2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы бапта белгіленген еңбекке ақы төлеу талаптары ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардағы еңбегі өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерімен расталған жұмыскерлерге ұсынылады.
Қабылдаушы тараптың өндірістік объектілерін еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерінің негізінде персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартты жасасу кезінде жіберуші тараптың жұмыскерлеріне жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар (мөлшерлемелер) немесе қосымша ақылар белгіленеді.
Жұмыс беруші өндірістік объектілерге еңбек жағдайлары бойынша, сондай-ақ аттестаттауға жатпайтын жұмыс орындары бойынша аттестаттауды жүргізбеген жағдайда, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес жүргізіледі.
106-бап. Еңбекке сағат бойынша ақы төлеу
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жұмыс күні толық болмаған немесе жүктемесі толық болмаған кезде бірлесіп жұмысқа орналастыруды қолдану нақты орындалған жұмыстар үшін, сондай-ақ уақытша немесе біржолғы сипаттағы жұмыстарға ақы төлеу үшін еңбек шартының талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актісінде еңбекке сағат бойынша ақы төлеуді белгілеуге болады. Осы Кодексте көзделген жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы кезінде еңбекке сағат бойынша ақы төлеу белгіленеді.
2. Жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезінде еңбекке ақы төлеу ауысымдық кесте (вахталар кестесі) бойынша нақты жұмыс істеген жұмыс сағаттарының саны бойынша жүргізіледі. Бұл ретте жалақыны есептеу тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақыты балансына сәйкес тарифтік мөлшерлеме (лауазымдық айлықақы) және жұмыс уақытының айлық нормасы негізге алына отырып есептелген сағаттық тарифтік мөлшерлеме бойынша жүргізіледі.
107-бап. Еңбекке ақы төлеу жүйесі
1. Жұмыскерге жалақы жұмыс берушідегі қолданыстағы еңбекке ақы төлеу жүйелеріне сәйкес еңбек шартында белгіленеді.
2. Еңбекке ақы төлеу жүйесі еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалады.
3. Жұмыс беруші жұмыскерлердің өндіріс тиімділігі мен орындалатын жұмыстардың сапасын жоғарылатуға мүдделілігін арттыруды күшейту үшін ұжымдық шарт талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалған сыйлықақы беру жүйелерін және еңбекті ынталандырудың басқа да нысандарын енгізе алады.
4. Еңбекке ақы төлеу жүйесі біржолғы ынталандырушы төлемдерді есепке алмағанда, жұмыскерлер жалақысының кемінде 75 пайызы болатын негізгі жалақы үлесін қамтамасыз етуге тиіс.
5. Келісімдерде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде айқындалған еңбекке ақы төлеу талаптары осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптармен салыстырғанда нашар бола алмайды.
108-бап. Үстеме жұмысқа ақы төлеу
Еңбекке уақыт бойынша ақы төлеу кезінде үстеме уақыттағы жұмысқа еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) тарифтік мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді. Еңбекке кесімді ақы төлеу кезінде үстеме уақыттағы жұмысқа қосымша ақы төлеу жұмыскердің белгіленген күндік (сағаттық) мөлшерлемесінің елу пайызынан төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі.
Тараптардың келісімі бойынша үстеме жұмысқа үстеме жұмыстың бір сағаты үшін тынығуға кемінде бір сағат беру есебімен тынығу сағаттарын ұсынуға жол беріледі.
109-бап. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу
Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 110-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
110-бап. Түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеу
Түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағатына еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді.
Түнгі жұмыс уақыты мереке немесе демалыс күніне тура келген кезде еңбекке ақы төлеу осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес түнгі сағаттарға және осы Кодекстің 109-бабына сәйкес мереке немесе демалыс күндерінің сағаттарына жеке жүргізіледі.
