Егер құқық иеленуші тауарларды шығаруды тоқтата тұрудың бастапқы күнінен бастап он жұмыс күні ішінде осы баптың 6-тармағында белгіленген ережені сақтамаса, кеден органы тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жояды және осы Кодексте анықталған тәртіппен тауарларды кедендік декларациялауды жүргізеді. Бұл ретте, тауарлардың шығарылуын тоқтата тұрумен байланысты декларанттың және кеден органының шығындары он жұмыс күніне дейін құқық иеленушіге жүктеледі.
8. Кеден органдары мен Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органы арасындағы өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу тәртібі бірлескен актімен белгіленеді.
442-бап. Мүліктік зиян (шығын) үшін жауаптылық
Егер құқық иеленуші құқықтарының бұзылғандығы анықталмаса, осы тарауға сәйкес тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру нәтижесінде декларантқа, меншік иесіне, зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды алушыға мүліктік зиян (шығын) келтіргені үшін құқық иеленуші Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жауапты болады.
443-бап. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы кеден органы шешімінің күшін жою
1. Егер тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешімінің қолданылу мерзімі ішінде:
1) кеден органына көрсетілген тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жою туралы өтініш берушіден өтініш келіп түссе;
2) зияткерлік меншік объектілері осы Кодекстің 439-бабына сәйкес кедендік тізілімнен алынып тасталса;
3) өтініш беруші кеден органы белгілеген зияткерлік меншік объектілері бар тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру мерзімінде көрсетілген тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу фактісімен байланысты зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың бұзылғандығы туралы талап қою бойынша азаматтық іс қозғау туралы судьяның ұйғарымын табыс етпесе, кеден органының тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешімінің күші жойылуға жатады.
Көрсетілген жағдайларда мұндай тауарлар дереу кедендік декларациялануға және осы Кодексте айқындалған тәртіппен шығарылуға жатады.
2. Тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жоюды кеден органының басшысы немесе ол уәкілдік берген тұлға жазбаша нысанда ресімдейді.
3. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығару құқық иеленушінің зияткерлік меншік объектілеріне құқығын қорғау туралы Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органына немесе сотқа өтініш білдіруіне кедергі бола алмайды.
444-бап. Ақпарат беру, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алу
1. Кеден органы декларантқа, құқық иеленушіге немесе оның мүдделерін білдіретін тұлғаға шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған тауарларға қатысты ақпарат береді.
2. Осы бапқа сәйкес декларант, құқық иеленуші немесе оның мүдделерін білдіретін тұлға алған ақпарат жабық болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, олар мұны жария етпеуге, үшінші тұлғаларға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға бермеуге тиіс.
3. Кеден органының жазбаша рұқсатымен құқық иеленушінің, декларанттың немесе олардың өкілдерінің өздеріне қатысты шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған тауарлардың сынамалары мен үлгілерін кедендік бақылаумен алуға, оларға зерттеу жүргізуге, сондай-ақ мұндай тауарларды қарауға, суретке түсіруге немесе өзге де тәсілмен белгілеп қоюға құқығы бар.
445-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғауына қатысты қосымша ережелер
Кеден органдары сот шешіміне сәйкес жойылуға жататын зияткерлік меншік құқықтары бұзылған тауарларды Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органына беруге міндетті.
Зияткерлік меншік құқықтары бұзылған тауарларды жою мәселесі бойынша сот шешімі шығарылған жағдайда Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулыларына сәйкес оларды жою жөніндегі шараларды дереу қолдануға міндетті.
54-тарау. Тауарларды құбыржол көлігімен және электр беру желілерімен өткізу
446-бап. Осы тараудың қолданылу аясы
Осы тарауда, осы Кодекстің өзге де ережелерінде айқындалмаған, тауарларды кеден органының кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілерімен өткізудің ерекшеліктері айқындалады.
