Қазақстан Республикасының
Заңы
Ақпараттандыру туралы
(2017.28.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2018 жылғы 24 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-БӨЛІМ. АҚПАРАТТАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАТЫНАСТАРДЫ РЕТТЕУ НЕГІЗДЕРІ
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасы
3-бап. Ақпараттандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеудiң мақсаттары мен қағидаттары
4-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
2-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
5-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі міндеттері
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ақпараттандыру саласындағы құзыретi
7-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
7-1-бап. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның құзыреті
7-2-бап. Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы
7-3-бап. Ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметі
7-4-бап. Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығы
8-бап. Сарапшылық кеңес
9-бап. Орталық атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасының Президентiне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың ақпараттандыру саласындағы құзыретi
10-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың ақпараттандыру саласындағы құзыретi
11-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты
12-бап. «Электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы
13-бап. Оператор
14-бап. Мемлекеттік техникалық қызмет
14-1-бап. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық даму институты
15-бап. Бірыңғай байланыс орталығы
3-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУ СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
16-бап. Ақпараттандыру объектілерінің меншік иесінің құқықтары мен міндеттері
17-бап. Ақпараттандыру объектілері иеленушісінің құқықтары мен міндеттері
18-бап. Пайдаланушының құқықтары мен міндеттері
19-бап. Электрондық нысанда көрсетілетін қызметтердің түрлері
20-бап. Электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде мәліметтер ұсыну
2-БӨЛІМ. АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
4-тарау. «ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКІМЕТ»
21-бап. «Электрондық үкіметтің» жұмыс істеуі
22-бап. «Электрондық үкіметтің» архитектурасы
23-бап. Мемлекеттік органның архитектурасы
24-бап. «Электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы
25-бап. Мемлекеттік функцияларды автоматтандыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету
26-бап. «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасы
27-бап. «Электрондық үкіметтің» веб-порталы мен шлюзі
28-бап. «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзі
29-бап. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасы
30-бап. Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі және «электрондық үкіметтің» электрондық поштасының бірыңғай шлюзі
31-бап. «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталы
5-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР
32-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың түрлері
33-бап. Электрондық ақпараттық ресурстардың құқықтық режимі
34-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және пайдалану
35-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік
36-бап. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар
6-тарау. АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР
37-бап. Ақпараттық жүйелердiң түрлерi
38-бап. Мемлекеттiк органның ақпараттық жүйесіне қойылатын талаптар
39-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту
40-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалану
41-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануды тоқтату
42-бап. Мемлекеттiк органның ақпараттық жүйелеріндегi электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу, сақтау және резервтiк көшiру құралдарына қойылатын мiндеттi талаптар
43-бап. «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің интеграциясы
44-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптар
7-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУДЫҢ СЕРВИСТІК МОДЕЛІ
45-бап. Ақпараттандырудың сервистік моделі
45-1-бап. Сервистік бағдарламалық өнімді немесе ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісін берушіні, оның ішінде ақпараттандырудың сервистік моделі жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша айқындау
45-2-бап. Сервистік бағдарламалық өнімдердің немесе ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің әлеуетті өнім берушілеріне, оның ішінде ақпараттандырудың сервистік моделі жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру кезінде қойылатын біліктілік талаптары
