2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
6-тарау. ОБЛЫСТЫҚ СОТТАР ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ, ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ СОТ АЛҚАЛАРЫ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ БОС ЛАУАЗЫМДАРЫНА КАНДИДАТУРАЛАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
19-бап. Облыстық соттар төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды қарау тәртібі
1. Облыстық соттар төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды Кеңес Жоғарғы Сот Төрағасының оларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысы қарағаннан кейін енгізген ұсынуы бойынша баламалы негізде қарайды.
2. Облыстық соттар төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларға, әдетте, облыстық сот судьялары немесе судья лауазымында кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар адамдардың қатарынан ұсыным жасалады.
Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары лауазымына кандидатуралар Жоғарғы Сот судьяларының қатарынан ұсынылады.
Бұл ретте облыстық сот төрағасы, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары лауазымына кандидаттарды іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған және ұйымдастырушылық қабілеттері бар адамдарға басымдық беріледі.
3. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуына тиісті соттың жалпы отырысында баламалы негізде қаралған барлық кандидаттардың материалдары қоса беріледі.
4. Кеңес отырыста облыстық соттар төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына ұсынылған барлық кандидатураларды міндетті түрде қарайды.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
20-бап. Бос лауазымдарға кандидатураларды қарау шарттары
Аудандық соттардың төрағалары, облыстық соттардың төрағалары және сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары өздері атқаратын лауазымға немесе тең дәрежелі соттарда осындай лауазымға екі реттен артық тағайындалмайды.
7-тарау. СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫН, СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫН ЖӘНЕ СУДЬЯНЫ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ ТУРАЛЫ МАТЕРИАЛДАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ
21-бап. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату не босатудан бас тарту туралы мәселені қарау үшін негіздер
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
1. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы немесе Сот жюриінің шешімі Кеңестің соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады. Жоғарғы Соттың Төрағасы соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны кәсіби жарамсыздығына орай лауазымынан босату туралы ұсынуды Кеңеске Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімі негізінде енгізеді.
Сот жюриі соттың төрағасын, сот алқаларының төрағаларын және судьяларды тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін атқаратын лауазымдарынан босату туралы шешімді Кеңеске енгізеді.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
2. Кеңес материалдарды алғаннан кейін Кеңес регламентінде белгіленген тәртіппен ондағы мәліметтерді соттың төрағасынан, сот алқасының төрағасынан, судьядан және басқа да адамдардан жазбаша түсініктемелер алу, тиісті құжаттарды талап етіп алдыру және олармен танысу, мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан өзге де ақпаратты алу арқылы тексереді.
3. Тексерудің нәтижелері бойынша анықтама жасалады. Анықтамада анықталған мән-жайлар, тексерушілердің қорытындысы мен ұсыныстары қамтылуға және олардың қолдары қойылуға тиіс.
22-бап. Тексерудің нәтижелерімен судьяны таныстыру
1. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен таныстырылуға тиіс. Бұл ретте ол қосымша түсініктемелер беріп, белгілі бір мән-жайларды тексеру туралы өтінішхат бере алады.
2. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда, бұл жайында хаттама жасалады, оған тексеруді жүргізген адамдар қол қояды.
23-бап. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қарау
1. Кеңес соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қараған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы алынған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның Кеңес отырысына дәлелді себептерсіз келмеуі мәселені қарауға кедергі болмайды. Отырыста сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның, Кеңес хатшысының өтінішхаты бойынша шақырылған басқа да адамдардың хабарламалары тыңдалуы, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.
2. Кеңестің шешімінде нақты материалдарға сілтеме жасай отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы қабылданған ұсынымға негіз болған мән-жайлар не ұсынымды қабылдаудан бас тарту қамтылуға тиіс.
3. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы ұсыным беруден Кеңестің бас тартуы Сот жюриінің өзі шығарған шешімнің күшін жоюы және оны қайта қарауы үшін негіз болып табылады.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
24-бап. Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қарау
1. Судья Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешіміне Кеңеске шағым жасай алады.
2. Кеңес Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қарау кезінде өзіне қатысты Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия немесе Сот жюриі шешім қабылдаған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Судьяның Кеңес отырысына дәлелсіз себептермен келмеуі мәселені қарауға кедергі келтірмейді. Отырыста судьяның, Кеңес хатшысының өтінішхаты бойынша шақырылған басқа адамдардың хабарлары тыңдалып, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.
3. Кеңес Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қарау қорытындылары бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдауға құқылы:
1) Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешімін негізді деп тану;
2) Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешімін негізсіз деп тану және іс жүргізуді тоқтата отырып, оның күшін жою;
3) Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешімін негізсіз деп тану және қайтадан қарауға жібере отырып, оның күшін жою.
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қорытынды ережелер
«Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» 2008 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 20, 80-құжат; 2010 ж., № 24, 153-құжат; 2012 ж., № 5, 39-құжат; 2014 ж., № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 22, 128-құжат) күші жойылды деп танылсын.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы желтоқсанның 4-і.
№ 436-V