3) жеке тұлғалар (оның ішінде жеке практикамен айналысатын адамдар) - кәсіпкерлік қызметте және (немесе) осындай жеке практикаға байланысты қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) салық салу объектілері бойынша айқындалған салықтық міндеттемелер бойынша ұсынады.
65-тарау. ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ МҮЛІК САЛЫҒЫ
526-бап. Салық төлеушілер
1. Осы Кодекстің 528-бабына сәйкес салық салу объектiсi бар жеке тұлғалар жеке тұлғалардың мүлiк салығын төлеушiлер болып табылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мыналар жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеушілер болып табылмайды:
1) Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденімен және «Отан» орденімен наградталған адамдар - осы Кодекстің 528-бабының 1) тармақшасында көрсетілген барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшері шегінде;
2) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектігі бар адамдар:
тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
үй жанындағы жер учаскелері бойынша;
құрылыс алып жатқан жерлерді қоса алғанда, жеке үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері бойынша;
гараждар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
осы Кодекстің 528-бабының 1) тармақшасында көрсетілген барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1500 еселенген мөлшері шегінде;
3) жетім балалар және 18 жасқа толғанға дейінгі кезеңге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар:
тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
үй жанындағы жер учаскелері бойынша;
құрылыс алып жатқан жерлерді қоса алғанда, жеке үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері бойынша;
гараждар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
осы Кодекстің 528-бабының 1) тармақшасында көрсетілген салық салу объектілері бойынша;
4) бала кезінен мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі:
тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
үй жанындағы жер учаскелері бойынша;
құрылыс алып жатқан жерлерді қоса алғанда, жеке үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері бойынша;
гараждар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
5) «Батыр ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» алқасымен наградталған көпбалалы аналар, бөлек тұратын зейнеткерлер:
тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
үй жанындағы жер учаскелері бойынша;
осы Кодекстің 528-бабының 1) тармақшасында көрсетілген барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшері шегінде.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін бөлек тұратын зейнеткерлер деп заңды мекенжайы (олардың тұрғылықты мекенжайы) бойынша тек қана зейнеткерлер тіркелген зейнеткерлер түсініледі;
6) салықтық база осы Кодекстің 529-бабына сәйкес айқындалатын және салықты салық органдары осы Кодекстің 532-бабына сәйкес есептейтін тұрғынжайлар мен басқа да объектілерді қоспағанда, кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын салық салу объектілері бойынша дара кәсіпкерлер;
7) көппәтерлі тұрғын үй алып жатқан жер учаскесіндегі пәтер (бөлме) меншік иесінің үлесі бойынша жеке тұлғалар - пәтердің (бөлменің) меншік иелері.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 2-тармағы 1) - 5) тармақшаларының ережелері пайдалануға немесе мүліктік жалдауға (жалға) берілген салық салу объектілері бойынша қолданылмайды.
527-бап. Жекелеген жағдайларда салық төлеушiнi айқындау
1. Мемлекеттік мекеме салық салу объектiлерiн сенiмгерлiк басқаруға берген кезде салық төлеушi осы Кодекстің 41-бабына сәйкес айқындалады.
2. Егер салық салу объектiсi бiрнеше тұлғаның ортақ үлестiк меншiгiнде болса, осы тұлғалардың әрқайсысы салық төлеушi деп танылады.
3. Бiрлескен ортақ меншiктегi салық салу объектiлерi бойынша өздерiнiң арасындағы келiсу бойынша осы салық салу объектiсi меншiк иелерiнiң бiрi салық төлеушi бола алады.
Бұл ретте меншік құқықтарын мемлекеттік тіркеу 2016 жылғы 31 желтоқсаннан кейін жүргізілген бірлескен ортақ меншіктегі салық салу объектілері бойынша меншік иелері осындай объектіге меншік құқықтарын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға арналған өтініште көрсеткен осы салық салу объектісі меншік иелерінің бірі салық төлеуші бола алады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда пайдаланушыны жер учаскесіне қатысты салық төлеуші деп тану үшін:
1) жер учаскесі мемлекеттік меншіктен берілген кезде - мемлекеттік органдардың жер учаскесін беру туралы актілері;
2) қалған жағдайларда - азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздерде осындай учаскені іс жүзінде иелену және пайдалану негіз болып табылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 528-бап жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
528-бап. Салық салу объектісі
Қазақстан Республикасының аумағындағы:
2021.20.12. № 85-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) өздеріне меншік құқығында тиесілі тұрғынжайлар, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар, орынтұрақ орындары және өзге де құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар;
2) жеке тұлғаларға меншік құқығында тиесілі жер учаскелері жеке тұлғаларға мүлік салығын салу объектісі болып табылады.
