2) дайын жобалау-сметалық құжаттаманы тапсырысшымен, ал қажет жағдайда тапсырысшымен бірге құзыреттi мемлекеттік органдармен және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарымен келiсуге;
3) егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшыға дайын жобалық-сметалық құжаттаманы және iздестiру жұмыстарының нәтижесiн бір мезгiлде беруге;
4) тапсырысшының келісімінсіз жобалау-сметалық құжаттаманы үшінші тұлғаларға бермеуге міндетті.
671-бап. Мердігердің кепілдіктері
Мердігер жобалау және іздестіру жұмыстарына арналған мердігерлік шарт бойынша тапсырысшыға мердігер әзiрлеген жобалау-сметалық құжаттаманың негізінде үшінші тұлғалардың жұмыстардың орындалуына бөгет жасау немесе шектеу қою құқығының жоқтығына кепiлдiк бередi.
672-бап. Жобалау-сметалық құжаттаманың және iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерi үшiн мердiгердiң жауаптылығы
1. Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша мердiгер құрылысты салу барысынан кейiн, сондай-ақ орындалған жобалау-сметалық құжаттама және iздестiру жұмыстары негiзiнде жасалған объектiнi пайдалану процесiнде анықталған кемшiлiктердi қоса алғанда, жобалау-сметалық құжаттаманың және iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерi үшiн жауапты болады.
2. Жобалау-сметалық құжаттамада немесе iздестiру жұмыстарында кемшiлiктер анықталған жағдайда мердiгер тапсырысшының талабы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы тегiн қайта жасауға және тиiсiнше қосымша iздестiру жұмыстарын жүргiзуге, сондай-ақ, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, тапсырысшыға келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi.
3. Жобалау құжаттамасының кемшiлiктерiнен туындайтын талаптарды оны дайындау жөнiнде тапсырысшы болмаса да, жобалау құжаттамасын пайдаланатын тұлғаның қоюы мүмкiн.
5. Ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және
технологиялық жұмыстарға мердiгерлiктiң ерекшелiктерi
673-бап. Ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға шарттар
1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шарт бойынша мердiгер (атқарушы) тапсырысшының тапсырмасында көзделген ғылыми зерттеулердi жүргiзуге, ал тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға шарт бойынша - жаңа бұйымның үлгiсiн, оған конструкторлық құжаттаманы, жаңа технологияны жасауға немесе үлгi дайындауға міндеттенеді; тапсырысшы мердігерге (атқарушыға) техникалық тапсырма беруге, жұмыс нәтижелерін қабылдауға және оларға ақы төлеуге міндеттенеді.
2. Мердiгермен (атқарушымен) жасалған шарт зерттеу жүргiзудiң, үлгiлердi әзiрлеу мен жасаудың бүкiл циклын да, сондай-ақ олардың жекелеген элементтерiн де қамтуы мүмкiн.
674-бап. Жұмыстарды орындау
1. Мердiгер (атқарушы) ғылыми зерттеулердi жеке өзi жүргiзуге мiндеттi. Егер шартта өзгеше көзделмесе, ол ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шартты орындауға тапсырысшының келісімiмен ғана үшiншi тұлғаларды тартуға құқылы.
2. Тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау кезiнде, егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер оларды орындауға үшiншi тұлғаларды қосалқы мердiгер ретінде тартуға құқылы.
675-бап. Жұмыстарды тапсыру, қабылдау және оған ақы төлеу
Мердiгер (атқарушы) толық аяқталған ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмысты тапсыруға, ал тапсырысшы оны қабылдауға және оған ақы төлеуге міндетті. Шартта жұмыстың жекелеген кезеңдерін қабылдау және оларға ақы төлеу не ақы төлеудiң өзге де әдiсi көзделуi мүмкiн.
676-бап. Шарт туралы мәлiметтердiң құпиялылығы
Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартта өзгеше көзделмесе:
1) мердiгер (атқарушы) де, тапсырысшы да шарттың нысанасына, оның орындалу барысына және алынған нәтижелерге қатысты мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз етуге мiндеттi. Құпия деп танылатын мәлiметтердiң көлемi шартта белгiленедi;
2) мердiгер аталған шарт бойынша алынған жұмыс нәтижелерiн тек тапсырысшының келісімiмен ғана патенттеудi жүзеге асыруға құқылы.
