1. Кеңес хатшысы - аппарат басшысы:
1) Кеңес аппаратының қызметін ұйымдастырады;
2) Кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша алдағы отырыстың қарауына енгізілетін мәселелердің тізбесін қалыптастырады және бұл туралы Төрағаға күні бұрын баяндайды;
3) отырыс хаттамаларының, Кеңес қабылдаған ұсынымдардың, қорытындылар мен хаттамалық шешімдердің үзінді көшірмелеріне өз қолын қойып растайды;
4) қажет болған кезде тексерулер ұйымдастырады;
5) Кеңес отырысына шақырылатын адамдардың тізімін айқындайды және олардың келуін қамтамасыз етеді;
6) Төрағаның өкімдерін және Кеңестің шешімдерін орындайды;
7) Кеңес аппаратына басшылықты жүзеге асырады: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
8) Кеңес аппаратының қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз)
8-1) Сот жюриінің және Кадр резерві жөніндегі комиссияның қызметін қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
9) Кеңес Төрағасымен келісу бойынша аппараттың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
10) Кеңес аппаратында атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын бақылайды;
11) Кеңестің мемлекеттік сатып алу саласына басшылықты жүзеге асырады, оның ішінде төлем шотына қол қояды;
12) Кеңес қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік сатып алудың өткізілуін ұйымдастырады және оған жауап береді;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Кеңес аппараты құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Кеңес аппаратының жұмыскерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
15) Кеңес аппаратының жұмыскерлерін іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу мен сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
16) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, Кеңес аппараты жұмыскерлерінің тәртіптік жауаптылығы мәселелерін шешеді;
17) бюджеттік өтінімді дайындауды, бюджеттік өтінімді Кеңес Төрағасына ұсынуды, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді;
18) Кеңестің органын қаржыландыру жоспарларын және қаржылық есептілігін әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді;
19) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Кеңес атынан өкілдік етеді;
20) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етеді;
21) Кеңес жұмысының ұйымдастырылуын жақсартуға бағытталған шараларды қолданады, Кеңес шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
22) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастырады;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де ұйымдастырушылық-өкімдік функцияларды орындайды.
2. Кеңес хатшысы уақытша болмаған жағдайда, оның міндеттері хатшының өкімімен Кеңес аппараты жұмыскерлерінің біріне жүктеледі.
3-тарау. КЕҢЕС ОТЫРЫСТАРЫ
8-бап. Кеңес отырыстары
1. Кеңес мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі отырысқа қатысқан кезде Кеңес отырысы шешімдер қабылдауға құқықты.
2. Кеңес отырыстары ашық және жариялы түрде өткізіледі. Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Жұртшылық өкілдері және аккредиттелген журналистер Кеңес отырыстарына қатысуға құқылы. Қажет болған жағдайларда, Кеңес жабық отырыстар өткізуге құқылы, оларды өткізу туралы шешімдер Кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.
Кеңестің жабық отырыстары судьялардың, сот алқалары төрағаларының және соттар төрағаларының бос лауазымдарына орналасуға өткізілген конкурс қорытындыларын шығару туралы мәселені қараған кезде, оның ішінде кандидатураларды талқылаған және олар бойынша шешімдер қабылдаған кезде өткізілмейді.
3. Кеңес отырысына қатысып отырған жұртшылық өкілдері және аккредиттелген журналистер Кеңес отырысының барысына кедергі келтірмей, фото-, бейнетүсірілім мен аудиожазба жүргізуге құқылы.
Егер өзіне қатысты материалдар Кеңес отырысында қаралуға жататын отырысқа қатысушыдан тиісті өтініш келіп түскен жағдайда, фото-, бейнетүсірілім мен аудиожазба жүргізілмейді.
4. Кеңес материалдарды келіп түскен күнінен бастап екі ай мерзімнен кешіктірмей қарап, қарау қорытындылары туралы өтініш берушіні міндетті түрде хабардар етеді.
9-бап. Кеңес отырысын өткізу тәртібі
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
1. Кеңес отырыстарын өткізу тәртібі, сондай-ақ Кеңес жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелері, оның ішінде шешімдер қабылдау және дауыс беруді өткізу тәртібі Кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданатын Кеңес регламентінде айқындалады.
2. Кеңес отырысында материалдарды қарау тиісті лауазымдарға орналасуға үміткер немесе атқаратын лауазымдарынан босатылатын адамдардың қатысуымен жүргізіледі. Отырыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген адамның болмауы, егер оның тікелей қатысуы талап етілмесе, мәселені мәні бойынша қарауға кедергі болып табылмайды.
