3) екінші санаттағы рұқсатты алуға арналған өтініштердің нысандарын, екінші санаттағы рұқсаттардың нысандарын әзірлеу, рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу және оларды бекіту;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру қағидаларын және осы Заңда рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу, рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу және оларды бекіту;
5) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша олардың нақты қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруға арналған рұқсаттарды алу қажеттігі немесе алу қажеттігінің жоқтығы туралы қорытынды беру;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
2. Қаржы саласындағы қызмет және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет үшін біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін, лицензияларды алуға арналған өтініштердің нысандарын және лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның нысандарын, рұқсат беру талаптары мен оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін, екінші санаттағы рұқсаттарды алуға арналған өтініштердің нысандарын және екінші санаттағы рұқсаттардың нысандарын, рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру қағидаларын және осы Заңда рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру қағидаларын, хабарламалардың нысандарын және осы Заңда хабарлама жасау тәртібі енгізілген хабарламаларды қабылдау тәртібін рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлейді және бекітеді.
13-бап. Рұқсат беру органдарының құзыреті
Рұқсат беру органдарының құзыретіне:
1) өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін белгілеу;
2) лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру;
3) рұқсаттық бақылауды жүзеге асыру;
4) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты, азаматтық және қызметтік қаруды және оған патрондарды, азаматтық пиротехникалық заттарды және олар қолданылып жасалған бұйымдарды сатып алуға арналған рұқсаттарды, еңбекші көшіп қонушыларға арналған рұқсаттарды қоспағанда, рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;
5) рұқсат беру рәсімдерін және лицензиялауды рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы оның жұмыс істеу қағидаларына сәйкес электрондық түрде жүзеге асыру;
6) мемлекеттік органдарға өтініш берушінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі бөлігінде рұқсат беруді келісу туралы сауал жіберу;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
14-бап. Хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың құзыреті
Хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың құзыретіне:
1) хабарламаларды қабылдау;
2) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;
3) хабарлама жасау тәртібін рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы оның жұмыс істеу қағидаларына сәйкес электрондық түрде жүзеге асыру;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) өтініш берушінің нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарды сақтауын тексеру;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
15-бап. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның құзыретіне:
1) автоматтандыруға жататын және жатпайтын рұқсаттардың тізбесін бекіту туралы бірлескен бұйрықты рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен бірге әзірлеу және бекіту;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу, рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен келісу және оларды бекіту;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлеу, рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен келісу және оларды бекіту;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
3-тарау. ҚЫЗМЕТТІ НЕМЕСЕ ӘРЕКЕТТЕРДІ (ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ) ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ РҰҚСАТ БЕРУ ЖӘНЕ ХАБАРЛАМА ЖАСАУ ТӘРТІБІ
16-бап. Реттелетін қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі алда жүзеге асырылатын қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейіне қарай енгізіледі және мынадай деңгейлерге бөлінеді:
1) бірінші санаттағы рұқсаттар - жоғары деңгейлі қауіптілікке байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін лицензиялар;
2) екінші санаттағы рұқсаттар - лицензиялар болып танылмайтын, орта деңгейлі қауіптілікке байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін барлық рұқсаттар;
3) хабарламалар төмен деңгейлі қауіптілікке байланысты, бірақ мемлекеттік органдардың осындай қызмет түрлерінің немесе әрекеттердің басталғандығы немесе тоқтатылғандығы туралы ақпарат алуын талап ететін қызмет түрлеріне немесе әрекеттерге қатысты енгізіледі.
2. Қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері реттеушілік әсерді талдау негізінде белгіленеді.
17-бап. Рұқсат беру және хабарлама жасау тәртіптері туралы жалпы ережелер
1. Жеке және заңды тұлғалардың жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау және кейіннен жүзеге асыру үшін жарамды рұқсатының болуы немесе осы Заңда белгіленген тәртіппен хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға хабарлама жіберуге міндетті.
2. Жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді.
Осы Заңда өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру басталғанға дейін жеке немесе заңды тұлғалар рұқсатты алуға және ол жарамды болуға тиіс, ал хабарламаны жеке немесе заңды тұлға жіберуге тиіс.
3. Осы Заңға сәйкес өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі енгізілгенге дейін қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсатсыз немесе хабарламасыз жүзеге асырып келген жеке және заңды тұлғалар осы Заңда өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі енгізілетін қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыруды жалғастыру үшін тиісті рұқсатты алуға немесе тиісті хабарлама жіберуге міндетті.
4. Осы баптың 1 және 2-тармақтары осы Заңның 18-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде және 28-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
5. Осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай жүргізіледі.
6. Осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда рұқсаттардың және хабарламалардың толық тізбесі көзделеді.
