559-бап. Еркін қойма кедендік рәсімін қолдану ерекшеліктері туралы өтпелі ережелер
1. Иесі 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасында еркін қоймалар иелерінің тізіліміне енгізілген еркін қоймада еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың мәртебесі, егер осындай тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмесе, осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 299-бабына сәйкес 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін айқындалады.
2. Иелері 2010 жылғы 1 мамырға дейін еркін қоймалар иелерінің тізіліміне енгізілген еркін қоймалар үшін Комиссия осы Кодекстің 299-бабына сәйкес айқындалған жеткілікті қайта өңдеу өлшемшарттарының орындалуына қарамастан, еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) және шетелдік тауарлар мәртебесін алатын тауарлар тізбесін айқындауға құқылы. Көрсетілген тауарлардың тізбесі, егер осындай тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмесе қолданылады.
3. Еркін қоймалар иелерінің тізіліміне 2010 жылғы 1 мамырға дейін енгізілген жекелеген еркін қойма иелеріне қатысты Комиссия еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған), Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп танылуы мүмкін, тауарлар саны бойынша, егер осындай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына шығару Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің экономика салаларына елеулі экономикалық залал келтіретіндей немесе мұндай залалды келтіру қатерін туғызатындай сандарда және жағдайларда жүргізілетін болса, шектеулер айқындауға құқылы. Көрсетілген шектеулерді белгілеу туралы шешім Комиссия айқындайтын тәртіппен қабылданады және осындай тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмесе, қолданылады.
4. Комиссияның осы Кодекстiң 299-бабының 4-тармағында көзделген, еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп тану үшін жеткілікті шарттардың, өндірістік және технологиялық операциялардың тізбесін айқындайтын шешімі күшіне енгенге дейін көрсетілген тауарларды Қазақстан Республикасында Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп тану мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеткілікті қайта өңдеу өлшемшарттары қолданылады.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген, шығарылған жері Қазақстан Республикасы үшін - СТ-KZ нысанындағы тауардың шығарылған жері туралы сертификатпен расталған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп танылады.
560-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларға және керек-жарақтарға қатысты өтпелі ережелер
1. Кедендік декларациялауы және (немесе) шығарылуы осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін кедендік рәсімдермен орналастырылмай жүзеге асырылған және осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге кедендік бақылаудағы жеке пайдалануға арналған тауарларға және керек-жарақтарға қатысты осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап осы Кодексте көзделген тауарлардың мұндай санаттарын пайдалану үшін белгіленген шарттар сақталуға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлардың санаттарына қатысты туындаған, орындау мерзімі (төлеу мерзімі) осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін басталмаған кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет мән-жайлар басталған кезде осы Кодексте көзделген тәртіппен, мерзімдерде және мөлшерлерде орындауға жатады және (немесе) осы Кодекске сәйкес тоқтатылады.
3. Осы Кодекстің 339-бабы 4 және 5-тармақтарының ережелері Комиссияның осы Кодекстің 339-бабының 5-тармағына сәйкес қабылданған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызу өлшемшарттарының сандық сипаттамаларын айқындайтын шешімі күшіне енгенге дейін қолданылмайды.
Комиссияның көрсетілген шешімі күшіне енгенге дейін тиісті құқықтық қатынастарды реттеу 2010 жылғы 18 маусымдағы Жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу және оларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі туралы келісімнің 3-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес және «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» 2010 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 464-бабы 3-тармағы екінші бөлігінің ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты шетелдік жеке тұлға әкелген мұндай көлік құралдарын кеден органының рұқсатынсыз өзге шетелдік жеке тұлғаға беруге немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің жеке тұлғасы әкелген мұндай көлік құралдарын ата-анасына, балаларына, тіркелген некеде тұрған жұбайына (зайыбына) беруге байланысты осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған және орындауға жататын, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге орындалмаған кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет кедендік баждардың, салықтардың осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге төленбеген (өндіріп алынбаған) сомалары мөлшерінде тоқтатылады.
5. Жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты жеке пайдалануға арналып уақытша әкелінген көлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуы мүмкін мерзім өткенге дейін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын әкетпеуге байланысты осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған және орындауға жататын, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге орындалмаған кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет бір мезгілде мынадай:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету мақсатында мұндай көлік құралдарын кедендік декларациялау жеке пайдалануға арналып уақытша әкелінген көлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуы мүмкін мерзім өткен күннен бастап алты айдан кешіктірмей жүзеге асырылды;
2) жеке пайдалануға арналған мұндай көлік құралдарына қатысты, оларды осы баптың 4-тармағында аталған жеке тұлғаларға беруді қоспағанда, 2010 жылғы 18 маусымдағы Жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу және оларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі туралы келісімнің ережелерін бұза отырып, оларды беруге байланысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі басталмады деген шарттар сақталған кезде кедендік баждардың, салықтардың осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге төленбеген (өндіріп алынбаған) сомалары мөлшерінде тоқтатылады.
6. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау, осындай тауарларды шығару және оларды кедендік бақылауда емес деп тану фактін көрсету тәртібін айқындау жөніндегі уәкілетті органның құзыретін Комиссия көздеген жағдайларда немесе немесе Комиссия реттемеген бөлікте белгілеу бөлігінде осы Кодекстің 341-бабы 6-тармағының бірінші бөлігі Комиссияның көрсетілген актісі қабылданғаннан кейін күшіне енеді.
7. Жеке пайдалануға арналған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік баждарды, салықтарды төлемей әкелудің Комиссия айқындағанға қарағанда анағұрлым қатаң құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормаларын бекітуге уәкілетті органның құзыретін белгілеу бөлігінде осы Кодекстің 349-бабының 3-тармағы үшінші бөлігінің ережелері Комиссияның көрсетілген актісі қабылданғаннан кейін күшіне енеді.
561-бап. Халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты өтпелі ережелер
1. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдары осы Кодекстің 40-тарауының ережелеріне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болады және пайдаланылады және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге жатады.
2. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген халықаралық тасымалдау көлік құралдары осы Кодекстің 40-тарауының ережелеріне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде болады және пайдаланылады, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кері әкелінеді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты туындаған, орындау мерзімі (төлеу мерзімі) осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін басталмаған кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет мән-жайлар басталған кезде осы Кодексте көзделген тәртіппен, мерзімдерде және мөлшерлерде орындауға жатады және (немесе) осы Кодекске сәйкес тоқтатылады.
4. Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарын кедендік рәсімдермен орналастырмай Кеден одағы Кеден кодексінің 344-бабының 2-тармағында көрсетілген әрекеттердi жасауға байланысты осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған және орындауға жататын, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге толық мөлшерде орындалмаған кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдары ретінде шығарылған күннен кейінгі күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тауарлар әкетілген күн аралығындағы кезең үшін халықаралық тасымалдау кедендік құралдары Кеден одағы Кеден кодексінің 282-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеуден ішінара босатыла отырып уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастырылғанда төлеуге жататын кедендік баждардың, салықтардың сомалары мөлшерінде орындауға жатады.
5. Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет тұлғасының Кеден одағы Кеден кодексінің 342-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген шарттарды сақтамауына байланысты осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған және орындауға жататын, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге толық мөлшерде орындалмаған кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет кедендік баждардың, салықтардың осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге төленбеген (өндіріп алынбаған) сомалары мөлшерінде тоқтатылады.
562-бап. Құбыржол көлігімен немесе электр тарату желілері бойынша тауарларды өткізу кезінде кедендік операцияларды жасау туралы өтпелі ережелер
Кеден органдары лауазымды адамдарының осы Кодекстің 375-бабының 1, 2, 3 және 4-тармақтарында көзделген құбыржол көлігімен немесе электр тарату желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алу құралдарына қол жеткізу тәртібін айқындайтын, шектес мемлекетпен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары күшіне енгенге дейін тасымалдаушы ұсынатын шектес мемлекеттің аумағында орналасқан құбыржол көлігімен немесе электр тарату желілері бойынша өткізілетін тауарларды есепке алу құралдарының көрсеткіштерін пайдалануға жол беріледі.
563-бап. Жер қойнауын пайдалану (отын-энергетикалық сектор) саласында туындаған құқықтық қатынастар бойынша өтпелі ережелер
1. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану (отын-энергетикалық сектор) саласында туындаған және ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындайтын құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы қолданылады, оған сәйкес мынадай ерекшеліктер ескеріле отырып, тиісті келісімшарттар қолданылады:
1) Қазақстан Республикасының осындай кеден заңнамасында реттелмеген бөлігінде осы Кодекстiң ережелерi қолданылады;
2) кедендiк әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің, оның ішінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып еркін айналым үшін тауарлар шығарудың кедендік режимімен немесе ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты туындау және тоқтату бөлігінде осы Кодекстің ережелері қолданылады;
3) жеңілдіктерді беру шарттарына сәйкес келетін мақсаттарда шартты түрде шығарылған тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бөлігінде Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы қолданылады.
