4. Ұшу жарамдылығына әсер ететiн, азаматтық әуе кемесi үлгісінің бекітілген конструкциясы (типтік конструкциясы) немесе оның пайдалану-техникалық құжаттамасы өзгерген жағдайда, әуе кемесiнiң осы үлгісі үлгі сертификатына қосымшаны алу үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның қосымша сертификаттауына жатады.
5. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін кемшіліктер анықталған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген үлгі сертификатының қолданылуы Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрады, ал әуе кемесін пайдалану уақытша тоқтатылады.
6. Шет мемлекет, әуе кеңістігін сертификаттауды жүзеге асыратын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйым берген үлгі сертификатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленген тәртіппен таниды.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 44-бап өзгертілді
44-бап. Азаматтық әуе кемесінің данасын сертификаттау
1. Бекітілген үлгі конструкциясы жоқ азаматтық әуе кемесінің әрбір данасы сертификатталуға және оның конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестігіне азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген куәлігі болуға тиіс.
Конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестігіне куәлік берілген әуе кемесі коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыруға жіберілмейді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық әуе кемесінің данасын сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен, Азаматтық әуе кемесі данасын сертификаттау және оның ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігіне куәлік беру қағидаларына сәйкес, әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 45-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
45-бап. Әуе кемелерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттік тiркеу
1. Мемлекеттік әуе кемелерi Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерін тіркеу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясының әуе кемелерінің тізілімінде мемлекеттік тіркелуге жатады.
Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік әуе кемесінің меншік иесіне әуе кемесінің Мемлекеттік авиацияның әуе кемелерінің тізілімінде мемлекеттік тіркелгені туралы хабарлама береді.
2. Азаматтық әуе кемелері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді, сондай-ақ оларға құқықтарды куәландыратын құжаттардың нысандарын мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде мемлекеттік тіркелуге жатады.
Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне:
1) Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғаларының меншігіндегі әуе кемелері;
2) Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларының уақытша иелігіндегі және пайдалануындағы әуе кемелерінің ұшу массасы қырық бес жарым тоннадан аспайтын жағдайда, осындай әуе кемелері енгізіледі.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тіркелген азаматтық әуе кемесінің иесіне азаматтық әуе кемесінің мемлекеттік тіркелгені туралы куәлік береді.
Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілетін әуе кемесі Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы нормаларына және ұшуға жарамдылығын айқындайтын пайдалану-техникалық құжаттамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
3. Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларының меншiгiндегi азаматтық әуе кемелерiне құқықтар және аталған әуе кемелерiмен жасалатын мәмiлелер, сондай-ақ қайтарылмайтын өкілеттіктер азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркеуіне жатады.
Азаматтық әуе кемелерiн, әуе кемелерінің кепілі туралы шарттарды және қайтарылмайтын өкілеттіктерді мемлекеттiк тiркегені үшiн «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде (Салық кодексi) айқындалатын тәртiппен және мөлшерде алым алынады. Азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркеу көрсетілген алым мемлекеттік бюджетке төленгеннен кейiн жүзеге асырылады.
4. Әуе кемесі тиісті шет мемлекеттің әуе кемелерінің тізілімінен шығарылғаннан кейін ғана Қазақстан Республикасының тиісті тізіліміне енгізіледі.
5. Эксперименттік әуе кемелері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның есебінде тұрады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 46-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
46-бап. Әуе кемесін тiзiлiмнен шығару
1. Әуе кемесі мынадай:
1) әуе кемесi есептен шығарылған немесе пайдаланудан алып тасталған;
2) әуе кемесi шет мемлекетке, шетелдiк жеке немесе заңды тұлғаға сатылған немесе берiлген;
3) азаматтық әуе кемесi Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясы әуе кемелерінің тізілімінде немесе шет мемлекеттердің тізілімінде тіркелген;
4) мемлекеттік әуе кемесі Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген;
5) қолданыстағы ұшуға жарамдылығының сертификаты соңғы үш жыл ішінде болмаған;
6) қайтарылмайтын өкілеттікті атқарған жағдайларда, Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің тиісті тізілімінен шығарылады.