45-3-бап. Сервистік бағдарламалық өнімдердің немесе ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің әлеуетті өнім берушісін, оның ішінде ақпараттандырудың сервистік моделі жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру кезінде біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп тану негіздері
46-бап. Оператордың мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетуі
47-бап. Оператордың сервистік бағдарламалық өнімнің меншік иесімен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимылы
8-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУ ОБЪЕКТІЛЕРІНЕ СЫНАУ, САРАПТАМА, АУДИТ ЖҮРГІЗУ, ОЛАРДЫ АТТЕСТАТТАУ
48-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды және ақпараттық жүйелер туралы мәлiметтердi (ақпаратты) құжаттандыру
49-бап. Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтар, техникалық құжаттаманың сараптамасы, сондай-ақ сапаны бағалау мақсатындағы сынақтар
50-бап. Ақпараттық жүйелердің аудиті
51-бап. Аттестаттау
52-бап. Ақпараттандыру саласындағы сәйкестікті растау
9-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУ ОБЪЕКТІЛЕРІН ҚОРҒАУ
53-бап. Ақпараттандыру объектілерін қорғаудың мақсаттары
54-бап. Ақпараттандыру объектілерін қорғауды ұйымдастыру
55-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғау шаралары
56-бап. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау
3-БӨЛІМ. АҚПАРАТТАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
10-тарау. УӘКІЛЕТТІ ОРГАННЫҢ ҚҰЖАТТАРҒА САРАПТАМА ЖҮРГІЗУІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ КЕЛІСУІ
57-бап. Инвестициялық ұсынысқа ақпараттандыру саласындағы сараптаманың қорытындысы
58-бап. Бюджеттік инвестициялардың техникалық-экономикалық негіздемесіне немесе қаржылық-экономикалық негіздемесіне ақпараттандыру саласындағы сараптаманың қорытындысы
59-бап. Техникалық тапсырманы және жобалауға арналған тапсырманы келісу
60-бап. Ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстардың есеп-қисаптарына уәкілетті органның қорытындысы
11-тарау. АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР САЛАСЫН ДАМЫТУ
61-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау
62-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету
12-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
63-бап. Ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
64-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылау
65-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
66-бап. Өтпелі ережелер
67-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында, ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту және пайдалану кезінде, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау кезінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын ақпараттандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-БӨЛІМ. АҚПАРАТТАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАТЫНАСТАРДЫ РЕТТЕУ НЕГІЗДЕРІ
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) автоматтандыру - ақпаратты жасауды, іздестіруді, жинауды, жинақтауды, сақтауды, өңдеуді, алуды, пайдалануды, өзгертуді, көрсетуді, таратуды және беруді оңтайландыру үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын пайдалану процесі;
2) ақпараттандыру - ақпараттандыру субъектілерінің қызметін автоматтандыруға бағытталған ұйымдастырушылық, әлеуметтiк-экономикалық және ғылыми-техникалық процесс;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) ақпараттандырудың сервистік моделі - ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді құруға немесе дамытуға, сондай-ақ оларды көрсетуге негізделген, мемлекеттік функциялар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ақпараттандырудағы орталықтандырылған тәсілді іске асыру;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) ақпараттандырудың сервистік моделі жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы - ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді құру немесе дамыту, сондай-ақ көрсету жөніндегі дәйекті іс-шаралар жиынтығы;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 3-2) тармақшамен толықтырылды
3-2) ақпараттандырудың сервистік моделі жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты - мемлекеттік әріптес, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы және сервистік бағдарламалық өнімдерді немесе ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін беруші болып табылатын жекеше әріптес тараптары болып табылатын ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді құру, дамыту және көрсету кезінде тараптардың құқықтарын, міндеттерін, жауаптылығын және өзге де шарттарды айқындайтын сервистік келісімшарт;
4) ақпараттандыру объектілері - электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;
