8) гидрогеологиялық - жерасты суларының бірегей көздерін сақтау үшін.
68-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдар құрудың ерекшеліктерi
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік табиғи қаумалдар жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан оларды алып қоймай-ақ, барлық санаттағы жер учаскелерінде құрылады.
Мемлекеттік табиғи қаумалдардың шекаралары меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің шекаралары бойынша немесе табиғи географиялық шептер бойынша айқындалады және жергілікті жерлерде арнайы белгілермен белгіленеді.
Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекеттік табиғи қаумал орналасқан жер учаскесін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың мемлекеттік табиғи қаумал аумағындағы шаруашылық қызметін шектеу Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген тәртіппен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімдерімен белгіленеді.
2. Мемлекеттік табиғи қаумалдар:
1) мерзімсіз - жұмыс істеу мерзімі көрсетілмей;
2) ұзақ мерзімді - 10 жылдан астам мерзімге;
3) қысқа мерзімді - 10 жылдан кем мерзімге құрылады.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік табиғи қаумалдар бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелері, мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерi, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымдар осы Заңның 32-бабына сәйкес арнайы күзет қызметтерінің күшімен оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қорғау мен қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады.
69-бап. Мемлекеттік табиғи қаумалдарды күзету режимi мен оларды пайдаланудың ерекшеліктерi
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттiк табиғи қаумалдарда мынадай қызметке:
1) кешенді мемлекеттік табиғи қаумалдарда - табиғи кешендерді сақтауға қатер төндіретін шаруашылық қызметке, өсімдіктер мен жануарлардың бөтен түрлерін жерсіндіруге;
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2) тармақша жаңа редакцияда
2) зоологиялық мемлекеттiк табиғи қаумалдарда - уәкілетті органның рұқсаты бойынша ғылыми-зерттеу, өсімін молайту және мелиорациялық мақсаттарда алып қою жағдайларын қоспағанда, аң аулауға, балықтарды қоспағанда, кез келген тәсiлдермен және құралдармен жануарларды аулауға, жануарлардың бөтен түрлерiн интродукциялауға, ұяларды, iндердi, апандарды және басқа да мекендеу орындарын бүлдiруге, жұмыртқалар жинауға;
3) ботаникалық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - мал жаюға, шөп шабуға, ағаш кесудің барлық түрлеріне, гүлдер теруге, өсімдіктердің тамырларын, түйнектерін және жуашығын қазып алуға, от жағуға, көлік құралдарының бар жолдардан тыс жерлермен келіп кіруіне және жүруіне, өсімдіктер мен жануарлардың бөтен түрлерін жерсіндіруге, сол сияқты өсімдіктердің бүлінуін және жойылуын туғызған немесе туғызатын басқа да әрекеттерге;
4) гидрогеологиялық мемлекеттік табиғи қаумалдарда - тас, қиыршық тас, құм және басқа да пайдалы қазбалар өндіруге, үңгірлерді бүлдіруге, жер қазу жұмыстарын жүргізуге, табиғи гидрологиялық режимді өзгертетін әрекеттерге, мемлекеттік табиғи қаумалдың табиғи құрама бөліктерін бүлдіруге немесе қиратуға байланысты ізденістер мен ғылыми зерттеулерге тыйым салынады.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды; 2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-1. Кешенді мемлекеттік табиғи қаумалдарда аң аулауға және балық аулауға мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сақталуына қауіп төндірмейтін, жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюдың жол берілетін көлемінің биологиялық негіздемесіне мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган рұқсат етеді.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды
1-2. Зоологиялық мемлекеттік табиғи қаумалдарда белгіленген режимді сақтай отырып, ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыруға (ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, шөп шабу, мал жаю) және бал ара шаруашылығына рұқсат етіледі.
2. Мемлекеттік табиғи қаумалдар режимінің ерекшеліктері паспортпен айқындалады.
3. Мемлекеттік табиғи қаумалдар ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар белгіленген шектеулерді сақтай отырып, мемлекеттік табиғи қаумалдарда шаруашылық қызметті жүзеге асыруға құқылы.
