6) уәкілетті комиссия айқындайтын, республикалық маңызы бар ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінде бірінші басшы лауазымын немесе бірінші басшыдан кейін келесі төмен тұрған лауазымды кемінде екі жыл атқарып жүрген немесе атқарған адамдар;
7) Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар.
Белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
3-1. 2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.29.06. № 163-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уəкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясында оқуды бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адамдар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі жөніндегі уәкілетті органда және оның аумақтық бөлімшелерінде «Б» корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уəкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады.
Ескертпе.
Осы бапта халықаралық қызметшілер деп қызметін халықаралық ұйымдарда жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қызметшілер болып мойындалатын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын азаматтары танылады.
16-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру шарттары
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында олардың өкілеттік мерзімдері айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарға қолданылмайды.
Зейнеткерлік жасқа толған адамды осы бапта көзделмеген өзге жағдайларда мемлекеттік саяси лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы ғана тағайындауы мүмкін.
Құқық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үміткер азаматтарға қойылатын жасына байланысты шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетіндерді қоспағанда, құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін азаматтар құқық қорғау органдарымен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде олардың жеке қасиеттерін бағалауды қоса алғанда, уәкілетті органда тесттен өтеді.
3. Мемлекеттiк қызметке:
1) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгіленбесе, он сегіз жасқа дейінгі;
2) сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;
3) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
4) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшiн денсаулық жағдайына арнайы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негізінде лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;
5) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне осы Заңда белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
6) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған азаматты қабылдауға болмайды. Бұл ретте мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін қызметтен шығарылған азамат мемлекеттік қызметке жіберілмейді;
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған;
8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
9) мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
10) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;
11) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
12) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;
13) қылмыстық топтың құрамындағы қылмыс туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14) жұмыста (қызметте) дәлелді себепсіз қатарынан үш және одан көп сағат бойы болмауы негізінде шығарылғаннан кейін үш жыл өткен соң мемлекеттік қызметке кіруге құқығы бар азаматты осындай шығару жағдайларын қоспағанда, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған азаматты;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды
15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қабылдауға болмайды.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді көрсетпеу не қасақана бұрмалап көрсету мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
5. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейдi.
6. Адамдарды құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Мемлекеттік қызметке кіретін адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына тапсырады.
Мемлекеттік қызметке кірген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жеке тұлғалардың декларацияларын мемлекеттік кіріс органдарына тапсыруға міндетті.
17-бап. Біліктілік талаптары
1. Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткер азаматтар белгіленген біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен біліктілік талаптары белгіленуі мүмкін.
3. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының Президентi бекітеді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік орган мен оның құрылымдық бөлімшелері қызметінің негізгі бағыттары, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің лауазымдық өкілеттіктері ескеріліп әзірленеді.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам (орган) мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптарының негізінде бекітеді.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын уәкілетті орган бекітеді.
Егер орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының өкілеттіктеріне осы орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының қызмет бағыттары бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіру жататын болса, онда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдары басшыларының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары тиісті орталық атқарушы органмен келісуге жатады.
5. Құқық қорғау органдарында мемлекеттік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
18-бап. Мемлекеттік қызметке кіру кезінде қабылданатын шектеулер
Мемлекеттік қызметке қабылдану кезінде азаматтар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін және соған негізделген беделін жеке басының, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға алып келуі мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдайды.
Бұл шектеулерді персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік қызметке қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жазбаша нысанда тіркейді.
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдамау мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға немесе қызметтен шығаруға әкеп соғады.
19-бап. Арнайы тексеру
1. Мемлекеттiк қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметке оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кіретін азаматтар осы Заңға және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметке кiру шарттарына сәйкестігі тұрғысынан ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін арнайы тексерудің оң нәтижелерін алуы қажет.
Арнайы тексеруді жүргізу мерзімі үш айға дейінгі уақытты құрайды.
2. Осы Заңға сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметке кіретін азаматтар арнайы тексерудің нәтижелері алынған күнге дейiн мемлекеттік әкiмшiлiк лауазым бойынша көзделген мiндеттердi уақытша атқарады.
Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi.
Арнайы тексеруді жүргізу кезеңінде бұл азаматтарға мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауаптылығы, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер бөлігінде осы Заңның ережелері қолданылады. Бұл азаматтардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.
Жұмысқа қабылдау мемлекеттік органның актісімен ресімделеді.
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Мемлекеттік әкімшілік лауазым бойынша көзделген міндеттерді уақытша атқару кезеңі мемлекеттік қызмет өтіліне енгізіледі.
20-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiндегi сынақ мерзімі
2018.29.06. № 163-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген азаматтар үшін олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарға сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімінен өту туралы шарттар мемлекеттік органның жұмысқа қабылдау туралы актісінде көзделеді.
Қызметін бағалаудың, сынақ мерзімінің, аттестаттау қорытындысының нәтижелері бойынша не теріс себептер бойынша бұрын мемлекеттік лауазымнан шығарылған және мемлекеттік әкімшілік қызметке қайтадан кіретін азаматтарға сынақ мерзімі міндетті түрде белгіленеді.
Мемлекеттік саяси қызметке, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне кірген мемлекеттік қызметшілер, сайлау қорытындылары бойынша тағайындалған аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері үшін сынақ мерзімі белгіленбейді.
Құқық қорғау органдарына қызметке кірген мемлекеттік қызметшілер үшін сынақ мерзімі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
2. Сынақтан өтуші мемлекеттік қызметшілердің дәлелдi себептермен жұмыста болмаған кезеңдері сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Сынақ мерзімі үш айды құрайды.
Сынақ мерзімінің нәтижесi қанағаттанарлықсыз болғанда сынақ мерзімі мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) не ол уәкілеттік берген лауазымды адамның шешімі бойынша кейіннен қайта ұзартылмайтын үш айға ұзартылады.
Азаматты сынақ мерзімінің нәтижелерi бойынша қызметтен шығару уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшесімен келiсу бойынша жүзеге асырылады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды; 2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3-1. Сынақ мерзімінен өтіп жатқан азаматты функционалдық міндеттерін өзгертпей басқа лауазымға тағайындаған кезде оның сынақ мерзімі жалғасады.
Өзге функционалдық міндеттері бар лауазымға тағайындалған жағдайда жаңа сынақ мерзімі белгіленеді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Сынақ мерзімі кезеңінде, оның ішінде оны ұзартқан кезде мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кіретін азаматтарға тәлімгерлер бекітіледі.
Бұл ереже орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыстық атқарушы органдар, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың атқарушы органдары, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудандық, қалалық атқарушы органдар басшыларының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына кіретін азаматтарға қолданылмайды.
5. Сынақ мерзімінен өтудің тәртібі мен шарттарын және тәлімгерлерді бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21-бап. Мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы
Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен ант қабылдайды.
4-тарау. «А» КОРПУСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӘКІМШІЛІК ҚЫЗМЕТІНЕ КІРУ ЖӘНЕ
ОНЫ ӨТКЕРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
22-бап. 2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 23-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
23-бап. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу
Азаматтарды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындауды және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарынан босатуды осы мемлекеттік лауазымдарға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам уәкілетті комиссиямен келісу бойынша конкурс өткізбестен жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Президенті тағайындауды уәкілетті комиссиямен келіспей өзі жүзеге асыратын «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына азаматтарды тағайындайды және оларды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарынан босатады.
24-бап. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен жасалатын еңбек шарттары
Адамды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындау кезінде онымен еңбек шарты жасалады.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартын мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам (орган) жасайды.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
24-1-бап. 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
25-бап. Мемлекеттік лауазымды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгерту
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген мемлекеттік лауазымға орналасу ол өзгертілген күннен бастап үш ай ішінде осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Мемлекеттік лауазымы «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген мемлекеттік қызметші жұмысын осы баптың 1-тармағына сәйкес мемлекеттік лауазымға орналасқанға дейін жалғастыруға құқылы.
