11. Лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт уәкілетті органда тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
12. Елдегі төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң селекциялық жетiстiктi патент иеленушiнiң келiсiмiнсiз, бiрақ оны дереу хабардар етiп және оған мөлшерлес өтемақысын төлей отырып пайдалануға рұқсат етуге құқығы бар. Өтемақының мөлшерi туралы дауларды сот шешедi.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
19-бап. Ашық лицензия
Патент иеленушi кез келген тұлғаға селекциялық жетiстiктi пайдалануға лицензия алу құқығын беру туралы уәкiлеттi органға өтiнiш бере алады (ашық лицензия).
Аталған лицензияны алуға тiлек бiлдiрген тұлға патент иеленушiмен төлемдер туралы шарт жасасып, оны мiндеттi түрде уәкiлеттi органда тiркетуге мiндеттi. Шарт жөніндегі дауларды сот қарайды.
Патент иеленушiнiң ашық лицензияға құқық беру туралы өтiнiшi бюллетеньде ашық лицензия туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл бойы өз күшiн сақтайды. Аталған мерзiм шегiнде патенттi күшiнде ұстау үшiн төленетiн ақы ашық лицензия туралы мәлiметтер жарияланған жылдан кейiнгi жылдан бастап елу процентке кемiтiледi.
20-бап. Мәжбүрлеу лицензиясы
1. Патент иеленушi селекциялық жетiстiктi пайдаланбаған және ол қолайлы коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасаудан бас тартқан жағдайда, егер селекциялық жетiстiк патент беру туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл iшiнде селекциялық жетiстiкке патент беру туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн селекциялық жетiстiк үздiксiз пайдаланылмаса, кез келген тұлға өзiне ерекше емес мәжбүрлеу лицензиясын беру туралы сотқа өтiнiш жасай алады. Егер патент иеленушi селекциялық жетiстiктiң пайдаланылмауы дәлелдi себептерге байланысты болмағанын дәлелдемесе, сот аталған лицензияны төлемдердiң мерзiмдерiн, мөлшерi мен тәртібін көрсете отырып бередi. Төлемдердiң мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген рыноктық бағасынан төмен белгiленбеуге тиiс.
Кез келген мәжбүрлеу лицензиясы ең алдымен Қазақстан Республикасының iшкi рыногының қажеттерiн қамтамасыз ету үшiн берiлуге тиiс.
Аталған селекциялық жетістікті пайдалану құқығын мәжбүрлеу лицензиясы берілген тұлға басқа тұлғаға осы селекциялық жетiстiктiк пайдаланылатын кәсiпорынмен бiрге ғана беруi мүмкiн.
Мәжбүрлеу лицензиясын беруге себеп болған мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған жағдайда сот оның күшiн жоюға тиiс.
2. Селекциялық жетiстiктердi бұл орайда қолайлы коммерциялық жағдайларда лицензиялық шарт жасасудан бас тартқан басқа патент иеленушiнiң селекциялық жетiстiкке құқығын бұзбай пайдалана алмайтын патент иеленушiнiң өзiне селекциялық жетiстiктi Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға ерекше емес мәжбүрлеу лицензиясын беру туралы сотқа арыз жазып жүгінуге құқығы бар.
Аталған лицензия берiлген жағдайда сот патентi басқа тұлғаға тиесiлi селекциялық жетiстiктiң пайдаланылу шегiн, төлемдердiң мерзiмдерiн, мөлшерi мен тәртібін белгiлеуге тиiс. Бұл орайда төлемдердiң мөлшерi лицензияның қалыптасқан практикаға сәйкес белгiленген рыноктық бағасынан төмен белгiленбеуге тиiс.
Селекциялық жетiстiктi пайдалануға осы тармақ негiзiнде алынған құқық осы селекциялық жетiстiкке патенттi сол құқықтың берiлуiне байланысты берген жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды
20-1-бап. Селекциялық жетістікке патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру
1. Селекциялық жетістікке патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру тек қана өзгеге беру шартымен ресімделеді.
Өзгеге беру шарты оған қатысты шарт жасалатын селекциялық жетістікке ерекше құқықтың қолданылу мерзімі ішінде кез келген уақытта жасалуы мүмкін.
