4. Белгіленген мерзімде төленбеген кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасы туралы осы Кодекстің 86-бабының 4-тармағына сәйкес жіберілген хабарламаға шағым жасалған жағдайда, осындай хабарламада көрсетілген кеден органының талаптарын орындау мерзімі шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрады. Бұл ретте шағым жасау өсімпұлдарды есепке жазуды тоқтата тұрмайды.
88-бап. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу ерекшеліктері
1. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде туындайды.
Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде туындайды.
2. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тауарларды заңсыз өткізуші тұлғаларда туындайды. Заңсыз өткізуге қатысушы тұлғалар, егер олар осындай өткізудің заңсыздығы туралы білсе немесе білуге тиіс болса, ал тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде - заңсыз әкелінген тауарларды жеке меншікке немесе иеленуге алған тұлғалар да, егер олар сатып алу кезінде олардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінуінің заңсыздығы туралы білсе немесе білуге тиіс болса, тауарларды заңсыз өткізуші тұлғалармен бірге кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша ынымақты міндет атқарады.
3. Мынадай:
1) осы баптың 5, 6, 7 және 8-тармақтарына сәйкес есептелген және төленуге жататын мөлшерлерде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындау және (немесе) оларды өндіріп алу;
2) тауарларды осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыру;
3) осындай жойылуға немесе қайтарымсыз жоғалтуға дейін осы шетелдік тауарларға қатысты осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, шетелдік тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не осы тауарлардың тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларында табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу фактісін кеден органының уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тануы;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тауарларды тәркілеу немесе мемлекеттің меншігіне айналдыру;
5) кеден органының тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртуі;
6) қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарды тексеру барысында, қылмыстық іс бойынша немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын осындай тауарларды шығару жүргізілмеген болса, өздеріне қатысты тауарларды қайтару туралы шешім қабылданған тауарларды уақытша сақтауға қою немесе кедендік рәсімдердің бірімен орналастыру мән-жайлары басталған кезде, осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғаларда тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылады.
4. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде - тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өткен күн, ал егер бұл күні анықталмаса, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күн кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі болып есептеледі.
5. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждар, салықтар осы тауарлар мынадай кедендік рәсімдермен:
1) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде - тарифтік преференциялар және кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданылмай, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету кезінде - кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданылмай, экспорт кедендік рәсімімен орналастырылғандай мөлшерде төленуге жатады.
6. Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждар, салықтар осы баптың 7-тармағы ескеріле отырып, ал егер кеден органы тауарлар туралы дәл мәліметтерге ие болмаса, осы баптың 8-тармағы да ескеріле отырып, осы тарауға сәйкес есептеледі.
7. Кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін - тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өткен күні, ал егер бұл күн анықталмаса, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күні қолданыста болатын кедендік баждардың, салықтардың мөлшерлемелері қолданылады.
Егер тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін, сондай-ақ кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеу талап етілген жағдайда, мұндай қайта есептеу - тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын кесіп өткен күні, ал егер бұл күн анықталмаса, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күні қолданыста болатын валюталар бағамы бойынша жүргізіледі.
8. Егер кеден органы тауарлар (сипаттамасы, атауы, саны, шығарылған жері және (немесе) кедендік құны) туралы дәл мәліметтерге ие болмаған жағдайда, төленуге жататын кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін база кеден органында бар мәліметтер негізінде айқындалады, ал тауарларды сыныптау осы Кодекстің 40-бабының 4-тармағы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Егер тауардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес коды он таңбадан аз санда топтау деңгейінде айқындалған жағдайда:
кедендік баждарды есептеу үшін осындай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін кедендік баждар мөлшерлемелерінің ең үлкені қолданылады;
салықтарды есептеу үшін осындай топтауға кіретін, өздеріне қатысты кедендік баждар мөлшерлемелерінің ең үлкені белгіленген тауарларға сәйкес келетін қосылған құн салығы мөлшерлемелерінің ең үлкені, акциздер мөлшерлемелерінің ең үлкені қолданылады.
Тауарлар туралы дәл мәліметтер кейіннен анықталған кезде кедендік баждар, салықтар осындай дәл мәліметтер негізге алынып есептеледі және осы Кодекстің 11-тарауына сәйкес артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған кедендік баждар, салықтар сомасын есепке жатқызу (қайтару) жүзеге асырылады не осы Кодекстің 87-бабына сәйкес әрекеттер, осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес төленбеген соманы өндіріп алу жүзеге асырылады.
9. Тауарлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәркіленген немесе мемлекеттің меншігіне айналдырылған, кеден органдары тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен, уақытша сақтауға қойған, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет орындалғаннан және (немесе) олар өндіріп алынғаннан (толық немесе ішінара) кейін тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырған жағдайларда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік баждардың, салықтардың сомасы осы Кодекстің 11-тарауына сәйкес есепке жатқызуға (қайтаруға) жатады.
10. Тауарларды анық емес кедендік декларациялай отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде осы баптың 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8 және 9-тармақтарының ережелері қолданылмайды.
Тауарларды анық емес кедендік декларациялай отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждар, салықтар осы Кодекске сәйкес есептеледі. Бұл ретте тауарларды кедендік декларациялау кезінде іс жүзінде төленген кедендік баждар, салықтар қайтадан төленбейді (өндіріп алынбайды), ал артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған кедендік баждардың, салықтардың сомасы осы Кодекске сәйкес есепке жатқызуға (қайтаруға) жатады.
89-баптың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 550-баптың редакциясында қолданылды
89-бап. Кедендік баждар, кедендік алымдар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі
1. Өзінің барысында:
1) кеден органы төлеушіге кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың сомасын есептеуге (есепке жазуға) немесе төлеуші есептеген олардың сомасын, сондай-ақ есепке жазылған өсімпұлдардың, пайыздардың сомасын қайта қарауға құқылы болатын;
2) төлеуші кеден органдарынан кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың, өсімпұлдардың, пайыздардың, аванстық төлемдердің, оның ішінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген аванстық төлемдердің сомасын есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуді талап етуге құқылы болатын;
3) төлеуші кеден органдарынан кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізілген ақшаны қайтаруды және (немесе) алдағы кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу есебіне бюджетке аударуды талап етуге құқылы болатын;
4) төлеуші кеден органдарының талап етуі бойынша кедендік баждардың, кедендік алымдардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасын төлеуге міндетті болатын;
5) төлеуші Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларацияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы болатын уақыт кезеңі кеден органдарының талаптары бойынша немесе төлеушінің талабы бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі болып табылады.
2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, кеден органдарының және төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі үш жылды құрайды.
Мынадай санаттағы:
1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексіне) сәйкес салықтық мониторингке жататын;
2) жер қойнауын пайдалану (отын-энергетика секторы) саласындағы қызметті жүзеге асыратын;
3) уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізілген төлеушілер үшін кеден органдарының және төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайды.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген төлеушілердің санаттарына қарамастан, өздеріне қатысты:
осы Кодекстің 202-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес осы тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулермен ұштасқан кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданылған;
осы Кодекстің 202-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға немесе Еуразиялық экономикалық одаққа кіру туралы халықаралық шарттарға (мемлекеттің Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қосылуы туралы халықаралық шарттарға) сәйкес кедендік әкелу баждарының Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде белгіленгенге қарағанда неғұрлым төмен мөлшерлемелері қолданылған, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кеден органдарының және төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі бес жылды құрайды.
4. Кеден органдарының және төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі:
1) осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды кедендік декларациялау және шығару аяқталған;
2) кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын ақшамен, оның ішінде аванстық төлемдер есебінен қамтамасыз ету кеден органында тіркелген;
3) кеден органы осы Кодексте көзделген алдын ала шешімдерді қабылдаған;
4) кеден органы кедендік алып жүру туралы шешім қабылдаған күннен бастап есептеледі.
5. Кеден органы таңдап алынған кедендік рәсімге сәйкес кедендік бақылауда тұрған тауарлар бойынша төленуге жататын кедендік төлемдердің, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың сомасын тауарлар кедендік бақылауда тұрған мерзім ішінде және егер осы баптың 2 және 3-тармақтарында өзге мерзім белгіленбеген жағдайды қоспағанда, тауарлардың кедендік бақылауда тұру кезеңі аяқталғаннан кейін үш жыл ішінде есептеуге немесе қайта қарауға құқылы.
6. Осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі өткен жағдайда:
1) кедендік бақылау жүргізу кезеңінде, оның ішінде тауарлар шығарылғаннан кейін - талап қоюдың ескіру мерзімі осындай кедендік бақылау жүргізу мерзіміне, кеден органының кедендік бақылау жүргізу нәтижелері бойынша қабылданған шешімін кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтегенше орындау мерзіміне ұзартылады;
2) төлеуші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кедендік тексеру нәтижелеріне және (немесе) уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне, сондай-ақ кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасағанда - талап қоюдың ескіру мерзімі шағымды қарау және кеден органының шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарылған шешімін орындау мерзіміне, ал сот тәртібімен шағым жасалған жағдайда, сот талқылауын жүргізу және сот актісінің заңды күшіне ену мерзіміне ұзартылады.