2. Мемлекеттік лауазымы «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган оның біліктілігіне сәйкес және бос орынның болуына қарай мемлекеттік лауазым ұсынады.
Мемлекеттік қызметші жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда қызметтен шығарылуға тиіс. Бұл ретте мемлекеттік орган кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 25-1-баппен толықтырылды
25-1-бап. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарын өзгерту
1. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген жағдайда, бұл лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшіге ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда өзгертілген мемлекеттік лауазым ұсынылады.
2. «А» корпусының екі және одан көп мемлекеттік әкімшілік лауазымын «А» корпусының бір лауазымына өзгерту кезінде «А» корпусының өзгертілген мемлекеттік лауазымы ұсынылмаған мемлекеттік қызметшіге ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген келесі төмен тұрған мемлекеттік лауазым ұсынылады.
Келесі төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда, мемлекеттік қызметшінің келісімімен оған мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген өзге мемлекеттік лауазым ұсынылуы мүмкін.
3. Мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан жағдайда, ол қызметтен шығарылуға жатады. Бұл ретте, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
5-тарау. «Б» КОРПУСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӘКІМШІЛІК ЛАУАЗЫМЫНА ОРНАЛАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
2018.29.06. № 163-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 26-бап өзгертілді
26-бап. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарды іріктеу
«Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін азаматтар мынадай іріктеу кезеңдерінен өтеді:
1) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тесттен өту;
2) уәкілетті органның қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерін бағалату;
3) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған жалпы конкурс.
Осы Заңның 15-бабында көзделген жағдайларда, сондай-ақ жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайлау тәртібімен «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына конкурстан тыс тәртіппен алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарға көрсетілген іріктеу кезеңдері қолданылмайды.
27-бап. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкiмшілiк лауазымына орналасуға конкурс мынадай түрлерден тұрады:
1) жалпы конкурс;
2) ішкі конкурс.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Бос немесе уақытша бос лауазымға орналасуға кандидаттарды іріктеуді мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімімен құрылатын мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы жүзеге асырады.
Орталық мемлекеттік орган басшысының шешімімен орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі не орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының шешімімен орталық мемлекеттік органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі.
Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай конкурстық комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай конкурстық комиссияны құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай конкурстық комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Конкурс мынадай бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:
1) конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) конкурсқа қатысуға ниет білдірген адамдардан құжаттар қабылдау;
2020.03.07. № 357-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) конкурсқа қатысушылардың құжаттарын белгіленген біліктілік талаптарына және осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарау;
4) конкурсқа қатысушылармен мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы өткізетін әңгімелесу;
5) мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының қорытындысы.
Конкурс Қазақстан Республикасының мәдениет, дене шынықтыру және спорт, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы заңдарға сәйкес әңгімелесу кезеңінің алдында конкурсқа қатысушыларды келісудің қосымша кезеңін қамтиды.
Конкурс өткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлімшелерінде конкурс өткізу кезінде хабарландырулар орталық мемлекеттік органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қосымша жариялауға жол беріледі.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткізу туралы хабарландырулар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын мерзімді басылымдарда қосымша жариялауға жол беріледі.
Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) құрылған жағдайда хабарландырулар өзі соның құрылымында тұрған мемлекеттік органның интернет-ресурсында да орналастырылады.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Егер орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының өкілеттіктеріне осы орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының қызмет бағыттары бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіру жататын болса, онда осы орталық атқарушы органның немесе оның ведомствосының өкілдері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын тиісті атқарушы органдарының басшылары лауазымдарына орналасуға конкурстар өткізу үшін құрылатын конкурстық комиссиялардың жұмысына қатысуға құқылы.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдарының басшылары лауазымдарына орналасуға конкурстар өткізу үшін конкурстық комиссия құратын мемлекеттік орган тиісті орталық атқарушы органға конкурстық комиссияның құрамына кандидатура ұсыну туралы сұрау салуды жіберуге міндетті.
4. Егер конкурс «Б» корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына өткізілсе, осы шарт конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.