529-бап. Салықтық база
1. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы есепті жылдан кейінгі әрбір жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша айқындайтын салық салу объектілерінің құны жеке тұлғалар үшін тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары бойынша салықтық база болып табылады, бұл мынадай тәртіппен айқындалады:
Қ = Қ б х S х К физ х К функц х К айм х К аек. өзг, мұнда:
Қ - салық салу мақсаттарына арналған мүлік құны;
Қ б - тұрғынжайдың, саяжай құрылысының бір шаршы метрінің базалық құны;
S - тұрғынжайдың, саяжай құрылысының шаршы метрмен көрсетілетін пайдалы алаңы;
К физ - физикалық тозу коэффициенті;
К функц - функционалдық тозу коэффициенті;
К айм - аймаққа бөлу коэффициенті;
К аек. өзг - айлық есептік көрсеткіштің өзгеру коэффициенті.
2-тармақтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 43-3-бабының редакциясында қолданылды
2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
529-баптың 2-тармағының бірінші бөлігінің қолданысы 2022 ж. 3 мамырдан бастап 2024 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 43-3-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
2. Тұрғынжайдың, саяжай құрылысының бір шаршы метрінің ұлттық валютадағы базалық құны (Қ б) елді мекеннің түріне қарай мынадай мөлшерде айқындалады:
| Р/с № | Елді мекеннің санаты | Базалық құны теңгемен |
| 1 | 2 | 3 |
| | Қалалар: | |
| 1. | Алматы | 60 000 |
| 2. | Шымкент | 60 000 |
| 3. | Астана | 60 000 |
| 4. | Ақтау | 36 000 |
| 5. | Ақтөбе | 36 000 |
| 6. | Атырау | 36 000 |
| 7. | Жезқазған | 12 000 |
| 8. | Көкшетау | 36 000 |
| 9. | Қарағанды | 36 000 |
| 10. | Қонаев | 12 000 |
| 11. | Қостанай | 36 000 |
| 12. | Қызылорда | 36 000 |
| 13. | Орал | 36 000 |
| 14. | Өскемен | 36 000 |
| 15. | Павлодар | 36 000 |
| 16. | Петропавл | 36 000 |
| 17. | Семей | 12 000 |
| 18. | Талдықорған | 36 000 |
| 19. | Тараз | 36 000 |
| 20. | Түркістан | 36 000 |
| 21. | Облыстық маңызы бар қалалар | 12 000 |
| 22. | Аудандық маңызы бар қалалар | 6 000 |
| 23. | Кенттер | 4 200 |
| 24. | Ауылдар | 2 700 |
Бұл ретте елді мекендердің санаттары техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен әкімшілік-аумақтық обьектілер сыныптауышына сәйкес айқындалады.
2021.20.12. № 85-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Көппәтерлі тұрғын үйдегі және жеке мақсаттарда пайдаланылатын қойманың, тұрғынжайдың салқын жапсаржайының, шаруашылық (қызметтік) құрылысының, астыңғы қабатының, жертөлесінің, гараждың, орынтұрақ орнының «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы есепті жылдан кейінгі әрбір жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша айқындайтын құны осындай объект бойынша салықтық база болып табылады, бұл мынадай формуламен есептеледі:
Қ = Қ б x S x К физ х К аек. өзг х K айм, мұнда:
Қ - салық салу мақсаттарына арналған құн;
Қ б - осы баптың 2-тармағында белгіленген базалық құннан мынадай мөлшерде айқындалатын бір шаршы метрдің базалық құны:
көппәтерлі тұрғын үйдегі және жеке мақсаттарда пайдаланылатын қойма, тұрғынжайдың салқын жапсаржайы, шаруашылық (қызметтік) құрылысы, астыңғы қабаты, жертөлесі бойынша - 25 пайыз,
гараж, орынтұрақ орны бойынша - 15 пайыз;
S - тұрғынжайдың салқын жапсаржайының, шаруашылық (қызметтік) құрылысының, астыңғы қабатының, жертөлесінің, гараждың шаршы метрмен көрсетілетін жалпы алаңы,
К физ - осы баптың 4-тармағында айқындалған тәртіппен белгіленген физикалық тозу коэффициенті;
К аек. өзг - осы баптың 7-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалған айлық есептік көрсеткіштің өзгеру коэффициенті;
К айм - осы баптың 6-тармағында айқындалған тәртіппен белгіленген аймаққа бөлу коэффициенті.