5) ақпараттандыру объектілерінің иеленушісі - ақпараттандыру объектілерінің меншік иесі заңда немесе келісімде айқындалған шектерде және тәртіппен ақпараттандыру объектілерін иелену және пайдалану құқықтарын берген субъект;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) ақпараттандыру объектілерінің интеграциясы - деректерді берудің Қазақстан Республикасында пайдаланылатын стандарттық хаттамалары негізінде ақпараттандыру объектілері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
6) ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышы (бұдан әрі - сыныптауыш) - ақпараттандыру объектілерін сәйкестендіруге және сипаттауға бағытталған санаттардың жүйеленген тізбесі;
7) ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (бұдан әрі - ақпараттық қауіпсіздік) - электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
8) ақпараттандыру саласындағы көрсетілетін қызметтер - ақпараттық жүйелерді құру, дамыту және қолдап отыру, электрондық ақпараттық ресурстарды құру жөніндегі көрсетілетін қызметтер;
9) ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңес (бұдан әрі - сарапшылық кеңес) - мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттандыру жөніндегі мәселелерді қарайтын, уәкілетті орган жанындағы ведомствоаралық комиссия;
10) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - ақпараттандыру және «электрондық үкiмет» саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) ақпараттандыру субъектілері - ақпараттандыру саласында қызметті жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға түсетін мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар;
12) ақпараттық жүйе - ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;
13) ақпараттық жүйе құру - бағдарламалық қамтылымды әзірлеуге, иемденуге, ендіруге, ақпараттық жүйенің техникалық құралдарының қажетті кешенін иемденуге және (немесе) мүліктік жалдауға (жалға беруге) бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешенін іске асыру;
14) 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
15) ақпараттық жүйені дамыту - өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген ақпараттық жүйенің жұмыс істеуін оңтайландыру және (немесе) функционалын кеңейту мақсатында қосымша функционалдық талаптарды іске асыру, оны жаңғырту жөніндегі іс-шаралар кешені;
16) ақпараттық жүйені ендіру - автоматтандыру объектісі мен персоналды дайындауды, іске қосуды реттеу жұмыстарын, алдын ала және қабылдау сынақтарын жүргізуді, тәжірибелік пайдалануды қамтитын ақпараттық жүйені қолданысқа енгізу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу;
17) ақпараттық жүйені қолдап отыру - өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген ақпараттық жүйені оған жаңғырту жүргізбестен және қосымша функционалдық талаптарды іске асырмастан және оның тұтастығы сақталған жағдайда, бағдарламалық қамтылымға түзету, түрлендіру жүргізу және оның ақауларын жою жөніндегі іс-шараларды қамтитын, мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ету;
18) ақпараттық жүйенің аудиті - ақпараттық жүйені пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында оны тәуелсіз зерттеп-қарау;
19) ақпараттық жүйенің өмірлік циклі - ақпараттық жүйені құру, өнеркәсіптік пайдалану, қолдап отыру, дамыту және оның өнеркәсіптік пайдаланылуын тоқтату кезеңдерінің жиынтығы;
20) ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалану - ақпараттық жүйені мақсаттарына, міндеттері мен техникалық құжаттамада жазылған талаптарға және нормативтік-техникалық құжаттамасына сәйкес штаттық режимде пайдалану;
21) ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдалану - ақпараттық жүйенің бағдарламалық қамтылымының жұмыс істеуіндегі кемшіліктерді анықтау мен жою және оның техникалық құжаттама талаптарына сәйкестігін айқындау мақсатында жүргізілетін, ақпараттық жүйені пилоттық аймақта пайдалану;
22) ақпараттық жүйені, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасын және мемлекеттік органның интернет-ресурсын ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке аттестаттау (бұдан әрі - аттестаттау) - аттестаттау объектілерінің қорғалуының жай-күйін, сондай-ақ олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін айқындау жөніндегі ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар;
23) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым - электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және оларға қол жеткізуді ұсыну мақсатында технологиялық ортаның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің жиынтығы;
24) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері - жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтауы әлеуметтік және (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайға немесе Қазақстан Республикасының қорғанысы, қауіпсіздігі, халықаралық қатынастары, экономикасы, жекелеген шаруашылық салалары, инфрақұрылымы үшін немесе тиісті аумақта тұратын халықтың тыныс-тіршілігі үшін айтарлықтай теріс салдарларға әкеп соғатын ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның, оның ішінде «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектілері;
25) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілері - ақпараттық жүйелер, технологиялық платформалар, аппараттық-бағдарламалық кешендер, телекоммуникациялар желілері, сондай-ақ техникалық құралдардың үздіксіз жұмыс істеуін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелері;
26) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызмет - осы көрсетілетін қызметтердің жұмыс істеуі өзі арқылы қамтамасыз етілетін байланыс қызметтерін қоса алғанда, есептеу ресурстарын мүліктік жалдау (жалға беру) және (немесе) орналастыру, бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық өнімдерді, сервистік бағдарламалық өнімдерді және техникалық құралдарды пайдалануға беру жөніндегі көрсетілетін қызмет немесе көрсетілетін қызметтердің жиынтығы;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 26-1) тармақшамен толықтырылды
26-1) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметті жобалауға арналған тапсырма - ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметке қойылатын техникалық, ұйымдастырушылық және өзге де талаптарды, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтің шекті құнын көрсететін құжат;
27) ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер каталогы - мемлекеттік органдарға «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы ұсынатын ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің бірыңғай анықтамалығы;
28) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар - электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу әдістерінің және аппараттық-бағдарламалық кешен мен телекоммуникациялар желілерін қолдана отырып жүзеге асырылатын ақпараттық өзара іс-қимыл әдістерінің жиынтығы;
29) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы - экономиканың бағдарламалық қамтылымды, техникалық құралдарды, тұрмыстық электрониканы және оның құрамдастарын жобалаумен, жасаумен және өткізумен, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді ұсынумен байланысты саласы;
30) ақпараттық қауіпсіздік оқиғасы - ақпараттандыру объектілерінің қазіргі бар қауіпсіздік саясатын ықтимал бұзу туралы не ақпараттандыру объектілерінің қауіпсіздігіне қатысы болуы мүмкін, бұрын белгісіз болған жағдай туралы куәландыратын жай-күйі;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 30-1) тармақшамен толықтырылды
30-1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган - ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 30-2) тармақшамен толықтырылды
30-2) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық даму институты - ақпараттық қауіпсіздік және электрондық өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 30-3) тармақшамен толықтырылды
30-3) ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы - электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді, телекоммуникация желілері мен ақпараттандырудың басқа да объектілерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 30-4) тармақшамен толықтырылды
30-4) ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметі - ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларының салдарын жоюға консультациялық және техникалық жәрдем көрсету мақсатында ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары туралы ақпаратты талдауды қамтамасыз ететін заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
31) ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасы - ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның немесе оның жекелеген объектілерінің жұмысында жекелей немесе сериялы түрде туындайтын, олардың тиiсiнше жұмыс iстеуiне қатер төндiретiн және (немесе) электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз алу, көшiрмесін түсіріп алу, тарату, түрлендiру, жою немесе бұғаттау үшiн жағдай жасайтын іркілістер;
32) ақпаратты қорғау құралы - ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуге арналған және сол үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылым, техникалық және өзге де құралдар;
33) аппараттық-бағдарламалық кешен - белгілі бір типтегі міндеттерді шешу үшін бірлесіп қолданылатын бағдарламалық қамтылым мен техникалық құралдар жиынтығы;
34) аттестаттық зерттеп-қарау - аттестаттау объектісінің техникалық құжаттамасын зерделеуге, талдауға, бағалауға, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын орындау жөніндегі жұмыстардың ұйымдастырылу жай-күйін зерттеп-қарауға бағытталған ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар кешені;