111-бап. Лауазымдарды қоса атқару, қызмет көрсету аймағының кеңеюі және уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін атқару (алмастыру) кезінде еңбекке ақы төлеу
1. Сол бір ұйымда, еңбек шартында көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа немесе осындай лауазым бойынша қосымша жұмыс орындайтын не уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындайтын жұмыскерлерге қосымша ақы төлеу жүргізіледі.
2. Жұмыскерлерге тапсырылатын қосымша жұмыстар:
1) жұмыскердің еңбек шартында (лауазымдық нұсқаулықта) көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа бос лауазым бойынша қосымша жұмысты орындауы - лауазымдарды қоса атқару;
2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) жұмыскердің еңбек шартында (лауазымдық нұсқаулықта) көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар жұмыс күнінің (ауысымның) белгіленген ұзақтығы ішінде қосымша жұмысты орындауы - қызмет көрсету аймағын кеңейту;
3) жұмыскердің еңбек шартында (лауазымдық нұсқаулықта) көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа және осындай лауазым бойынша қосымша жұмысты орындауы - уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін атқару (алмастыру) арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Егер уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру алмастыратын жұмыскердің лауазымдық міндеттеріне кіретін болса, уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін атқарғаны (алмастырғаны) үшін жұмыскерлерге қосымша ақы төлеу жүргізілмейді.
3. Лауазымдарды қоса атқарғаны, қызмет көрсету аймағының кеңейгені немесе уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін атқарғаны (алмастырғаны) үшін берілетін қосымша ақының мөлшерлерін жұмыс беруші орындалатын жұмыс көлемін негізге ала отырып, жұмыскермен келісім бойынша белгілейді.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Екінші тарапты қосымша жұмыс тоқтағанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар ете отырып, жұмыскердің - қосымша жұмысты орындаудан бас тартуына, ал жұмыс берушінің оны орындау туралы тапсырмасының күшін жоюға құқығы бар.
Тапсырманың мерзімінен бұрын күші жойылған немесе жұмыскер қосымша жұмысты орындаудан бас тартқан кезде жұмыс беруші жұмыскерге жұмыс істеген кезеңі үшін жалақы төлеуге міндетті.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 112-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
112-бап. Бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу
1. Бос тұрып қалу уақытын ресімдеу тәртібі және бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттармен айқындалады, егер бос тұрып қалуды ресімдеу тәртібі еңбек, ұжымдық шарттарда көзделмесе, онда бос тұрып қалудың басталуы бос тұрып қалу себептері көрсетіле отырып, жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
Жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалуға ақы төлеу жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде, ал жұмыс берушінің кінәсінан болғанда - жұмыскердің орташа жалақысының кемінде елу пайызы мөлшерінде белгіленеді. Жұмыскердің кінәсінан жол берілген бос тұрып қалу уақытына ақы төленбеуге тиіс.
2. Бос тұрып қалу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыскерді жұмысқа шыққан күні туралы алдын ала хабардар етеді, жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға кірісуге міндетті.
Жұмыскер хабарламада белгіленген мерзімде жұмыс орнында болмаған жағдайда, жұмыс беруші жұмыскерді тәртіптік жауапкершілікке тартуға құқылы.
113-бап. Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей айына бір реттен сиретпей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек, ұжымдық шарттарда көзделеді. Жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргізіледі.
2. Жалақы төлеу кезінде жұмыс беруші әрбір жұмыскерге тиісті кезең ішінде оған тиесілі жалақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалулардың мөлшерлері мен негіздері туралы, оның ішінде ұстап қалынған және аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы, сондай-ақ төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді жазбаша немесе электрондық нысанда ай сайын хабарлауға міндетті.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады. Жұмыс беруші жұмыскерге берешек және төлем кідіртілген кезең үшін өсімпұл төлейді. Өсімпұл мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі және төлем жүргізілуге тиісті келесі күннен басталып, төлем жасалған күнмен аяқтала отырып, мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есепке жазылады.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс берушіден жұмыскерге тиесілі сомаларды төлеу ол тоқтатылғаннан кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер бұзылған жағдайда жұмыс беруші жұмыскерге берешек және төлем кідіртілген кезең үшін өсімпұл төлейді. Өсімпұл мөлшері жұмыскерге тиесілі сомаларды төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі және төлем жүргізілуге тиісті келесі күннен басталып, төлем жасалған күнмен аяқтала отырып, мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есепке жазылады.