4. Тұрғынжайдың, саяжай құрылысының физикалық тозу коэффициенті амортизация нормалары және мына формула бойынша тиімді пайдаланылған мерзімі ескеріле отырып айқындалады:
К физ = 1 - Т физ, мұнда:
Т физ - тұрғынжайдың, саяжай құрылысының физикалық тозуы.
Физикалық тозу мына формула бойынша айқындалады:
Т физ = (Т баз - Т беру) х Н аморт/100, мұнда:
Т баз - салық есепке жазылған жыл;
Т беру - салық салу объектісінің пайдалануға берілген жылы;
Н аморт - амортизация нормасы.
Ғимараттың сипаттамасына қарай физикалық тозуын айқындаған кезде мынадай амортизация нормалары қолданылады:
| Р/с № | Күрделілік тобы | Ғимараттың сипаттамасы | Н аморт, % | Қызмет ету мерзімі |
| 1 | 2 | 3 | 4 | 5 |
| 1. | 1. | Тас, ерекше күрделі, қабырғаларының қалыңдығы 2,5-тен артық кірпіштен қаланған кірпіш немесе темір-бетон немесе металл қаңқасы бар кірпіш, жабындары темір-бетон және бетон ғимараттар; қабырғалары ірі панельді, жабындары темір-бетон ғимараттар | 0,7 | 143 |
| 2. | 2. | Қабырғаларының қалыңдығы 1,5-2,5 кірпіштен қаланған кірпіш, жабындары темір-бетон, бетон немесе ағаш ғимараттар; қабырғалары ірі блокты, жабындары темір-бетон ғимараттар | 0,8 | 125 |
| 3. | 3. | Қабырғалары кірпіштен, монолитті шлак-бетоннан, жеңіл шлак-блоктардан, ұлутастардан жеңіл қаланған, жабындары темір-бетон немесе бетон ғимараттар; қабырғалары ірі блокты немесе кірпіштен жеңіл қаланған, монолитті шлак-бетон, ұсақ шлак-блок ғимараттар | 1,0 | 100 |
| 4. | 4. | Аралас, кесілген ағаштан жасалған немесе төсемтас қабырғалары бар ғимараттар | 2,0 | 50 |
| 5. | 5. | Шитіден жасалған, жиналмалы-қалқанды, құйма қаңқалы, балшықтан соғылған, саман ғимараттар | 3,3 | 30 |
| 6. | 6. | Қамыс қаңқалы және басқа да жеңілдетілген ғимараттар | 6,6 | 15 |
Егер тұрғынжайдың, саяжай құрылысының тас немесе тіреу панельдерінің физикалық тозуы 70 пайыздан, өзге материалдардың тозуы 65 пайыздан асып кетсе, онда физикалық тозу коэффициенті 0,2-ге тең деп қабылданады.
5. Тұрғынжайдың, саяжай құрылысының сапасына қойылатын талаптардың өзгеруін ескеретін физикалық тозу коэффициенті (К функц) мына формула бойынша есептеледі:
К функц = К қабат х К бұрыш. х К қабырғ. мат х К абат. х К жылыт, мұнда:
К қабат - тұрғынжайдың орналасу қабатына қарай базалық құнның өзгеруін ескеретін коэффициент;
К бұрыш - тұрғынжайдың ғимарат бұрышындағы учаскелерде орналасуын ескеретін коэффициент;
К қабырғ.мат - қабырғалардың материалын ескеретін коэффициент;
К абат. - тұрғынжайдың, саяжай құрылысының абаттандырылуы мен оның инженерлік-техникалық құрылғылармен қамтамасыз етілу деңгейін ескеретін коэффициент;
К жылыт - жылыту түрін ескеретін коэффициент.
