2. Лауазымды адамдардың лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен нұсқаулар беруіне тыйым салынады.
3. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік орган өздеріне қатысты қабылдаған шешімдер мен әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне немесе сотқа шағым жасауға құқығы бар.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымдарын атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін мынадай:
1) бағынысты адам жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамаудағы немесе тиісінше орындамаудағы кінә арасындағы байланыс анықталған;
2) бағынысты адамға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы не сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі тоқтатқан жағдайлардың жиынтығы кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.
44-бап. Тәртіптік теріс қылықтар және жазалар
1. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі - теріс қылық) - мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Теріс себептермен қызметтен шығаруға алып келетін тәртіптік теріс қылық жасаған адамдарды өз еркімен қызметтен шығару, адамдарды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға құқыққа сыйымсыз тағайындау және (немесе) мемлекеттік әкімшілік лауазымдардан адамдарды құқыққа сыйымсыз босату, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды құқыққа сыйымсыз қолдану, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария ету, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қасақана қабылдамау, бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау да тәртіптік теріс қылықтар деп танылады.
3. Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай жаза түрлері қолданылады:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе мемлекеттік лауазымын төмендету;
5) атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару.
Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де жаза түрлері белгіленуі мүмкін.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза уақытша бос мемлекеттік лауазымды қоспағанда, кез келген төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.
Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жазаны қолдану мүмкін болмаған кезде қолданылады.
Атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару түріндегі тәртіптік жаза осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша қолданылады.
5. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11), 12) және 15) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, мемлекеттік лауазымын төмендетуге, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда - қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға әкеп соғады.
Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
6. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.
Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
7. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 9), 13), 14), 16), 17), 18) және 19) тармақшаларында және 2-тармағында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
8. Тәртіптік жазаны:
1) лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамдар (орган) қолданады;
2) бірінші тәртіптік жазаны қолдану заңды болған және тәртіптік жаза теріс қылықтың ауырлығына сай келген жағдайда нақ сол терiс қылық үшiн қайталап қолдануға болмайды;
3) тәртіптік жаза Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен қолданылады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімі бойынша құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай тәртіптік комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының немесе жоғары тұрған органның шешімі бойынша құрылады.
Орталық мемлекеттік орган басшысының шешімімен орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі не орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының шешімімен орталық мемлекеттік органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі.
10. Тәртіптік жазаны қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
45-бап. Тәртіптік жазаларды қолдану мерзімдері
1. Тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
Белгiлi бiр іс-әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылмалы құқық бұзушылық деп танылады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін осы Заңда көзделген тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.
Қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі не әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан, бірақ адамның іс-әрекеттерінде осы Заңда көзделген, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау белгілері болған жағдайда тәртіптік жаза қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей, бірақ осы теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей қолданылады.
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.
3. Жазаны:
1) мемлекеттiк қызметшiнiң еңбекке уақытша жарамсыздығы;
2) мемлекеттік қызметшінің демалыста немесе iссапарда болуы;
3) мемлекеттік қызметшінің мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындау уақытында өзінің лауазымдық міндеттерін орындаудан босатылуы;
4) мемлекеттік қызметшінің даярлауда, қайта даярлауда, біліктілігін арттыру курстарында және тағылымдамада болуы;
5) мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы мемлекеттік органдардың актілеріне оның сот тәртібімен шағым жасауы кезеңінде қолдануға болмайды.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Тәртіптік жауаптылық туралы мәселені қарау және тәртіптік жазаны қолдану мерзімінің өтуі осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу не әкімшілік іс жүргізу кезеңінде, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылығы мәселесін шешуге әсер ететін сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
46-бап. Мемлекеттiк қызметшiлерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiнде олардың құқықтарына берілетін кепiлдiктер
1. Мемлекеттік қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен таныстырылуға тиіс, оған қызметтік тергеп-тексеру рәсіміне жеке өзінің қатысу құқығы беріледі.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жауаптылыққа тартылған мемлекеттiк қызметшiлер жоғары тұрған басшылықтың алдында, уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне не сотқа мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның әрекеттерi мен шешiмдерiне қатысты шағым жасай алады.
47-бап. Мемлекеттік қызметшілердің нұқсан келтіргені үшін материалдық жауаптылығы
1. Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органға келтірілген нұқсан үшін материалдық жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және мөлшерлерде туындайды.
2. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органға келтірілген тікелей нақты нұқсанды өтеуге міндетті.
