428-бап. Шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің әкімшілік-техникалық персоналы мүшелерінің тауарларды өткізуі
Шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің әкімшілік-техникалық персоналының мүшелері және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері, егер олар келген мемлекетте тұрақты тұрмаса және келген мемлекеттің азаматтары болып табылмаса, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай, бастапқы жайғасуға арналған тауарларды қоса алғанда, өздерінің жеке пайдалануға арналған тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкеле алады.
429-бап. Шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналының мүшелеріне, әкімшілік-техникалық және қызмет көрсететін персоналының мүшелеріне берілетін кедендік жеңілдіктердің қолданылуы
Қазақстан Республикасының шет мемлекетпен жасаған халықаралық шарты негізінде шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналы мүшелеріне осы Кодекспен берілетін кедендік жеңілдіктер осы өкілдіктің әкімшілік-техникалық және қызмет көрсететін персоналының мүшелеріне, сондай-ақ олармен бірге тұратын, келген мемлекетте тұрақты тұрмайтын және келген мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын, олардың отбасы мүшелеріне әрбір жеке шет мемлекетке қатысты өзара қарым-қатынас принципі негізге алына отырып қолданылуы мүмкін.
430-бап. Шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің және олардың қызметкерлерінің тауарларды өткізуі
1. Шет мемлекеттің консулдық мекемесінің басшысын қоса алғанда, шет мемлекеттердің консулдық мекемелеріне, шет мемлекеттердің консулдық лауазымды адамдарына және шет мемлекеттердің консулдық қызметшілеріне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері немесе шетел мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің тиісті персоналы
үшін осы Кодексте көзделген кедендік жеңілдіктер беріледі.
2. Қазақстан Республикасының шет мемлекетпен жасаған халықаралық шарты негізінде шет мемлекеттің консулдық мекемесінің қызмет көрсететін персоналының қызметкерлеріне, сондай-ақ келген мемлекетте тұрақты тұрмайтын, олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне әрбір жеке шет мемлекетке қатысты өзара қарым-қатынас принципі негізге алына отырып, шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің тиісті әкімшілік-техникалық және қызмет көрсететін персоналының мүшелеріне осы Кодексте берілетін кедендік жеңілдіктер қолданылуы мүмкін.
431-бап. Шет мемлекеттердің дипломатиялық почтасын және консулдық сағдиянын Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу
1. Шет мемлекеттердің Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін дипломатиялық почтасы және консулдық сағдияндары ашуға да, ұстауға да жатпайды.
Консулдық сағдияндағы құжаттардың және (немесе) тауарлардың тек ресми пайдалануға ғана арналмағандығы туралы елеулі негіздер болған кезде, кеден органы осы шет мемлекеттің уәкiлеттi тұлғаларының кеден органы лауазымды адамдарының көз алдында сағдиянды ашып көрсетуін талап етуге құқылы. Консулдық сағдиянды ашудан бас тартқан жағдайда ол жөнелтiлген жерiне қайтарылады.
2. Дипломатиялық почтаны және консулдық сағдиянның барлық жерлерінде оның осы жерлерінің сипатын көрсететін, көрінетін сыртқы белгілері болуға тиіс.
3. Дипломатиялық почтада тек ресми пайдалануға арналған дипломатиялық құжаттар мен тауарлар, ал консулдық сағдиянда - тек ресми пайдалануға арналған ресми хат-хабарлар мен құжаттар немесе тауарлар болуы мүмкін.
432-бап. Шетелдік дипломатиялық және консулдық курьерлерге арналған кедендік жеңілдіктер
1. Шетелдік дипломатиялық және консулдық курьерлер өздерінің жеке пайдалануға арналған тауарларды әрбір жеке шет мемлекетке қатысты өзара қарым-қатынас принципі негізге алана отырып, кедендік тексеріп-қараудан, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босата отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай, Кеден одағының кедендік аумағына әкеле алады және осы аумақтан әкете алады.
2. Дипломатиялық және консулдық курьерлер өздерiнiң мәртебесi және дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянындағы орындардың саны көрсетiлген ресми курьерлiк парақпен жабдықталуға тиiс. Курьерлiк параққа қол қойылады және дипломатиялық почта мен консулдық сағдиянды жiберген мекеменің мөрі басылады.
3. Дипломатиялық почта мен консулдық сағдиян тек осы дипломатиялық почтаны немесе консулдық сағдиянды тасымалдауға белгiленген және курьерлiк ресми парақпен жабдықталған уақытша дипломатиялық немесе консулдық курьерге де сенiп тапсырылуы мүмкiн.
