Кеден органының ақпараттық жүйесі мен тасымалдаушының ақпараттық жүйесінің өзара іс-қимылы болған жағдайда, көліктік (тасымалдау) құжаттар электрондық түрде берілген кезде кеден органының тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне рұқсатын ресімдеу тасымалдаушыға осындай рұқсат туралы электрондық нысанда хабарлама жіберу арқылы жүзеге асырылады.
Иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсаты осындай тауарларды шығару болып табылады.
10. Кеден органының иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды қоспағанда, тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне рұқсаты туралы мәліметтер кеден органдарының ақпараттық жүйелеріне енгізіледі.
11. Тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көліктің түріне қарай Комиссия белгілі бір кезең ішінде дәл сол бір халықаралық тасымалдау көлік құралымен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тұрақты өткізілген кезде тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуі үшін тасымалдаушының құжаттар мен мәліметтерді ұсыну ерекшеліктерін айқындауға құқылы.
12. Осы баптың 9-тармағын қоспағанда, осы тараудың ережелері жеке тұлғалар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкететін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты қолданылмайды.
Жеке тұлғалар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкететін жеке пайдалануға арналған тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуі үшін осындай тауарларға қатысты кедендік операциялар осы Кодекстің 39-тарауына сәйкес жасалады.
13. Осы тараудың ережелері:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан портқа кірмей немесе әуежайға қонбай, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағын кесіп өтетін су және әуе кемелерімен тасымалданатын тауарларға;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына және осы Кодекстің 385-бабы 5-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бір бөлігінен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының екінші бөлігіне Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтары арқылы су және әуе кемелерімен тасымалданатын шетелдік тауарларға;
3) құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларға қатысты қолданылмайды.
159-бап. Тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуін растау
Кеден органдарының тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуін растау тәртібін Комиссия айқындайды.
160-бап. Тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеткен кезде оларға қойылатын талаптар
1. Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, егер бұл тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлардың орын ауыстыру жерлерінен кетпеген болса, шетелдік тауарлар белгілі бір кедендік рәсіммен орналастырылған кездегідей не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келген кездегідей санда және жай-күйде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуге тиіс.
Табиғи тозу немесе кему не қалыпты тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау жағдайлары кезінде тауарлардың табиғи қасиеттерінің өзгеруі немесе көлік құралында төгілмейтін қалдықтардың болуы салдарынан олардың санының өзгеруі салдарынан осындай шетелдік тауарлардың санын және (немесе) жай-күйін өзгертуге жол беріледі.
2. Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары, осы баптың 3 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, белгілі бір кедендік рәсіммен орналастырылған кездегідей санда және жай-күйде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілуге тиіс.
3. Мына жағдайларда:
1) табиғи тозу немесе кему не қалыпты тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау жағдайлары кезінде тауарлардың табиғи қасиеттерінің өзгеруі немесе көлік құралында төгілмейтін қалдықтардың болуы салдарынан олардың санының өзгеруі салдарынан;
2) үйінді ретінде, үю, құю арқылы тасымалданатын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан су кемелерімен әкетілетін Еуразиялық экономикалық одақтың осындай тауарларын су кемесінің жүкжайына (бөлекжайына, ыдысына) тиеу кезінде араластыру нәтижесінде орын алған Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының санын және (немесе) жай-күйін өзгертуге жол беріледі.
4. Үйінді ретінде, үю, құю арқылы тасымалданатын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан су кемелерімен әкетілетін және соларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеткен кезде осындай тауарларды су кемесінің жүкжайына (бөлекжайына, ыдысына) тиеу кезінде араласу нәтижесінде орын алған олардың санын және (немесе) жай-күйін өзгертуге жол берілетін Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының тізбесін Комиссия айқындайды.
5. Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тауарлар санының кемуі орын алған себептерге қарамастан, оларды белгілі бір кедендік рәсіммен орналастыру кезінде мәлімделген санға қарағанда аз санмен әкетілуі мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігі осы Кодекстің 287-бабы 5-тармағы 2) тармақшасының төртінші абзацында және 296-бабы 4-тармағы 2) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген тауарларға қатысты қолданылмайды.