Кепілде тұрған әуе кемесін Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығару үшін кепіл ұстаушының келісімі болуы міндетті.
2. Әуе кемесi тиiстi тiзiлiмнен шығарылған кезде кеменің тiркелгені туралы куәлiктiң және осы кемеге қатысты жасалған барлық жазбалардың күшi жойылады.
3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесінің меншік иесіне әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылғаны туралы куәлік береді.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 47-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
47-бап. Әуе кемелерін пайдалануға рұқсат ету және ұшуға жарамдылықта ұстау
1. Мемлекеттік әуе кемесiн мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен пайдалануға рұқсат етіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық әуе кемесі ұшуға жарамды болуға тиіс және ұшуға жарамдылықтың қолданыстағы сертификаты болған кезде пайдалануға жіберіледі.
Егер азаматтық әуе кемесі құрастырылған, жасалған, жарақтандырылған және техникалық қызмет көрсету мен жөндеуден өткен болса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес оның ұшу сапасы болса, ұшуға жарамды деп танылады.
Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшқан кезде шетелдік әуе кемесінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негізінде шет мемлекет берген және Қазақстан Республикасында танылған ұшуға жарамдылығының сертификаты мен шуыл бойынша сертификаты болуға тиіс.
Ұшуға жарамдылығының сертификаты:
1) пайдалануға жарамдылық туралы бағалау актісімен расталған, азаматтық әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігі негізінде;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес;
3) Аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау қағидаларына сәйкес беріледі.
Әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Жалпы мақсаттағы авиация мақсатында авиациялық жұмыстар мен ұшуларды орындайтын жеңіл және аса жеңіл әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Бекітілген типтік конструкциясы жоқ әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Азаматтық әуе кемелерінің шет мемлекет берген ұшуға жарамдылығы сертификаттарын тану азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Азаматтық әуе кемесін және оның компоненттерін ұшуға жарамдылықта ұстау Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және жөндеу қағидаларының талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
6. Азаматтық әуе кемелерін ұшуға жарамдылықта ұстау үшін жауапкершілік азаматтық әуе кемесін пайдаланушыға жүктеледі.
Азаматтық әуе кемесін пайдаланушыға:
1) әуе кемесі ұшуға жарамды күйінде ұсталмаған;
2) авариялық құтқару жабдығы ақаулы болған;
3) ұшуға жарамдылығы сертификатының қолданылу мерзімі өтіп кеткен;
4) әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету жөніндегі бағдарламаға (регламентке) сәйкес оған техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу орындалмаған жағдайларда ұшуды орындауға тыйым салынады.
7. Әуе кемесінің иесі немесе пайдаланушысы Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ұшуға жарамдылығының жай-күйі, техникалық қызмет көрсетілгендігі және жөндеу жүргізілгендігі туралы ақпаратты, сондай-ақ оны пайдалану жөніндегі деректерді ұсынады.
8. Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген барлық әуе кемелері ұшуға жарамдылықта ұсталуға қатысты тексерілуге жатады. Әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкессіздігі анықталған кезде ұшуға жарамдылығы сертификатының қолданылуы тоқтатыла тұрады, ал азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкессіздігі жойылғанға дейін әуе кемесін пайдалануға тыйым салады.
Әуе кемесінің ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкес болмауы жойылмаған жағдайда, тоқтатыла тұрған күннен бастап алты ай ішінде ұшуға жарамдылық сертификаты қайтарып алынады.
Әуе кемесінің ұшуға жарамдылықта ұсталуын тексеру:
1) пайдаланушының әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі есептері мен пайдалану құжаттамасын және әуе кемесінің техникалық жай-күйі жөніндегі басқа да есептер мен құжаттарды тексеруді;
2) әуе кемесін қарап тексеруді;
3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның бақылауымен әуе кемесіне ұшу сынақтарын қажет болған кезде жүргізуді қамтиды.