2. 2010 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасына әкелінген және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып еркін айналым үшін тауарлар шығарудың кедендік режимімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндет кедендік баждарды, салықтарды төлеуден осындай тауарларды босату шарттарының бұзылуына байланысты осындай тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі басталмаған және осындай тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары деп танылған кезде осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап тоқтатылады.
564-бап. Осы Кодекстің 125-бабы 2-тармағының бірінші бөлігі 2) тармақшасының үшінші абзацына өтпелі ережелер
Осы Кодекстің 125-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы үшінші абзацының қолданысы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбегіне ақы төлеу, авторлық шарт бойынша сыйақылар төлеу, клиенттің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу жөніндегі міндеттемелері бойынша есеп айырысу үшін ақшаны алып қоюды көздейтін атқару құжаттары бойынша;».
565-бап. Осы Кодекстiң 437-бабына өтпелі ережелер
Осы Кодекстің 437-бабының ережелері спутниктік навигацияның техникалық құралдарын қолдана отырып, жанама түрде визуалды сүйемелдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе енгізілген кезден бастап қолданылады.
566-бап. Осы Кодекстiң 444-бабына өтпелі ережелер
Осы Кодекстің 444-бабының 2-тармағында көзделген тұрақты негізде ақпарат алмасудың техникалық шарттары қабылданғанға дейін 2011 жылғы 19 қазандағы Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары талдау және бақылау функцияларын іске асыру үшін ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы келісімнің 4-бабына сәйкес бекітілген ақпарат алмасудың техникалық шарттары қолданылады.
567-бап. 2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
568-бап. Осы Кодекстiң 459-бабын қолдануға қатысты өтпелі ережелер
Осы Кодекстің 459-бабы 3-тармағының ережелеріне қарамастан, тауарлардың шығарылған жерлерінің атаулары сияқты мұндай зияткерлік меншік объектілері осы Кодекстің 458-бабының 6-тармағында көзделген кеден органдарының тауарлардың шығарылған жерлерінің атаулары сияқты мұндай зияткерлік меншік объектілерін қамтитын тауарларға қатысты зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау шараларынқолдану тәртібін айқындайтын Комиссияның шешімі күшіне енгеннен кейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізіледі.
569-бап. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қатысты өтпелі ережелер
1. Кеден одағының Кеден кодексіне сәйкес кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізіліміне енгізілген тұлғалар осы Кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін осы баптың ережелерін ескере отырып, осы Кодекске сәйкес кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асырады.
2. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың тізіліміне енгізу шарттарын сақтау мақсатында берілген кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету ретінде танылады және кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаның осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша міндетінің орындалуын қамтамасыз етеді.
3. Комиссияның осы Кодекстiң 489-бабының 2) тармақшасында көзделген шешімі күшіне енгенге дейін, берілуі кеден өкілі ретінде қызметті жүзеге асыруға үміткер заңды тұлғаны кеден өкілдерінің тізіліміне енгізу шарты болып табылатын кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету бір миллион еуроға баламалы мөлшерде беріледі.
4. Егер Комиссия кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етудің осы баптың 3-тармағында көрсетілгеннен өзге мөлшерін айқындаса, Комиссияның тиісті шешімі күшіне енгенге дейін кеден өкілдерінің тізіліміне енгізілген тұлғалар осы шешім күшіне енген күннен бастап алты айдан кешіктірмей көрсетілген қамтамасыз етуді Комиссия айқындаған мөлшерде беруге міндетті.
5. Осы баптың 3-тармағының ережелері, егер кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету кеден өкілі ретіндегі қызмет аясы кедендік әкету баждары салынбайтын және экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасаумен шектелетін, кеден өкілі ретінде қызметті жүзеге асыруға үміткер заңды тұлғаны кеден өкілдерінің тізіліміне енгізу үшін берілсе, қолданылмайды.
