16) мемлекет атынан алушы үшін - жер қойнауын пайдаланушыдан салықтарды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбалардың құны (ақшалай көрінісі);
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
17) есепке жазылған, бірақ төленбеген және осы Кодекстің 258-бабына сәйкес амортизацияланатын активтердің жеке тобын қалыптастыру мақсаттары үшін есепке алынуға жататын сыйақы мөлшерінде - жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компанияның немесе акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде осындай жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компанияға тиесілі заңды тұлғаның мiндеттемесiн стратегиялық әріптесінің барлау кезеңінде коммерциялық табуға дейін есептен шығаруынан түсетін және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес инвестициялық қаржыландыру бойынша сыйақы жөніндегі кіріс;
18) мемлекет атынан алушы немесе осындай өткізуді жүзеге асыруға мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлға жер қойнауын пайдаланушыдан салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда алған пайдалы қазбаларды өткізуден түскен кіріс;
19) мемлекет атынан алушының немесе мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлғаның жер қойнауын пайдаланушыдан салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбаларды өткізуге байланысты шығыстарды өтеуді білдіретін комиссиялық сыйақысы;
20) осы Кодекстің 243-бабының 8-тармағына сәйкес алынған мүліктің оның ішінде жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 21) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21) аяқталмаған құрылыс объектісінің құнын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес сыйақының төленуге жататын (төленген) сомасы шегінде азайтатын, осындай объектінің құнын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұлғайтатын, алынуға жататын (алынған) сыйақы;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 22) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
22) мынадай:
Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иесіз деп танылған, энергия беруші ұйым өтеусіз негізде меншікке қабылдаған;
энергия беруші ұйым мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органдардан, басқа да энергия беруші ұйымдардан немесе электр энергиясын беру жөніндегі қызметті жүзеге асырмайтын электр желілерінің меншік иелерінен балансқа өтеусіз негізде қабылдаған электр желілерінің құны;
23) Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік бағдарламасына, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы операторы болып табылатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен бағдарламаларға сәйкес кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қаржылық емес қолдау түрінде бюджет қаражаты есебінен алынған көрсетілетін қызметтердің құны;
24) 2019 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 25) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
25) тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 2-бабының 6) тармақшасына сәйкес 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
25) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес:
екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйымнан активтерді өтеусіз беру туралы шарттың талаптарына сәйкес активтер сомасы мен олардың әділ құнының арасындағы оң айырманың амортизациясына байланысты туындаған, дауыс беретін акцияларының 100 пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі орнықтылық ұйымының кірісі;
26) мемлекеттік меншіктен өтеусіз берілген, алынған техногендік минералды түзілімдер;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 26-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
26-1) осы Кодекстің 258-бабының 6-тармағына және (немесе) 268-бабының 2-1-тармағына сәйкес күрделі жобалар (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушының шартты коэффициентті қолдануы салдарынан пайда болған амортизацияланатын активтер топтарының (кіші топтарының) құндық балансының ұлғайтылуы;
2019.27.12. № 295-VІ ҚР Заңымен 27) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2022 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды)
27) тармақша 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 2-бабының 6) тармақшасына сәйкес 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
27) жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, пошта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын теміржол тасымалдаушысы үшін - теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерін Ұлттық инфрақұрылым операторынан өтеусіз негізде, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифке 0 мөлшеріндегі уақытша төмендету коэффициентін қолдана отырып алуға байланысты туындайтын кіріс.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 28) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап 2027 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады)