Тауарларды кеден органының кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілерімен өткізудің тәртібі, осы Кодексте реттелмеген бөлігінде, Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарында айқындалады.
447-бап. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды әкелу, әкету және кедендік декларациялау ерекшеліктері
1. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және осы аумақтан әкетуге мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес тауарлар шығарылғаннан кейін жол беріледі.
2. Кедендік декларацияны ұсыну кезінде кеден органына құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды іс жүзінде көрсету талап етілмейді.
3. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу немесе осы аумақтан әкету кезінде тасымалдаудың технологиялық ерекшеліктерінің салдарынан тауарларды араластыруға, сондай-ақ тауарлардың саны мен жай-күйін (сапасын) және Қазақстан Республикасында қолданыстағы техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарға сәйкес тауарлардың ерекше сипаттамасын өзгертуге жол беріледі.
4. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері осы Кодекстің 294-бабына сәйкес айқындалады.
5. Егер сыртқы сауда шартының (келісімшарттың) қолданылу мерзімінің аяқталуы негізінде тауарларды өткізу жүзеге асырылатын мерзім аяқталғаннан кейін келесі мерзімге жаңа сыртқы сауда шарты (келісімшарт) жасалмаса, онда декларанттың жазбаша өтініші бойынша қолданыстағы сыртқы сауда шартының (келісімшарттың) шеңберінде алдағы күнтізбелік айға тауарларға уақытша декларация табыс етуге жол беріледі. Жаңа сыртқы сауда шартын (келісімшартын) табыс етудің шекті мерзімі кеден органы тауарларға толық декларацияны тіркеген күні шектеледі.
6. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлардың мөлшері осы Кодекстің 449-бабына сәйкес технологиялық белгіленген жерлерде орнатылған есепке алу аспаптары көрсеткіштерінің, тиісті сыртқы сауда шарты бойынша тауарларды іс жүзінде жеткізілім туралы актілердің, тапсыру-қабылдау актілерінің және жеткізілімнің күнтізбелік бір айында құбыржол көлігімен өткізілетін өндірілген, жеткізілген және тұтынылған тауарлардың көлемдерін белгілі жерлерге бөлуді растайтын басқа да ұқсас құжаттардың негізінде айқындалады.
7. Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілетін, құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 449-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының не шектес мемлекеттің аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының көрсеткіштері пайдаланылады.
Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 449-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының не шектес мемлекеттің аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының көрсеткіштері пайдаланылады.
448-бап. Электр беру желілерімен өткізілетін тауарларды әкелу, әкету және кедендік декларациялау ерекшеліктері
1. Электр беру желілерімен (осы тарауда бұдан әрі - электр энергиясы) өткізілетін тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және осы аумақтан әкетуге кеден органына кедендік декларация берілгенге дейін жол беріледі. Кедендік декларациялау кейін электр энергиясын ішкі тұтыну үшін шығарудың және экспорттың кедендік рәсімдерімен орналастыруға арналған кедендік декларацияны табыс ете отырып, тиісінше оны іс жүзінде жеткізудің күнтізбелік әрбір айынан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
2. Кедендік декларацияны берген кезде кеден органына электр энергиясыніс жүзінде көрсету талап етілмейді.
3. Кедендік декларациялауға электр энергиясының іс жүзінде әкелінген және әкетілген мөлшері жатады. Электр энергиясының мөлшері технологиялық келісілген және электр энергиясының өтуін белгілейтін жерлерде орнатылған есепке алу аспаптары көрсеткіштерінің, тиісті сыртқы сауда шарты (келісімшарты) бойынша тауарларды іс жүзінде жеткізу туралы актілердің, тапсыру-қабылдау актілерінің және электр энергиясының сальдо-артық легі ретінде (кернеудің барлық сыныптарының барлық жұмыс істеп тұрған мемлекетаралық электр беру желілері бойынша қарсы бағыттардағы электр энергиясы артық легінің алгебралық сомасы) электр энергиясының іс жүзінде өтуін растайтын басқа да құжаттардың негізінде екі шектес мемлекеттің энергия жүйелері қатарлас жұмыс істеген жағдайларда әрбір күнтізбелік ай үшін айқындалады.