Өзгеге беру шарты жазбаша нысанда жасалады және уәкілетті органда міндетті түрде тіркелуге жатады.
Өзгеге беру шартын тіркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін оның материалдарын сараптау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
2. Өзгеге беру шартын тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады.
Өтінішке:
1) нысанасы біртектес өнеркәсіптік меншік объектілері болып табылатын, титулдық парақпен жабдықталған, өзгеге беру шартының төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берілген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады.
Өзгеге беру шарты түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері немесе құқықты беру фактісін көрсететін, нотариат куәландырған шарттан үзінді көшірмелер ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге өкіл арқылы берілген жағдайда, сенімхат;
3) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, қорғау құжаты немесе ерекше құқық иесінің басқару органдарының, құрылтайшылардың немесе акционерлердің жалпы жиналысының шарт жасасу және шартқа ұйым басшысының қолын қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
Өтiнiш және басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі.
Өтiнiш өзгеге берудің бiр шартына қатысты болуға тиiс.
3. Селекциялық жетістіктерге патентті немесе патент алу құқығын өзгеге беру шартын тіркеген кезде осы Заңның 18-бабының 5-10-тармақтарында көзделген ережелер қолданылады.
Өзгеге беру шарты уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
6-тарау. Патенттің қолданылуын тоқтату
21-бап. Патенттi жарамсыз деп тану
1. Патент бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде, егер:
1) оның мәлiмдеушi берген селекциялық жетiстiктiң бiртектілігi және тұрақтылығы туралы расталмаған деректер негiзiнде берiлгенi;
2) патент берген күнiнде селекциялық жетiстiктiң жаңалық пен ерекшелiк өлшемдерiне сәйкес келмегенi;
3) патентте патент иесi ретiнде аталған адамның патент алуға заңды негiздемелерi болмағаны анықталса, оның берiлуi дау туғызуы және оған қарсылықтар бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша патент беруге қарсы қарсылық уәкiлеттi органға берiледi. Егер қосымша сынақтар өткізу қажет етiлмесе, қарсылықты шағым кеңесi оның түскен күнiнен бастап алты ай мерзiмде қарауға тиiс. Қарсылық берген тұлға патент иесiн қарсылықпен таныстыруға мiндеттi.
Шағым кеңесiнiң шешiмiне қарсылық бiлдiрушi тұлға немесе патент иесi өздерiнiң шешiмдi алған күнiнен бастап алты ай iшiнде сотқа шағым беруі мүмкін. Апелляциялық кеңес туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 21-1-баппен толықтырылды
21-1-бап. Селекциялық жетістікке патенттің қолданылуын қалпына келтіру. Соңынан пайдалану құқығы
1. Патентті күшінде ұстап тұрудың белгіленген мерзімінде төленбеуіне байланысты төлемнің белгіленген мерзімі өткен күннен бастап тоқтатылған селекциялық жетістікке патенттің қолданылуы патент иеленушінің өтінішхаты бойынша қалпына келтірілуі мүмкін.
Мұндай өтінішхат патентті күшінде ұстап тұру үшін төлемнің белгіленген мерзімі өткен күннен бастап үш жыл ішінде патенттің қолданылуын қалпына келтіру төлемі туралы құжат ұсынылған кезде, бірақ осы Заңға сәйкес белгіленген патенттің қолданылу мерзімі өткенге дейін берілуге тиіс.
Сараптама ұйымы патенттің қолданылуы қалпына келтірілгені туралы мәліметтерді бюллетеньде жариялайды, сондай-ақ оларды өзінің интернет-ресурсында орналастырады. Жариялау күні патенттің қолданылуын қалпына келтіру күні болып табылады.
2. Патенттелген селекциялық жетістікті патенттің қолданылуы тоқтатылған күн мен патенттің қолданылуы қалпына келтірілгені туралы мәліметтер бюллетеньде жарияланған күн арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасы аумағында пайдалана бастаған не көрсетілген кезеңде осыған қажетті дайындықтарды жасаған кез келген тұлға патенттелген селекциялық жетістікті одан әрі өтеусіз пайдалану құқығын осындай пайдаланудың (соңынан пайдалану құқығы) көлемін кеңейтпестен сақтайды.