433-бап. Шет мемлекеттер өкілдеріне және делегацияларының мүшелеріне арналған кедендік жеңілдіктер
Шет мемлекеттердің өкілдеріне, парламент және үкімет делегацияларының мүшелеріне, сондай-ақ өзара қарым-қатынас негізінде Кеден одағына мүше мемлекеттерге халықаралық келіссөздерге, халықаралық конференцияларға және кеңестерге қатысу үшін немесе басқа да ресми тапсырмалармен келетін шет мемлекеттер делегацияларының мүшелеріне шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналы мүшелері үшін осы Кодексте көзделген кедендік жеңілдіктер беріледі. Жеңілдіктер аталған адамдарға еріп келетін отбасы мүшелеріне де беріледі.
434-бап. Кеден одағының кедендік аумағы арқылы транзитпен өтетін шет мемлекеттердің дипломатиялық персоналы мүшелерінің, консулдық лауазымды адамдарының, өкілдерінің және делегацияларының өкілдері мен мүшелерінің тауарларды өткізуі
Кеден одағының кедендік аумағы арқылы өтетін шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық персоналының мүшелеріне және шет мемлекеттің консулдық мекемелерінің консулдық лауазымды адамдарына, олардың отбасы мүшелеріне, осы Кодекстің 319-бабында көрсетілген тұлғаларға дипломатиялық өкілдіктің дипломатиялық персоналының мүшелері үшін осы Кодексте көзделген кедендік жеңілдіктер беріледі.
435-бап. Мемлекетаралық және үкіметаралық халықаралық ұйымдарға, олардың жанындағы шет мемлекеттер өкілдіктеріне, сондай-ақ осы ұйымдар мен өкілдіктердің персоналына арналған кедендік жеңілдіктер
Мемлекетаралық және үкіметаралық халықаралық ұйымдарға, олардың жанындағы шет мемлекеттердің өкілдіктеріне, сондай-ақ осы ұйымдар мен өкілдіктердің персоналына және олардың отбасы мүшелеріне арналған кедендік жеңілдіктер тиісті халықаралық шарттарда айқындалады.
53-тарау. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөнінде қолданатын шаралары
436-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөнінде шаралар қолдануының негіздері
1. Кеден органдары Кеден одағының кеден заңнамасына және осы тарауға сәйкес тауарларды шығаруды тоқтата тұрумен байланысты зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөнінде шаралар қолданады.
2. Кеден органдары зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілеріне және Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген, сондай-ақ мұндай кедендік тізілімдерге енгізілмеген зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөнінде шаралар қолданады.
3. Кеден органдары зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шараларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы:
1) жеке тұлғалар жеке пайдалану үшін, оның ішінде олардың атына халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін;
2) кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес;
3) дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, шет мемлекеттердің өзге де ресми өкілдіктері, халықаралық ұйымдар, осы өкілдіктердің, мекемелер мен ұйымдардың персоналы ресми және жеке пайдалану үшін өткізетін тауарларға қатысты қолданалмайды.
437-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушінің құқықтарын қорғау мерзімі
Зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушінің құқықтарын қорғау мерзімі зияткерлік меншік объектілерін зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіміне және Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген кезде, құқық иеленушінің өтініште көрсеткен мерзімі, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттардың қолданылу мерзімі ескеріле отырып, бірақ мұндай тізілімдерге енгізілген күннен бастап екі жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді.
Көрсетілген мерзім құқық иеленушінің өтініші негізінде сан мәрте шектеусіз, бірақ әрбір ретте осы тарауда көзделген талаптар сақталған жағдайда, екі жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Құқық иеленушінің зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарын қорғау мерзімі құқық иеленушінің тиісті зияткерлік меншік объектісіне құқықтарының қолданыс мерзімінен аспауға тиіс.
438-бап. Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімін жүргізу тәртібі
1. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды қолдану мақсатында зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімін жүргізеді және оның жариялануын, оның ішінде ресми интернет-ресурста, кеден ісі саласындағы уәкілетті органның веб-порталында жариялануын қамтамасыз етеді.
2. Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімін жүргізудің нысаны мен тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
439-бап. Зияткерлік меншік объектілерін кедендік тізілімге енгізу және оларды кедендік тізілімнен алып тастау тәртібі
1. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган авторлық құқық пен сабақтас құқық, тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары объектілерін және тауарларды шығарған жерлердің атауларын (бұдан әрі - зияткерлік меншік объектілері) зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізуді құқық иеленушінің өтініші бойынша жүзеге асырады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу кезінде зияткерлік меншік объектілеріне өздерінің құқықтары бұзылды немесе бұзылуы мүмкін деуге жеткілікті негіздері бар құқық иеленуші немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлға кеден ісі саласындағы уәкілетті органға кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарын қорғау туралы өтініш ұсынуға құқылы.
3. Өтініште мынадай мәліметтер:
1) өтініш берушінің зияткерлік меншік объектілеріне құқығын қорғау туралы қолдаухаты;
2) өтініш беруші туралы мәлімет;
3) зияткерлік меншіктің тиісті объектілері туралы, құқық иеленушіге оның құқығын қорғауда кеден органдарының жәрдемі қажет болатын мерзім туралы ақпарат, оның ішінде электронды нысандағы ақпарат, сондай-ақ Кеден одағы сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасына сәйкес бірінші алты таңба деңгейінде тауарлар коды көрсетіле отырып, зияткерлік меншік объектілері бар тауарлардың сипаттамасы, кеден органдарына зияткерлік меншік құқықтары бұзылған тауарын анықтауға мүмкiндiк беретiн құқық иеленушінің тауарлар туралы егжей‑тегжейлі мәліметтері;
4) егер тауарлардың зияткерлік меншік құқығы бұзылған тауар болып табылмайтыны белгіленген жағдайларда, декларантқа және өзге адамдарға зиянының орнын толтыру, сондай-ақ олар зияткерлік меншік құқығы бұзылған тауар болып табылады деп болжанған зияткерлік меншік объектісі бар тауарларды шығаруды тоқтата тұруға байланысты туындауы мүмкін кеден органдарының шығындарын өтеу туралы өтініш берушінің міндеттемесі болуға тиіс.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Өтінішке зияткерлік меншік құқығының бар екендігін және тиесілі екендігін растайтын (түпнұсқалар не олардың нотариат куәландырған көшірмелері) құжаттар (куәлік, лицензиялық шарт, Қазақстан Республикасы тауар таңбаларының мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірме, халықаралық тіркеу бойынша тауар таңбасының құқықтық мәртебесі туралы анықтама), құқық иеленушінің өзінің мүдделерін білдіретін тұлғаға берген сенімхаты, өтініш берушінің басқа тұлғаларға келтірген зияны үшін жауапкершілігін сақтандыру шарты қоса беріледі.
Бұл ретте сақтандыру сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен кем болмайды.
Өтінiш берумен бiр мезгілде зияткерлік меншік құқығы бұзылған тауарлардың ерекше белгілерінің сипаттамасы ұсынылады.
Мүмкiндiгiнше зияткерлік меншiк объектiлерi бар тауарлардың және зияткерлік меншік құқығы бұзылған тауарлардың үлгілері, оның ішінде олардың электрондық нысандағы бейнелері де ұсынылады.
2016.30.11. № 26-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш түскен күннен бастап, күнтізбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмде оны қарайды және зияткерлік меншiк объектiлерін кедендік тiзілімге енгізу туралы шешім қабылдайды.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтiнiш берушi табыс еткен құжаттар мен мәлiметтердiң дұрыстығын тексеру мақсатында үшiншi тұлғалардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттік органдарынан табыс етілген мәлiметтердi растайтын құжаттарды сұратуға құқылы. Көрсетілген тұлғалар мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары сауал салуды алған күннен бастап күнтізбелiк он күн ішінде кеден ісі саласындағы уәкілетті органға сұратылған құжаттарды табыс етуге мiндетті.
Үшінші тұлғаларға және (немесе) өзге де мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберілген жағдайда кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтінішті қарау мерзімін ұзартуға, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы. Бұл ретте мерзімді осындай ұзарту туралы ақпарат өтініш берушіге үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті органының зияткерлік меншiк объектiлерін кедендік тiзілімге енгізу туралы шешiмi кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресiмделедi.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның зияткерлік меншiк объектiлерін кедендік тiзілімге енгізуден бас тарту туралы шешімі өтініш беруші толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер берген жағдайда, сондай-ақ өтініш беруші зияткерлік меншік құқықтарын бұза отырып, тауарлардың ерекше белгілерінің сипаттамасын бермеген жағдайда қабылданады.