6. Егер тауарларды қайтарымсыз жоғалту не олардың санының және (немесе) жай-күйінің өзгеруі аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан орын алған жағдайда, тұлғалар осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің және 2-тармағының ережелерін сақтамағаны үшін жауапты болмайды.
161-бап. Тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеткенге дейін жүзеге асырылатын тауарларды түсіру, қайта тиеу (ауыстырып тиеу) және тауарлармен жасалатын өзге де жүк операциялары, сондай-ақ халықаралық тасымалдау көлік құралдарын ауыстыру
1. Кедендік бақылаудағы және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарларды түсіруге, қайта тиеуге (ауыстырып тиеуге) және тауарлармен жасалатын өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ осындай тауарларды тасымалдайтын халықаралық тасымалдау көлік құралдарын басқа көлік құралдарымен ауыстыруға - қызмет аймағында тиісті операция жасалатын кеден органының рұқсатымен, ал егер тауарларға және халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты осындай операциялар салынған кедендік пломбаларға және мөрлерге зақым келтірмей жасалуы мүмкін болған не егер тауарларға кедендік пломбалар және мөрлер салынбаған жағдайда кеден органын электрондық немесе жазбаша нысанда хабардар еткеннен кейін жол беріледі.
2. Егер осындай операцияларды бірінші немесе үшінші типтегі куәлігі бар уәкілетті экономикалық операторлар жасайтын болса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген операциялар кеден органының рұқсатын алмай немесе оған хабарламай жасалуы мүмкін.
3. Кеден органы көліктік (тасымалдау) құжаттарда, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайтын құжаттарда не Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары берген өзге де құжаттарда осындай операцияларды жасауға тыйым салу болған кезде осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияларды жасауға рұқсат беруден бас тартуға құқылы.
4. Тұлғаның өтініші бойынша кеден органы осы баптың 3-тармағын ескере отырып, кедендік бақылаудағы тауарлармен жүк операцияларын кеден органының жұмыс уақытынан тыс кезде жасауға рұқсат етеді.
5. Осы тарауды қолдану мақсаттары үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы шегінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тауарлар тасымалданатын көлік құралы да халықаралық тасымалдау көлік құралы деп түсініледі.
6. Кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын (тасылатын) тауарларға қатысты осы баптың 1-тармағында көрсетілген операциялар осы Кодекстің 228-бабына сәйкес жасалады.
162-бап. Авария, еңсерілмейтін күштің әсері немесе өзге де мән-жайлар кезінде қолданылатын шаралар
1. Егер тауарларды кету орнынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өтетін жерге дейін жеткізу аварияның, еңсерілмейтін күш әсерінің не тауарларды осылайша жеткізуге кедергі келтіретін өзге де мән-жайлардың салдарынан үзілген жағдайда, тасымалдаушы тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолдануға, жақын кеден органына осындай мән-жайлар туралы және тауарлардың тұрған жері туралы дереу хабарлауға, сондай-ақ тауарларды кеден органы көрсеткен жақын кеден органына не өзге орынға тасымалдауға немесе оларды тасымалдауды (тасуды) (көлік құралы бұзылған кезде) қамтамасыз етуге міндетті.
2. Тасымалдаушыда немесе өзге де тұлғаларда осы баптың 1-тармағының талаптарын сақтауға байланысты туындаған шығыстарды кеден органы өтемейді.
163-бап. Шетелдік тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуі кезінде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Шетелдік тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеткен кезде тасымалдаушыда кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет кеден органы тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне рұқсат берген кезден бастап туындайды.