Соңынан пайдалану құқығы басқа жеке немесе заңды тұлғаға осы селекциялық жетістікті пайдалану орын алған немесе осыған қажетті дайындықтар жасалған өндіріспен бірге берілуі мүмкін.
09.07.04 ж. № 586-II ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
22-бап. Патенттiң күшiн жою және оны мерзiмiнен бұрын тоқтату
1. Селекциялық жетiстiкке берiлген патенттiң күшiн уәкiлеттi орган:
1) оны осы Заңның 21-бабына сәйкес заңсыз деп таныған;
2) сорт, тұқым бiртектілік пен тұрақтылық көрсеткiштерiне ендiгi жерде сәйкес келмеген;
3) сорттың, тұқымның аман сақталуын тексеру үшiн сараптама органының өтiнiшi бойынша патент иеленушi қажеттi ақпаратты, ұрықты, асыл тұқым материалдарын және құжаттарды 12 ай iшiнде бермеген немесе осы мақсаттар үшiн жергiлiктi жерлерде сортқа, тұқымға инспекция жүргiзу үшiн жағдайлар болмаған;
4) егер патент иеленушi басқа, неғұрлым лайықты атау ұсынбаса, патент берiлгеннен кейiн селекциялық жетiстiктiң атауы жойылған кездерде жояды.
2. Патенттiң қолданылуы:
1) патент иеленушiнiң бюллетеньде патенттiң қолданылуын мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы мәлiметтер жарияланған күннен бастап уәкiлеттi органға берген өтiнiшi негiзiнде;
2) ақы төлеудiң белгiленген мерзiмi өткен күннен бастап патенттi күшiнде ұстаудың белгiленген мерзiмiнде ақы төленбеген жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен 6-1-тараумен толықтырылды
6-1-тарау. Апелляциялық кеңес және патенттік сенім білдірілген өкілдер
22-1-бап. Апелляциялық кеңес
1. Апелляциялық кеңес осы Заңның 8-бабының 5-тармағына, 10-бабының 5-тармағына, 21-бабының 2-тармағына сәйкес берiлетiн қарсылықтар бойынша дауларды сотқа дейiн қарау жөнiндегi уәкiлеттi органның құрылымдық бөлiмшесi болып табылады.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Апелляциялық кеңеске мынадай:
1) уәкілетті органның селекциялық жетістікке патент беруге өтінімді одан әрі қараудан бас тарту туралы шешімдеріне;
2) селекциялық жетістікке патент беруден бас тарту туралы;
3) селекциялық жетістікке патент беруге қарсы қарсылықтар берілуі мүмкін.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген қарсылықты өтiнiш берушi немесе оның құқықтық мұрагерi тiкелей өзі не өкiл арқылы бере алады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген қарсылықты кез келген мүдделi тұлға тiкелей не өкiл арқылы бере алады.
Қарсылық қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға тiкелей берiледi немесе пошта арқылы жiберiледi. Қарсылыққа қоса берілетін материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Егер қоса берілетін материалдар басқа тілде ұсынылса, онда қарсылыққа олардың қазақ және орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасы қоса беріледі.
Егер қарсылық факсимильдiк байланыс немесе электрондық пошта арқылы берiлсе, ол осындай қарсылықты алған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қағаз жеткізгіштегі түпнұсқасымен расталуға тиiс.
Қарсылық осы Заңда көрсетілген мерзiмдер iшiнде берiледi.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген қарсылықтарды берудiң өтiнiм берушi өткiзiп алған мерзiмi оның өтінішхаты бойынша қалпына келтіріледі. Өтiнiш берушi мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi мерзімі өтіп кеткен күннен бастап он екі айдан кешіктірмей беруi мүмкiн. Мұндай өтiнiш апелляциялық кеңеске берілетін қарсылықпен бiр мезгілде ұсынылады.