3. Егер нұқсан еңсерілмейтін күш не аса қажеттілік, қажетті қорғаныс, сондай-ақ мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшіге берілген мүліктің сақталуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамауы салдарынан орын алған болса, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органға келтірілген нұқсан үшін материалдық жауаптылығы туындамайды.
48-бап. Мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету
Мемлекеттік қызметші:
1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетілуі мүмкін;
2) мемлекеттік қызметшіні қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан шығару құқығы бар лауазымды адам (орган) жауаптылық туралы мәселе шешілгенге дейін, бірақ жалақысы сақтала отырып, бір айдан аспайтын мерзімге лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетуі мүмкін.
Мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету жөнінде лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамның (органның) немесе өзіне осындай өкілеттіктер берілген өзге де лауазымды адамның (органның) актісі шығарылады.
8-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚЫЗМЕТТІК ӘДЕБІ
49-бап. Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдепті сақтау бойынша қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік қызметшілер:
1) заңдылық қағидатын басшылыққа алуға;
2) мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге;
3) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;
4) жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға;
6) қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден лауазымдық өкілеттіктерінен тыс тапсырмалар орындауын талап етпеуге;
7) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінде көзделген өзге де әдеп қағидаларын сақтауға міндетті.
2. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті бұзуы осы Заңда белгіленген тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына мониторинг жүргізу мен бақылауды әдеп жөніндегі уәкіл жүзеге асырады. Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ережені уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін үйлестіруді және әдіснамалық қамтамасыз етуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
50-бап. Мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар
1. Осы Заңда мемлекеттік қызметшілердің мынадай іс-әрекеттері мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар болып танылады:
1) басқа мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметіне құқыққа сыйымсыз араласуы;
2) өзінің лауазымдық өкілеттіліктерін жеке өзiнің не жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерін қанағаттандырумен байланысты мәселелерді шешу кезінде пайдалануы;
3) мемлекеттік қызметке кіру және мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету кезінде заңда көзделмеген артықшылықтар беруі (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық);
4) шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі;
5) кәсіпкерлік және кіріс алумен байланысты өзге де қызметті жүзеге асыруда кімге болмасын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген кез келген жәрдем көрсетуі;
6) мемлекеттік функцияларды орындау кезінде алынған ақпаратты, егер мұндай ақпарат ресми таратылуға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдде үшін пайдалануы;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және заңды тұлғаларға ұсынылуы көзделген ақпаратты беруден негізсіз бас тартуы не оны кешіктіріп беруі, анық емес немесе толық емес ақпарат беруі;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және заңды тұлғалардың ұсынуы көзделмеген ақпаратты олардан талап етуі;
9) мемлекеттік қаржылық және материалдық ресурстарды жекелеген кандидаттардың сайлау қорларына беруі;
10) ресми адамдардың лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін аталған адамдарға сыйлықтарды тарту етуі және қызметтік емес қызметтер көрсетуі;
11) жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасауы;
12) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексі 151-бабының 1), 2), 3), 4) және 7) тармақшаларында, 156-бабы 2-тармағының 2), 6) және 8) тармақшаларында белгіленген тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзуы;
13) кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға осындай қызметті мемлекеттiк реттеу, сондай-ақ бақылау мен қадағалау өкілеттіктерін беруі;
14) мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын мемлекеттік орган мәртебесі жоқ ұйымдарға беруі;
15) жоғары тұрған немесе төмен тұрған не қызмет немесе жұмыс бабында олармен өзгеше тәуелдiлікте болатын лауазымды адамдармен ақшалай немесе өзге де мүлiктік сипаттағы құмар ойындарға қатысуы;
16) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқарғаны үшін өзі оларда тиісті функциялар атқармайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан ақша, көрсетілетін қызметтер түрінде және өзге де нысандарда кез келген сыйақыны қабылдауы.
Мемлекеттiк қызметшінің шотына осы адам білмей келiп түскен ақша, сондай-ақ ол тиісті функцияларын осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып атқаруына байланысты алған қаражат олар анықталғаннан кейiн екi аптадан аспайтын мерзiмде тиiстi мемлекеттік кіріс органына мұндай қаражаттың түсуiнiң мән-жайлары туралы түсiнiктеме ұсыныла отырып, республикалық бюджетке аударылуға жатады;
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
17) өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздеріне тәуелді мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан жалпы қамқорлығы немесе қызмет бабында бетімен кетушілік үшін сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауы.