6. Осы Кодекстің 517-бабы 1-тармағы 5) тармақшасының және 524-бабы 1-тармағы 6) тармақшасының ережелері 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
570-бап. Уәкілетті экономикалық операторларға қатысты өтпелі ережелер
1. Кеден одағының Кеден кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» 2010 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес уәкілетті экономикалық оператор мәртебесі берілген заңды тұлғалар осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл бойы уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін сақтайды.
Көрсетілген мерзім ішінде уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу туралы куәліктерге өзгерістер енгізу, мұндай куәліктердің қолданылуын тоқтата тұру және кері қайтару, сондай-ақ уәкілетті экономикалық операторлардың тізілімін жүргізу «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» 2010 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде осы баптың 1-тармағында аталған заңды тұлғалар кеден органы уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін берген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында осы Кодекстің 536-бабы 2-тармағының 2) және 4) тармақшаларында және 3-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларында белгіленген арнаулы оңайлатуларды осы тармақтың екінші бөлігін ескере отырып, осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда пайдалануға құқылы.
Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасында уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген заңды тұлғалар осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде көрсетілген арнаулы оңайлатулармен қатар, осы Кодекстің 536-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында белгіленген арнаулы оңайлатуларды осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда пайдалануға құқылы.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген арнаулы оңайлатуларды қолдану мақсаттары үшін осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде аталған уәкілетті экономикалық операторлардың құрылысжайларына, үй-жайларына (үй-жайларының бөліктеріне) және (немесе) ашық алаңдарына (ашық алаңдарының бөліктеріне) «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» 2010 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген талаптар қойылады.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған уәкілетті экономикалық операторлар осы Кодекстiң 532-бабы 5-тармағының 2) тармақшасында көзделген шарт сақталған кезде, сондай-ақ ол уәкілетті орган уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу туралы өтінішті тіркеген күнге дейін кемінде екі жыл уәкілетті экономикалық операторлардың тізілімінде болған кезде үшінші типтегі куәлік беріле отырып, уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу туралы өтініш бере алады.
Егер «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» 2010 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 63-бабына сәйкес уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу туралы куәліктің қолданылуы тоқтатыла тұрған болса, онда осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімді есептеген кезде оған куәліктің қолданылуы тоқтатыла тұрған кезең кірмейді.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған заңды тұлға бірінші типтегі куәлік беріле отырып, уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген кезде уәкілетті экономикалық оператор міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету осы тармақ ескеріле отырып беріледі.
Егер уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу туралы куәлік осы баптың 1-тармағында аталған заңды тұлға уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде тоқтатыла тұрмаса, мұндай заңды тұлғаны бірінші типтегі куәлік беріле отырып, уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізген кезде уәкілетті экономикалық оператор міндеттерінің орындалуы кемінде жеті жүз мың еуроға баламалы мөлшерде қамтамасыз етіледі.
Егер уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу туралы куәлік осы баптың 1-тармағында аталған заңды тұлға уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген күннен бастап төрт жыл ішінде тоқтатыла тұрмаса, мұндай заңды тұлғаны бірінші типтегі куәлік беріле отырып, уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізген кезде уәкілетті экономикалық оператор міндеттерінің орындалуы кемінде бес жүз мың еуроға баламалы мөлшерде қамтамасыз етіледі.
Егер уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу туралы куәлік осы баптың 1-тармағында аталған заңды тұлға уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген күннен бастап бес жыл ішінде тоқтатыла тұрмаса, мұндай заңды тұлғаны бірінші типтегі куәлік беріле отырып, уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізген кезде уәкілетті экономикалық оператор міндеттерінің орындалуы кемінде үш жүз мың еуроға баламалы мөлшерде қамтамасыз етіледі.
Егер уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу туралы куәлік осы баптың 1-тармағында аталған заңды тұлға уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген күннен бастап алты жыл ішінде тоқтатыла тұрмаса, мұндай заңды тұлғаны бірінші типтегі куәлік беріле отырып, уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізген кезде уәкілетті экономикалық оператор міндеттерінің орындалуы кемінде бір жүз елу мың еуроға баламалы мөлшерде қамтамасыз етіледі.
Осы баптың 1-тармағында аталған уәкілетті экономикалық оператор берген кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету осы Кодекске сәйкес мұндай тұлға уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген кезде Кеден одағының Кеден кодексіне сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету берілген күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша уәкілетті экономикалық оператор міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету ретінде танылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы желтоқсанның 26-ы.
№ 123-VI