677-бап. Тараптардың жұмыс нәтижелерiне құқықтары
1. Тапсырысшының ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша өзiне берiлген жұмыс нәтижелерiн шартта көзделген шекте және жағдайда пайдалануға құқығы бар.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер (атқарушы) өзi алған жұмыс нәтижелерiн өзi үшiн пайдалануға құқылы.
3. Шартта мердiгердiң (атқарушының) жұмыс нәтижелерiн үшiншi тұлғаларға сату құқығы көзделуi мүмкiн.
678-бап. Тапсырысшының мiндеттерi
Ғылыми-зерттеу не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша тапсырысшы:
1) мердiгерге (атқарушыға) техникалық тапсырма беруге және онымен жұмыс бағдарламасын (техникалық-экономикалық өлшемдердi) немесе тақырыптамасын келiсуге;
2) мердiгерге (атқарушыға) жұмысты орындауға қажеттi ақпарат беруге;
3) орындалған жұмыс нәтижелерiн қабылдауға және оларға ақы төлеуге (осы Кодекстiң 623-бабы) мiндеттi.
679-бап. Мердiгердiң (атқарушының) мiндеттерi
1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша мердiгер (атқарушы):
1) жұмысты тапсырысшымен келісілген бағдарламаға (техникалық-экономикалық өлшемдерге) немесе тақырыптамаға сай орындауға және тапсырысшыға шартта көзделген мерзiмде жұмыс нәтижелерiн беруге;
2) интеллектуалдық меншiктi құқықтық қорғауға байланысты талаптарды сақтауға;
3) шартта немесе тапсырысшының техникалық тапсырмасында көзделген техникалық-экономикалық өлшемдерден ауытқуға соқтыруы мүмкiн техникалық құжаттамадағы өз кiнәсiнен жiберiлген кемшiлiктердi өз күшiмен және өз есебiнен жоюға;
4) тапсырысшыға күтiлетін нәтижелерге жету мүмкiн болмайтыны анықталғаны немесе жұмысты одан әрi жүргiзу орынсыз екенi туралы дереу хабарлауға;
5) тапсырысшыға осындай шарт негiзiнде берiлген нәтижелерге үшiншi тұлғаларда айрықша құқықтарының болмайтынына кепiлдiк беруге мiндеттi.
2. Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарттарда өзгеше көзделмесе, мердiгер (атқарушы):
1) жұмысты орындау кезiнде алынған ғылыми-техникалық нәтижелердi тапсырысшының келісімiнсiз жариялаудан тартынуға;
2) жұмысты орындау кезiнде алынған құқықтық қорғауға қабiлеттi нәтижелердi қорғау үшiн шаралар қолдануға және бұл туралы тапсырысшыға хабарлауға;
3) орындалған жұмыстарда қолданылған, құқықтық қорғауды иеленетiн ғылыми-техникалық нәтижелердi пайдалануға тапсырысшыға айрықша лицензия беруге мiндеттi.
680-бап. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шартта нәтижеге жету мүмкiндiгi болмауының салдары
Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында мердігерге (атқарушыға) байланыссыз себептер салдарынан нәтижеге жетудің мүмкін еместiгi анықталса, тапсырысшы шартта көзделген нәтижелерге жетудiң мүмкiн еместiгi анықталғанға, дейiн жүргiзiлген жұмыс құнын төлеуге мiндеттi, бiрақ ол шартта көзделген жұмыстардың тиiстi бөлiгiнiң бағасынан аспауға тиiс.
681-бап. Тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартта жұмыс нәтижесiне жету мүмкiндiгi болмауының салдары
Егер тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау барысында мердiгердiң кiнәсiнсiз жұмысты одан әрi жалғастыру мүмкiн болмайтыны немесе орынсыз екенi анықталса, тапсырысшы атқарушы шеккен шығындарды төлеуге мiндеттi.
682-бап. Мердiгердiң (атқарушының) шартты бұзғаны үшін жауапкершілігі
1. Мердігер (атқарушы) тапсырыс берушінің алдында ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартты орындамағаны және тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн, егер шарттың бұзылуы мердiгердiң (атқарушының) кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жауапты болады.
