Қолжетімділігі шектелген дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға өздеріне қол жеткізуді дербес деректердің субъектісі немесе Қазақстан Республикасының заңдары шектеген электрондық ақпараттық ресурстар жатады.
2. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі немесе иеленушісі дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды ақпараттық жүйенің меншік иесіне немесе иеленушісіне беру кезінде дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің дербес деректерді ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жинауға және өңдеуге келісімін алуға міндетті.
3. Мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсеткен кезде дербес деректерді ақпараттық жүйелер арқылы жинауға және өңдеуге дербес деректер субъектісінің келісімі электрондық құжат нысанында не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қорғау әрекеттерінің элементтерін қолдана отырып өзгеше тәсілмен беріледі.
Дербес деректер субъектісі дербес деректерді жинауға және өңдеуге «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген өзінің ұялы байланыс абоненттік нөмірі арқылы, сондай-ақ бір реттік парольді беру жолымен немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталының хабарламасына жауап ретінде қысқаша мәтіндік хабарды жіберу жолымен келісім беруге құқылы.
4. Дербес деректер субъектілері «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген жағдайда, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің меншік иелері немесе иеленушілері дербес деректер субъектілерін дербес деректерді ақпараттық іс-қимыл шеңберінде пайдаланудың, өзгертудің және толықтырудың барлық жағдайлары туралы «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушының кабинеті арқылы автоматты режимде хабардар етуге міндетті.
5. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздерден басқа, мемлекеттік орган мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың нақты қателері және дәлсіздіктері анықталған жағдайларда, оларды жою мақсатында дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің сұрау салуын алғаннан кейін оларды өзгертуді және толықтыруды жүзеге асыруы мүмкін.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Жалпыға қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстың меншік иесінің немесе иеленушісінің пайдаланушының ақпаратты орналастыруы бойынша қызметтер көрсетуі «электрондық үкімет» порталында сәйкестендіре отырып, жазбаша (оның ішінде электрондық) нысанда жасалатын келісім негізінде немесе келісім жасасу үшін бір реттік парольды қамтитын қысқа мәтіндік хабар жібере отырып, пайдаланушының жалпыға қолжетімді электрондық ақпараттық ресурста тіркелген ұялы байланысының абоненттік нөмірін пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
Пайдаланушының ақпаратты орналастыруы өзінің атынан немесе бүркеншік аты (ойдан шығарылған аты) арқылы жүзеге асырылады. Дербес деректерді иесіздендіру келісімнің негізінде және онда айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
Электрондық ақпараттық ресурстың меншік иесі немесе иеленушісі келісім жасалған кезде пайдаланылатын ақпаратты келісімнің қолданысының бүкіл кезеңінде, сондай-ақ ол бұзылғаннан кейін үш ай бойы сақтауға міндетті.
6. Жеке тұлғалар туралы дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды оларға мүліктік және (немесе) моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын іске асыруды шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
6-тарау. АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР
37-бап. Ақпараттық жүйелердiң түрлерi
1. Ақпараттық жүйелер меншік нысаны бойынша - мемлекеттiк және мемлекеттiк емес, қолжетiмдiлiк дәрежесі бойынша - жалпыға бірдей қолжетiмдi және қолжетiмдiлiгi шектелген болып табылады.
2. Бюджет қаражаты есебiнен құрылатын немесе дамытылатын, сондай-ақ мемлекеттiк заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдермен алған ақпараттық жүйелер мемлекеттiк болып табылады.
3. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен құрылатын немесе дамытылатын, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдермен алған ақпараттық жүйелер мемлекеттiк емес болып табылады.
Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланатын және мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтау бөлігінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне теңестіріледі.
4. Жалпыға бірдей қолжетiмдi электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер жалпыға бірдей қолжетiмдi болып табылады.
5. Қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер қолжетiмдiлiгi шектелген ақпараттық жүйелер болып табылады.
6. Қолжетімділігі шектелген ақпараттық жүйелер:
1) құпиялылық режимінің талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік шифрлау құралдарын және (немесе) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді өзге де қорғау құралдарын қолдана отырып қорғалуы жүзеге асырылатын мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелер;
2) құпия ақпараттық жүйелер болып бөлінеді.
7. Мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелерді құру, пайдалану, қолдап отыру, дамыту, интеграциялау, пайдаланылуын тоқтату және қорғау, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелер аудиті және ақпараттық жүйелерді аттестаттау жүргізілмейді.
38-бап. Мемлекеттiк органның ақпараттық жүйесіне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк органдар мемлекеттік органның бекітілген архитектурасы және сарапшылық кеңестің ұсыныстары негізінде мемлекеттік функцияларды автоматтандыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету мақсатында өздеріне жүктелген функцияларды іске асыруға бағытталған ақпараттық жүйелерді құрады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттарға, ақпараттық жүйенің өмірлік цикліне сәйкес және:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды;
2) «электрондық үкiметтiң» архитектурасын және «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарды;
3) мемлекеттік органның бекітілген архитектурасын;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) «электрондық үкіметтің» басқа ақпараттандыру объектілерімен интеграциясын (қажет болғанда);
5) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеу жүйесінің мемлекеттік техникалық қызметтің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мониторингтеу жүйесімен ақпараттық өзара іс-қимылын;
6) еркін бағдарламалық қамтылымның басымдығын;
7) сақтауға берілген бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдерді және бағдарламалық қамтылымды қайталап пайдалану мүмкіндігін;
8) сыныптауышқа сәйкес сынып беруді;
9) мүмкіндіктері шектеулі пайдаланушылардың қол жеткізуін қамтамасыз етуді ескере отырып құрылады, пайдаланылады және дамытылады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік заңды тұлғаның ақпараттық жүйесі және мемлекеттік емес ақпараттық жүйе Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттарға, ақпараттық жүйенің өмірлік циклына сәйкес және мыналардың:
1) уәкілетті органмен келісілген техникалық тапсырманың;
2) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтардың оң нәтижесі бар сынақтар актісінің;
3) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестатының талаптары орындалған жағдайда құрылады, пайдаланылады және дамытылады.
Осы тармақшада белгіленген талап қаржы ұйымдарының ақпараттық жүйелері өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген «электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзі арқылы интеграцияланған кезде оларға қолданылмайды;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай талаптарының шарттары орындалған жағдайда құрылады, пайдаланылады және дамытылады.
3. Электрондық ақпараттық ресурста қамтылған ақпарат, нормативтік-техникалық құжаттама, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің басқа да ілеспе құжаттары қазақ және орыс тiлдерiнде жасалады және сақталады.
4. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің меншік иесі немесе иеленушісі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестатын алғаннан кейін мемлекеттік техникалық қызметке ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің жұмыс істеу және функционалдылығы шарттарының өзгермеуіне мониторингті жүзеге асыруға бағытталған ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды жүргізуі үшін мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
39-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту
1. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі:
1) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен автоматтандыру объектісін талдау негізінде мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту туралы инвестициялық ұсыныс әзірлеу;
2) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту туралы инвестициялық ұсынысты уәкілетті органның қарауы;
3) сыныптауышқа сәйкес берілген сыныпты ескере отырып, бюджеттік инвестициялардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу;
4) бюджеттік инвестициялардың техникалық-экономикалық негіздемесіне ақпараттандыру саласында сараптама қорытындысын алу;
5) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы мемлекеттік орган басшысының шешім қабылдауы;
6) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында есепке алу үшін «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына құрылатын ақпараттық жүйе туралы мәліметтерді ұсыну;
7) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырманы әзірлеу;
8) ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған техникалық ерекшелікті әзірлеу;
9) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырманы уәкілетті органмен келісу;
10) ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;
11) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін тәжірибелік пайдалануды жүргізу ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады, ол оның ішінде мыналарды:
тәжірибелік пайдалануды жүргізу рәсімдерін құжаттауды;
ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынауды;
оңтайландыруды және анықталған ақаулар мен кемістіктерді кейіннен түзете отырып жоюды;
ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдаланудың аяқталғаны туралы актіні ресімдеуді қамтиды.