Өтініш беруші кеден ісі саласындағы уәкілетті органның тиісті шешімі туралы жазбаша нысанда хабардар етіледі.
6. Өтініште не оған қоса берілген құжаттарда көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда, өтініш беруші ол туралы кеден ісі саласындағы кеден органына мәліметтер өзгерген күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей хабарлауға міндетті.
7. Зияткерлік меншiк объектілері:
1) өтініш берушінің қолдаухаты бойынша;
2) өтініш беруші көрсетілген зияткерлік меншiк объектілерін кедендік тізілімге енгізу туралы өтініш берген кезде толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер табыс еткен жағдайда;
3) өтініш беруші осы баптың 6-тармағында белгіленген талаптарды сақтамаған жағдайда;
4) тиісті зияткерлік меншік объектілеріне құқықтың қолданылуы тоқтатылған жағдайда;
5) өтініш беруші осы тараудың ережелерін сақтамаған жағдайда кедендік тізілімнен шығарылуы мүмкін.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның зияткерлік меншік объектілерін кедендік тізілімнен шығару туралы шешімі кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының бұйрығымен ресімделеді.
8. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш берушіні тиісті зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімнен шығарылғандығы туралы үш жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.
9. Зияткерлік меншік объектілеріне құқық тоқтатылған жағдайда, құқық иеленуші бұл туралы кеден ісі саласындағы уәкілетті органды үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.
440-бап. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру
1. Егер кеден органы зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне және Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде зияткерлік меншік құқығын бұзушылық белгілерін анықтаса, мұндай тауарларды шығару он жұмыс күніне дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады.
Кеден органы құқық иеленушінің немесе оның мүдделерін білдіретін адамның сауал салуы бойынша көрсетілген мерзімді ұзартуы мүмкін, бірақ ол он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы және тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімін ұзарту туралы шешімдерді кеден органының басшысы немесе ол уәкілеттік берген тұлға жазбаша нысанда қабылдайды.
2. Кеден органы зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, декларантты және құқық иеленушіні немесе олардың мүдделерін білдіретін тұлғаларды мұндай тоқтата тұру, тоқтата тұрудың себептері мен мерзімі туралы хабардар етеді, сондай-ақ декларантқа құқық иеленушінің және (немесе) оның мүдделерін білдіретін тұлғаның атауын, тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) және тұрған жерін (мекенжайын), ал құқық иеленушіге немесе оның мүдделерін білдіретін тұлғаға декларанттың атауын, тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) және тұрған жерін (мекенжайын) хабарлайды.
3. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімі өткеннен кейін мұндай тауарларды шығару, кеден органына тауарларды алып қоюды, оларға тыйым салуды не оларды тәркілеуді растайтын құжаттар не зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленуші құқықтарының бұзылғаны туралы талап қою бойынша азаматтық іс қозғау туралы судьяның анықтамасын кеден органына табыс еткен жағдайларды қоспағанда, осы Кодексте белгіленген тәртіппен жаңартылады және жүргізіледі. Зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленуші құқықтарының бұзылғаны туралы талап қою бойынша азаматтық іс қозғау туралы судьяның анықтамасы табыс етілген жағдайда, осы баптың 1-тармағында белгіленген зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімі, сондай-ақ көрсетілген тауарларды уақытша сақтау мерзімі талап қою бойынша соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін ұзартылады.
441-бап. Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне және Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілмеген зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұруы
1. Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне және Кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілмеген зияткерлік меншік объектілері бар кеден органдары Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың зияткерлiк меншiк құқықтары бұзылған тауарлар болып табылатын белгiлерiн анықтаған кезде, тауарларды шығаруды тоқтата тұруға құқылы.
Осы бапқа сәйкес көрсетілген тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешімді және тауарларды шығаруды тоқтата тұрудан бас тарту туралы шешімді кеден органының басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам жазбаша нысанда қабылдайды.
2. Кеден органдары қорғалатын тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын және тауарлардың шыққан жері орындарының атауларын қорғау жөніндегі өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органының мемлекеттік тіркеу тізілімдерінен алынатын ақпаратты пайдаланады. Көрсетілген тізілімдер жалпыға қолжетімді болып табылады, ресми интернет-ресурста, Қазақстан Республикасының зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органының веб-сайтында орналастырылады.
Кеден органдарының авторлық құқықпен және сабақтас құқықтармен қорғалатын шығармаларға және объектiлерге құқықтарды қорғау жөніндегі өкiлеттiктері Қазақстан Республикасының зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органмен өзара бiрлескен iс-қимыл арқылы жүзеге асырылады.
