12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:
1) жол жүрісі қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіреді;
2) көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруден өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
3) көлік құралдары жүргізушілерін міндетті рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап тексеруден өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2018.28.12. № 211-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4) тармақша жаңа редакцияда
4) автомобильдегі алғашқы көмек қобдишасының дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарының тізбесін бекітеді;
5) адамдардың көлік құралдарын басқаруына тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекітеді;
6) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге уақтылы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырады;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Білім беру саласындағы уәкілетті орган:
1) жалпы білім беретін мектеп оқушыларының жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы білім деңгейін арттыру бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіреді;
2) балаларды жол жүрісі қағидаларына оқыту бойынша үлгілік білім беретін оқу бағдарламаларын бекітеді;
3) 2021.08.01. № 410-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
14-бап. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті органның құзыреті
1. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті орган:
1) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдармен және мемлекеттермен қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;
2) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетел компанияларының филиалдары мен өкілдіктерінің, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың автокөлік құралдарына мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінің үлгілерін, көлік құралдарының және олардың жүргізушілерінің халықаралық жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру үшін қажетті басқа да арнайы өнімді әзірлеуде уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды;
3) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетел компанияларының филиалдары мен өкілдіктерінің, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың көлік құралдары жүргізушілері арасында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде уәкілетті органға жәрдем көрсетеді;
4) механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеуден өткізуде, емтихан қабылдауда және жүргізуші куәліктерін беруде, сондай-ақ тиісті құқықтық көмек көрсетуде шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерімен, консулдық мекемелерімен, халықаралық ұйымдар өкілдіктерімен, шетелдіктермен, азаматтығы жоқ адамдармен, шетел компанияларының филиалдарымен және өкілдіктерімен, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалармен уәкілетті органның өзара іс-қимылын ұйымдастырады;
5) шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің, консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетел компанияларының филиалдары мен өкілдіктерінің, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруден өткізуді ұйымдастырады;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 2) - 6) тармақшаларында көрсетілген функцияларды дипломатиялық корпуспен жұмыс жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымға жүктейді.
15-бап. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) жол-көлік оқиғалары зардаптарының салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіруді ұйымдастырады;
2) лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға жол-көлік оқиғалары зардаптарының салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою жөнінде нұсқамалар береді;
3) жол-көлік оқиғалары зардаптарының салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезінде материалдық-техникалық ресурстарды жұмылдырады;
4) жол-көлік оқиғалары зардаптарының салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жоюға тартылған авариялық-құтқару қызметтерінің (оның ішінде аэроұтқыр жасақтардың) жұмысын қамтамасыз етеді;
5) трассалық медициналық-құтқару пункттерін құрады, олардың қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 15-1-баппен толықтырылды; 2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 15-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
15-1-бап. Индустриялық даму саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Индустриялық даму саласындағы уәкілетті орган:
1) электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру бөлігінде Көлік құралы паспортының (көлік құралының шассиі паспортының) және өздігінен жүретін машина мен басқа да техника түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімді іске асырады;
2) көлік құралдарының паспорттарын (көлік құралдары шассилерінің паспорттарын) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің паспорттарын ресімдеуді, оның ішінде көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассилерінің паспорттарын) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарын ресімдеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың (ұйымдардың) және көлік құралдарын (көлік құралдарының шассилерін), өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерін жасаушы ұйымдардың бірыңғай тізілімінің ұлттық бөлігін қалыптастырады және жүргізеді;
3) электрондық паспорттар жүйесінің ұлттық операторын (ұлттық әкімшісін) айқындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыну береді;