2. Шартты бұзған мердiгер (атқарушы), егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырыс берушi шеккен залалды нақты зиян түріндегі жұмыстың құны шегiнде өтеуге мiндеттi.
33-тарау. Өтелмелі қызмет көрсету
683-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шарты
1. Өтелмелi қызмет көрсету шарты бойынша орындаушы тапсырысшының тапсырмасы бойынша қызмет көрсетуге (белгiлi бiр iс-әрекет жасауға немесе белгiлi бiр қызметтi жүзеге асыруға) мiндеттенедi, ал тапсырысшы бұл қызмет көрсетуге ақы төлеуге мiндеттенедi.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы тараудың ережелерi персонал беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ осы Кодекстің 32, 34, 35, 39, 41, 43, 44-тарауларында көзделген шарттар бойынша көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, байланыс қызметтерін, медициналық, ветеринариялық, аудиторлық, консультациялық, ақпараттық қызметтерді, оқыту мен туристік қызмет көрсету бойынша қызметтерді және өзге де қызметтерді көрсету шарттарына қолданылады.
684-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шартын атқару
Егер өтелмелi қызмет көрсету шартында өзгеше көзделмесе, атқарушы қызметтi өзi көрсетуге мiндеттi.
685-бап. Көрсетiлген қызметтерге ақы төлеу
1. Тапсырысшы өзiне көрсетiлген қызметтерге өтелмелi қызмет көрсету шартында көрсетiлген мерзiм мен тәртiпте ақы төлеуге мiндеттi.
2. Тапсырысшының кiнәсiнен орындау мүмкiн болмаған жағдайда, егер заң актілерінде немесе өтелмелi қызмет көрсету шартында өзгеше көзделмесе, көрсетiлген қызметке ақы толық көлемiнде төленуге жатады.
3. Орындаудың мүмкiн болмауы тараптардың ешқайсысы жауап бермейтін мән-жайлар бойынша туындаған жағдайда, егер актiлерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы атқарушыға оның iс жүзiнде шыққан шығындарын өтейдi.
686-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шартын орындаудан бiржақты бас тарту
1. Тапсырысшы атқарушының iс жүзiнде шеккен шығыстарын өтеген жағдайда өтелмелi қызмет көрсету шартын орындаудан бас тартуға құқығы.
2. Тапсырысшының кiнәсiнен болған жағдайды қоспағанда, атқарушы өтелмелi қызмет көрсету шарты бойынша мiндеттемелердi орындаудан тапсырысшыға шартты бұзудан келтiрiлген залалды толық өтегенде ғана бас тартуға құқылы.
687-бап. Өтелмелi қызмет көрсету шартын құқықтық реттеу
Мердiгерлiк туралы жалпы ережелер (осы Кодекстiң 616-639-баптары) және тұрмыстық мердiгерлiк туралы ережелер (осы Кодекстiң 640-650-баптары), егер осы Кодекстiң 683-686-баптарына, сондай-ақ өтелмелi қызмет көрсету шарты нысанасының ерекшелiктерiне қайшы келмесе, өтелмелi қызмет көрсету шартына қатысты қолданылады.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 687-1-баппен толықтырылды
687-1-бап. Персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарт
Персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарт бойынша бір тарап (жіберуші тарап) өз жұмыскерін басқа тараптың (қабылдаушы тарап) мүддесінде, басқаруымен және бақылауымен жұмысты орындау үшін жібереді.
34-тарау. Тасымалдау
688-бап. Жалпы ережелер
1. Жүктердi, жолаушыларды және теңдеме жүктi тасу тасымалдау шартының негiзiнде жүргiзiледi.
2. Тасымалдаудың жалпы талаптары көлiк туралы заң актілерімен, өзге де заң актілерімен және оларға сәйкес шығарылған ережелермен белгiленедi. Жүктердi, жолаушыларды және теңдеме жүктi көлiктiң жекелеген түрлерiмен тасымалдау талаптары, егер осы Кодекспен, көлiк туралы заң актілерімен, өзге де заң актілерімен және оларға сәйкес шығарылған ережелермен өзгеше белгiленбесе, тараптардың келісімiмен белгiленедi.