3. Кеңес мүшелерінің отырыстарға қатысуы міндетті, олардың өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.
10-бап. Кеңес шешімдері
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
1. Кеңестің соттардың кадр мәселелері, судьялардың тәртіптік жауаптылығы және олардың жұмыс сапасын бағалау жөніндегі шешімдері өзіне қатысты мәселе қаралып жатқан адамның, сондай-ақ шақырылған өзге де адамдардың қатысуынсыз, оның отырысқа қатысып отырған мүшелерінің кемінде үштен екі даусымен қабылданады.
Кеңестің өзге, оның ішінде рәсімдік мәселелер жөніндегі шешімдері оның отырысқа қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.
2. 2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
3. Кеңес қорытынды, хаттамалық шешім және (немесе) ұсынымдар нысанында шешімдер қабылдайды. Кеңес мүшелерінің дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ. Кеңес мүшесі қабылданатын шешіммен келіспеген жағдайда, ерекше пікірін жазбаша баяндауға құқылы, бұл Кеңес отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.
4. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.
5. Кеңес өз шешімдерімен барлық адамдардың еркін танысуы үшін жағдайлар жасайды, олар Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылады.
4-тарау. КЕҢЕС ЖАНЫНДАҒЫ БІЛІКТІЛІК КОМИССИЯСЫНЫҢ БІЛІКТІЛІК
ЕМТИХАНЫН ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫ
11-бап. Кеңес жанындағы біліктілік комиссиясы
1. Судьялыққа кандидаттардың білім деңгейін және оны практикада қолдану қабілетін айқындау үшін олардан біліктілік емтиханын қабылдауды Кеңес жанындағы біліктілік комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады.
2. Комиссияның құрамына Кеңес тағайындайтын адамдар:
1) Комиссия төрағасы;
2) құқық оқытушыларының, ғалым заңгерлердің арасынан бес маман;
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
3) Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия өз құрамынан ротациялық негізде жіберетін екі судья;
4) Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, адвокатураның бір-бір өкілі;
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
5) заңгерлер жұртшылығының өзге де өкілдері кіреді.
Комиссия құрамына шетелдік сарапшылар енгізілуі мүмкін.
3. Комиссия төрағасы мен мүшелері оның құрамына екі жыл мерзімге тағайындалады немесе жіберіледі. Бос орын болған жағдайда Комиссияның жаңа мүшесі Комиссияның алдыңғы мүшесі шығып қалған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей тағайындалады немесе жіберіледі.
4. Комиссия құрамына ұсынылған адамдардың заңтану саласындағы кәсіби білімі, заң мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс тәжірибесі және мінсіз беделі болуға тиіс.
5. Комиссияның төрағасы мен мүшелері жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына немесе жекжаттарына қатысты мәселелер қаралған кезде отырысқа қатысуға құқылы емес.
6. Комиссияның қызметін қамтамасыз етуді Кеңес аппараты жүзеге асырады.
12-бап. Комиссияның біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі отырыстары
1. Комиссия біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі өз отырыстарын қажеттілігіне қарай, бірақ жылына төрт реттен сиретпей өткізеді.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
2. Комиссияның біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі отырыстары ашық және жариялы түрде өткізіледі. Егер отырыстарға Комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, олар құқықты деп есептеледі.
Комиссияның отырыстарына байқаушылар шақырылуы мүмкін.
3. Комиссия отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы оның мүшелері мен шақырылған адамдарға күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабар беріледі.
13-бап. Біліктілік емтихандарын қабылдаудың (тапсырудың) тәртібі мен шарттары
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
1. Комиссияда құжаттарды қабылдау, біліктілік емтихандарын тапсыру, олардың нәтижелеріне шағым жасау тәртібі Кеңестің регламентінде айқындалады.
2. Судьялыққа кандидаттардан біліктілік емтихандарын қабылдау азаматтар арнайы тексеруден өткеннен кейін жүзеге асырылады.
3. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген теріс себептермен судья лауазымынан босатылған адамдарды қоспағанда, бұрын кемінде бес жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және қызметтен босатылған күннен бастап төрт жыл ішінде судья лауазымына қайтадан орналасуға ниет білдірген адамдар біліктілік емтиханын тапсырудан босатылады.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
4. Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясында оқуды бітірген адамдар оқуды бітірген күннен бастап төрт жыл бойы біліктілік емтиханын тапсырудан босатылады.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
5. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 29-бабының 2-тармағында көрсетілген адамдар біліктілік емтихандарын тапсыруға жіберілмейді.