35) ашық деректер - машинада оқылатын түрде ұсынылған және өзгермеген түрде одан әрі пайдалануға, қайталап жариялауға арналған жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар;
36) ашық деректердің интернет-порталы - ашық деректер бойынша сипаттаушы және сілтемелік ақпараттың орталықтандырылып сақталуын қамтамасыз ететін «электрондық үкімет» веб-порталының құрамдасы;
37) бағдарламалық қамтылым - бағдарламалардың, бағдарламалық кодтардың, сондай-ақ оларды пайдалану үшін қажетті техникалық құжаттамасы бар бағдарламалық өнімдердің жиынтығы;
38) бағдарламалық өнім - әзірлеушілеріне қарамастан, техникалық құжаттамада белгіленген жүйелік талаптарға сәйкес көзделген мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін, тауар болып табылатын дербес бағдарлама немесе бағдарламалық қамтылымның бір бөлігі;
39) бір реттік пароль - электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъектілерді сәйкестендірудің бір сеансы үшін ғана жарамды пароль;
40) домендiк ат - Интернетті адрестеу қағидаларына сәйкес қалыптастырылған, белгiлi бiр желiлiк адреске сәйкес келетiн және Интернеттің объектiсiне атауландырып өтініш жасауға арналған символдық (әрiптiк-цифрлық) белгiлеме;
41) еркін бағдарламалық қамтылым - құқық иеленуші пайдаланушыға бағдарламалық қамтылымға қатысты шектеусіз орнату, іске қосу және көшірмесін түсіріп алу, сондай-ақ еркін пайдалану, зерделеу, дамыту және тарату құқығын беретін, ашық бастапқы коды бар бағдарламалық қамтылым;
42) жергілікті желі - телекоммуникациялардың басқа желілеріне қосылу нүктесіне дейін тұйық инфрақұрылымы бар және ақпарат беруді және объектінің аумақтық шектелген кеңістігіндегі (үй-жай, ғимарат, құрылыс және оның кешені) желілік құрылғыларға бірлесіп қол жеткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз ететін телекоммуникациялар желісінің бір бөлігі;
43) жүйелік-техникалық қызмет көрсету - аппараттық-бағдарламалық кешен мен телекоммуникациялар желілерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
44) Интернет - электрондық ақпараттық ресурстарды жіберуге арналған телекоммуникациялардың біріктірілген желілерінің және есептеу ресурстарының дүниежүзілік жүйесі;
45) Интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі - Интернетке және (немесе) Интернетке шыға алатын байланыс желілеріне қол жеткізу кезінде телекоммуникациялар желілерін қорғауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
46) интернет-ресурс - аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін, мәтіндік, графикалық, аудиокөрінімді немесе өзге де түрде бейнеленетін электрондық ақпараттық ресурс;
47) Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзі - мемлекеттердің ақпараттық жүйелері мен электрондық ақпараттық ресурстарының мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған ақпараттық жүйе;
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 47-1) тармақшамен толықтырылды
47-1) қорғау бейіні - ақпараттандыру объектілерінің құрамдастары болып табылатын бағдарламалық және техникалық құралдардың қауіпсіздігіне қойылатын ең төмен талаптардың тізбесі;
48) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы - мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын орналастыруға арналған технологиялық платформа;
49) мемлекеттік органның архитектурасы - мемлекеттік органның міндеттерін, функцияларын, ұйымдық құрылымын, электрондық ақпараттық ресурстарын, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын және олардың өзара байланысын қоса алғанда, оның ағымдағы және жоспарланатын жай-күйінің сипаттамасы;
50) мемлекеттік техникалық қызмет - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын;
51) нормативтік-техникалық құжаттама - ақпараттандыру объектілерін құруға және пайдалануға (іске қосуға), сондай-ақ олардың ақпараттандыру саласындағы белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылауға қойылатын жалпы міндеттерді, қағидаттар мен талаптарды айқындайтын құжаттар жиынтығы;
52) пайдаланушы - нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін ақпараттандыру объектілерін пайдаланатын ақпараттандыру субъектісі;
53) сервистік бағдарламалық өнім - ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметті іске асыруға арналған бағдарламалық өнім;
54) техникалық қолдау - лицензиялық бағдарламалық қамтылымның жұмыс істеу қабілеттілігін қолдау жөнінде консультациялық, ақпараттық-технологиялық және өзге де қызметтерді көрсету;
55) техникалық құжаттама - ақпараттық жүйеге, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасына және бағдарламалық өнімге, оның ішінде сервистік бағдарламалық өнімге арналған, техникалық тапсырманы, жобалауға арналған тапсырманы, пайдалану құжаттамасы мен өзге де құжаттаманы қамтитын құжаттамалар жиынтығы;