7. Рұқсаттарға, сондай-ақ оларға қосымшаларға қатысты беру, ұзарту, қайта ресімдеу, қайта бастау және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да әрекеттерді жүзеге асыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады және осы Заңға қайшы келмейтін бөлігінде «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
18-бап. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу және оның күшін жою тәртібі
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі тиісті рұқсатты немесе хабарламаны осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбелеріне енгізу арқылы ғана енгізіледі.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
Осы тармақтың күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
3. Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекетке (операцияға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген кезде рұқсат алу міндеті қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғада рұқсат алу тәртібін регламенттейтін және (немесе) рұқсат алу үшін міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткенге дейін қолданысқа енгізіле алмайды.
Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген жағдайда, өтініш берушілер рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін, бірақ көрсетілген актілер қолданысқа енгізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей рұқсат алуға өтініш беруге құқылы.
Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген өтініштер бойынша рұқсаттар беруді немесе оларды беруден уәжді бас тартуды рұқсат беру органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін, оларды беру үшін белгіленген мерзімдерде жүзеге асыруға тиіс.
5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес рұқсат алуға өтініш берген өтініш берушілер рұқсат берілгенге дейін немесе оны беруден уәжді түрде бас тартылғанға дейін рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ жүзеге асыруға құқылы.
Осы тармақтың күші қаржы саласындағы қызметке және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметке берілетін рұқсаттарға қолданылмайды.
6. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар мен хабарламалар тізбелерінен рұқсатты немесе хабарламаны алып тастау арқылы жүзеге асырылады және жеке немесе заңды тұлғаның қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ немесе хабарлама жібермей-ақ жүзеге асыру құқығына әкеп соғады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
19-бап. Реттеушілік әсерді талдау
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін қолданудың тиімділігіне қарай, реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша рұқсаттардың немесе хабарламалардың жекелеген түрлері бір түрден екінші түрге ауыстырылуы не олардың күші жойылуы мүмкін.
Жүзеге асырылуы үшін осы Заңға сәйкес рұқсаттың болуы немесе хабарлама жіберу талап етілетін қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күші жойылуға жатады.
2. Осы баптың күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
20-бап. Өтініш берушілердің құқықтары
1. Өтініш берушілердің:
1) рұқсаттар мен хабарламалар туралы толық және анық ақпарат алуға;
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) рұқсат беру органдарының және хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) олардың қызметкерлерінің лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін немесе хабарламалар қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) рұқсаттарды конкурс арқылы беруді қоспағанда, осы Заңның 48-бабының ережелерiн ескере отырып, рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алу үшiн немесе хабарлама жiберу үшiн өтiнiштiң электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) осы Заңның 48-бабының ережелерін ескере отырып, берілетін рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға құқығы бар.
2. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең дәрежеде рұқсаттар алады және хабарламалар жібереді.
21-бап. Рұқсат беру органдарының құқықтары мен міндеттері
1. Рұқсат беру органдарының өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратқа, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сауалмен жүгінуге құқығы бар.
2. Рұқсат беру органдары:
1) осы Заңға сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруға;
2) мүмкіндігі шектеулі адамдардың рұқсаттар алуы кезінде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері, бұл үшін талап етілетін құжаттар тізбесі туралы және осындай құжаттарды алу және ресімдеу тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда беруге;
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) мемлекеттік органдарға және Мемлекеттік корпорацияға лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру үшін, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды және (немесе) ақпаратты ұсынуға;
5) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға;
6) рұқсаттар беру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін және толығып отыруын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етуге;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, рұқсаттар беру кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдалануға жазбаша келісімін алуға, оның ішінде электрондық құжат нысанында алуға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды; 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық басым жобаларды іске асыратын инвесторларға қатысты лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру үшін қажет ақпаратты беруге міндетті.
4-тарау. РҰҚСАТТАР
22-бап. Рұқсаттардың қолданысы
1. Рұқсаттар беру біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкес келетін барлық тұлғалар үшін тең негіздерде және тең жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда ескерту ретінде:
1) лицензияның иеліктен шығарылатындығы туралы;
2) рұқсат беру кезінде конкурс рәсімдерінің қолданылатындығы туралы;
3) рұқсаттың қолданылу мерзімі туралы;
4) рұқсат беру кезінде осы Заңның 25-бабы 3-тармағы бірінші бөлігінің және 26-бабы 1 және 2-тармақтарының күші қолданылмайтындығы туралы мәліметтер;
5) басқа да қажетті мәліметтер көрсетіледі.
3. Рұқсаттардың күші, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына қолданылады.