689-бап. Жүктi тасымалдау шарты
1. Жүктi тасымалдау шарты бойынша бiр тарап (тасымалдаушы) өзiне басқа тараптың (жүк жөнелтушiнiң) сенiп тапсырған жүгiн белгiленген мекенге жеткізуге және жүктi алуға уәкiлеттi адамға (алушыға) оны беруге міндеттенеді, ал жүк жөнелтуші жүкті тасымалдағаны үшiн шартқа немесе тарифке сәйкес ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Жүк тасымалдау шарты көлiктiк құжатын, коносаменттi, тауар-көлiк құжатын немесе жүк тасымалдаудың көлiк туралы заң актілерінде көзделген өзге құжатын толтыру арқылы ресiмделедi.
690-бап. Жолаушы тасымалдау шарты
1. Жолаушы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жолаушыны баратын мекенiне, ал жолаушы теңдеме жүктi тапсырған жағдайда теңдеме жүктi де апаратын мекенге жеткізудi және оны теңдеме жүктi алуға құқық берiлген адамға беруге мiндеттенедi; жолаушы жолына, ал теңдеме жүгiн тапсырған кезде - теңдеме жүгiн алып баруға ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Жолаушы мен теңдеме жүктi тасымалдау шарты тиiсiнше жол жүру билетiмен және теңдеме жүк түбiртегiмен ресiмделедi. Жол жүру билетi мен теңдеме жүк түбiртегiнiң нысаны көлiк туралы заң актілерінде көзделген тәртiппен белгiленедi.
691-бап. Кеме жалдау (чартер) шарты
Кеме жалдау (чартер) шарты бойынша бiр тарап (кемемен жалданушы) басқа тарапқа (кеме жалдаушы) жолаушыларды, теңдеме жүктi және жүктердi тасымалдау үшiн бiр немесе бiрнеше көлiк құралын толық немесе оның сыйымдылығының бiр бөлiгiн бiр немесе бiрнеше рейске ақы төлеттiрiп беруге мiндеттенедi.
Кеме жалдау шартын жасасу тәртібі, сондай-ақ оның нысаны мен түрлерi көлiк туралы заң актілерімен белгiленедi.
692-бап. Тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттар
Жүйелi түрде тасымалдауларды жүзеге асыру қажет болған кезде тасымалдаушы мен жүк жөнелтушi тасымалдауларды ұйымдастыру туралы ұзартылған шарттар жасаса алады.
Жүктердi тасымалдауларды ұйымдастыру туралы шарт бойынша тасымалдаушы белгiленген мерзiмде жүктi қабылдауға, ал жүк жөнелтушi - келісілген көлемде тасымалдауға жүк берiп тұруға мiндеттенедi.
Тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тасымалдау көлемдерi, мерзiмдерi, сапасы және көлiк құралдарын беру мен тасымалдауға жүктердi берудiң басқа да жағдайлары, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастырудың заң актілерінде көзделмеген өзге де жағдайлары белгiленедi.
693-бап. Көлiк ұйымдары арасындағы шарттар
Әртүрлi көлiк ұйымдары арасында жүктердi тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру туралы шарттар (тораптық келісімдер, жүктердi орталықтандырылған түрде әкелу (әкету) шарты және басқалар) жасалуы мүмкiн.
Мұндай шарттарды жасасу тәртібі көлiк туралы заң актілерімен белгiленедi.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 694-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
694-бап. Аралас тасымалдар
Екі немесе одан да көп көлiк түрлерiмен бірыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бірыңғай коносамент) бойынша тасымалдау (аралас тасымалдар) кезіндегі өзара қарым-қатынастар, сондай-ақ осындай тасымалдарды ұйымдастыру тәртiбi Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлеріне сәйкес аралас тасымалдар қатысушыларының арасындағы жасалатын шарттармен айқындалады.
695-бап. Жалпы пайдаланыстағы көлiкпен тасымалдау
1. Коммерциялық ұйым жүзеге асыратын тасымалдау, егер заң актілерінен, өзге нормативтiк құқықтық актiлерден немесе осы ұйымға берiлген лицензиядан (патенттен) бұл ұйым жолаушыларды, жүктердi және (немесе) теңдеме жүктi кез келген азаматтың немесе заңды тұлғаның өтiнiшi бойынша тасымалдауды жүзеге асыруға мiндеттi екенi туындайтын болса, жалпы пайдаланыстағы көлiкпен тасымалдау болып танылады.