6. Біліктілік емтиханын тапсыру нәтижесі емтихан тапсырылған күннен бастап төрт жыл бойы жарамды болады.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
7. Біліктілік емтихандарын тапсыра алмаған адамдар оларды қайтадан тапсыруға алты айдан кейін жіберіледі.
8. Біліктілік емтиханын тапсырған адамдар туралы ақпарат, сондай-ақ біліктілік емтиханының үлгілік сұрақтары Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылады.
9. Судьялыққа кандидаттардан емтихан алу кезеңдерінің бірін қабылдау жүзеге асырылатын электрондық жүйе ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуді, ақпаратты жинаудың, өңдеудің, жинақтаудың, сақтаудың, іздеудің және берудің бағдарламалық-техникалық құралдарының жұмыс істеуінің бұзылуын, көрсетілген құралдардың істен шығуын болғызбайтын тиісті қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілуге тиіс.
Электрондық жүйенің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында тәуелсіз бағалау, оның ішінде шетелдік мамандар тартыла отырып жүргізілуі мүмкін.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
10. Біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі мыналарды қамтиды:
психологиялық тестілеу;
Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін компьютерлік тестілеу;
жазбаша эссе;
сот практикасынан жағдайларды модельдейтін есептерді шешу (кейстегі есептерді шешу) негізінде үміткердің меңгерген білімін практикада қолдану қабілетін тексеру;
біліктілік емтиханы кезеңдерінің бірімен қатар болуы мүмкін Комиссия мүшелерімен әңгімелесу.
Біліктілік емтиханын тапсыру тәртібі Кеңес шешімімен белгіленеді.
Судья лауазымына біліктілік емтиханы сұрақтарының санын, мазмұнын, әзірлеу тәртібін және тізбесін Кеңес айқындайды.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 14-бап жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
14-бап. Біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тарту
Біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тарту туралы шешімді Комиссия төрағасы қабылдайды және бұған судьялыққа кандидаттар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қойылатын талаптарға сай келмеген жағдайларда жол беріледі.
Біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тартқан жағдайда, Комиссия төрағасы өтініш берілген немесе осы Заңның 13-бабының 2-тармағында көрсетілген арнайы тексерудің нәтижелері алынған күннен бастап бір ай ішінде азаматқа уәжді жауап беруге міндетті.
15-бап. Полиграфологиялық зерттеудің тәртібі мен шарттары
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
1. Біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырған адамдар психологиялық тестілеу нәтижелері ескеріле отырып, Кеңестің шешімі бойынша қосымша ақпарат алу және хабарланған мәліметтердің анықтығын тексеру мақсатында полиграфологиялық зерттеуден өтуге жіберілуі мүмкін.
2. Зерттеу өткізудің негізгі міндеті:
1) құқыққа қарсы ниеттерді;
2) мінез-құлықтың жасырын бұзылуын, жағымсыз тәуелділіктерді, есірткі, психотроптық заттар және психикалық және физикалық тәуелділік туғызатын өзге де психикаға белсенді әсер ететін заттар тұтынуды;
3) сауалнамалық деректер, кірістері, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері туралы мәліметтер жасыруды немесе бұрмалауды, қос азаматтығының болуын, жалған құжаттар пайдалануды;
4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау, құпия немесе қызметтік ақпаратты бөгде адамдарға беру фактілерінің бұрын болуын;
5) тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік ұйымдармен байланыс жасауды немесе егер бұрын олардың лауазымдық міндеттеріне кірмеген болса, коммерциялық құрылымдарға қатысуды;
6) лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануды анықтау болып табылады.
3. Полиграфологиялық зерттеудің қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.
4. Полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
5-тарау. АУДАНДЫҚ СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ МЕН СУДЬЯСЫ, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ЖӘНЕ СУДЬЯСЫ, ЖОҒАРҒЫ СОТ СУДЬЯСЫ ЛАУАЗЫМЫНА ТАҒАЙЫНДАУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫМ ШЫҒАРУ
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 16-бап жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
16-бап. Судья лауазымына конкурс
1. Кеңестiң аудандық сот төрағасы мен судьясы, облыстық соттың сот алқасының төрағасы және судьясы, Жоғарғы Сот судьясы лауазымына тағайындау туралы ұсынымы конкурстық қараудың нәтижелерi бойынша берiледi.