3. Кеден органы тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленуші құқықтарының бұзылу белгілерін анықтаса, зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды осы бапта көзделген тәртіпке сәйкес тоқтата тұрады және бұл туралы дереу құқық иеленуші мен декларантқа хабарлайды. Құқық иеленуші тиісті хабарламаны алғаннан кейін осы баптың 4-тармағында белгіленген мерзімде кеден органына декларантқа қатысты қабылданған шаралар туралы жазбаша жауап жібереді.
Құқықтары бұзылған болуы мүмкін тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы немесе авторлық құқық және сабақтас құқықтар құқық иесiнiң тұратын жерін анықтау үшiн кеден органы:
тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауарлардың шыққан жерлерінің атаулары және оның құқық иеленушісі туралы ақпарат болмаған кезде, Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына зияткерлік меншік объектілерінің тиісті мемлекеттік тізілімдерінен тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауарлардың шыққан жерінің атаулары және оның құқық иеленушісі туралы мәліметтер беруі туралы сауал жолдайды және қажетті шаралар қолдану үшін құқық иеленушіге хабарлама жібереді;
авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды тiркеудiң бар екендігін анықтау және құқық иеленушіні тиiстi шаралар қолдану қажеттiгi туралы одан әрi хабардар ету үшiн Қазақстан Республикасының зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органына сауал жiбередi. Сауалда кеден органы және оларға қатысты кеден органы зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шаралар қолданатын тауарлар туралы мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.
Кеден органы және Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органы құқық иеленушінің тұрған жерін анықтау және оны жиырма төрт сағат ішінде хабардар ету жөнінде қажетті шаралар қолданады.
Егер кеден органы жиырма төрт сағат ішінде құқық иеленушінің тұрған жерін анықтай алмаса, тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешімнің күші жойылуға тиіс, ал тауарлар осы Кодексте айқындалған тәртіппен дереу кедендік декларациялануға және шығарылуға жатады.
4. Зияткерлiк меншiк объектілеріне құқықтардың бұзылу белгiлерi анықталған кезде құқық иеленушіні хабардар ету және тауарлардың шығарылуын тоқтата тұрудың күшiн жою не мерзiмiн ұзарту туралы шешiм қабылдау үшiн тауарлардың шығарылуы үш жұмыс күнiне дейiн тоқтатыла тұрады.
5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетiлген мерзiм iшiнде кеден органына құқық иеленуші:
тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру мерзiмiн он жұмыс күнiне дейiн ұзарту туралы өтiнiштi табыс етпесе;
тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiштi табыс етсе, тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру туралы шешiмнiң күшi жойылуға, ал тауарлар осы Кодексте айқындалған тәртiппен дереу кедендiк декларациялануға және шығарылуға жатады.
6. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзім ішінде кеден органына құқық иеленушіден тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімін ұзарту туралы өтініш түссе, тауарларды шығару алғашқы тоқтата тұрған күннен бастап, он жұмыс күніне дейін тауарларды шығару тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда құқық иеленуші кеден органына мына құжаттарды:
1) шығарылуы тоқтатыла тұрған тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу фактісіне байланысты зияткерлік меншiк объектілеріне құқықтардың бұзылғандығы туралы талап қою бойынша азаматтық іс қозғау туралы судьяның анықтамасын;
2) егер сот шешімімен тауарлар зияткерлік меншiк құқықтары бұзылмаған тауарлар екендігі анықталса, декларантқа және өзге тұлғаларға зиянының орнын толтыру, сондай-ақ зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұруға байланысты туындауы мүмкін кеден органдарының шығындарын өтеу туралы міндеттемесін;
3) кеден ісі саласындағы уәкілетті органға құқық иеленушінің көрсетілген тауарларды осы Кодекстің 439-бабында белгіленген тәртіпке сәйкес зияткерлік меншiк объектілерінің кедендік тізіліміне енгізу туралы өтінішін растайтын жазбаша дәлелдемелерін табыс етуге міндетті.
7. Құқық иеленуші осы баптың 6-тармағында белгіленген құжаттарды тауарлар шығаруды тоқтата тұрудың бастапқы күнінен бастап он жұмыс күні ішінде табыс еткен жағдайда, тауарлардың шығарылуын тоқтата тұру мерзімі, сондай-ақ тауарларды уақытша сақтау мерзімі талап қою бойынша сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін ұзартылады.