Ұшуға жарамдылығының қолданыстағы сертификаты жоқ әуе кемесіне ұшу сынақтарын жүргізу немесе оның техникалық қызмет көрсетілетін және жөндеу жүргізілетін жерге ұшып баруы үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мұндай әуе кемесі үшін арнайы ұшуды орындауға рұқсат береді.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган арнайы ұшуды орындауға рұқсат берудің алдында ұшуды қауіпсіз орындау үшін әуе кемесінің жай-күйіне бағалау жүргізуге міндетті және оны пайдалануға қажетті шектеулерді белгілеуге құқылы. Арнайы ұшуды орындаған кезде әуе кемесінің бортында жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады.
9. Егер азаматтық әуе кемелерінде радиомен хабарлау аппаратурасы орнатылған болса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осындай аппаратураны пайдалануға рұқсат береді.
10. Халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелері Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының талаптарына сай келетін жабдықпен жарақтандырылады.
11. Әрбір әуе кемесінде борт журналы жүргізіледі, оған әуе кемесі туралы, әуе кемесін пайдалану процесінде анықталған ақаулар туралы деректер енгізіледі.
Борт журналының нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында белгіленеді.
12. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылған азаматтық әуе кемесінің экспорты үшін ұшуға жарамдылықтың экспорттық сертификатын береді.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 48-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
48-бап. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу
1. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және жөндеу қағидаларына сәйкес авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйымдар, осы Заңның 54-бабына сәйкес берілген қолданыстағы куәлігі немесе шет мемлекет берген және осы Заңның 55-бабына сәйкес танылған куәлігі бар авиация персоналы жүргізеді.
2. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету техникалық қызмет көрсету бағдарламалары (регламенттері) бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету бағдарламасын (регламентін) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүргізу кезінде оларды шығарушы немесе техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйым берген сәйкестендіру құжаттары (формулярлары, паспорттары, этикеткалары, пайдалануға рұқсат берілгені туралы құжаттары, теңтүпнұсқалы телнұсқалары) жоқ агрегаттарды, жиынтықтаушы бұйымдарды және олардың қосалқы бөлшектерін пайдалануға тыйым салынады.
4. Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымды сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарды сертификаттау тәртібі Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарды сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленеді.
5. Шет мемлекеттердің авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйымдар техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жұмыстарына олардың сертификаттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган танығаннан кейін жіберіледі. Шетелдік ұйымдардың авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификаттарын танудың тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
6. Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйым әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезінде ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулыққа сәйкес, орындалатын жұмыстың ауқымына және күрделілігіне қарай ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.
49-бап. Әуе кемелерiне салынатын белгiлемелер
1. Тiркеу кезiнде әуе кемелерiне мемлекеттік және тiркелетін танылым белгiлерi берiледi, олар осы кемелерге салынады.
2. Әуе кемелерiне мемлекеттік және тiркелетін танылым белгiлерiнен басқа қосымша белгiлер (рәмiздер, жазбалар, эмблемалар) салынады.
Қосымша белгiлер әуе кемелеріне мемлекеттік және тiркелетін танылым белгiлерiнiң көзбен көргенде танылуын қиындатпайтындай етiп салынады.
3. Мемлекеттік, тiркелетін танылым белгілері мен қосымша белгiлердi әуе кемелерiне салу тәртібін және көрсетілген белгілердің сипаттамасын азаматтық және эксперименттік әуе кемелеріне қатысты - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, ал мемлекеттік авиацияның әуе кемелерiне қатысты мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
50-бап. Әуе кемесін ұшуға дайындау
1. Әуе кемесiнiң ұшуы алдында әуе кемесiн, авиация персоналын, әуеайлақтарды, тікұшақ айлақтарын дайындау жүргізілуге тиіс.