2. Конкурс жариялау туралы шешімді жыл сайын Кеңес бекітетін және Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылатын конкурстар өткізу графигінің негізінде Кеңес хатшысының ұсынысы бойынша Кеңес Төрағасы қабылдайды.
Конкурстар өткізу графигі алдыңғы жылдың соңында бекітіледі және оның ішінде мына мәліметтерді қамтиды:
1) конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қабылдау мерзімі;
2) конкурс жарияланатын бос орындардың санаты (аудандық соттардың судьялары мен төрағалары, облыстық соттардың судьялары мен сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың судьялары).
3. График судьялардың ауысуын талдау мен болжау, жергілікті соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының өкілеттік мерзімдері, сондай-ақ бар бос орындар ескеріле отырып жасалады.
Кеңестің конкурстар өткізу графигіне негізделген жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктері Кеңес регламентінде айқындалады.
4. Кеңестің аудандық сот судьясы, облыстық соттың сот алқасының төрағасы және судьясы, Жоғарғы Сот судьясы бос лауазымына орналасу үшін конкурс туралы хабарландыруын Кеңес аппараты Кеңес регламентінде белгіленген мерзімдерде - бірақ конкурсқа дейін, ал аудандық сот және облыстық соттың сот алқасының төрағалары лауазымдарына орналасу үшін аудандық сот және облыстық соттың сот алқасы төрағаларының өкілеттік мерзімі өткенге дейін кемінде екі апта бұрын Кеңестің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.
5. Аудандық соттың төрағасы мен судьясы, облыстық соттың сот алқасының төрағасы және судьясы, Жоғарғы Сот судьясы лауазымына конкурсқа қатысу үшін Кеңестің конкурс туралы хабарландыруында көрсетілген мерзімдер ішінде, бірақ Кеңестің интернет-ресурсында хабарландыру жарияланған күннен бастап кемінде екі апта ішінде Кеңес аппаратына өтінішті және тізбесі Кеңес регламентінде белгіленген басқа да құжаттарды беру қажет.
Үміткерлердің жеке басы туралы толық және объективті ақпарат алу мақсатында Кеңес аппараты құқық қорғау органдарынан және олардың аумақтық бөлімшелерінен, басқа да мемлекеттік органдардан, адвокаттар алқаларынан, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдардан үміткерлер туралы қосымша мәліметтер сұратуға құқылы.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
17-бап. Аудандық соттың төрағасы мен судьясы, облыстық соттың сот алқасының төрағасы және судьясы, Жоғарғы Сот судьясы лауазымына конкурсқа қатысушылар
1. Аудандық соттың төрағасы мен судьясы лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа - «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 29-бабы 1-тармағының талаптарына сай келетін азаматтар, ал жұмыс істеп жүрген судьялар болып табылатын кандидаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабының және 29-бабы 1-тармағының талаптарына сай келсе, қатыса алады.
Аудандық сот төрағасының бос лауазымдарына кандидатуралар жұмыс істеп жүрген судьялар болуға немесе олардың судья лауазымында кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуға тиіс.
2. Облыстық соттың сот алқасының төрағасы және судьясы, Жоғарғы Сот судьясы лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сай келетін азаматтар қатыса алады.
3. Аудандық соттың төрағасы мен судьясы лауазымына конкурсқа қатысушылар тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.
Облыстық соттың сот алқасының төрағасы лауазымына конкурсқа қатысушылар Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.
Облыстық сот судьясы лауазымына конкурсқа қатысушылар Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және тиісті облыстық соттың, сондай-ақ тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс.
Егер облыстық сот судьясы лауазымына қонкурсқа қатысушылар өздері судья лауазымына үміттеніп отырған сот орналасқан өңірде жұмыс істейтін немесе тұратын жағдайда, облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын қайтадан алу талап етілмейді.
Жоғарғы Сот судьясы лауазымына конкурсқа қатысушылар тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысын да алуға тиіс.
Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және жалпы отырыстың қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.
4. Конкурсқа қатысушылар, жалпы отырыстардың, Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының өткізілетін күні туралы, сондай-ақ олар қабылдаған шешімдер туралы ақпарат Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылуға және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
2019.21.02. № 227-VІ ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (қолданысқа енгізілетін тәртібін қараңыз) (бұр.ред.қара)
18-бап. Бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеу тәртібі
1. Бос лауазымдарға кандидаттарды конкурстық іріктеуді Кеңес өз қызметіне араласуды болғызбайтын шарттарда, ашық және жариялы түрде жүзеге асырады.