4) көлік құралдарының паспорттарын (көлік құралдары шассилерінің паспорттарын) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің паспорттарын ресімдеу, оның ішінде көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассилерінің паспорттарын) және өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техника түрлерінің электрондық паспорттарын ресімдеу жөніндегі өкілеттіктерді ұйымдарға беру туралы немесе өкілеттіктерді беруден бас тарту туралы қорытынды беру тәртібі мен шарттарын айқындайды;
5) көлік құралының паспортын (көлік құралы шассиінің паспортын) және өздігінен жүретін машина мен басқа да техника түрлерінің паспортын қорғау элементтеріне қойылатын талаптарды бекітеді;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
16-бап. Әскери полиция органдарының құзыреті
Әскери полиция органдары:
1) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары, Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары көлік құралдарының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарының механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін, тиісті құжаттар мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін бере отырып, мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) әскери полиция органдарында тіркелген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап-тексеруден өткізуді ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және ішкі істер саласындағы орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады;
4) уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының көлік құралдары колонналарымен ілесіп жүруді ұйымдастырады әрі қамтамасыз етеді және осы колонналардың өтуі кезінде жолдар мен көшелерде жол жүрісін реттеуді жүзеге асырады;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс салаларындағы уәкілетті органдардың бірінші басшысы бекітетін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының механикалық көлік құралдары мен олардың тiркемелерiн мемлекеттік тіркеу қағидаларын әзірлейді;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 16-1-баппен толықтырылды
16-1-бап. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың құзыреті
Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдар жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың көлік құралдарын пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді.
17-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) өкiлдi және атқарушы органдарының құзыретi
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) өкiлдi органдары:
1) жергілікті бюджетті бекіткен кезде жол жүрісін ұйымдастыру және аумақтық-көліктік жоспарлау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемдерін айқындайды;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдары басшыларының жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi есептерiн қарайды;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету бойынша өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдары өз құзыреті және өңір шегінде:
1) тиiстi аумақта жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етеді;
2) жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенiн ұйымдастырады әрі өткізеді және олардың орындалуын бақылайды;
3) облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда, елдi мекендердiң көшелерiнде жол жүрiсiн реттеудiң техникалық құралдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, енгiзу және күтiп-ұстау жөнiндегi барлық жұмыс түрлерінің орындалуын және оларды бақылауды қамтамасыз етеді;
4) жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;
5) қала құрылысы құжаттамасында аумақтық-көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру бөлімінің болуын қамтамасыз етеді;
6) интеллектуалды көлік жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге маманданушы ұйымдар құрады;
7) жол-көлік оқиғаларынан болған ысыраптың және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бюджет шығындарының, сондай-ақ жолдардағы авариялылық деңгейін азайту үшін қолданылатын шаралар тиімділігінің мониторингін жүзеге асырады;
8) мыналар:
қоғамдық көлікті дамытуды және жол жүрісін ұйымдастыруды ескере отырып, елді мекендердің бас жоспарын әзірлеу, қабылдау және орындау;
қаланың жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруіне әртүрлі шектеулер енгізу арқылы жол жүрісін ұйымдастырудың арнайы аймақтарын белгілеу;
елді мекендерде жол жүрісін ақпараттық жағынан қамтамасыз ету арқылы елді мекендерге көліктік жүктемені азайту жөнінде шаралар қолданады;
9) жолдарда жол жүрісін қалпына келтіру үшін жол-көлік оқиғаларының зардаптарын жояды;
10) 2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
11) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
18-бап. Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті үйлестіру
1. Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті үйлестіру дер кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою және олардың зардаптарының ауырлығын азайту бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың келісілген іс-қимылдарды әзірлеуі және жүзеге асыруы арқылы жүзеге асырылады.
2. Үйлестіру қызметінің негізгі міндеттері:
1) мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар қызметінің тиімділігін бағалау;
2) Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
3) басшылар мен лауазымды адамдардың жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жүргізген жұмысы туралы есептерін тыңдау және олардың осы саладағы қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
4) жол жүрісін ұйымдастыру және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданбағаны үшін лауазымды адамдарды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен ұйымдарға енгізу болып табылады.