3. Қарсылықты патенттiк сенiм бiлдiрілген өкіл немесе өзге де өкiл арқылы берген жағдайда, сенімхат қазақ және орыс тілдерінде беріледі, егер сенімхат басқа тілде (шетел тілінде) берілсе, онда ол қазақ және орыс тілдеріне аударылуға тиіс, сенімхаттың аудармасы нотариаттық түрде куәландырылады. Қарсылықтың материалдарына нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасы қоса беріледі немесе ол нотариат куәландырғанын растау үшін апелляциялық кеңестің хатшысына көшірмесімен бірге ұсынылады.
4. Берілген қарсылық апелляциялық кеңес алқасының отырысында осы Заңда белгіленген мерзім ішінде қаралуға тиіс. Қарсылықты қарау мерзiмi қарсылықты берген тұлғаның өтiнiшi бойынша ұзартылуы, сондай-ақ патент иеленуші ұзартуы мүмкін, бiрақ бұл ұзарту қарсылықты қарау үшiн белгiленген мерзiм аяқталатын күннен бастап алты айдан аспауға тиіс.
5. Қарсылық берген тұлға, патент иеленуші апелляциялық кеңес шешіміне осындай шешiмді алған күннен бастап алты ай iшiнде сотқа шағым жасауы мүмкiн.
22-2-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңесте қараудан бас тарту негіздері
1. Егер:
1) қарсылық апелляциялық кеңесте қаралуға жатпаса;
2) қарсылыққа қол қойылмаса не оған қол қоюға өкiлеттiгi жоқ тұлға қол қойса;
3) қарсылық белгiленген мерзiмдi бұза отырып берiлсе және аталған мерзiмдi ұзарту мен қалпына келтiру мүмкiндiгi жоқ болса;
4) өтiнiш берушi қарсылықты берудi ресiмдеуге, мазмұндауға және рәсiмдеуге қойылатын талаптарға қатысты кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоймаса, қарсылықты қарауға қабылдаудан бас тартылады.
Көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда, қарсылық берген тұлғаға алынған қарсылықты қарауға қабылдауға болмайтыны және ол берiлген жоқ деп есептелетiнi туралы хабарлама жiберiледi.
Қарсылық берген тұлға немесе оның өкiлi берiлген қарсылықты апелляциялық кеңес алқасы шешiмді жарияланғанға дейiн қайтарып алуы мүмкін.
22-3-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының отырысында қарау
1. Қарсылықты қарау құрамында кемінде бес мүшесi бар апелляциялық кеңес алқасының отырысында жүзеге асырылады. Дауды қарау басталғанға дейiн апелляциялық кеңес алқасының дербес құрамының құпиялылығы қамтамасыз етiлуге тиiс.
Апелляциялық кеңес алқасының отырысына қорытынды ұсыну үшін ғылыми ұйымдардың өкілдері мен тиісті бейіндегі мамандар шақырылуы мүмкін.
2. Апелляциялық кеңес алқасы отырысты өткізу мерзімдерін мынадай жағдайларда:
1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен, қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмаса;
2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды (дәлелдемелерді) тараптардың ұсынуы қажет болғанда;
3) тараптардың өтініші бойынша кейінге қалдыруға құқылы.
3. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалардың:
1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшiрме жасауға, олардың көшiрмесiне тапсырыс беруге және оны алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға;
3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
4) апелляциялық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
5) өтiнiштер мәлімдеуге;
6) апелляциялық кеңес алқасының мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге;
7) қарсылықты қарау барысында туындаған барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi мен пайымдауларын ұсынуға;
8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына қарсылық бiлдiруге құқығы бар.
4. Дау мәнi бойынша шешiлген жағдайда апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарады.
Шешiм апелляциялық кеңес алқасы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық кеңес алқасының отырысында төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қарау мерзімдерін кейінге қалдыру туралы;
4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
5. Апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде апелляциялық кеңестiң шешiмiн әзiрлейдi және тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестің шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және қарарлық бөлiктерден тұруға тиiс.
Апелляциялық кеңестің шешiмiне апелляциялық кеңес алқасының барлық мүшелерi қол қояды.
22-4-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдер
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны кемінде бес қызметкерден тұрады.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды сенім білдірілген өкілдерге кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына кемінде бір рет өткізеді.
