2) шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың дипломаттық мәртебеге теңестірілген мүшелері және олардың отбасы мүшелері - дипломаттық паспорттардың иелері, сондай-ақ ресми шетелдік делегациялардың мүшелері және оларды ертіп жүретін адамдар - дипломаттық паспорттардың иелері;
3) Қазақстан Республикасының құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері;
4) дипломаттық паспорттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар паспорттарының Қазақстан Республикасына қызметтік істер бойынша жіберілетін дипломаттық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар иелері;
5) дипломатиялық поштаны тасымалдайтын дипломаттық курьерлер - курьерлік парағы болған кезде дипломаттық паспорттардың иелері;
6) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде мыналар дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басты растау рәсімінен босатылады:
1) дипломаттық паспорттардың иелері;
2) дипломатиялық және қызметтік визалардың иегерлері;
3) арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның жазбаша жолданымы бойынша шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;
4) дактилоскопиялық тіркеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматтары.
4. Дактилоскопиялауға мүмкіндігі жоқ адамдар жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеу кезінде дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы негізінде міндетті дактилоскопиялық тіркеуден өтуден босатылады. Дактилоскопиялық тіркеуден өтуден босатуға негіз болатын аурулардың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша бекітеді.
Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберуге жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын, екі қолының барлық саусағы жоқ немесе екі қолының барлық саусағының тырнақ фалангаларында папиллярлық бедерлер жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар қолдарының алақандары бойынша дактилоскопиялық тіркелуге жатады.
Егер адамның екі қолының барлық саусағы немесе қолбасы болмаса, ол:
1) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, дактилоскопиялық тіркеуден өтуден;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басын растау рәсімінен босатылады.»;
10) 12-бапта:
«визаларын ресімдеу, Қазақстан Республикасында тұрақты немесе уақытша тұруға рұқсат беру» деген сөздер «визаларын, Қазақстан Республикасында уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсатты ресімдеу» деген сөздермен ауыстырылсын;
«Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен» деген сөздер «дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларында» деген сөздермен ауыстырылсын;
11) 16-баптың екінші бөлігі алып тасталсын;
12) 17-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Дактилоскопиялық ақпаратты жою дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен ішкі істер органдары уәкілетті бөлімшелерінің, көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның басшылары бекітетін актілер бойынша жүргізіледі.»;
13) 20 және 23-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«20-бап. Биологиялық материалды іріктеу кезінде алынатын және геномдық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтер
Биологиялық материалды іріктеу кезінде алынатын, сондай-ақ геномдық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтер дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларында айқындалады.»;
«23-бап. Биологиялық материал мен геномдық ақпаратты жою
1. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының, анықталмаған адамдардың, танылмаған мәйіттердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған және қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме деп танылған биологиялық материалы геномдық ақпарат алынғаннан кейін анықтау, тергеу органдарына қайтарылады.
2. Геномдық тіркеу жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпаратты сақтауды жүзеге асыратын ішкі істер органдары оны осы Заңда көзделген сақтау мерзімдері өткеннен кейін жояды.
3. Сотталғаннан кейін геномдық тіркеуге ұшыраған ақталған адамның геномдық ақпараты соттың ақтау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін бір жылдан ерте жойылмайды.
4. Сотталған адамдарға геномдық тіркеу жүргізу кезінде алынған биологиялық материалды осы Заңның 22-бабының 2-тармағында белгіленген сақталу мерзімдері өткеннен кейін, сондай-ақ геномдық тіркеу кезінде алынған геномдық ақпаратты жоюды ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен оның басшысы бекітетін актілер бойынша жүзеге асырады.»;
14) 24 және 30-баптар алып тасталсын;
15) 33-бапта:
тақырып «органның» деген сөзден кейін «және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Шетелде Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпаратын жинау және беру Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері мен заңды тұлғалар арасында қызметтер көрсету туралы шарт жасасу арқылы деректердің құпиялылығы қатаң сақталған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.».
23. «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» 2021 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 2-баптың 2-тармағындағы «уәкілетті орган» деген сөздер «Қазақстан Республикасының Үкіметі» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) мынадай мазмұндағы 2-1-баппен толықтырылсын:
«2-1-бап. Осы Заңның негізгі мақсаттары
Осы Заңның негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:
1) мемлекеттік фельдъегерлік байланыс саласындағы құқықтық, ұйымдастырушылық қатынастарды және қызметті реттеуді қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құқықтық негіздерін құру және қызметкерлері мен жұмыскерлерінің өкілеттіктерін белгілеу.»;
3) 3-баптың 1-тармағының 1) тармақшасындағы «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының,», «, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Кеңсесі» деген сөздер алып тасталсын;
4) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.»;
5) 6-баптың тақырыбындағы «қызметтің басшылығы» деген сөздер «қызмет басшылығының өкілеттіктері» деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 9-баптың 1-тармағының 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«9) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет арқылы жөнелтілетін хат-хабарды және оған ілеспе құжаттарды ресімдеу жөніндегі нұсқаулықты әзірлеуге міндетті.»;
7) 12-баптағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында» деген сөздер «Қазақстан Республикасының заңнамасында» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 13-баптың 7-тармағы 2) тармақшасының екінші бөлігіндегі «уәкілетті орган» деген сөздер «Қазақстан Республикасының Үкіметі» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 16-баптың 2-тармағының үшінші бөлігіндегі «уәкілетті орган» деген сөздер «Қазақстан Республикасының Үкіметі» деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап. Осы Заң 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағын, 11-тармағын, 14-тармағының 13) тармақшасын, 17-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларын, 5) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2025 жылғы 30 маусым
№ 203-VIII ҚРЗ