Қабатына қарай қабаттың мынадай түзету коэффициенттері қолданылады (К қабат):
| Р/с № | Қабаты | Кқабат |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Бірінші | 0,95 |
| 2. | Аралық немесе жеке тұрғын үй | 1,00 |
| 3. | Соңғы | 0,9 |
Биіктігі үш қабаттан аспайтын көппәтерлі тұрғын ғимараттар үшін кез келген қабат үшін қабат коэффициенті 1-ге тең деп алынады.
Тұрғынжайдың ғимарат бұрышындағы учаскелерде орналасуына қарай мынадай түзету коэффициенттері (Кбұрыш) қолданылады:
| Р/с № | Тұрғынжайдың ғимарат бұрышындағы учаскелерде орналасуы | К бұрыш |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Бұрышта орналасқан | 0,95 |
| 2. | Бұрышта орналаспаған немесе жеке тұрғын үй | 1,0 |
Қабырғаларының материалына қарай мынадай түзету коэффициенттері (К қаб. мат) қолданылады:
| Р/с № | Қабырғаларының материалы | Коэффициент |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Кірпіштен | 1,1 |
| 2. | Керамзит-бетон блоктардан құрама | 1,0 |
| 3. | Керамзит-бетон блоктардан құрама, кірпішпен қапталған | 1,05 |
| 4. | Темір-бетон панельдер | 1,0 |
| 5. | Темір-бетон панельдерден,кірпішпен қапталған | 1,05 |
| 6. | Балшықтан соғылған саман | 0,5 |
| 7. | Саман, сыртынан 0,5 кірпішпен қапталған | 0,6 |
| 8. | Монолитті шлак-бетон | 0,7 |
| 9. | Темір-бетон блоктардан | 1,0 |
| 10. | Жиналмалы-қалқанды | 0,6 |
| 11. | Жиналмалы-қалқанды, 0,5 кірпішпен қапталған | 0,75 |
| 12. | Кесілген ағаштан | 0,85 |
| 13. | Шпалдан | 0,75 |
| 14. | Шпалдан, кірпішпен қапталған | 0,95 |
| 15. | Қамыс қаңқалы | 0,6 |
| 16. | Өзгелері | 1,0 |
Тұрғынжайды, саяжай құрылысын барлық тиісті инженерлік жүйелермен және техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету кезінде абаттандырудың түзету коэффициенті (К абат) 1-ге тең деп алынады.
Адамдардың тұруына (тұрмысына), болуына нормативтік не жайлы жағдайлар жасайтын инженерлік жүйелер мен техникалық құрылғылар (су құбыры, кәріз, басқа абаттандыру түрлері) болмаған жағдайда К абат 0,8-ге тең деп алынады.
Жылыту түріне қарай жылытудың мынадай түзету коэффициенттері (К жылыт) қолданылады:
| Р/с № | Жылыту түрлері | К жылыт |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Орталықтан жылыту | 1,0 |
| 2. | Газбен немесе мазутпен жергілікті жылыту | 0,98 |
| 3. | Қатты отынды қолданып, сумен жергілікті жылыту | 0,95 |
| 4. | Пешпен жылыту | 0,9 |
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Салық салу объектісінің елдi мекенде орналасуын ескеретін аймаққа бөлу коэффициентiн (К айм.) жергіліктi атқарушы органдар осындай коэффициент енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмейтін мерзімде аймаққа бөлу коэффициентін есептеу әдістемесіне сәйкес бекітеді және ол бекітілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бекітілген аймаққа бөлу коэффициенттері ресми жариялануға тиіс.
Аймаққа бөлу коэффициентін есептеу әдістемесін орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
7. Айлық есептік көрсеткіштің өзгеру коэффициенті (бұдан әрі -
К аек. өзг) мынадай формула бойынша айқындалады:
К аек. өзг = ағ. ж. аек/алдың ж. аек.,
мұнда:
ағ. ж. аек - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш;
алдың ж. аек - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және алдыңғы қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш.
8. Тұрғын үйдің салқын жапсаржайы, шаруашылық (қызметтiк) құрылысы, астыңғы қабаты, жертөлесі, гараж тұрғынжайдың бір бөлігі болып табылған жағдайда, салықтық базаны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы осы бапқа сәйкес есептелетін осындай салық салу объектілерінің жиынтық құны ретінде айқындайды.