2. Ұшуға дайындау қағидаларын азаматтық және эксперименттік авиация үшiн - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік авиация үшiн мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгiлейдi.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 51-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 51-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
51-бап. Әуе кемесiн жалдау
1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесiнiң меншiк иесi болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары немесе ұйымдары кемені экипажымен қоса немесе экипажсыз Қазақстан Республикасының пайдаланушысына немесе шетелдiк пайдаланушыға жалға беруге құқылы.
Қазақстан Республикасының пайдаланушысы Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің азаматтарына немесе ұйымдарына тиесілі әуе кемесін экипажымен қоса немесе экипажсыз жалға алуға құқылы.
2. Шетелдік жалға алушының Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген не оның пайдаланушысы Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымы болып табылатын жалға алынған әуе кемесінде ұрыс қимылдары, қарулы қақтығыстар аймағында ұшуды орындауына және қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, әскери құралымдарды тасымалдауға байланысты ұшуды орындауына тыйым салынады.
3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес шетелдік пайдаланушы тіркелген шет мемлекеттің құзыретті органы арасында жасалған келісім болмаса, Қазақстан Республикасының әуе кемесін шетелдік пайдаланушыға экипажсыз жалға беруге жол берілмейді. Мұндай келісім Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ИКАО) тіркелуге тиіс.
4. Шетелдік пайдаланушыға экипажсыз жалға берілген Қазақстан Республикасы әуе кемесінің пайдаланылуын бақылау және қадағалау осы баптың 3-тармағында көрсетілген келісімнің негізінде жүзеге асырылады.
52-бап. Әуе кемесін жалдау
1. Жалдау (чартер) шартына сәйкес әуе кемесін жалдау жүзеге асырылады.
Жалдау (чартер) шартында тараптардың атауы, әуе кемесiнiң үлгiсi, жалға берiлу мақсаты, тасымалданатын жолаушылардың ең көп саны, багаждың, жүктің және почта жөнелтілімдерінің салмағы, жалдау ақысының мөлшерi, жөнелту пунктi, тасымалдың уақыты және межелі пункті көрсетiледі.
Жалдау шартына басқа да талаптар енгiзiлуi мүмкiн.
2. Әуе кемесімен жалданушының әуе кемесін жалдаушыдан қосымша төлем талап етпей-ақ, тасымалдың басталу уақытын және әуе кемесiнiң ұшу жоспары бойынша көзделген қонатын жеріндегі ұшып шығу уақытын ауыстыруға, егер ол әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажет болса, қосымша қону немесе ұшу маршрутын өзгертуге құқылы.
3. Әуе кемесімен жалданушы әуе кемесiнiң бүкіл сыйымдылығын уақтылы беруге және шарт күшiнде болған уақытта әуе кемесiн шартта көзделген мақсаттарда пайдалануға болатындай күйде күтiп ұстауға мiндеттi.
4. Әуе кемесін жалдаушы әуе кемесімен жалданушының келісімiмен жалданған әуе кемесiн субчартерге беруге құқылы.
6-тарау. АВИАЦИЯ ПЕРСОНАЛЫ
53-бап. Авиация персоналының сыныптамасы
1. Авиация персоналы авиация түрлерiне тиесілігіне қарай азаматтық, мемлекеттік және эксперименттік авиация персоналы болып бөлiнедi.
2. Азаматтық, мемлекеттік және эксперименттік авиация персоналы лауазымдарының тiзбелерi азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдардың бірлескен бұйрығымен белгіленеді.
3. Азаматтық авиацияның авиация персоналы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен киім үлгісін кию және айырым белгілерін тағып жүру қағидаларын сақтауға міндетті.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 54-бап өзгертілді
54-бап. Азаматтық авиацияның авиация персоналын кәсіптік даярлау және қызмет түрлеріне жіберу
1. Азаматтық авиацияның авиация персоналын кәсіптік даярлау бастапқы даярлауды, қайта даярлауды және кәсіптік деңгейде ұстауды қамтиды.
Авиация персоналын бастапқы даярлау және қайта даярлау авиациялық оқу орталықтарында жүзеге асырылады.