Сальдо-артық легінің есептелген мәні Қазақстан Республикасының қолданыстағы техникалық регламенттеріне және ұлттық стандарттарына сәйкес электр энергиясын өткізу кезінде орын алатын желілердегі электр энергиясының ысырабы көлеміне түзетіледі.
Қосарлы жұмыс туралы шарт жасалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде электр энергиясын өткізетін тұлғалар энергия жүйелерінің қосарлы жұмысқа қосылғаны туралы осындай шартты табыс етіп және мемлекетаралық электр беру желілерін көрсете отырып жазбаша хабарлайды.
4. Бір сыртқы сауда шарты (келісімшарты) бойынша жеткізілетін электр энергиясы жеткізудің күнтізбелік бір айы ішінде тауарлардың бір партиясы ретінде декларацияланады.
5. Энергия жүйелерінің қосарлы жұмысы кезінде электр энергиясының жоспардан тыс (технологиялық) артық легін кедендік декларациялау шаруашылық жүргізуші субъектілердің шарттарына сәйкес ресімделген, электр энергиясының жоспардан тыс (технологиялық) артық легінің мөлшері көрсетілген электр энергиясын іс жүзінде жеткізу туралы актілерге қол қойылғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі. Бұл ретте, тауарларға декларация беру мерзімі оны іс жүзінде жеткізудің күнтізбелік айы аяқталғаннан кейін күнтізбелік екі айдан аспауға тиіс.
6. Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілетін электр энергиясын кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 449-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының не шектес мемлекеттің аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының көрсеткіштері пайдаланылады.
Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін электр энергиясын кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 449-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының не шектес мемлекеттің аумағында орналасқан есепке алу аспаптарының көрсеткіштері пайдаланылады.
449-бап. Электр энергиясын және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарын орнату орындары
1. Электр энергиясын және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптары Қазақстан Республикасының аумағында орнатылады.
Электр энергиясын және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарын орнату орындары олардың жұмысын және кеден органдары лауазымды адамдарының қол жеткізу тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасы мен шектес мемлекеттің арасындағы халықаралық шарттары болған жағдайда, осы аумақтан тысқары жерлерде болуы мүмкін.
2. Осы баптың 1‑тармағында айқындалған тауарларды есепке алу аспаптарын орнату орындарын кедендік шекарадан өткен кезде тасымалдаушының, жүйелік оператордың немесе өңірлік электр желісі компаниясының жазбаша өтініші бойынша кеден ісі саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
3. Электр энергиясын және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есепке алу аспаптарының көрсеткіштеріндегі ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуді және өзгертуді болдырмау мақсатында кеден органдары мұндай аспаптарға сәйкестендіру құралдарын салады.
450-бап. Электр энергиясын және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды сәйкестендіру
Электр энергиясын және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды сәйкестендіру жүзеге асырылмайды, бұл кеден органдарына құжаттардағы мәліметтерді, есептегіштердегі және басқа да өлшеу аспаптарындағы мәліметтерді пайдалана отырып, кедендік мақсатта тауарлардың мөлшерін, сапасын және басқа да сипаттамаларын анықтауға кедергі болмайды.
451-бап. Электр энергиясын және құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлар транзитін кедендік декларациялау
1. Есепке алу аспаптарын орнату орындарында орналасқан екі пункт арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарлардың кедендік транзиті Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және осы Кодекске сәйкес қолданылады.
2. Шетелдік тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы кедендік транзит рәсімі бойынша құбыржол көлігімен өткізу кеден органы тауарларға уақытша декларацияны қабылдағаннан кейін жүзеге асырылады, оны беру тәртібі осы Кодекстің 294-бабына сәйкес айқындалады.
3. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлардың кедендік транзит мерзімі декларанттың жөнелтуші кеден органына дәлелді өтініші бойынша күнтізбелік тоқсан күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы энергия жүйесінің қосарлы жұмыстары жағдайында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы электр беру желісімен өткізілетін электр энергиясы кедендік транзит кедендік рәсімдеріне орналастырылуға жатпайды. Бұл ретте электр энергиясы іс жүзінде өткізілген әрбір күнтізбелік айдан кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірілмей кеден органына есеп айырысу кезеңінде өткізудің көлемі, электр энергиясының шартты құны туралы мәліметтер және өзге де белгіленген мәліметтер көрсетіле отырып, жазбаша өтініш табыс етілуі қажет.
5. Кеден одағына мүше мемлекеттерде қолданыстағы техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарға сәйкес тасымалдаудың технологиялық ерекшеліктері салдарынан Кеден одағының кедендік аумағы бойынша құбыржол көлігімен өткізілетін транзиттік тауарлардың сипаттамалық ерекшеліктерін өзгертуге жол беріледі.
55-тарау. Тауарларды, жолаушылар мен багажды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру кезінде
халықаралық тасымалдау көлік құралдарын өткізу
452-бап. Осы тараудың қолданылу аясы
1. Осы тарау жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, шет мемлекеттерде тіркелген халықаралық тасымалдау көлік құралдарын (бостарын қоса алғанда) мұндай аумақта немесе одан тысқары жерлерде халықаралық тасымалдауды аяқтау немесе бастау үшін Кеден одағының кедендік аумағына уақытша әкелуді және Кеден одағына мүше мемлекеттерде тіркелген халықаралық тасымалдау көлік құралдарын (бостарын қоса алғанда) халықаралық тасымалдауды аяқтау немесе бастау үшін мұндай аумақтан уақытша әкелудің тәртібін реттейді.
2. Осы тараудың ережелері Кеден одағының кедендік аумағынан уақытша әкетілетін және мұндай аумаққа қайта әкелінетін:
балық аулау, теңіз түбі мен оның жер қойнауларының минералдық және басқа да жансыз ресурстарын барлау мен игеру, лоцмандық және мұз жарып жол ашу, іздестіру, құтқару және тіркеуге алу операциялары, теңізге батқан мүлікті көтеру, гидротехникалық, су асты техникалық және басқа да осыған ұқсас жұмыстар, санитариялық, карантиндік және басқа да бақылау, теңіздің аумағын қорғау мен сақтау, теңіз ғылыми зерттеулерін жүргізу, оқу, спорт және мәдени мақсаттарда, сондай-ақ сауда мақсатында теңізде жүзуге байланысты өзге де мақсаттарда пайдаланылатын су кемелеріне;
азаматтық және мемлекеттік әуе кемелері, эсперименттік авиацияда пайдаланылатын (эксперименттік ұшуларды жүзеге асыратын), тауарлар мен жолаушыларды халықаралық тасымалдау үшін пайдаланылмайтын әуе кемелеріне;
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес жөндеу-қалпына келтіру және өзге де жұмыстар үшін пайдаланылатын жылжымалы теміржол құрамына қатысты да қолданылады.
453-бап. Халықаралық тасымалдау көлік құралдарын өткізу тәртібі
1. Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өтетін халықаралық тасымалдау көлік құралдары осы Кодексте көзделген кедендік операцияларды жасау үшін тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында кідіртуге және тоқтатуға жатады.
2. Халықаралық тасымалдау көлік құралдарының аялдау ұзақтығы кедендік операцияларды жасау үшін қажетті уақыт негізге алынып:
1) кедендік операцияларды бастау немесе аяқтау кеден органдарына қатысты емес себептер бойынша жүзеге асырылуы мүмкін болған;
2) осы халықаралық тасымалдау көлік құралдарында өткізілетін тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында тікелей жүзеге асырылатын;
3) осы халықаралық тасымалдау көлік құралдарында тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік транзитті қамтамасыз ету шарасы ретінде кедендік алып жүру қолданылатын;
4) халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын уақытша сақтау тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарының аумағында орналасқан уақытша сақтау орындарында жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, әуе, теміржол және автомобиль көлігі үшін ‑ үш сағаттан, ал су көлігі үшін сегіз сағаттан аспауға тиіс.