15-тарау. Мемлекеттік қорық аймақтары
70-бап. Мемлекеттік қорық аймағының ұғымы, мақсаттары мен міндеттерi
Мемлекеттік қорық аймағы - мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар үшін резервке қойылған жер учаскелері мен су айдындарында мемлекеттік табиғи қорық қорының объектілерін және биологиялық саналуандықты сақтауға және қалпына келтіруге арналған теңдестірілген күзет режимінің түрлері бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
71-бап. Мемлекеттік қорық аймақтарын құру тәртібi
1. Мемлекеттік қорық аймақтары жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан оларды алып қоймай-ақ, барлық санаттағы жер учаскелерінде жарияланады.
2. Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекеттік қорық аймағы орналасқан жер учаскесін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
72-бап. Мемлекеттік қорық аймақтарын күзету мен пайдаланудың ерекшеліктерi
1. Егер кез келген қызмет күзетілетін ландшафтардың табиғи келбетін өзгертуі немесе экологиялық жүйелердің тұрақтылығын бұзуы мүмкін болған не ерекше құнды табиғи ресурстарды сақтауға және молықтыруға қатер төндірген жағдайда, мемлекеттік қорық аймақтарында мұндай қызметке тыйым салынады.
2. Мемлекеттік қорық аймақтарында учаскелер қорықтық және қаумалдық режимді, сондай-ақ шаруашылық қызметтің реттелмелі режимді учаскелері болып бөлінеді.
3. Мемлекеттік қорық аймақтары оларды күзету режимі түрлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін көзделген барлық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.
4. Мемлекеттік қорық аймақтарында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметіне шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік қорық аймақтары бекітіп берілетін табиғат қорғау мекемелері, мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерi, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымдар осы Заңның 32-бабына сәйкес арнайы күзет қызметтерiнiң күшімен оларда орналасқан мемлекеттік табиғи қорық қорының объектілерін қорғау мен қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады.
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Мемлекеттік қорық аймақтарының аумақтарында Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, уәкілетті органның келісімі бойынша геологиялық зерттеулерге, пайдалы қазбаларды барлауға рұқсат беріледі.
Пайдалы қазбаларды өндіруге Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген арнайы экологиялық талаптар ескеріле отырып, уәкілетті органмен келісілген, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнің шешімінің негізінде айрықша жағдайларда жол беріледі.
73-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегi мемлекеттік қорық аймағы
1. Еділ (Қазақстан Республикасының шегінде) мен Жайық өзендерінің атыраптарын қоса Солтүстік Каспийдің шығыс бөлігінің су айдыны Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі балық қорын сақтау мен бекіре тұқымдас және балықтың басқа да бағалы түрлерінің мекендеуі мен табиғи молығуына оңтайлы жағдай жасауға арналған мемлекеттік қорық аймағына кіреді.
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 6 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген арнайы экологиялық талаптарды ескере отырып, балық шаруашылығын, су көлігін дамыту, мемлекеттік геологиялық зерттеу, көмірсутекті шикізатты барлау және өндіру үшін мүмкіндіктер қамтамасыз етіледі.
16-тарау. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерi
74-бап. Мемлекеттік орман қорының ерекше құнды екпелерi
1. Мемлекеттік орман қорының ерекше құнды екпелеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына енгізілуі не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мына санаттарына енуі мүмкін ерекше құнды орман алқаптары, орман жемісі екпелері, тоғайлы және субальпілік орман алқаптары жатады:
1) генетикалық орман резерваттарын қоса алғанда, ғылыми маңызы бар орман учаскелері;
2) жаңғақ кәсіпшілігі аймақтары;
3) субальпілік ормандар.
2. Мемлекеттік орман қорының ерекше құнды екпелер учаскелерінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес оларды күзету мен пайдаланудың қорықтық немесе қаумалдық режимі белгіленеді.
75-бап. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар
1. Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін, нәзік немесе жойылып бара жатқан түрлерінің немесе қосымша түрлерінің, ең алдымен халықаралық ресурс болып табылатын қоныс аударатын суда жүзетін құстардың едәуір дәрежеде жиынтық мөлшерінің резерваттары қызметін атқаратын теңіз су айдындарын қоса алғанда, табиғи және жасанды су бөгендері халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар болып табылады.
2. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына енгізіледі.
3. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарда суда жүзетін құстар мекендейтін жерлерді күзету мен қалпына келтіруді қамтамасыз ететін шаруашылық қызметтің қорықтық және қаумалдық түрлерінің режимдері немесе реттелмелі режимі белгіленеді.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 75-1-баппен толықтырылды
75-1-бап. Негізгі орнитологиялық аумақтар
1. Құстардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің едәуір жиынтығының, белгілі бір ландшафтарға тән құстар қауымдастықтарының, құрлықтағы немесе суда жүзетін және су маңындағы құстардың ұя салу немесе қоныс аудару кезінде едәуір тобының мекендеу орындары қызметін атқаратын учаскелер негізгі орнитологиялық аумақтар болып табылады.
2. Негізгі орнитологиялық аумақтарда қаумалдық режим белгіленеді.
76-бап. Бірегей табиғи су объектілері немесе олардың учаскелерi
1. Бірегей табиғи су объектілеріне немесе олардың учаскелеріне теңіздер, өзендер, көлдер, мұздақтар және басқа да жер бетіндегі су объектілері немесе олардың ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар бөліктері жатады.
2. Бірегей табиғи су объектілері немесе олардың учаскелері олардың маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің құрамына енгізіледі, сондай-ақ олардың шекарасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлері құрылуы мүмкін.
3. Бірегей табиғи су объектілерінде немесе олардың учаскелерінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес олардың қорғалуын қамтамасыз ететін су пайдаланудың қорықтық, қаумалдық немесе реттелмелі режимдері белгіленеді.
77-бап. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерi
1. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелеріне мыналар жатады:
1) геологиялық объектілер - тіреуіш немесе айрықша тіліктер, айрықша тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетін тау жыныстары мен минералдары, метеориттер, фауна мен флораның сақталып қалған қазба қалдықтары кездесетін табиғи және жасанды жалаңаштанған жерлер;
2) геоморфологиялық объектілер - рельефтің пайда болу процестерін айқын көрсететін және туризм мен рекреация үшін ерекше құндылық сипаты бар сатылы жерлер, су жайылмалары, үңгірлер, сай-салалар, шатқалдар, сарқырамалар және рельефтің басқа да нысандары;
3) гидрогеологиялық объектілер - бірегей және сирек қасиеттерімен ерекшеленетін жер астындағы сулар және олардың жер бетіне шығатын жолдары;
4) жартастағы суреттері, ертеде кен өндірілген жерлері және тарихи, археологиялық және этнографиялық маңызы бар жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа да объектілері бар жер қойнауы учаскелері.
2. Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектілерінің сақталуына қатер төндіретін кез келген қызметке тыйым салынады.
78-бап. Өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерi
1. Өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесі: үйреншікті мекендеу ортасында жойылып кеткен, толық жойылып кету алдындағы, жойылып кету қаупі төнген түрлерді қамтиды.
2. Мемлекет өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерін қорғауды жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар оларды қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
3. 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қоюға:
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) ғылыми, өсімін молайту, коммерциялық мақсаттарда арнайы жасалған жағдайларда өсіру, сондай-ақ кейіннен мекендеу ортасына жіберу үшін;
2) аң аулаудың ұлттық түрлерін дамыту;
3) ғылыми зерттеулер;
4) селекция үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша айрықша жағдайларда жол беріледі.
79-бап. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерi
1. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілеріне ғылыми ынта туғызатын және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар бірегей қасиеттерімен (шығу тегінің тарихымен, тіршілік ұзақтығымен, діңінің, ұшарбасының пішімімен және көлемімен, гүлдерінің, жемістерінің және тұқымдарының мөлшерімен, басқа қасиеттерімен) сипатталатын ағаштардың, бұталардың және шөп тектес өсімдіктердің табиғи ортада немесе жасанды жағдайларда кездесетін дара даналары және (немесе) жекелеген топтары жатады.
2. Ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері ретінде бөлу, жерге орналастыру, орман орналастыру, қала құрылысы жұмыстары кезінде жүргізіледі.
3. Мемлекет ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін қорғауды жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері болып жарияланған ерекше ғылыми және (немесе) тарихи-мәдени маңызы бар өсімдіктер дүниесінің бірегей дара объектілерін қорғау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
17-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты
экологиялық желінің элементтерi
80-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты экологиялық желінің элементтері ұғымы
1. Өздерінің экологиялық жүйелерінің жай-күйі және өздерінің орналасуы бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты және ел аумағының табиғи және мәдени ландшафтардың орнықтылығын, биологиялық саналуандығын сақтауды қамтамасыз ететін кеңістік тұрғысынан алғанда өзара байланысып тұратын жер, су беті және олардың үстіндегі әуе кеңістігі учаскелерінің жиынтығын білдіретін табиғи кешендер экологиялық желінің элементтері болып табылады.
2. Экологиялық желінің элементтеріне сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы жер учаскелері, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзетілетін аймақтары, экологиялық дәліздер, мемлекеттік орман қоры, су қорғау аймақтары, су объектілерінің алаптары және басқа да табиғи объектілердің қорғалатын учаскелері, соның ішінде аң аулау алқаптары жатады.
3. Сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы мемлекеттік орман қорының жер учаскелерін, су қорғау аймақтары мен су объектілерінің алаптарын, аң аулау алқаптарын, балық шаруашылығының су айдындарын белгілеу мен пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының арнайы заңнамасымен реттеледі.
81-бап. Экологиялық дәліздер
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Экологиялық дәлiздер барлық санаттағы жер учаскелерінде оларды жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан алып қоймай, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн, биологиялық әртүрлілікті сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мекендейтiн жануарлардың табиғи қоныс аудару және өсетiн өсiмдiктердiң таралу жолдарын қорғау мен жайластыру мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желiнiң басқа да элементтерi арасындағы кеңiстiкті байланысты қамтамасыз ету үшiн құрылады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Экологиялық дәліздер учаскелерінде жабайы жануарлардың уақытша мекендейтін жерлерінде олардың сақталуын, қоныс аудару кезеңдерінде олардың жүріп өтетін жолдарының сақталуын, жабайы өсімдіктер өсетін жерлердің сақталуын қамтамасыз ететін осы жерлерді пайдаланудың реттелмелі режимі белгіленеді.
Экологиялық дәліздер режимінің ерекшеліктері ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында айқындалады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Экологиялық дәліз құру туралы шешімді жаратылыстану-ғылыми негіздеме негізінде уәкілетті органның ұсынысы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
Экологиялық дәліздердің шекаралары табиғи географиялық шептер бойынша белгіленеді және жергілікті жерлерде арнайы белгілермен белгіленеді.
Экологиялық дәліздерді қорғау мен басқаруды табиғат қорғау мекемелері және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады. Экологиялық дәліздерді табиғат қорғау мекемелеріне және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарға бекітіп беру уәкілетті органның шешімімен жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақтық дамудың өңіраралық схемалары, қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары мен экологиялық дәліздер аумағын қозғайтын өзге де қала құрылысы құжаттамасы уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
18-тарау. Қорытынды ережелер
82-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын бұзушылықтан келтірілген залалды өтеу
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне залал келтірген жеке және заңды тұлғалар келтірілген шығындарды ескере отырып, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қалпына келтіруге жұмсалған шығындар мөлшерінде табиғат қорғау ұйымдарына толық көлемде өтеуге міндетті.
2010.21.01. № 242-IV ҚР Заңымен 83-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
83-бап. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
84-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 84-1-баппен толықтырылды
84-1-бап. Табиғат қорғау мекемелерінің лауазымды адамдары мен мамандарын құқықтық және әлеуметтік қорғау
1. Табиғат қорғау мекемелерінің лауазымды адамдары мен мамандары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және әлеуметтiк қорғалуға жатады.
2-тармақ 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. Ауылдық жерлерде табиғат қорғау функцияларын жүзеге асыратын табиғат қорғау мекемелерінің лауазымды адамдары мен мамандарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кемінде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар белгіленеді.
3. Табиғат қорғау мекемелерінің лауазымды адамдары мен мамандарына жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша мал жаю және шөп шабу үшін жер учаскелері беріледі.
85-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
1. Осы Заң, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 32-бабын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 1997 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 жыл, № 17-18, 215-құжат; 1999 ж., № 11, 357-құжат; 2001 ж., № 3, 20-құжат; № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 10, 57-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2006 жылғы шілденің 7-сі.
№ 175-III ҚРЗ