2. Шетелдік тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеткен кезде тасымалдаушыда кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет мынадай мән-жайлар басталған:
1) тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткен;
2) осы баптың 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін тауарлар шетелдік тауарларға қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастырылған;
3) кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындаған және (немесе) олар осы баптың 4-тармағына сәйкес есептелген және төлеуге жататын мөлшерлерде өндіріп алынған;
4) кеден органы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен шетелдік тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не қалыпты тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау жағдайлары кезіндеосы тауарлардың табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу фактісін таныған кезде тоқтатылады, бұған осы Кодекске сәйкес осындай жойылғанға және (немесе) қайтарымсыз жоғалғанға дейін осы шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі басталған жағдайлар жатпайды;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тауарларды тәркілеген немесе мемлекеттің меншігіне айналдырған;
6) кеден органы тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен;
7) қылмыстық құқық бұзұшылық туралы хабарды тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын осындай тауарларды шығару жүргізілмеген болса, соларға қатысты оларды қайтару туралы шешім қабылданған тауарларды уақытша сақтауға қойған немесе кедендік рәсімдердің біреуімен орналастырған кезде тоқтатылады.
3. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет шетелдік тауарлар аварияның немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылуды және (немесе) қайтарымсыз жоғалуды не қалыпты тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау жағдайлары кезінде табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткенге дейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуі кезінде жоғалған жағдайда орындалуға жатады.
Көрсетілген мән-жай басталған кезде - тауарлар жоғалған күн, егер бұл күн белгіленбесе, кеден органы тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне рұқсат берген күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мән-жай басталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары тауарлар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі тарифтік преференциялар мен жеңілдіктерді қолданбай ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғандай төленуге жатады.
Кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осы Кодекстің 8 және 13-тарауларына сәйкес есептеледі.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін осы баптың 3-тармағына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып табылатын күнге қолданыста болатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер тауарлардың кедендік құнын айқындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасында төленуге жататын кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін шетелдік валютаны Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеу талап етілетін жағдайда, мұндай қайта есептеу осы баптың 3-тармағына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып табылатын күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
Егер кеден органында тауарлар (сипаты, атауы, саны, шығарылған жері және (немесе) кедендік құны) туралы дәл мәліметтер болмаған жағдайда төленуге жататын кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін база кеден органында бар мәліметтер негізінде айқындалады, ал тауарларды сыныптау осы Кодекстің 40-бабының 4-тармағы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Егер тауардың коды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес таңба саны оннан аз топтау деңгейінде айқындалған жағдайда:
кедендік әкелу баждарын есептеу үшін осындай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін кедендік баждар мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады;
салықтарды есептеу үшін қосылған құн салығы мөлшерлемелерінің ең жоғарысы, соларға қатысты кедендік баждар мөлшерлемелерінің ең жоғарысы белгіленген, осындай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін акциздер мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады;
арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін осы тармақтың жетінші бөлігін ескере отырып, осындай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осы Кодекстің 5-тарауына сәйкес расталған тауарлардың шыққан жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер негізге алына отырып есептеледі. Егер тауарлардың шыққан жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер расталмаған жағдайда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, егер тауарды сыныптау он таңба деңгейінде жүзеге асырылса - Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының дәл сол коды бар тауарларға не егер тауарлардың кодтары Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес таңба саны оннан аз топтау деңгейінде белгіленген болса, топтауға кіретін тауарларға қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы негізге алына отырып есептеледі.
Кейіннен тауарлар туралы дәл мәліметтер анықталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осындай дәл мәліметтер негізге алына отырып есептеледі, осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомаларын есепке жатқызу (қайтару) жүзеге асырылады не әрекеттер осы Кодекстің 87 және 137-баптарына сәйкес, төленбеген сомаларды өндіріп алу осы Кодекстің 12-тарауына және 142-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Тауарлар шетелдік тауарларға қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастырылған, кеден органдары тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен, кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындағаннан кейін уақытша сақтауға орналастырылған және (немесе) олар өндіріп алынған (толық немесе ішінара) жағдайларда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес есепке жатқызылуға (қайтаруға) жатады.