9-тарау. КЕДЕНДІК БАЖДАРДЫ, САЛЫҚТАРДЫ ТӨЛЕУ МЕРЗІМДЕРІ МЕН ТӘРТІБІ
90-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдері
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдері осы Кодекстің 88, 91, 157, 163, 174, 216, 217, 221, 233, 242, 254, 265, 278, 288, 297, 306, 313, 322, 328-баптарына, 360-бабының 4-тармағына, 362, 363, 367, 371, 378 және 392-баптарына сәйкес айқындалады.
2. Кедендік декларациялану ерекшеліктері осы Кодекстің 189-бабында және 43-тарауында белгіленген тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдері осы Кодекстің осындай бабымен және тарауымен айқындалады.
3. Арнайы кедендік рәсіммен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдерін осы Кодекстің 337-бабына сәйкес - Комиссия айқындайды және Комиссия көздеген жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Төлеуші кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті осы Кодексте белгіленген мерзімде орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде, осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, өсімпұлдар төленеді.
Өсімпұлдарды төлеу немесе өндіріп алу, сондай-ақ есепке жатқызу (қайтару) осы Кодексте тиісті кедендік баждар, кедендік алымдар, салықтар сомасын төлеуге немесе өндіріп алуға, сондай-ақ есепке жатқызуға (қайтаруға) қатысты көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Осы Кодекстің 85-бабының 3-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған тәртіппен кедендік баждарды, салықтарды өндіріп алуды жүзеге асыратын кеден органы кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын мән-жайлардың басталғанын растауды алған кезде өсімпұлдар төленбейді.
5. Осы Кодекске сәйкес кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасынан, егер осы сомаларға қатысты олардың төленуін кейінге қалдыру немесе оларды бөліп төлеу берілетіндей түрде пайыздар төленуге жататын жағдайларда, мұндай пайыздар кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге пайыздарды есепке жазу және төлеу үшін осы Кодекстің 93-бабында белгіленген тәртіппен есепке жазылады және төленеді.
91-бап. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімдерін өзгерту
1. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімдерін өзгерту кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу нысанында жүзеге асырылады.
2. Салықтарды төлеу мерзімдерін өзгерту үшін негіздер, сондай-ақ оларды өзгерту шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді.
3. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты беріледі.
4. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу төлеушінің тиісінше кейінге қалдырылған немесе бөліп төленетін соманы біржолғы ретпен немесе кезең-кезеңмен төлеу арқылы кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімін өзгертуді білдіреді.
5. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу төленуге жататын барлық сомаға қатысты не осы соманың бір бөлігіне қатысты беріледі.
6. Тауарларды кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру беріле отырып шығару кезінде өзінің төленуіне қатысты кейінге қалдыру берілген кедендік әкелу баждарының сомасы осындай кейінге қалдыру берілген мерзімнің соңғы күнінен кешіктірілмей төленуге жатады.
Тауарларды кедендік әкелу баждарын бөліп төлеу беріле отырып шығару кезінде өзінің төленуіне қатысты бөліп төлеу берілген кедендік әкелу баждарының сомасы кедендік әкелу баждарының сомасын кезең-кезеңмен төлеудің бекітілген графигіне сәйкес төленуге жатады. Бұл ретте кезең-кезеңмен төленуге айқындалған соманың әрқайсысы тиісті кезеңде осындай төлеу үшін белгіленген мерзімнің соңғы күнінен кешіктірілмей төленуге жатады.
7. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы қамтамасыз етілген жағдайда беріледі.
Кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету осы Кодекстің 10-тарауына сәйкес беріледі.
92-бап. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру, кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдырудан немесе бөліп төлеуден бас тарту, оның күшін жою мерзімдері, негіздері және тәртібі. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешімнің қолданысын тоқтату
1. Осы Кодекстің 93-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру үшін пайыздар төлей отырып, кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне сәйкес шығарылған күннен кейінгі күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімге беріледі.
2. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар төлемей, кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мынадай негіздердің бірі болған:
1) кедендік әкелу баждарын төлеушіге дүлей зілзала, технологиялық апат немесе өзге еңсерілмейтін күш мән-жайлары салдарынан нұқсан келтірілген;
2) кедендік әкелу баждарын төлеушіге мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру немесе осы тұлға орындаған мемлекеттік тапсырысқа ақы төлеу кідіртілген;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде өнім берулер жүзеге асырылған;
4) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын ұйымдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына көшет немесе егу материалдарын, өсімдіктерді қорғау құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын, асыл тұқымды мал шаруашылығы объектілерін (асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларын, құстарды, балықтарды және асыл тұқымды мал шаруашылығының басқа объектілерін), асыл тұқымды өнімді (материалды), жануарларды азықтандыру үшін пайдаланылатын өнімдерді әкелген не олар көрсетілген ұйымдар үшін берілген кезде тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне сәйкес шығарылған күннен кейінгі күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімге беріледі. Өздеріне қатысты кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілуі мүмкін көрсетілген тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кодтары көрсетілген тізбесін Комиссия айқындайды;
5) Комиссия айқындайтын өзге де негіздер болған кезде тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне сәйкес шығарылған күннен кейінгі күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімге беріледі.
3. Осы Кодекстің 93-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар төлей отырып, кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу өнеркәсіптік қайта өңдеуде пайдалану үшін тауарларды, оның ішінде шикізатты, материалдарды, технологиялық жабдықты, оның жасақтаушы және қосалқы бөлшектерін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу сияқты негіз болған кезде, тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне сәйкес шығарылған күннен кейінгі күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімге беріледі. Осы тармақты қолдану мақсаттарында өнеркәсіптік қайта өңдеу деп тауарларды өздерінің Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кодтары өнеркәсіптік қайта өңдеу үшін әкелінетін тауарлардың кодтарынан алғашқы төрт таңбасының кез келгені деңгейінде ерекшеленетін жаңа тауарларды алу үшін өндірісте пайдалану түсініледі. Көрсетілген, өздеріне қатысты кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілуі мүмкін көрсетілген тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кодтары көрсетілген тізбесі, сондай-ақ осындай тауарларды өнеркәсіптік қайта өңдеуге пайдалануға арналған тауарларға жатқызу шарттарын Комиссия айқындайды.
4. Кедендік әкелу баждарын төлеуші осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген негіздердің болуын уәкілетті орган айқындаған тәртіппен растауға тиіс.
5. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу кедендік әкелу баждарын төлеушінің өтініші негізінде кеден органының шешімі бойынша беріледі.
Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешімді тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырған кезде шығаруды жүргізетін кеден органы қабылдайды.
Кеден органының кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешімінде кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілетін мерзім, өзінің төленуіне қатысты кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілетін кедендік әкелу баждарының сомасы және тауарларды шығару кезінде осы шешімді қолдану үшін қажетті өзге де мәліметтер көрсетіледі.
6. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешімді аумақтық кеден органы немесе кеден төлеушінің уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілген өтініші негізінде қабылдайды.
Кеден органының кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешімі, егер өздеріне қатысты осындай шешім қабылданған тауарларды кедендік декларациялау шешім қабылдаған күннен бастап үш ай ішінде жүргізілсе, заңды маңызы бар фактілер туралы куәландыратын құжат болып табылады.
Осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес берілетін кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру үшін өтінішке:
осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген негіздердің бар екенін растайтын, тізбесін уәкілетті орган бекітетін құжаттар;
кедендік әкелу баждарын бөліп төлеу кезінде төлеуші жасаған кедендік әкелу баждарын кезең-кезеңмен төлеу графигі қоса беріледі.
Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру не оны беруден бас тарту туралы шешімді аумақтық кеден органы немесе кеден төлеушінің өтініші аумақтық кеден органында немесе кеденде тіркелген күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылдайды.
Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру не оны беруден бас тарту туралы шешімнің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Кедендік әкелу баждарын бөліп төлеуді беру туралы шешімге кеден органы бекіткен, кедендік әкелу баждарын кезең-кезеңмен төлеу графигі қоса беріледі. Көрсетілген графикте кедендік әкелу баждарын кезең-кезеңмен төлеу мерзімдері белгіленеді және ол осы шешімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
Төлеушінің жолданымы бойынша кедендік әкелу баждарының сомасын кезең-кезеңмен төлеу графигі өзгертілуі мүмкін.
Кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімдері өзгертілген кезде кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшерін айқындау осы Кодекстің 104-бабының 1 және 3-тармақтарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Бұл ретте осындай қамтамасыз етудің мөлшеріне кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздардың сомасы кіреді.
Кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшері өзіне негізделе отырып айқындалатын кедендік әкелу баждарының сомасын айқындау үшін кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы өтініш кеден органында тіркелген күні қолданыста болатын валюталар бағамы, кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беруден бас тарту туралы шешімде мұндай бас тартудың негізі қамтылуға тиіс.