2. Жалпы пайдаланыстағы көлiкпен тасымалдау шарты жария шарт болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
696-бап. Көлiк құралдарын беру, жүктi тиеу (түсiру)
1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiге жүк тиеуге қабылданған өтiнiмде (тапсырыста), тасымалдау шартында белгiленген мерзiмде тиiстi жүкті тасымалдауға жарайтын күйінде ақаусыз көлiк құралдарын беруге мiндеттi.
Жүк жөнелтушi тиiстi жүктi тасымалдауға берiлген жарамсыз көлiк құралдарынан бас тартуға құқылы.
2. Жүктi тиеудi (түсiрудi) көлiк ұйымдары мен жүк жөнелтушi (жүк алушы) көлiк туралы заң актілерінде және оларға сәйкес шығарылған ережелерде белгiленген талаптарды сақтай отырып, шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырады.
3. Жүк жөнелтушiнiң (алушының) күшiмен және құралдарымен жүзеге асырылатын жүк тиеу (түсiру), егер мұндай мерзiмдер көлiк туралы заң актілерінде және оларға сәйкес шығарылған ережелерде белгiленбесе, шартта белгiленген мерзiмде жүзеге асырылуға тиiс.
697-бап. Кiре ақысы
1. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, жүктердi, жолаушыларды және теңдеме жүкті тасымалдау үшін тараптардың келісімiнде белгiленген ақы төленедi.
2. Жалпы пайдаланыстағы көлiкпен жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүктi тасымалдауға ақы төлеу көлiк туралы заң актілерінде белгiленген тәртiппен бекітілетiн тарифтер негiзiнде айқындалады.
3. Жүк иелерiнiң талабы бойынша орындалатын және тарифтерде көзделмеген жұмыстар мен қызмет көрсетулерге ақы тараптардың келісімi бойынша төленедi.
4. Тасымалдаушының өзiне тасымалдау үшiн берiлген жүктер мен теңдеме жүктi оған тиесiлi кiре ақысын және тасымалдау жөніндегі басқа да төлемдердi (осы Кодекстiң 292-бабы) қамтамасыз ету үшiн, егер заң актілерінде, тасымалдау шартында өзгеше белгiленбесе немесе міндеттеме мәнiнен туындамаса, ұстап қалуға құқығы бар.
698-бап. Жүктi, жолаушыны және (немесе) теңдеме жүктi жеткізу мерзiмi
Тасымалдаушы жүктi, жолаушыны және (немесе) теңдеме жүктi тиiстi пунктке көлiк туралы заң актілерінде айқындалған және оларға сәйкес тасымалдау ережелерiнде белгiленген мерзiмде жеткізуге мiндеттi.
Егер жүктi, жолаушыны немесе теңдеме жүктi жеткізу мерзiмi белгiленбесе және тараптар бұл мерзiмдi шартта көздемеген болса, жеткізу қисынды мерзiмде жүргiзiлуi тиiс.
ҚР 06.12.2001 № 260-II Заңына сәйкес 564-бап 3-тармақпен толықтырылды
699-бап. Жүкке билiк ету құқығы
1. Жүк жөнелтушi немесе жүкке билiк ету құжатының иесi тасымалдаушыға тасымалдауды тоқтатуды немесе жүктi қайтаруды талап ете алады не басқа да өкiм бере алады. Бұл жағдайда тасымалдаушы жасалған тасымалға ақы төлеуді, сондай-ақ жасалған өкімге байланысты келтiрген шығындарды өтеуiн талап етуге құқылы.
2. Жүк баратын жерiне жеткеннен кейiн жүк алушыға жүктi берген кезде жүк жөнелтушi алдыңғы тармақта көрсетiлген құқықтардан айырылады.
3. Жүк алушы ерекше сақталу жағдайларын қажет ететiн (тез бүлiнетiн) жүктi алу жөніндегі мiндеттемелердi орындаудан жалтарған кезде, мұндай жүктi сақтау мүмкiн болмаған және оның бүлiнуiне әкеп соғуы ықтимал жағдайда жүк жөнелтушiнiң оған қалай иелiк ету керектiгi жөнiнде нұcқауы болмаса, тасымалдаушының жүктi сатуға құқығы бар.