3. Халықаралық тасымалдау көлік құралдарын тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарындағы олардың тұру жерлерінен жөнелту тиісінше осы Кодекстің 26 және 27-тарауларында көзделген, тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағына келуі немесе тауарлардың осы аумақтан кетуі кезінде жасалатын кедендік операциялар аяқталғаннан кейін жүргізіледі.
4. Халықаралық тасымалдау көлік құралдары кедендік рәсімдермен орналастырылмай, осы Кодекстің 462-бабына сәйкес кедендік декларациялауға жатады.
5. Халықаралық тасымалдау көлік құралдары тарифтік емес реттеу және техникалық реттеу шаралары қолданылмай Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізіледі.
454-бап. Халықаралық тасымалдау көлік құралдарын уақытша әкелу
1. Халықаралық тасымалдау техникалық құралдарын Кеден одағының кедендік аумағына кедендік баждарды, салықтарды төлемей уақытша әкелуге бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
1) егер халықаралық тасымалдау көлік құралы шет мемлекеттің аумағында шетел азаматына тіркелген болса;
2) шетелдік тұлға уәкілеттік берген Кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы халықаралық тасымалдау көлік құралын жүктерді, жолаушыларды және (немесе) багажды Кеден одағының кедендік аумағында не оның шегінен тысқары жерлерде халықаралық тасымалдауды аяқтау не бастау үшін пайдаланған жағдайларды қоспағанда, егер шетелдік тұлға халықаралық тасымалдау көлік құралын Кеден одағының кедендік аумағына әкелсе және пайдаланса жол беріледі.
2. Кеден одағының кедендік аумағына уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдары шетелдік тауарлар мәртебесіне ие болады.
3. Халықаралық тасымалдау көлік құралдарын уақытша кедендік әкелу, кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, осы Кодекстің 455-бабында көзделген мерзімдерде оларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкетумен не кедендік рәсімдермен орналастыру арқылы аяқталады.
4. Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарын Кеден одағының кедендік аумағынан әкету кез келген кеден органы арқылы жүзеге асырылады.
455-бап. Халықаралық тасымалдау көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімдері
1. Кеден одағының кедендік аумағына уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдары оларға байланысты мұндай тауарлар Кеден одағының кедендік аумағына әкелінген тасымалдау операциялары аяқталғаннан кейін осы аумақтан, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 323-бабының ережелері ескеріле есептелген мерзімдерде әкетілуге тиіс.
2. Халықаралық тасымалдау көлік құралын осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзімдерде әкету мүмкін болмаған кезде мүдделі тұлғаның дәлелді сауал салуы бойынша кеден органы халықаралық тасымалдау көлік құралын уақытша әкелудің мерзімін халықаралық тасымалдау көлік құралын әкету мүмкін болмаған себептерді жою үшін қажетті уақытқа ұзартады.
456-бап. Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарымен жасалатын операциялар
1. Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарымен олар Кеден одағының кедендік аумағында жүрген не аталған аумақта болған кезінде оларға талап етілген техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу жөніндегі әдеттегі операцияларды жасауға жол беріледі.
2. Кеден одағының кедендік аумағында:
уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарын Кеден одағының кедендік аумағында басталатын және аяқталатын (бұдан әрі осы тарауда пайдалану мақсаты үшін - Кеден одағының кедендік аумағы бойынша ішкі тасымалдау) жүктерді, багажды және (немесе) жолаушыларды тасымалдау үшін пайдалануға;
оларды жөндеу, техникалық қызмет көрсету, сақтау үшін беруді не халықаралық тасымалдау техникалық құралын дереу әкету арқылы тасымалдау операциясын аяқтау мақсатында беруді қоспағанда, уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарын өзге тұлғаларға, оның ішінде жалға (қосалқы жалға) беруге жол берілмейді.