114-бап. Жұмыскердің орташа жалақысын есептеу
1. Бес күндік және сол сияқты алты күндік жұмыс аптасында орташа жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандырушы төлемдер ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақы есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.
2. Осы Кодекске сәйкес тиісті ақы (төлем) төлеуге байланысты оқиғаның алдындағы күнтізбелік он екі ай орташа жалақыны есептеу үшін есеп айырысу кезеңі болып табылады. Күнтізбелік он екі айдан аз жұмыс істеген жұмыскерлер үшін орташа жалақы нақты жұмыс істелген уақыт бойынша айқындалады.
Егер жұмыскердің жағдайын нашарлатпайтын болса, ұжымдық шартта орташа жалақыны есептеудің өзге де кезеңдері көзделуі мүмкін.
3. Орташа жалақыны айқындаудың осы Кодексте көзделген барлық жағдайлары үшін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган оны есептеудің бірыңғай тәртібін белгілейді.
115-бап. Жалақыдан ұстап қалулар
1. Жұмыскердің жалақысынан ұстап қалулар сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және осы Кодексте көзделген жағдайларда жүргізіледі.
2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жұмыскердің өзі жұмыс істейтін ұйым алдындағы берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ұстап қалу жұмыскерді хабардар ете отырып:
1) іссапарға байланысты, сондай-ақ іссапарға байланысты шығыстарды растайтын құжаттарды бермеген жағдайда жұмсалмаған және уақтылы қайтарылмаған ақшалай сомаларды өтеу үшін;
2) оқыту шарты болған кезде жұмыскерді оқытуға байланысты шығындарды жұмыс берушіге еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған кезде жұмыс істелмеген мерзімге пропорционалды түрде өтеуді көздейтін жағдайларда;
3) жалақы есебінен жұмыскерге берілген жұмыс істелмеген авансты өтеу үшін;
4) осы Кодекстің 95-бабының 3-тармағын қоспағанда, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын ауыстыру немесе жұмыскерді одан кері шақыртып алу жағдайларында;
5) жұмыскердің жазбаша келісуі болған кезде өзге де жағдайларда жұмыс беруші актісінің негізінде жүргізілуі мүмкін.
3. Бірнеше атқарушылық парақтары бойынша жалақыдан ұстап қалу кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және Кодекстің осы бабында көзделген жағдайларда, ай сайынғы ұстап қалудың мөлшері жұмыскерге тиесілі жалақының елу пайызынан аспауға тиіс.
9-тарау. КӘСІПТІК ДАЯРЛАУ, ҚАЙТА ДАЯРЛАУ ЖӘНЕ БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ
116-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар
Осы тарауда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) біліктілікті арттыру - бұрын алған кәсіптік білімін, машықтары мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдету мен жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;
2018.04.07. № 172-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) дуальды оқыту - кәсіпорынның (ұйымның), оқу орнының және білім алушының тең жауапкершілігі кезінде білім беру ұйымындағы оқытуды білім алушыларға жұмыс орындарын ұсынып және өтемақы төлемін төлей отырып, кәсіпорындағы (ұйымдағы) өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың міндетті кезеңдерімен ұштастыратын кадрлар даярлау нысаны;
2018.04.07. № 172-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) дуальды оқыту туралы шарт - білім алушы, өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту шарттары мен тәртібін регламенттейтін оқу орны және өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту үшін жұмыс орнын ұсынатын кәсіпорын (ұйым) арасындағы жазбаша келісім;
4) кәсіптік даярлау - белгілі бір жұмыс түрін орындауға қажетті жаңа немесе өзгерген кәсіби дағдыларды меңгеру үшін тұлғаны дамытуға бағытталған кәсіптік оқыту нысаны;
5) қайта даярлау - басқа кәсіпті немесе мамандықты игеруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;
6) оқыту шарты - жұмыс беруші мен білім алушының арасындағы кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру шарттары туралы жазбаша келісім;
2018.04.07. № 172-VI ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) өндірістік оқыту - білім беру ұйымдарының және (немесе) кәсіпорындардың (ұйымдардың) базасында білім алушылардың теориялық білім алуына, практикалық машықтануына бағытталған оқыту;
7) 2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2018.04.07. № 172-VI ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) тәлімгер - өндіріс немесе қызметтер көрсету саласы технологияларын меңгерген, өндірістік оқыту мен кәсіптік практикаға басшылықты жүзеге асыратын кәсіпорынның (ұйымның) білікті жұмыскері.