23-бап. Рұқсаттардың сыныптары
Реттеу объектілеріне қарай рұқсаттар мынадай сыныптарға бөлінеді:
1) 1-сынып - қызметке берілетін рұқсаттар;
2) 2-сынып - объектілерге берілетін рұқсаттар;
3) 3-сынып - біржолғы рұқсаттар;
4) 4-сынып - ресурстары шектеулі немесе квоталарды пайдаланатын қызметке берілетін рұқсаттар;
5) 5-сынып - жеке тұлғаларға кәсіби қызметке берілетін рұқсаттар;
6) 6-сынып - өнімге берілетін рұқсаттар.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
24-бап. Рұқсаттардың және (немесе) оларға қосымшалардың нысандары
Рұқсаттардың және (немесе) оларға қосымшалардың нысандарын рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша реттеуші мемлекеттік органдар, сондай-ақ қаржы саласындағы қызмет және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекiтедi.
Рұқсатқа қосымша рұқсаттың ажырамас бөлігі болып табылады.
Лицензияға қосымша лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) немесе лицензия берілген немесе берілетін объектілерді көрсету, сондай-ақ қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асырудың нақты мекенжайын көрсету үшін ресімделеді.
25-бап. Рұқсаттарды алуға арналған өтініштерді қараудың жалпы тәртібі
1. Рұқсат беру органы лицензиялау кезінде немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беруге өтініш берушінің құжаттарын алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруге міндетті.
Өтініш беруші құжаттардың толық емес топтамасын ұсынған жағдайда, рұқсат беру органы көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан уәжді түрде бас тартады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген жағдайларда өтініш берушінің нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың келісімдерін (ілеспе рұқсаттарды) алу үшін рұқсат беру органы өтініш берушінің рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алуға арналған құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушінің алдағы қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру орны бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сауал жібереді.
Мемлекеттік органдар рұқсат беру органының сауалы негізінде он жұмыс күні ішінде тиісті рұқсат беру органына өтініш берушінің лицензиялау кезінде немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде қойылатын талаптарға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы жауапты жібереді.
Екінші санаттағы рұқсаттар үшін нормативтік құқықтық актілерде осы баптың 1-тармағында, осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайлар үшін өзгеше мерзімдер белгіленуі мүмкін.
3. Мемлекеттік органдар белгіленген мерзімдерде жауап ұсынбаған жағдайда, рұқсат беру келісілген деп есептеледі.
Осы тармақтың ережелері осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда тиісінше ескерту бар рұқсаттарға қолданылмайды.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беру үшін тиісті рұқсат беру органына немесе Мемлекеттік корпорацияға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгімен өтініш берушіге жіберіледі (тапсырылады). Бұл ретте тізімдемені өтініш беруші жасайды.
Өтініш рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда берілген жағдайда рұқсат беру органының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, тиісті өтініштің қабылданғандығын растау туралы құжат беріледі.
26-бап. Рұқсат беру мерзімін өткізіп алу салдары
1. Егер рұқсат беру органы осы Заңға сәйкес айқындалған мерзімдерде өтініш берушіге рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны бермеген не оларды беруден уәжді түрде бас тартпаған жағдайда, оларды беру мерзімдері өткен күннен бастап рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілді деп есептеледі және рұқсат беру органы оларды бір мезгілде рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізеді.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Рұқсат беру органы рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны беру мерзімі өткен кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге тиісті рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны беруге міндетті.
Рұқсат беру органы рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны бес жұмыс күні өткеннен кейін бермеген жағдайда, рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша алынды деп есептеледі. Мұндай жағдайда, рұқсат алынғанға дейін рұқсат беру органы немесе Мемлекеттік корпорация өтінішті қабылдау кезінде берген рұқсат алуға арналған тиісті өтініштің қабылданғанын растайтын құжат - осы Заңда рұқсат беру тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асырудың заңдылығын растау болып табылады.
Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда өтініш берілген жағдайда рұқсат беру органының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған құжат өтініштің қабылданғандығын растау болып табылады.
3. Осы баптың ережелері осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда тиісті ескерту бар рұқсаттарға қолданылмайды.
27-бап. Рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беру үшін шетелдік заңды тұлғалардың құжаттарды ұсыну ерекшеліктері
Шетелдік заңды тұлғалар жеке бизнес-сәйкестендіру нөмірін алған жағдайда дербес немесе филиалдар және (немесе) өкілдіктер басшыларының өкілеттіктері болған кезде осы заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген филиалдары және (немесе) өкілдіктері арқылы және осындай филиалдардың және (немесе) өкілдіктердің деректемелерін және бизнес-сәйкестендіру нөмірлерін пайдалана отырып, лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырған кезде алынатын алымдарды немесе төлемдерді төлеуді жүзеге асырады.