17-тарау. ТАУАРЛАРДЫ УАҚЫТША САҚТАУ ЖӘНЕ ТАУАРЛАРДЫ УАҚЫТША САҚТАУҒА ОРНАЛАСТЫРУҒА БАЙЛАНЫСТЫ КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАР
164-бап. Тауарларды уақытша сақтау туралы жалпы ережелер
1. Шетелдік тауарларды уақытша сақтау орындарында кеден органы оларды шығарғанға дейін не егер шетелдік тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлардың орын ауыстыратын жерлерінде сақталған болса, тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсатын алғанға дейін не қылмыстық құқық бұзұшылық туралы хабарды тексеру барысында, қылмыстық іс бойынша немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қою немесе тыйым салу қолданылатын күнге дейін сақтау тауарларды уақытша сақтау деп түсініледі.
2. Осы баптың 4-тармағында, осы Кодекстің 154-бабының 8 және 9-тармақтарында, 185-бабының 8-тармағында, 209-бабының 6-тармағында, 232-бабында, 321-бабының 3-тармағында, 342-бабында және 369-бабының 11-тармағында көзделген жағдайлар мен мерзімдерде тауарлар уақытша сақтауға орналастыруға жатады.
3. Тауарларды уақытша сақтау құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларға қатысты, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда қолданылмайды.
4. Қылмыстық құқық бұзұшылық туралы хабарды тексеру барысында, қылмыстық іс бойынша немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және кедендік декларациялауға жататын, соларға қатысты оларды қайтару туралы шешім қабылданған, оның ішінде тауарларды тәркілеу туралы шешімнің күші жойылған не тәркілеу түріндегі жаза (өндіріп алу) өзге жаза (өндіріп алу) түрімен ауыстырылған жағдайда, тауарлар:
1) соттың немесе өзге де уәкілетті мемлекеттік органның (лауазымды адамның) қылмыстық не әкімшілік жауаптылықтан босату туралы шешімі;
2) уәкілетті мемлекеттік органның (лауазымды адамның) қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешімі;
3) соттың немесе уәкілетті мемлекеттік органның (лауазымды адамның) қылмыстық істі не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тоқтату туралы шешімі;
4) соттың айыптау (ақтау) үкімі;
5) соттың немесе уәкілетті мемлекеттік органның (лауазымды адамның) әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы шешімі;
6) соттың тауарларды тәркілеу туралы шешімнің күшін жою не тәркілеу түріндегі жазаны (өндіріп алуды) өзге жаза (өндіріп алу) түрімен ауыстыру туралы шешімі күшіне енген күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей уақытша сақтауға орналастырылуға тиіс.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімде уақытша сақтауға орналастырылмаған тауарларды кеден органы осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртеді.
6. Егер осы тармақта көрсетілген тауарларға қатысты тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін осы тармақта көзделген мерзім аяқталғанға дейін кедендік декларация берілген болса, осы баптың 4-тармағының ережелері қолданылмайды.
7. Уақытша сақтауда тұрған тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалардың - осындай тауарларды пайдалануға, оның ішінде олар шығарылғанға дейін уақытша сақтау орнының аумағынан әкетуге, ал егер шетелдік тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлардың орын ауыстыру жерлерінде уақытша сақтауда тұрған болса, олар шығарылғанға дейін не тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсатын алғанға дейін оларды пайдалануға құқығы жоқ.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетке тұрақты тұруға қоныс аудару, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес босқын, мәжбүрлі қоныс аударушы мәртебесін алуға ниеті бар шетелдік жеке тұлғаның уақытша сақталуы осы Кодекстің 342-бабына сәйкес жүзеге асырылатын жеке пайдалануға арналған тауарларына қатысты қолданылмайды.
8. 193-баптың 7 және 8-тармақтарында көзделген жағдайларда, егер уақытша сақтау мерзімдерінің аяқталу күніне қарай кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталмаған және (немесе) кедендік сараптаманың нәтижелері алынбаған жағдайда, тауарлардың уақытша сақтау орнын тауарлар шығарылғанға дейін өзгертуге жол беріледі.
Шетелдік тауарларды тауарларды бір уақытша сақтау орнынан тауарларды басқа уақытша сақтау орнына тасымалдау (тасу) осындай тауарларды бір кеден органы қызметінің аймағында орналасқан уақытша сақтау орындары арасында өткізген жағдайда кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырылмай жүзеге асырылады.