9. Бір жеке тұлға бірнеше салық салу объектілері бойынша салық төлеуші болып табылатын жағдайда салықтық база әрбір объект бойынша жеке-жеке есептеледі.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
10. Осы Кодекстің 528-бабының 2) тармақшасында көрсетілген жер учаскелері бойынша жер учаскесінің және (немесе) жер үлесінің алаңы салықтық база болып табылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 530-бап жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
530-бап. Жекелеген жағдайларда салықты есептеу және төлеу
Жеке тұлға, оның ішінде жеке практикамен айналысатын адам кәсіпкерлік қызметте (жеке практикаға байланысты қызметте) пайдаланылатын (пайдалануға жататын) салық салу объектілері бойынша мүлік салығын есептейді және төлейді және шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер үшін осы Кодекстің 62, 63 және 64-тарауларында айқындалған тәртіппен осы салық түрі бойынша салықтық есептілік ұсынады.
Осы Кодекстің 528-бабының 1) тармақшасында көрсетілген салық салу объектілері бойынша салықтық база осы Кодекстің 520-бабының 6-тармағына сәйкес айқындалады.
Бұл ретте осы тараудың мақсаттары үшін жер учаскесі:
салықтық база осы Кодекстің 529-бабына сәйкес айқындалатын және салықты есептеуді салық органдары жүргізетін тұрғынжай және басқа да объектілер алып жатқан;
тұру мақсатында ғана жалға (пайдалануға) берілген және тұрғын үй қорынан шығарылмаған деген шарттар бір мезгілде сақталған кезде мұндай учаске кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) жер учаскесі деп танылмайды.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 531-бап жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
531-бап. Салықтық мөлшерлемелер
1. Салықтық база осы Кодекстің 529-бабына сәйкес айқындалатын жеке тұлғалардың мүлік салығы салық салу объектілерінің құнына қарай мынадай мөлшерлемелер бойынша есептеледі:
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | 2 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | салық салу объектілері құнының 0,05 пайызы |
| 2. | 2 000 000 теңгеден жоғары 4 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 1 000 теңге + 2 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,08 пайыз |
| 3. | 4 000 000 теңгеден жоғары 6 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 2 600 теңге + 4 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,1 пайыз |
| 4. | 6 000 000 теңгеден жоғары 8 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 4 600 теңге + 6 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,15 пайыз |
| 5. | 8 000 000 теңгеден жоғары 10 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 7 600 теңге + 8 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,2 пайыз |
| 6. | 10 000 000 теңгеден жоғары 12 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 11 600 теңге + 10 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,25 пайыз |
| 7. | 12 000 000 теңгеден жоғары 14 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 16 600 теңге + 12 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,3 пайыз |
| 8. | 14 000 000 теңгеден жоғары 16 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 22 600 теңге + 14 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,35 пайыз |
| 9. | 16 000 000 теңгеден жоғары 18 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 29 600 теңге + 16 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,4 пайыз |
| 10. | 18 000 000 теңгеден жоғары 20 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 37 600 теңге + 18 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,45 пайыз |
| 11. | 20 000 000 теңгеден жоғары 75 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 46 600 теңге + 20 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,5 пайыз |
| 12. | 75 000 000 теңгеден жоғары 100 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 321 600 теңге + 75 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,6 пайыз |
| 13. | 100 000 000 теңгеден жоғары 150 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 471 600 теңге + 100 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,65 пайыз |
| 14. | 150 000 000 теңгеден жоғары 350 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 796 600 теңге + 150 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,7 пайыз |
