендік қорын сақтау саласында ғылыми ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы нормативтерді және экологиялық жүйеге жүктемелер әзірлеу;
4) ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын жинау, жүйелеу, зерделеу, сақтау және пайдалану;
5) жабайы өсетін өсімдіктердің әртүрлілігін және етене табиғи ландшафттарды сақтау жөніндегі шаралардың ғылыми негіздемесін әзірлеу;
6) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласында ғылыми-техникалық сараптамалар жүргізу;
7) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы құқықтық және экономикалық тетіктерді әзірлеу;
8) халықаралық зерттеу бағдарламалары мен жобаларына қатысу мақсатында жүзеге асырылады.
2. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулерді (жұмыстарды) ұйымдастыру және жүргізу Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
22-бап. Ботаникалық коллекциялар және өсімдіктердің генетикалық ресурстарының коллекциялары
1. Ботаникалық коллекцияларға мыналар:
ботаникалық бақтардың, дендрологиялық парктердің және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге де түрлерінің, дендрарийлердің (арборетумдардың), оранжереялардың, ғылыми және өзге де ұйымдар питомниктері өсімдіктерінің тірі коллекциялары;
арнайы жағдайларда генетикалық материал ретінде сақталатын тірі өсімдіктердің тұқымдары мен басқа да бөліктері;
қазба өсімдіктердің әртүрлі бөліктерінің гербарийлері мен жинақтары жатқызылады.
2. Өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларына мыналар:
халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес сақталатын өсімдіктердің генетикалық ресурстарының бағалы және бірегей үлгілерінің жинағын білдіретін ұлттық коллекциялар;
өсімдіктердің әртүрлі генетикалық материалының үлгілерін қамтитын және нақты ғылыми-зерттеу, жалпы білім беру және селекциялық міндеттерді шешу үшін қалыптастырылатын зерттеу-селекциялық коллекциялар;
ғылыми-зерттеу және селекциялық бағдарламаларды қамтамасыз ету үшін зерттеу-селекциялық және өзге де коллекциялардан алынған үлгілер негізінде қалыптастырылатын уақытша зерттеу коллекциялары;
ең азында өсімдік түрінің негізгі генетикалық әртүрлілігі қамтылған, өсімдіктердің генетикалық ресурстары үлгілерінен тұратын өзекті коллекциялар;
басқарылуы халықаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылатын, халықаралық ұйымдардан, шетелдік ұлттық коллекциялардан немесе өсімдіктердің генетикалық банктерінен сақтауға берілген әлемдік өсімдіктер әртүрлілігі үлгілерінің жинағын білдіретін халықаралық қайтарымды коллекциялар жатқызылады.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғат қорғау және ғылыми ұйым мәртебесі бар ғылыми ұйымдар, табиғат қорғау ұйымдары, өзге де заңды, сондай-ақ жеке тұлғалар ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурс тары коллекцияларын жасайды.
Ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстарының коллекциялары мемлекеттік меншікте де, жеке меншікте де болуы мүмкін.
4. Ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын қалыптастыру:
1) өсімдіктерді не олардың бөліктері мен дериваттарын осы Заңға, Қазақстан Республикасының орман заңнамасына және Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес олардың табиғи өсетін жерлерінен алып қою;
2) өз коллекцияларында сақтау үшін коллекциялардан алынатын өсімдіктердің не олардың бөліктерінің немесе дериваттарының не өзге де өсімдіктердің құжатталған үлгілерін сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту шартының немесе оларды иеліктен шығару туралы өзге де мәміленің негізінде не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзгеше түрде сатып алу;
3) дербес коллекция рөлін орындайтын бөлікті негізгі коллекциядан бөлу арқылы жүзеге асырылады.
5. Ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын не олардың құрамына кіретін жекелеген құрамдастарын (өсімдіктер, олардың бөліктері мен дериваттары) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету ботаникалық коллекцияларды, өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын қалыптастыру, сақтау, есепке алу және пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларының меншік иелері оларды есепке қоюға міндетті.
8-тарау. ӨСІМДІКТЕР ДҮНИЕСІН ТҮГЕНДЕУ, ОНЫҢ
МЕМЛЕКЕТТІК МОНИТОРИНГІ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК КАДАСТРЫ
23-бап. Өсімдіктер дүниесін түгендеу
1. Жабайы өсетін өсімдіктердің, олардың популяциялары мен қауымдастықтарының сандық және сапалық сипаттамаларының өзгерістерін анықтау, есепке алу, талдау, оларды пайдалану шарттарын айқындау және мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарды, мүдделі жеке және заңды тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында өсімдіктер дүниесін түгендеу жүргізіледі.
2. Жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар мен су пайдаланушылар, өсімдіктер дүниесін пайдаланушылар өздеріне бекітіп берілген учаскелердегі өсімдіктер дүниесін түгендеуге қатысады.
24-бап. Өсімдіктер дүниесінің мемлекеттік мониторингі
1. Өсімдіктер дүниесінің мемлекеттік мониторингі өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласында негізделген шешімдер қабылдау мақсатында жабайы өсетін өсімдіктердің, олардың популяциялары мен қауымдастықтарының, сондай-ақ осы түрлер өсетін жерлердің жай-күйін кезең-кезеңмен байқау, бағалау және болжау жүйесін білдіреді.
Өсімдіктер дүниесінің мемлекеттік мониторингі өсімдіктердің табиғи өсетін жерлерінде олардың индикаторлық түрлері бойынша арнайы бөлінген мониторингтік алаңдарда жүзеге асырылады.
2. Мониторингтік ақпарат алу үшін:
Жерді қашықтан зондтау әдістері;
жерге орналастыру жобалары, геоботаникалық және орман орналастыру материалдары, карталар;
ғылыми-зерттеу жұмыстарының, ресурстық зерттеп-қараулар мен жобалық ізденістердің нәтижелері;
өсімдіктер дүниесін түгендеу, орман қорын мемлекеттік есепке алу нәтижелері және өзге де материалдар пайдаланылады.
25-бап. Өсімдіктер дүниесінің мемлекеттік кадастры
Өсімдіктер дүниесінің мемлекеттік кадастры жер санаттары бойынша өсімдік түрлерінің таралуы мен бөлінуі туралы деректердің жүйелендірілген жиынтығын, олардың сандық және сапалық сипаттамаларын, экономикалық бағалануын, сондай-ақ өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласын басқару және үйлестіру үшін қажетті өзге де деректерді қамтиды.
26-бап. Өсімдіктер дүниесіне түгендеу жүргізу, мемлекеттік мониторинг және мемлекеттік кадастр жүргізу тәртібі
1. Уәкілетті орган мен орман шаруашылығы саласындағы, жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органдардың мамандандырылған ұйымдары өсімдіктер дүниесін түгендеуді, олардың мемлекеттік мониторингі мен мемлекеттік кадастрын жүргізуді жүзеге асырады.