Кеден одағының кедендік аумағы бойынша ішкі тасымалдау үшін жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын халықаралық тасымалдау көлік құралдарын, сондай-ақ жүктерді және (немесе) багажды қозғамалы теміржол құрамын пайдалану ерекшеліктері Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартында айқындалады.
3. Уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарын пайдалану не оларды осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда өзге тұлғаларға беруге осы көлік құралдарының кедендік рәсімдермен орналастырылған жағдайда жол беріледі.
Көрсетілген әрекеттер уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралдарын кедендік рәсімдермен орналастырмай аяқталған жағдайда, көлік құралына арналған кедендік декларацияның тіркелген күніне есептелген, кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша преференциялар мен жеңілдіктер ескермей, мұндай халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын кедендік әкелу баждары, салықтар сомасына сәйкес келетін мөлшердегі кедендік баждар, салықтар төленуге жатады. Бұл ретте көрсетілген әрекеттерді жасаудың бірінші күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органы көлік құралына арналған кедендік декларацияның тіркелген күні кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі болып есептеледі.
457-бап. Халықаралық тасымалдау көлік құралдарын уақытша әкету
1. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, халықаралық тасымалдау көлік құралын уақытша әкетуге осы халықаралық тасымалдау көлік құралы Кеден одағының тауары болып табылған және Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында Кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасына тіркелген жағдайда жол беріледі.
2. Кеден одағының кедендік аумағынан уақытша әкетілетін, Кеден одағының тауарлары болып табылатын халықаралық тасымалдау көлік құралдары осы аумақтан іс жүзінде әкетілген кезде Кеден одағы тауарларының мәртебесін сақтайды, ал осы баптың 4-тармағында көрсетілген халықаралық тасымалдау көлік құралдары шетелдік тауарлар мәртебесін сақтайды.
3. Халықаралық тасымалдау көлік құралдары Кеден одағының кедендік аумағынан кедендік әкету баждары төленбей уақытша әкетіледі.
4. Бұрын уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастырылған не осы Кодекстің 301-бабына сәйкес шартты түрде шығарылған тауарлар болып табылатын халықаралық тасымалдау көлік құралдарын уақытша әкетуге жол беріледі.
5. Халықаралық тасымалдау көлік құралын уақытша әкетуге Кеден одағының кедендік аумағынан тысқары жерлерде қандай тұлға және оны қандай мақсатта пайдаланатынына қарамастан жол беріледі.
458-бап. Халықаралық тасымалдау көлік құралдарын уақытша әкету мерзімдері
Халықаралық тасымалдау көлік құралдарын уақытша әкету мерзімдері шектелмейді.
459-бап. Уақытша әкетілетін халықаралық тасымалдау көлік құралдарымен жасалатын операциялар
1. Уақытша әкетілетін халықаралық тасымалдау көлік құралдарымен:
1) егер оларға деген қажеттік халықаралық тасымалдау көлік құралын халықаралық тасымалдауда пайдалану кезінде туындаса, оны сақтауды, пайдалануды және оны әкетілген күнгі күйінде ұстауды қамтамасыз ету үшін қажетті техникалық қызмет көрсету және (немесе) ағымдағы жөндеу операцияларын;
2) ақысыз (кепілдік берілген) жөндеу жөніндегі операцияларды;
3) оның Кеден одағының кедендік аумағынан тысқары жерлерде орын алған аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан бүлінуінен кейін халықаралық тасымалдау көлік құралын қалпына келтіру үшін жүзеге асырылатын күрделі жөндеуді қоса алғанда, жөндеу жөніндегі операцияларды жасауға жол беріледі.