| 15. | 350 000 000 теңгеден жоғары 450 000 000 теңгеге дейін қоса алғанда | 2 196 600 теңге + 350 000 000 теңгеден асатын сомадан 0,75 пайыз |
| 16. | 450 000 000 теңгеден жоғары | 2 946 600 теңге + 450 000 000 теңгеден асатын сомадан 2 пайыз |
531-баптың 2-тармағының бірінші бөлігінің қолданысы 2022 ж. 3 мамырдан бастап 2024 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 43-10-бабының редакциясында қолданылды (бұр.ред.қара)
2. Тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жерге (үй жанындағы учаскелерді қоспағанда) арналған базалық салықтық мөлшерлемелер алаңның бір шаршы метріне есептегенде мынадай мөлшерде белгіленеді:
| Р/с № | Елді мекеннің санаты | Тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жерге арналған базалық салықтық мөлшерлемелер (теңге) |
| 1 | 2 | 3 |
| | Қалалар: | |
| 1. | Алматы | 0,96 |
| 2. | Шымкент | 0,58 |
| 3. | Астана | 0,96 |
| 4. | Ақтау | 0,58 |
| 5. | Ақтөбе | 0,58 |
| 6. | Атырау | 0,58 |
| 7. | Жезқазған | 0,39 |
| 8. | Көкшетау | 0,58 |
| 9. | Қарағанды | 0,58 |
| 10. | Қонаев | 0,39 |
| 11. | Қостанай | 0,58 |
| 12. | Қызылорда | 0,58 |
| 13. | Орал | 0,58 |
| 14. | Өскемен | 0,58 |
| 15. | Павлодар | 0,58 |
| 16. | Петропавл | 0,58 |
| 17. | Семей | 0,39 |
| 18. | Талдықорған | 0,58 |
| 19. | Тараз | 0,58 |
| 20. | Түркістан | 0,39 |
| 21. | Алматы облысы: | |
| 22. | облыстық маңызы бар қалалар | 0,39 |
| 23. | аудандық маңызы бар қалалар | 0,39 |
| 24. | Ақмола облысы: | |
| 25. | облыстық маңызы бар қалалар | 0,39 |
| 26. | аудандық маңызы бар қалалар | 0,39 |
| 27. | Облыстық маңызы бар қалған қалалар | 0,39 |
| 28. | Аудандық маңызы бар қалған қалалар | 0,19 |
| 29. | Кенттер | 0,13 |
| 30. | Ауылдар | 0,09 |
Бұл ретте елді мекендердің санаттары техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен әкімшілік-аумақтық объектілер сыныптауышына сәйкес белгіленеді.
3. Үй жанындағы жер учаскелері мынадай базалық салықтық мөлшерлемелер бойынша салық салынуға жатады:
1) республикалық маңызы бар қалалар, астана және облыстық маңызы бар қалалар үшін:
1000 шаршы метрді қоса алғанға дейінгі алаң болғанда - 1 шаршы метр үшін 0,20 теңге;
1000 шаршы метрден асатын алаңға - 1 шаршы метр үшін 6,00 теңге.
Жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша 1000 шаршы метрден асатын жер учаскелеріне салық мөлшерлемелері 1 шаршы метр үшін 6,00 теңгеден 0,20 теңгеге дейін төмендетілуі мүмкін;
2) қалған елді мекендер үшін:
5000 шаршы метрді қоса алғанға дейінгі алаң болғанда - 1 шаршы метр үшін 0,20 теңге;
5000 шаршы метрден асатын алаңға - 1 шаршы метр үшін 1,00 теңге.
Жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша 5000 шаршы метрден асатын жер учаскелеріне салық мөлшерлемелері 1 шаршы метр үшін 1,00 теңгеден 0,20 теңгеге дейін төмендетілуі мүмкін.
Елді мекендер жеріне жататын, тұрғын үйге (тұрғын ғимаратқа) қызмет көрсетуге арналған және тұрғын үй (тұрғын ғимарат), соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатпаған жер участкесінің бөлігі үй жанындағы жер учаскесі деп есептеледі.
4. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге, сондай-ақ тиісті құрылыстар алып жатқан жерді қоса алғанда, жеке тұлғаларға жеке үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін берілген елді мекендердің жеріне базалық салықтық мөлшерлемелер мынадай мөлшерлерде:
1) алаңы қоса алғанда 0,50 гектарға дейін болған кезде - 0,01 гектар үшін 20 теңге;
2) 0,50 гектардан асатын алаңға - 0,01 гектар үшін 100 теңге мөлшерінде белгіленеді.
5. Жергілікті өкілді органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүргізілетін жерді аймаққа бөлу жобалары (схемалары) негізінде тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жерлерге базалық салықтық мөлшерлемелерді жер салығының базалық мөлшерлемелерінің 50 пайызынан асырмай төмендетуге немесе арттыруға құқығы бар.
Бұл ретте жекелеген салық төлеушілер үшін мөлшерлемелерді жеке-дара төмендетуге немесе арттыруға тыйым салынады.
Мөлшерлемелерді төмендету немесе арттыру туралы мұндай шешімді жергілікті өкілді орган ол енгізілген жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей қабылдайды және ол қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.