Кәсіптік деңгейін ұстау авиациялық оқу орталықтарында және (немесе) азаматтық авиация ұйымдарында жүзеге асырылады.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган авиация персоналының біліктілік деңгейін айқындауға құқығы бар жеке тұлғалардың тізбесін айқындайды. Мұндай адамдар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейтін біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс.
2. Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығы көрсететін қызметтердің сертификаттау талаптарына сәйкестігін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығының сертификатын беру арқылы растайды.
Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттауды жүргізу тәртібі Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленеді.
Шетелдік азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарына олардың сертификаттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган танығаннан кейін азаматтық авиацияның авиация персоналын даярлауға және оларды кәсiптік деңгейде ұстауға рұқсат етіледі.
3. Авиация персоналына жататын адамдар кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісілген бағдарламалар бойынша кәсіптік даярлықтан өтуге міндетті.
Әуе кемелерінің ұшуын орындаумен және қамтамасыз етумен, оларға техникалық қызмет көрсетумен, әуе қозғалысына қызмет көрсетумен тікелей байланысты адамдар кәсіптік қызметке осындай қызметті жүзеге асыру құқығына арналған авиация персоналының куәлiгi болған және денсаулық жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда жіберіледі.
Авиация персоналына, сондай-ақ мiндеттi медициналық куәландырылуға жататын адамдар санатына денсаулық жағдайы бойынша қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негiзiнде әзiрленген және денсаулық сақтау саласы мен азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органдар бекiткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында медициналық куәландыру қағидаларымен белгiленедi. Авиация персоналына жататын адамның денсаулық жағдайының сәйкестігі авиация персоналы куәлігінің ажырамас бөлігі болып табылатын медициналық қорытындымен расталады.
Авиация персоналы куәлiгiн беру және қолданылу мерзімін ұзарту, сондай-ақ куәлікке біліктілік белгілері мен арнайы белгілерді енгізу азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен Авиация персоналы куәлiктерiн беру және қолданылу мерзімін ұзарту қағидаларымен айқындалады.
4. Авиация персоналына жататын адам тағылымдамадан өткеннен кейін және тағылымдаманы өткізген лауазымды адамның дербес кәсіптік қызметке жіберу мүмкіндігі туралы шешімінен кейін дербес кәсіптік қызметке жіберіледі. Авиация персоналының дербес кәсіптік қызметіне қол жеткізу мүмкіндігі туралы негізделген шешім үшін тағылымдаманы өткізген адамдар жауаптылықта болады.
5. Біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде адамға кәсіптік қызметті жүзеге асыру құқығына арналған авиация персоналының куәлігін беруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Авиация персоналының куәлігін алу үшін адамға қойылатын біліктілік талаптарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы бапқа сәйкес берілген авиация персоналы куәліктерінің және осы Заңның 55-бабына сәйкес танылған авиация персоналы куәліктерінің тізілімін жүргізеді.
6. 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6-1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мынадай:
1) әуе кемесінің ұшуға жарамдылығына әсер ететін жұмыстарды орындаудың технологиясы сақталмаған;
2) тексерулер кезінде кәсіптік даярлығы жеткіліксіз деп анықталған;
3) ұшуды қамтамасыз ету және орындау кезінде, әуе қозғалысына қызмет көрсету және техникалық қызмет көрсету кезінде белгіленген талаптарды ұдайы түрде немесе бір рет өрескел бұзған;
4) қызметтік міндеттерді орындауға жататын жазбалар мен оларға байланысты деректер бұрмаланған;
5) алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық (оларға ұқсас заттармен) масаң күйде әуе кемесін басқаруға, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге, әуе қозғалысына қызмет көрсетуге байланысты қызметті орындаған жағдайларда, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген не танылған авиация персоналы куәлігінің иесі болып табылатын адамның авиация персоналы куәлігінің (тану туралы шешімнің) қолданылуын тоқтата тұрады.