117-бап. 2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 118-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
118-бап. Кәсіптік даярлау, қайта даярлау, кәсіптік біліктілігін арттыру және тану
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Ұйымның жұмыс істеуі мен дамуы үшін кәсіптік даярлаудың, қайта даярлаудың, кәсіптік біліктілігін арттырудың және танудың қажеттілігі мен көлемін жұмыс беруші айқындайды.
1-1. 2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
1-2. Кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіптер бойынша кәсіптік біліктілігін тану аккредиттелген кәсіптік біліктілікті тану орталықтарында жүргізіледі.
2. Жұмыс беруші жұмыскерлерді немесе өзімен еңбек қатынастарында тұрмайтын өзге адамдарды (білім алушы) кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды:
1) тікелей ұйымда (жұмыс берушіде);
2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында;
3) кадрларды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын өзге де ұйымдарда жүргізеді.
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жұмыс берушінің жолдамасы бойынша жұмыскерлерді кәсіптік даярлау, қайта даярлау, кәсіптік біліктілігін арттыру және тану оқытуға немесе кәсіптік біліктілігін тану бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттарға сәйкес жұмыс берушінің қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.
4. Оқыту шартында:
2018.04.07. № 172-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) білім алушы алатын нақты мамандыққа, біліктілікке және (немесе) біліктілік курсының атауына сілтеме;
2) жұмыс беруші мен білім алушының құқықтары мен міндеттері;
3) оқыту мерзімі және оқыту аяқталғаннан кейін жұмыс берушіде жұмыспен өтеу мерзімі;
4) оқытуға байланысты шығындарды жұмыспен өтеудің өтелмеген мерзіміне пропорционалды түрде жұмыс берушіге өтеу тәртібі мен жағдайлары;
5) оқытуға байланысты кепілдіктер мен өтемақы төлемдері;
6) тараптардың жауаптылығы қамтылуға тиіс.
Оқыту шартында тараптардың келісімімен айқындалған өзге де талаптар қамтылуы мүмкін.
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан, кәсіптік біліктілігін арттырудан және танудан өтетін жұмыскерлер жұмыс берушімен келісім бойынша жұмыстан босатылуы не жұмысты толық емес жұмыс уақыты жағдайында орындауы мүмкін.
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Келісімде, ұжымдық және (немесе) еңбек шарттарында оқытуға және кәсіптік біліктілігін тануға байланысты жеңілдіктер, өтемақы төлемдері мен кепілдіктер көзделуі мүмкін.
7. Жұмыс беруші техникалық және кәсіптік білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына кадрларды даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға жәрдемдеседі.
2018.04.07. № 172-VI ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес кәсіптік практикадан, сондай-ақ өндірістік оқытудан өту үшін орындар ұсынады, қауіпсіз жағдайлар жасайды және шарттарда көзделген міндеттерді орындайды.
2018.04.07. № 171-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.04.07. № 172-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 119-бап өзгертілді
119-бап. Дуальдық оқыту
Дуальды оқыту білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін дуальды оқыту туралы үлгілік шарттың нысаны негізінде жасалатын дуальды оқыту туралы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
Өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту кезеңінде білім алушыға еңбек тәртіптемесінің қағидалары қолданылады.