9. Көлік құралдарында уақытша сақтауға орналастырылған (орналастырылатын) шетелдік тауарлар болған жағдайда, осындай көлік құралдары уақытша сақтау орындарда бола алады.
165-бап. Тауарларды уақытша сақтау орындары
1. Осы баптың 2-тармағына сәйкес тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыруға болатын уақытша сақтау қоймалары мен өзге де орындар (бұдан әрі - уақытша сақтау орындары) тауарларды уақытша сақтау орындары болып табылады.
2. Тауарларды уақытша сақтауды мынадай орындарда да:
1) өз тауарларын сақтау қоймасында;
2) мыналардың:
кеден қоймасының;
еркін қойманың;
арнайы экономикалық аймақтың;
бажсыз сауда дүкенінің аумақтарында (үй-жайларында) жүзеге асыруға болады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген орындарда уақытша сақтау өз тауарларын сақтау қоймасы ретінде ғана пайдаланылатын кеден қоймасы, еркін қойма, арнайы экономикалық аймақ, бажсыз сауда дүкені аумағының (үй-жайының) бір бөлігінде жүзеге асырылады. Кеден қоймасы, еркін қойма, арнайы экономикалық аймақ, бажсыз сауда дүкені аумағының (үй-жайының) бір бөлігі өз тауарларын сақтау қоймасы ретінде пайдаланылған жағдайда, аумақтың (үй-жайдың) осындай бөлігі аумақтың (үй-жайдың) қалған бөлігінен тұтас қоршаумен оқшаулануға тиіс;
3) құрылысжайларда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөліктерінде) және (немесе) екінші немесе үшінші типтердің куәліктерін алған уәкілетті экономикалық операторлардың ашық алаңдарында (ашық алаңдардың бөліктерінде);
4) осы Кодекстің 170-бабына сәйкес тауарға қатысты өкілеттіктері бар адамның өтініші бойынша орындарда жүзеге асыруға болады.
3. Тауарлар иесінің кедендік бақылаудағы өз тауарларын уақытша сақтауға арналған үй-жайы және (немесе) ашық алаңы өз тауарларын сақтау қоймасы болып табылады. Бұл ретте өз тауарларын сақтау қоймалары мынадай талаптарға сай болуға тиіс:
1) үй-жайлар және (немесе) ашық алаңдар меншікте, шаруашылық жүргізуде, жедел басқаруда немесе жалдауда болуға, бұл ретте жалдау мерзімі өтініш берілген күннен бастап алты айдан кем болмауға тиіс;
2) орналастырылатын тауарлар мен көлік құралдарының сипатына сәйкес келетін сертификатталған таразы жабдығы болуға, ал арнайы сақтау орындарына газ орналастырылатын жағдайда тиісті есепке алу аспаптары болуға;
3) аумақ осы Кодекстің 404-бабына сәйкес белгіленуге тиіс;
4) техникалық жағынан жарамды кіреберіс жолдардың, сондай-ақ қатты төсемі (бетон, асфальт, резеңке не өзге де қатты төсемі) бар тауарларды жете тексеруге арналған орындары, оның ішінде электр жарығымен жарақтандырылған жабық алаңдары болуға;
5) тиеу-түсіру алаңдарын (бір немесе бірнеше қойма үй-жайлары мен алаңдардын) қоса алғанда, аумақ бір пошта мекенжайы бойынша орналасуға және өз тауарларын сақтау қоймасының бүкіл периметрі бойынша тұтас қоршауы болуға тиіс.
Өз тауарларын сақтау қоймалары тек қана осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес пайдаланылуға тиіс. Көрсетілген қоймаларды өзге мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.
Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген аумақтарды (үй-жайларды) өз тауарларын сақтау қоймасы ретінде пайдаланған кезде өз тауарларын сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу талап етілмейді.
4. Уақытша сақтау орындары кедендік бақылау аймағы болып табылады.