Тәжірибелік пайдалануды жүргізу мерзімі бір жылдан аспауға тиіс;
12) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін тіркеу;
13) Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттарға сәйкес мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін ендіру;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
14) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу:
аттестаттау жүргізуді;
уәкілетті органның, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның, мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың өкілдері қатысатын қабылдау комиссиясының ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу туралы актіге қол қоюын қамтиды;
15) «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде) және лицензиялық бағдарламалық қамтылымының баптау кешенін есепке алу және сақтау үшін беру тәртібімен құрылады немесе дамытылады.
Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру рәсімдерін құжаттандыру ақпараттық жүйенің өмірлік циклінің әрбір кезеңінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдалануға немесе ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу ақпараттық жүйенің меншік иесінің немесе иеленушісінің нормативтік құжаттарының негізінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін дамыту ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға ақпараттық жүйе енгізілгеннен кейін жүзеге асырылады.
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық және жергілікті жобалары шеңберінде мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құрған немесе дамытқан жағдайда, осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшалары қолданылмайды.
Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық және жергілікті жобалары шеңберінде мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құрған немесе дамытқан кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасы, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі тікелей келіссөздер кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бизнес-жоспар уәкілетті органмен келісіледі.
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Өтеусіз негізде берілген бағдарламалық қамтылымда ақпараттық жүйені құрған жағдайда осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшалары қолданылмайды.
Өтеусіз негізде берілетін бағдарламалық қамтылымда ақпараттық жүйені құру үшін уәкілетті органның оң қорытындысы талап етіледі.
Өтеусіз негізде берілген бағдарламалық қамтылымда құрылған ақпараттық жүйені қолдап отыруға жұмсалатын шығындар уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға, дамытуға және қолдап отыруға арналған шығындардың есеп-қисабы әдістемесіне және нормативтеріне сәйкес жоспарланады.
4. «Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде) және лицензиялық бағдарламалық қамтылымының баптау кешенін есепке алу және сақтау үшін беру міндетті болып табылады және ол уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
Бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдер мен бағдарламалық қамтылымды заңсыз түрлендіруге, жария етуге және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.
40-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалану
1. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдалану дұрыс аяқталған жағдайда, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтардың оң нәтижелері бар акті, техникалық құжаттаманың сараптамасы және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты болған кезде техникалық құжаттама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалану кезінде:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың сақталуы;
2) электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуы, қорғалуы, олардың іркіліс болған немесе бүлінген жағдайда қалпына келтірілуі;
3) электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік көшіру және олардың уақтылы жаңартылып отырылуын бақылау;
4) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне жасалған өтініштер туралы мәліметтердің автоматтандырылған есебін алу, сақталуы және мезгіл-мезгіл архивтелуі;
5) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеу және оның нәтижелерін мемлекеттік техникалық қызметтің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мониторингтеу жүйесіне беру;
6) ақпараттық жүйені қолдап отыру;
7) ақпараттық жүйеде пайдаланылатын лицензиялық бағдарламалық қамтылымға техникалық қолдау жасау;
8) мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде қағаз жеткізгіштегі құжаттардың пайдаланылуын, сондай-ақ оларды ұсыну жөніндегі талаптарды қысқарту (болғызбау);
9) ақпараттық жүйенің кепілді мерзім кезеңінде анықталған қателері мен кемшіліктерін жоюды қамтитын әзірлеушінің ақпараттық жүйеге кепілдікті қызмет көрсетуі қамтамасыз етіледі. Кепілдікті қызмет көрсету ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізген күннен бастап кемінде бір жыл мерзімге қамтамасыз етіледі.
41-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануды тоқтату
1. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін одан әрі пайдалану қажеттігінің болмауы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес өнеркәсіптік пайдалануды тоқтатуға және «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында ақпараттық жүйе туралы мәліметтерді өзгертуге әкеп соғады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерін одан әрі пайдалану қажеттігінің болмауы туралы шешімді мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі интеграцияланған ақпараттық жүйелердің меншік иелерін және (немесе) иеленушілерін, сондай-ақ «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторын пайдаланудың тоқтатылу тәртібі мен мерзімдері туралы хабардар ете отырып, меншік иесі немесе иеленуші қабылдайды.