Білім алушы өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту уақытында білім алушының еңбек өтіліне есептелетін белгілі бір функционалдық міндеттерді орындайды және сол уақыт үшін өтемақы төлемі жүргізілуі мүмкін.
Өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өтетін адамдарға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар қолданылады.
Дуальды оқыту туралы шарт негізінде кәсіпорын (ұйым) өндірістік оқыту мен кәсіптік практикаға басшылықты жүзеге асыру үшін білім алушыға тәлімгерді бекітіп береді.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 10-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
10-тарау. ЕҢБЕК ШАРТЫ ТАРАПТАРЫНЫҢ, ЖІБЕРУШІ ТАРАП ЖҰМЫСКЕРІНІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ
120-бап. Еңбек шарты тарапының келтірілген нұқсанды (зиянды) өтеу жөніндегі міндеті
1. Еңбек шарты тарапының еңбек шартының басқа тарапына келтірген нұқсан (зиян) үшін материалдық жауаптылығы, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, құқыққа қарсы кінәлі мінез-құлық (әрекет немесе әрекетсіздік) және құқыққа қарсы кінәлі мінез-құлық пен келтірілген нұқсан (зиян) арасындағы себепті байланыс нәтижесінде келтірілген нұқсан (зиян) үшін басталады.
2. Еңбек шартының басқа тарапқа нұқсан (зиян) келтірген тарапы оны осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өтейді.
3. Еңбек, ұжымдық шарттарда жұмыскер мен жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы нақтылануы мүмкін.
4. Нұқсан (зиян) келтірілгеннен кейін еңбек шартының тоқтатылуы еңбек шартының тараптарын басқа тарапқа келтірілген нұқсанды (зиянды) өтеу жөніндегі материалдық жауаптылықтан босатпайды.
121-бап. Жұмыскерді еңбек ету мүмкіндігінен заңсыз айыру арқылы оған келтірген нұқсан үшін жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы
1. Жұмыс беруші жұмыскердің алмай қалған жалақысы мен оған тиесілі өзге де төлемдерді жұмыскер басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған, жұмыскер жұмыс орнына заңсыз жіберілмеген, еңбек шартының талаптары біржақты заңсыз өзгертілген, жұмыстан заңсыз шеттетілген, еңбек шарты заңсыз бұзылған жағдайларда, оған өтеуге міндетті.
2. Еңбек, ұжымдық шарттарда жұмыскерді еңбек ету мүмкіндігінен заңсыз айыру арқылы келтірілген нұқсанды жұмыс берушінің өтеуінің қосымша жағдайлары белгіленуі мүмкін.
122-бап. Жұмыскердің өміріне және (немесе) денсаулығына келтірілген зиян үшін жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы
1. Жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген кезде жұмыс беруші зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті.
2. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделген зиян жұмыскердің сақтандыру төлемдері болмаған кезде толық көлемде өтеледі. Сақтандыру төлемдері болған кезде жұмыс беруші жұмыскерге сақтандыру сомасы мен зиянның нақты мөлшері арасындағы айырманы өтеуге міндетті.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жұмыскерге кәсiптік еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылудың бестен жиырма тоғызға дейінгі пайызды қоса алғандағы дәрежесiн белгілеумен байланысты зиян келтірілген кезде, жұмыс беруші жұмыскерге жоғалтылған табысын және денсаулығының зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеуге міндетті.
Еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу кезеңінде денсаулықтың зақымдануынан туындаған, жұмыс беруші өтейтін шығыстардың мөлшері төлем төленетін кезде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген екі жүз елу айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Денсаулықтың зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеу бойынша төлем осы шығыстарды шеккен жұмыскер не тұлға ұсынған, осы шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық көмекке жұмсалатын шығыстар өтелуге жатпайды.