4-тарау. ЖОЛ ЖҮРІСІ САЛАСЫНДАҒЫ ТӘУЕКЕЛДЕРДІ
БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ МЕН МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
19-бап. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдер
1. Жол-көлік оқиғаларының орын алуы мен олардың зардаптары жол жүрісі саласында мына бағыттар бойынша қызметті жүзеге асыруға байланысты тәуекелдер салдарынан болуы мүмкін:
1) жүк және жолаушы тасымалын жүзеге асыратын ұйымдардың тәуекелі. Бұған техникалық ақауы бар механикалық көлік құралын пайдалануға шығару, сондай-ақ денсаулық жағдайы көлік құралдарын қауіпсіз басқаруды қамтамасыз етпейтін адамдардың басқаруына рұқсат беру тәуекелі жатады;
2) автомобиль жолдарын, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын басқарушылардың тәуекелі. Бұған жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын пайдалану талаптарын бұза отырып, оларды күтіп-ұстау тәуекелі жатады;
2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) медициналық ұйымдар тәуекелi. Бұған:
жол-көлiк оқиғасы салдарынан зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсетпеу;
көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері немесе шектеулері бар адамдарды жол жүрісіне қатысуға жіберу тәуекелi жатады;
4) оқу ұйымдарының тәуекелі. Бұған механикалық көлік құралдары жүргізушісі болуға кандидаттарды және балаларды жол жүрісі қағидаларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу салдарынан сапасыз оқыту тәуекелі жатады;
5) жобалау және құрылыс ұйымдарының тәуекелі. Бұған жолдар және жол инфрақұрылымы объектілерін жол жүрісі қауіпсіздігінің талаптарын ескермей жобалау, салу, жөндеу және реконструкциялау тәуекелі жатады;
6) көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жұмыстарын орындайтын және қызметтерін көрсететін ұйымдардың тәуекелі. Бұған көлік құралдарын жасаушы зауыттар белгілеген нормалар мен қағидаларды, дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы техникалық регламенттердің талаптарын және көлік құралдарының зиянды (ластаушы) заттар шығарындыларына қойылатын талаптарды бұза отырып, көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді жүргізу тәуекелі жатады;
7) көлік құралдарын жобалау мен жасап шығаруды жүзеге асыратын ұйымдардың тәуекелі. Бұған:
көлік құралдарын олардың жол жүрісі жағдайларындағы қауіпсіздігі талаптарын ескермей жобалау және жасап шығару;
жасап шығарылатын көлік құралдары мен олардың құрауыштарына қатысты қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін конструкцияның, технологиялық процестердің немесе сериялы және жаппай жасап шығару өнімдерін бақылау жүйелерінің жетілдірілмеу тәуекелі жатады;
8) сәйкестікті растау жөніндегі органдардың және сынақ зертханаларының тәуекелі. Бұған:
көлік құралдарының қауіпсіздігін техникалық реттеу саласында көзделген талаптарды бұза отырып, көлік құралдарының, оларға орнатылатын және (немесе) пайдаланылатын жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растау;
жаңа көлік құралы конструкциясының жекелеген элементтерінің жетілдірілмеуі, болмауы немесе техникалық ақауы салдарынан жол-көлік оқиғасын жасау;
пайдалануға енгізілетін жаңа көлік құралдары мен олардың компоненттеріне қатысты қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін технологиялық процестердің немесе сериялы және жаппай жасап шығару өнімдерін бақылау жүйелерінің жетілдірілмеу тәуекелі жатады;
9) техникалық қарап тексеруді жүзеге асыратын ұйымдардың тәуекелі. Бұған:
пайдаланылатын көлік құралдары мен олардың құрауыштарына қатысты қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін технологиялық процестердің немесе көлік құралдарын техникалық қарап тексеру желілерін бақылау жүйелерінің жетілдірілмеуі;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу салдарынан механикалық көлік құралдарын техникалық қарап тексеруден сапасыз өткізу жатады;
10) сауда жасаушы ұйымдардың тәуекелі. Бұған көлік құралдары қауіпсіздігінің техникалық талаптарына сай келмейтін көлік құралдарын, көлік құралдарына орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектерді сату тәуекелі жатады;
11) жолдар мен көлік құралдары иелерінің тәуекелі. Бұған жол-көлік оқиғаларын жасаудың жоғары қаупін туғызатын шарттармен қоса жолдар мен көлік құралдарын пайдалану тәуекелі жатады.
2. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі осы Заңда белгіленеді.
20-бап. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесі
1. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі жол-көлік оқиғаларының орын алу ықтималдығын, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын ауыр зардаптарды (адамдардың қаза болуы мен жарақаттануын) азайтуға бағытталады.
2. Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі - жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін тәуекелдерді және олардың зардаптарын анықтау, бағалау, мониторингілеу, азайту үшін жол жүрісі саласында мемлекеттік органдар жүзеге асыратын, ұдайы құрылымдалған процесс.
3. Тәуекелдерді басқару процесі мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) тәуекелдерді айқындау:
тәуекелдерді және тәуекел түзетін факторларды бағалау (жол-көлік оқиғаларының барлық ықтимал себептерін жүйелі түрде және ұдайы бақылау, талдау, олардың ықтималдығы мен мөлшерлерін сапалы бағалау);
тәуекелдерді сыныптау (тәуекелдер және олардың туындауына әкеп соғатын, дамуына әсер ететін факторлар ерекшелігін зерттеу, тарихи деректерді сараптамалық бағалау, тәуекелдер картасы);
2) тәуекелдерді өлшеу (бағалау), олардың өткізілу мерзімділігі тәуекелдің маңыздылығына қарай, бірақ жылына кемінде екі рет болып белгіленеді;
3) тәуекелдерді талдауды жүзеге асыру;
4) тәуекелдерді басқару әдісін таңдау және қолдану;
5) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесін түзету;
6) бақылау іс-шараларын жоспарлау және жүргізу.
4. Жол жүрісі саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастырады, онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) орталық және жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі өкілеттіктері мен функционалдық міндеттері, олардың жауапкершілігі;
2) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау рәсімдері;
3) тәуекелдердің жол берілетін мөлшеріне олардың жол жүрісі саласындағы сыныпталуы бойынша жеке-жеке лимиттер;
4) уәкілетті органға, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі есептілікті табыс етудің ішкі рәсімдері;
5) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін бағалаудың ішкі критерийлері.
Жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін орталық және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде белгілейді.
5. Жол жүрісі саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері бақылау және қадағалау органдары мен уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланады.
6. Мемлекеттік органдардың бақылау қызметін жоспарлауы осы Заңда белгіленген жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде жүзеге асырылады.
21-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылау функцияларын орындау жөніндегі қызметті үйлестіруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
22-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
Мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
1) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы - уәкілетті орган ведомствосының басшысы;
2) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының орынбасарлары - уәкілетті орган ведомствосы басшысының орынбасарлары;
3) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік инспекторлары - уәкілетті орган ведомствосының мемлекеттік бақылау жөніндегі мамандары;
4) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторлары - уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары;
5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас мемлекеттік инспекторларының орынбасарлары - уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары;
6) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік инспекторлары - уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік бақылау жөніндегі мамандары жатады.
23-бап. Уәкілетті органның жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері
1. Уәкілетті органның жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының:
2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) заңды тұлғаларға, дара кәсіпкерлерге және лауазымды адамдарға жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқамалар беруге, ал мұндай нұсқамалар бойынша қажетті шаралар қолданылмаған жағдайда, кінәлі адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тартуға құқығы бар. Нұсқамаларды қолданылатын шаралар туралы ақпарат ұсыну мерзімдерін көрсете отырып, өз құзыретіне сәйкес жазбаша нысанда береді;