2. Жоғары білім деңгейі, биік моральдық-адамгершілік қасиеттер мен мінсіз бедел судьялардың бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеудің негізгі өлшемшарттары болып табылады.
Аудандық сот төрағасының және облыстық соттың сот алқасы төрағасының бос лауазымына орналасуға арналған конкурс өткізу кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өлшемшарттарға қосымша ұйымдастырушылық қабілеттер де ескеріледі.
Судьяның бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеу Кеңес айқындайтын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және осы Заңда көзделген талаптарға негізделген, судья лауазымдарының санаттары бойынша сараланған цифрлық және бағалау өлшемшарттарының, оның ішінде соттағы, прокуратурадағы, адвокатурадағы жұмысты ескеретін өлшемшарттардың жүйесі пайдаланыла отырып та өткізіледі.
3. Кеңес мүшелерінің тікелей Кеңес отырысы барысында аудандық соттардың төрағалары мен судьяларының, облыстық соттардың сот алқалары төрағаларының және судьяларының, Жоғарғы Сот судьяларының бос лауазымдарына орналасу туралы мәселені қарауы мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) судьяның бос лауазымы және оған орналасуға үміткер адамдардың саны туралы мәліметтерді жария ету;
2) Кеңес мүшелерінің судьяның бос лауазымына орналасуға үміткер кандидатураларды талқылауы;
3) Кеңес мүшелерінің дауыс беру үшін кандидатуралар ұсынуы;
4) Кеңес мүшелерінің ұсынылған кандидатура бойынша дауыс беруі.
Қажет болған кезде дауыс беру жасырын өткізілуі мүмкін;
5) Кеңес мүшелерінің бос лауазымға кандидатураларды қарау қорытындыларын шығару.
Кеңестің отырысына қатысып отырған мүшелерінің кемінде үштен екі даусын жинаған кандидат бос лауазымға орналасуға арналған конкурстың жеңімпазы деп танылады.
4. Жұмыс істеп жүрген судья болып табылмайтын және конкурста жеңіске жеткен кандидат қосымша түрде міндетті арнайы тексеруден өтуге тиіс.
Арнайы тексеруден өтуді Кеңес аппараты ұйымдастырады.
Мемлекеттік қызметте үзіліссіз өтілі бар және бұрын арнайы тексеруден өткен кандидаттар кадр қызметі куәландырған тиісті анықтаманы ұсына алады.
Арнайы тексерудің нәтижелері туралы құжат берілген күнінен бастап бір жыл бойы жарамды болады.
5. Егер арнайы тексеру қорытындылары бойынша конкурста жеңіске жеткен кандидатқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғанын, соның ішінде оның кейіннен Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылғанын куәландыратын мәліметтер анықталған жағдайда, онда прокуратура органдары мұндай кандидаттарға қатысты қылмыстық істердің материалдарын зерделей отырып, қосымша тексеру жүргізеді, оның қорытындысы Кеңес отырысында қаралады.
Іріктеуден өткен және Кеңес тағайындауға ұсыным жасаған кандидатты аудандық сот төрағасы немесе судьясы, облыстық соттың сот алқасының төрағасы және судьясы, Жоғарғы Сот судьясы лауазымына тағайындауға кедергі келтіретін негіздер болған кезде, сондай-ақ ол бос лауазымға тағайындаудан бас тартқан жағдайда, Кеңес ұсыным беру туралы шешімнің күшін жояды және конкурсқа қатысқан адамдар қатарынан басқа кандидатты бос лауазымға тағайындау үшін ұсыным жасауы мүмкін.
6. Егер конкурс нәтижесінде ұсынылған бос лауазымдарға кандидаттар іріктеп алынбаса, онда мұндай бос лауазымдар бойынша конкурс өткізілмеді деп танылады және:
1) судья лауазымдарына конкурсқа қатысқан, бірақ оларға іріктеліп алынбаған кандидаттарға олардың келісуімен, конкурс қорытындылары бойынша толтырылмай қалған басқа судья лауазымдары ұсынылуы мүмкін;
2) қайта конкурс жариялануы мүмкін.
7. Бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеу қорытындылары бойынша конкурс қорытындыларына орай ұсыным жасалған адамдар туралы ақпарат Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылады.