28-бап. Ұлттық палатаның мүшелері
1. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палатаның мүшелері болып табылады.
2. Ұлттық палатаның мүшелері:
1) Ұлттық палата тарапынан кәсіптік қолдау мен қорғауды, сондай-ақ оның жарғысында көзделген көрсетілетін қызметтерді пайдалануға;
2) оның басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
3) Ұлттық палатаға жазбаша сұрау салулармен жүгінуге және Ұлттық палатаға берілген өкілеттіктер шегінде дәлелді жауаптар алуға, оның қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
4) осы Заңда және оның жарғысында көзделген тәртіппен Ұлттық палатаны басқаруға қатысуға;
5) Ұлттық палата ұйымдастыратын оқытудан, қайта даярлаудан және біліктілікті арттырудан өтуге;
6) білікті ақпараттық-талдамалық қолдау, оның ішінде әртүрлі бейіндегі тәуелсіз сарапшылар көрсететін қызметтер алуға;
7) Ұлттық палатаның жарғысында көзделген тәртіппен оның қызметі туралы есептерді тыңдауға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
3. Ұлттық палатаның мүшелері міндетті мүшелік жарналар төлеуге міндетті.
4. Ұлттық палата мүшелерінің құқықтары тең.
5. Ұлттық палата кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға құқылы емес.
6. Дауларды реттеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 29-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 29-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
29-бап. Міндетті мүшелік жарналар
1. Съезд бекітетін міндетті мүшелік жарналардың мөлшерін Ұлттық палата жыл сайын 1 шілдеге дейінгі мерзімде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде интернет-ресурстарда жариялайды.
2. Міндетті мүшелік жарнаның мөлшерін айқындау мақсатында осы Заңның 4-бабының 2-тармағында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілері:
1) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдыңғы есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, айлық есептiк көрсеткiштің есепті жылдың алдындағы күнтізбелік жылда алпыс мың еселенген мөлшерінен аспайтын жылдық жиынтық кірісі бар кәсiпкерлiк субъектiлерi;
2) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдыңғы есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, айлық есептiк көрсеткiштің есепті жылдың алдындағы күнтізбелік жылда алпыс мың еселенген мөлшерінен асатын және айлық есептiк көрсеткiштің бір жарым миллион еселенген мөлшерінен аспайтын жылдық жиынтық кірісі бар кәсiпкерлiк субъектiлерi;
3) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдағы есепті күнтізбелік жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есепті жылдың алдындағы күнтізбелік жылда айлық есептiк көрсеткiштің бір жарым миллион еселенген мөлшерінен асатын жылдық жиынтық кірісі бар кәсiпкерлiк субъектiлерi болып бөлінеді.
3. Міндетті мүшелік жарналардың мөлшерін бекіту мақсатында съезд осы баптың 2-тармағында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілерінің топтары ішінде сатылауды белгілейді.
4. Ұлттық палата міндетті мүшелік жарна бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген тәртіппен мемлекеттік кіріс органы ұсынған мәліметтер негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне есеп шотын шығарады.
5. Кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палата шығарған есеп шоты негізінде ағымдағы жылғы 25 мамырдан, 25 тамыздан, 25 қарашадан кешіктірмей міндетті мүшелік жарналарды тең үлестермен төлейді.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Съездің шешімі бойынша есепті кезеңде мүгедектігі бар адамдардың саны жұмыскерлерінің жалпы санының кемінде елу бір пайызын құрайтын ұйымдар міндетті мүшелік жарналарды төлеуден босатылуы мүмкін.
2015.12.11. № 391-V ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
7. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері болып табылатын кәсіпкерлік субъектілері үшін міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген, кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым құрылған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірілмей өткізілетін съезд шешімімен олардың Ұлттық палатаға міндетті мүшелік жарналарының мөлшері азайтылады.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасын бұзу Ұлттық палата мен оның лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылығына әкеп соғады.
31-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн өз атауларында «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы», «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» деген толық сөз тіркестерін пайдалана отырып тiркелген заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап үш ай iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қайта тiркелуге жатады.
2. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл өткен соң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға жатады. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталарын тарату кезінде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жіберіледі.
32-бап. 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бір жыл өткен соң қолданысқа енгізілетін 14-бапты;
2) 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 10-баптың 2-тармағын және 29-баптың 4-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бір жыл өткен соң «Сауда-өнеркәсiп палаталары туралы» 2005 жылғы 3 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 9, 25-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 80-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 15, 71-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы шілденің 4-і.
№ 129-V