Жүктi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi соманы шегергеннен кейiн нотариустың атына депозит шартымен салынады.
700-бап. Жолаушылардың құқықтары
Көлiк туралы заң актілерінде көзделген тәртiп бойынша жолаушының:
1) өзiмен бiрге балаларды тегiн немесе өзге де жеңiлдiктi жағдайларда алып жүруге;
2) белгiленген нормалардың шегiнде өзiмен бiрге қол жүгiн ақысыз алып жүруге;
3) теңдеме жүкті тариф бойынша ақы төлеп, тасымалдауға тапсыруға құқығы бар.
701-бап. Тасымалдау жөніндегі мiндеттемелердiң бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Тасымалдау жөніндегі мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiстi дәрежеде орындалмаған жағдайда, тараптар осы Кодексте, көлiк туралы заң актілерінде, өзге заң актілерінде, сондай-ақ тараптардың келісімiнде белгiленгендей жауапты болады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Көлiк ұйымдарының жолаушылармен және жүк жөнелтушiлермен (жүк алушылармен) заң актілерінде белгiленген жауапкершiлiктi шектеу немесе жою туралы келісімдерi, жүктi тасымалдау кезiнде мұндай келісімдер жасау мүмкiндiгi көлiк туралы заң актілерінде көзделгеннен басқа жағдайларда, маңызсыз болады.
702-бап. Тасымалдаушының көлiктi бермегенi үшiн және жөнелтушiнiң берiлген көлiк құралдарын пайдаланбағаны үшiн жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы қабылданған өтiнiмге (тапсырысқа) немесе өзге шартқа сәйкес жүктi тасымалдау үшiн көлiктi бермегенi үшiн, ал жөнелтyшi жүктi ұсынбағандығы не өзге себептер бойынша берiлген көлiк құралдарын пайдаланбағаны үшiн көлiк туралы заң актілерінде, сондай-ақ тараптардың келісімiнде белгiленгендей жауапты болады.
2. Тасымалдаушы және жүктi жөнелтушi көлiк құралдары берiлмеген немесе уақтылы берiлмеген не көлiк құралдары пайдаланылмаған жағдайда, егер ол:
1) дүлей күштің;
2) көлiк туралы заң актілерінде көзделген тәртiппен белгiленген белгiлi бiр бағыттарда жүктердi тасымалдауды тоқтатудың немесе шектеудiң;
3) заң актілерiнде көзделген өзге де жағдайлардың салдарынан болса, жауаптылықтан босатылады.
703-бап. Тасымалдаушының тiкелей аралас қатынас кезіндегі жауапкершiлiгi
Тасымалдаушылар тiкелей аралас қатынаста жүктiң жоғалғаны, бүлiнгенi, зақымданғаны, кем шыққаны үшiн жүктi жөнелтушiнiң (жүк алушының) алдында ортақтасып жауап бередi.
Кешiктiргенi үшiн, егер кешiктiру тасымалдаушылардың кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, соңғы тасымалдаушы жауапты болады.
704-бап. Тасымалдаушының жолаушыны жөнелтудi кiдiрткенi үшiн жауапкершiлiгi
1. Жолаушыны тасымалдайтын көлiк құралын жөнелтудi кiдiрткенi немесе мұндай көлiк құралының баратын жерiне кешiгiп барғаны үшiн (қалалық және қала маңы қатынастарындағы тасымалдауды қоспағанда) тасымалдаушы, егер кiдiрту немесе кешiгу дүлей күштiң салдарынан орын алғанын дәлелдемесе, жолаушыға көлiк туралы тиiстi заң актілерінде белгiленген мөлшерде айыппұл төлейдi.
2. Жолаушы көлiк құралы жөнелтiлуiнiң кiдiруi себебiнен тасымалдаудан бас тартқан жағдайда, тасымалдаушы жолаушыға кіре ақысын толық көлемiнде қайтаруға, сондай-ақ жолаушыға осындай кiдiртуге байланысты ол шеккен залалдың орнын толтыруға мiндеттi.
705-бап. Жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны және зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдауға қабылдап алған кезден бастап және алушыға, ол жүктi алуға уәкiлеттi адамға немесе теңдеме жүктi алуға уәкiлеттi адамға бергенге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
2. Егер тасымалдаушы жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) өзiнiң кiнәсiнен болмағандығын дәлелдемесе, ол жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалғаны үшiн жауап бередi.
3. Жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдау кезiнде келтiрiлген зиянды тасымалдаушы:
1) жүк немесе теңдеме жүк жоғалған немесе кем шыққан жағдайда жоғалған немесе кем шыққан жүктiң немесе теңдеме жүктiң құны мөлшерiнде;
2) жүк немесе теңдеме жүк зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның құнының төмендеген сомасының мөлшерiнде, ал зақымданған жүктi немесе теңдеме жүктi қалпына келтіру мүмкiн болмаған кезде - оның құны мөлшерiнде;
3) тасымалдауға құны жарияланып тапсырылған жүк немесе теңдеме жүк жоғалған жағдайда - жүктiң немесе қол жүгiнің жарияланған құны мөлшерiнде өтейдi.
Жүктiң немесе теңдеме жүктiң құны оның сатушының шотында көрсетiлген немесе шартта көзделген бағасының негiзiнде, ал шот болмаған немесе шартта баға көрсетiлмеген кезде, салыстырмалы мән-жайлар кезiнде әдетте осыған ұқсас тауарлар үшiн алынатын бағаны негiзге ала отырып белгiленедi.
4. Тасымалдаушы жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалуынан, кем шығуынан немесе зақымдануынан (бүлiнуiнен) келтiрiлген белгiленген зиянның орнын толтыра отырып жөнелтушiге (алушыға), егер бұл ақы жүк құнына кiрмейтiн болса, жоғалған, кем шыққан, бүлiнген немесе зақымданған жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдау үшiн алынған кiре ақысын қайтарады.
5. Жүктiң немесе теңдеме жүктiң сақталмау себептерi туралы тасымалдаушы бiржақты тәртiппен жасаған құжаттар, (коммерциялық акт, жалпы фирманың актiсi және т.б.) дау туған жағдайда, жүктi немесе теңдеме жүктi тасымалдаушының, жөнелтушiнiң не алушының жауапкершiлiгi үшiн негiз бола алатын мән-жайларды куәландыратын басқа құжаттармен бiрге соттың бағалауына жатады.
706-бап. Жүктердi тасымалдау жөніндегі талаптар мен талап қоюлар
1. Тасымалдаушыға жүктi тасымалдаудан туындайтын талап қоюға дейiн оған көлiк туралы заң актілерінде көзделген тәртiпте талаптар қойылуы мiндеттi.
2. Жүк тасымалдаудан туындайтын талаптар бойынша талап қою мерзiмi бiр жыл деп белгiленедi.
3. Осы баптың ережелерi жолаушыны және теңдеме жүктi тасымалдаудан туындайтын талаптарға қолданылмайды.
707-бап. Жолаушының өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
Жолаушының өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілуі салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша тасымалдаушының жауапкершiлiгi, егер заң актілерінде немесе шартта тасымалдаушының жоғары жауапкершiлiгi көзделмесе, осы Кодекстiң 47-тарауындағы ережелер бойынша белгiленедi.
35-тарау. Көлік экспедициясы
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 708-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
708-бап. Көлiк экспедициясы шарты
1. Көлiк экспедициясы шарты бойынша бiр тарап (экспедитор) сыйақы үшiн және басқа тараптың (клиенттiң - жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының немесе экспедитор қызметтеріне мүдделі өзге тұлғаның) есебiнен жүктi тасымалдауға байланысты экспедиция шартында белгiленген қызмет көрсетулердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, оның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүктi тасымалдау шартын (шарттарын) жасасуға мiндеттенедi.
Көлiк экспедициясы шартында қосымша қызметтер көрсету ретiнде экспорт немесе импорт үшiн талап етiлетiн құжаттарды алу, кедендiк және өзге шарттылықтарды орындау, жүктiң саны мен жай-күйiн тексеру, оны тиеу мен түсiру, клиентке жүктелетiн баждарды, алымдар мен басқа да шығындарды төлеу, жүктi сақтау, оны баратын жерiнде алу, сондай-ақ өзге де операцияларды орындау мен қызмет көрсетулер сияқты жүктi жеткізу үшiн қажеттi операцияларды жүзеге асыру көзделуi мүмкiн.