Мемлекеттік қызметшіге хабардар етілмей келіп түскен, сондай-ақ ол тиісті функцияларын осы тармақшаның бірінші абзацын бұза отырып атқаруына байланысты алған сыйлықтар сыйлықтың алынған күнінен бастап не мемлекеттік қызметшіге сыйлықтың келіп түскені туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз берілуге жатады, ал мемлекеттік қызметшіге нақ сондай мән-жайларда көрсетілген қызметтерге қызмет көрсетілген күннен бастап не мемлекеттік қызметшіге қызметтің көрсетілгені туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде ол республикалық бюджетке ақша аудару арқылы ақы төлеуге тиіс.
Өзіне сыйлықтар келіп түскен мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымды адамды хабардар ете отырып, оларды «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құны бойынша, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен жасалатын сатып алу-сату шарты негізінде сатып алуға құқылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша республикалық бюджетке аударылады;
18) шетелдік те, Қазақстан Республикасының да жеке және заңды тұлғалары есебiнен мемлекетішiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауы, оған мыналар:
жұбайының (зайыбының), туыстарының өз есебiнен шақыруы бойынша;
егер олармен арадағы қарым-қатынастар шақырылатындардың қызметтiк iс-әрекетi мәселелерiн қозғамаса, өзге де жеке тұлғалардың шақыруы бойынша (жоғары тұрған лауазымды адамның немесе органның келiсiмiмен);
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен шет мемлекеттердiң мемлекеттiк органдары арасындағы өзара уағдаластық бойынша тиiстi мемлекеттiк органдардың және (немесе) халықаралық ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын;
жоғары тұрған лауазымды адамның не органның келiсiмiмен ғылыми, спорттық, шығармашылық, кәсiби, гуманитарлық іс-шараларға қатысу үшiн ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын сапарлар, оның iшiнде осындай ұйымдардың жарғылық қызметi шеңберiнде жүзеге асырылатын сапарлар қосылмайды;
19) кредиттер, несиелер алуда, бағалы қағаздарды, жылжымайтын және өзге де мүлiкті сатып алуда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген артықшылықтарды пайдалануы.
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік қызметшінің отбасы мүшелері осы адам қызмет бабында байланысты болатын шетелдік жеке және заңды тұлғалардың да, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының да есебінен сыйлықтарды және көрсетілетін қызметтерді, туристік, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауға құқылы емес. Мемлекеттік қызметші өзінің отбасы мүшелері заңсыз алған сыйлықтарды сыйлықтың алынғаны туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз беруге және өзінің отбасы мүшелері құқыққа сыйымсыз пайдаланған көрсетілген қызметтердің құнын мемлекеттік қызметшіге қызмет көрсетілгені туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде республикалық бюджетке ақша аудару арқылы өтеуге міндетті.
51-бап. Мүдделер қақтығысы
1. Егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, мемлекеттiк қызметшiнің лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Мемлекеттiк қызметшi мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдауға тиiс.
3. Мемлекеттiк қызметшi туындаған мүдделер қақтығысы немесе оның туындау мүмкiндiгi туралы өзiне белгiлi болған сәтте өзiнiң тiкелей басшысын немесе мемлекеттiк органның басшылығын ол жөнінде жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
Тiкелей басшы немесе мемлекеттiк органның басшылығы мемлекеттiк қызметшiнiң өтiнiшi бойынша немесе басқа көздерден ақпарат алған кезде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды уақтылы қабылдауға, оның iшiнде:
1) мүдделер қақтығысы соған байланысты туындаған немесе туындауы мүмкiн мәселе бойынша мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық өкілеттіктерін атқаруды басқа мемлекеттік қызметшіге тапсыруға;
2) мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн өзгертуге;
3) мүдделер қақтығысын жою жөніндегі өзге де шараларды қабылдауға тиіс.
4. Мемлекеттiк қызметшi, оның тiкелей басшысы және мемлекеттiк органның басшылығы өздерiне белгiлi болған мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшiн тәртiптiк жауаптылықта болады.
52-бап. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы
1. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеуге тиіс.
2. Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуге тиіс.
2020.06.10. № 365-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер мемлекеттік қызметшіде дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпарат болса, ол мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөніндегі қажетті шараларды қабылдауға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға және (немесе) өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу ақпарат беруге тиіс. Мемлекеттік қызметші өзін басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабар беруге міндетті.
Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштерді жолдау арқылы шаралар қабылдауға міндетті.
4. Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшінің құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайтын қудалаудан қорғау жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
5. Мемлекеттік қызметшілер жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.