Аттестаттау комиссиясы аттестаттау нәтижелері бойынша кандидатты аттестаттау не аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
Патенттік сенім білдірілген өкілге аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу және куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік баж алынады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға тыйым салынған адамдар;
2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын адамдар;
3) қылмыс жасағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
3) осы Заңның 22-6-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұрады.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға себеп болған негіздер жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта жалғастырылады.
4. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде қызметтік және коммерциялық құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.
22-5-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары мен міндеттері
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің (жеке немесе заңды тұлғаның), өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет түрлерін:
1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы бойынша селекциялық жетістіктерге өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
3) селекциялық жетістіктерге құқықтарды қорғау мәселелері бойынша уәкілетті органмен және (немесе) сараптама жасау ұйымымен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде хат-хабар алмасуды жүргізу, сараптама шешімдеріне қарсылықтарды дайындау және жолдау, сараптама жасау ұйымы жанындағы сараптама кеңесінің отырыстарына қатысу;
4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) өзгеге беру шарттарын жасасуға, қарауға және кейіннен оларды сараптамаға жіберуге жәрдемдесу қызметін жүзеге асыруға құқылы.
2. Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен куәландырылады.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкіл селекциялық жетістіктерге өтінімдер беруге және (немесе) қорғау құжаттарын алуға, сондай-ақ апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беруге байланысты істерді жүргізуге арналған сенімхаттың көшірмесін ұсынған жағдайда, көрсетілген өтінім немесе қарсылық берілген кезден бастап үш ай ішінде патенттік сенім білдірілген өкіл сенімхаттың түпнұсқасын тиісінше сараптама жасау ұйымына және уәкілетті органға ұсынуға міндетті. Түпнұсқалылығы расталғаннан кейін сенімхаттың түпнұсқасы қайтарылуға жатады.
Егер сенімхат шетел тілінде жасалса, онда міндетті түрде оның нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс.
4. Егер патенттiк сенiм білдірілген өкiл осы iс бойынша мүдделерi іс жүргізу туралы өтiнiш жасаған тұлғаның мүдделерiне қайшы келетiн тұлғалардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ, егер iстi қарауға патенттiк сенiм білдірілген өкiлдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және оның жақын туысы болып табылатын лауазымды адам қатысса, ол тапсырманы қабылдамауға міндетті.
22-6-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігін қайтарып алу және оның күшін жою
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл аттестаттау комиссиясының шешімімен:
1) өзінің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;
4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;
5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе ол хабар-ошарсыз кеткен деп танылған не қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;
6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы баптың 1-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тізілімнен шығарылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімімен куәліктің күші жойылады. Куәліктің күшін жою туралы мәліметтер патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігі патенттік сенiм білдірілген өкілдің өзінің немесе соған негізі бар үшінші тұлғалардың өтінішінің негізінде аттестаттау комиссиясының шешімімен қайтарып алынады.
Осы баптың 1-тармағы 1) және 2) тармақшаларының негіздері бойынша тізілімнен шығарылған патенттік сенiм білдірілген өкіл өзін тізілімнен шығаруға себеп болған негіздер тоқтатылып, тізілімнен шығару туралы шешім жарияланған күннен бастап үш жыл ішінде аттестаттау комиссиясына өтініш берген жағдайда, біліктілік емтиханын қайта тапсырмай-ақ, патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде қайта тіркелуі мүмкін. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған құжаттар бойынша осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздердің жойылу фактісін анықтайды.
4. Патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған патенттік сенім білдірілген өкіл, бұл туралы мәліметтер енгізілген күннен бастап патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылады, ал оны патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркеу туралы куәлік қайтарып алынады не оның күші жойылады.
5. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы Заңда белгіленген өз міндеттерін адал орындамаған жағдайда, уәкілетті орган құрамы уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан тұратын апелляциялық комиссия құрады.
Апелляциялық комиссия алқалы орган болып табылады және жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін білдіретін патенттік сенім білдірілген өкілдердің қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жасаған іс-әрекеттеріне олардың шағымдарын қарайды.