3. Мемлекеттік органның есептен шығарылатын ақпараттық жүйесінің электрондық ақпараттық ресурстары, техникалық құжаттамасы және бастапқы бағдарламалық кодтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес архивке тапсырылуға жатады.
4. Мемлекеттік органның есептен шығарылатын ақпараттық жүйесінің техникалық құралдарын есептен шығару және (немесе) кәдеге жарату Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
42-бап. Мемлекеттiк органның ақпараттық жүйелеріндегi электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу, сақтау және резервтiк көшiру құралдарына қойылатын мiндеттi талаптар
1. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің жұмыс iстеу сенiмдiлiгi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, өңдеу және беру үшiн пайдаланылатын техникалық құралдар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
2. Ақпараттық жүйенiң меншік иесі немесе иеленушiсі, сондай-ақ оператор ақпараттық жүйеде қамтылатын мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды сақтауды және қажет болған кезде оларды қалпына келтiрудi жүзеге асырады және мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстардың жоғалғаны, түрленгені немесе сақталуын өзге де қамтамасыз етпегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында және тараптардың келісімінде белгiленген тәртiппен жауапты болады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстардың резервтiк көшiрмесiн дайындауды қамтамасыз ету ақпараттық жүйенiң иеленушiсі немесе оператор үшiн мiндеттi болып табылады.
Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын резервтiк көшiрменi дайындау және сақтау тәсiлi келесi резервтiк көшiрменi дайындағанға дейiн электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуын қамтамасыз етуге тиiс.
Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік көшірудің мерзімділігі ақпараттық жүйеге арналған техникалық құжаттамада белгіленеді.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 43-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
43-бап. «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің интеграциясы
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің қорғау бейінімен айқындалатын және ақпараттық қауіпсіздігі бойынша бірлескен жұмыстар шартымен ресімделетін «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің интеграциясы қағидаларына сәйкес және ақпараттық қауіпсіздік талаптары сақталған кезде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің «электрондық үкімет» шлюзі арқылы интеграциясын уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және тәртіппен қамтамасыз етуге міндетті.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйені мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен бөлек немесе мемлекеттік органның өзге ақпараттық жүйесімен немесе «электрондық үкіметтің» басқа да ақпараттандыру объектілерімен бір мезгілде интеграциялаған жағдайда, электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді ұйымдастыру «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің интеграциясы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын тексеру кезінде мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі мен мемлекеттік емес ақпараттық жүйенің «электрондық үкіметтің» шлюзіне қосылуы талап етілмейді.
44-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптар
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
«1. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйенің мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграциясы «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің интеграциясы қағидаларына сәйкес тек қана «электрондық үкіметтің» шлюзі немесе «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы (төлемдерді жүзеге асыру мақсатында) жүзеге асырылады.
Мемлекеттік емес ақпараттық жүйе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарға тек меншік иелері арасындағы келісімде көрсетілген көлемде ғана қол жеткізе алады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйенің электрондық ақпараттық ресурстары, интерфейсі, техникалық құжаттамасы және басқа да ілеспе құжаттары қазақ және орыс тiлдерiнде жасалады және сақталады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға қабылдау туралы акті, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтардың оң нәтижелері бар акті, техникалық құжаттаманың сараптамасы және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты болған кезде мемлекеттік емес ақпараттық жүйе мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланады.
Осы тармақта белгіленген талаптар қаржы ұйымдарының ақпараттық жүйелері өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген «электрондық үкіметтің» сыртқы шлюзі арқылы интеграцияланған кезде оларға қолданылмайды.
7-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУДЫҢ СЕРВИСТІК МОДЕЛІ
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 45-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
45-бап. Ақпараттандырудың сервистік моделі
1. Ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер каталогына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы базасында ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді жоспарлауды, құруды немесе дамытуды, сондай-ақ оларды көрсетуді қамтиды.