28) сот шешімі бойынша өзіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген, 2013 жылдың 31 желтоқсанында дауыс беретін акцияларының 90 пайыздан астамы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі банкке немесе бұрын осындай банк болып табылған заңды тұлғаға ұйғарылған, кешірілуге жататын борышы осындай заңды тұлғаның басқару органы 2019 жылғы 1 шілдеге дейін бекіткен тізбеге енгізілген және уәкілетті органға 2019 жылғы 1 тамыздан кешіктірілмей ұсынылған кредиттер (қарыздар) бойынша және (немесе) кредитке (қарызға) байланысты берешек бойынша тұрақсыздық айыптары (айыппұлдар, өсімпұлдар);
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 28-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
28-1) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қор нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымнан қайырымдылық көмек шеңберінде өтеусіз алған мүліктің құны, мемлекеттік меншік объектілерін күрделі жөндеу, реконструкциялау құны;
29) 2018 ж. 1 қаңтардан бастап 2021 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
226-бап. Жылдық жиынтық кіріске қосылатын кірістер
1. Жылдық жиынтық кіріске салық төлеуші кірістерінің барлық түрлері:
1) өткізуден түсетін кіріс;
2) сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымының сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша кірісі;
3) құн өсімінен түсетін кіріс;
4) туынды қаржы құралдары бойынша кіріс;
5) міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін кіріс;
6) күмәнді міндеттемелер бойынша кіріс;
7) осы Кодекстің 250-бабының 1, 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) шегеруге құқығы бар салық төлеуші құрған провизиялардың (резервтердің) мөлшерлерін төмендетуден түсетін кіріс;
8) талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс;
9) тіркелген активтердің шығып қалуынан түсетін кіріс;
10) табиғи ресурстарды геологиялық зерделеуге және өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да шығыстарын түзетуден түсетін кіріс;
11) кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасының кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі іс жүзіндегі шығыстар сомасынан асып кетуінен түсетін кіріс;
12) бірлескен қызметті жүзеге асырудан түсетін кіріс;
13) егер бұрын бұл сомалар шегерімге жатқызылмаса, негізсіз ұсталып, бюджеттен қайтарылған айыппұлдардан басқа, борышкерге ұйғарылған немесе борышкер таныған тұрақсыздық айыптары (айыппұлдар, өсімпұл);
14) бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша алынған өтемақылар;
15) өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс;
16) дивидендтер;
17) депозит, борыштық бағалы қағаз, вексель, ислам жалдау сертификаты бойынша сыйақылар;
18) оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі;
19) ұтыстар;
20) әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде алынған кіріс;
21) кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін кіріс;
22) ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша кіріс;
23) сенімгерлік басқару құрылтайшысы алған (оның алуына жататын), мүлікті сенімгерлік басқарудан түсетін таза кіріс;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 24) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
24) мемлекеттік кәсіпорынға шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығында бекітіп берілген негізгі құралдардың амортизациясына байланысты осындай кәсіпорынның халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес туындайтын кірісі;
25) осы тармақтың 1) - 24) тармақшаларында көрсетілмеген басқа да кірістер қосылған құн салығы мен акциз сомасы қосылмастан, қосылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Егер сол бір кірістер кірістердің бірнеше баптарында көрсетілуі ықтимал жағдайда, көрсетілген кірістер жылдық жиынтық кіріске бір рет қосылады.
Егер осы бөлімнің 227 - 240-баптарында, 5 және 6-параграфтарында өзгеше белгіленбесе, осы бөлімнің мақсаттары үшін кірісті тану күнін қоса алғанда, кірісті тану халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Кірісті халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тану кірісті осы Кодекске сәйкес айқындау және тану тәртібінен ерекшеленетін жағдайда, көрсетілген кіріс салық салу мақсаттары үшін осы Кодексте айқындалған тәртіппен есепке алынады.
3. Мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша сенімгерлік басқарушы мен сенімгерлік басқару құрылтайшысының жылдық жиынтық кірісі осы Кодекстің 40, 42, 43, 44 және 45-баптарының ережелері ескеріле отырып айқындалады.
4. Салық төлеушінің осы Кодекстің 286 және 287-баптарына сәйкес кірістерді түзетуге құқығы бар. Бұл ретте осы Кодекстің 286 және 287-баптарынасәйкес түзетулер ескерілген жылдық жиынтық кіріс теріс мәнге ие болуы мүмкін.
227-бап. Өткізуден түсетін кіріс
1. Осы Кодекстiң 228 - 240-баптарына сәйкес жылдық жиынтық кіріске енгiзiлетiн кірістерден, сондай-ақ осы Кодекстiң 258-бабының 1-тармағында көрсетiлген шығыстардың сомасынан аспайтын бөлiкте осы Кодекстiң 258-бабының 4-тармағында көрсетiлген кірістерден басқа, тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлген қызметтердi өткiзу кезінде туындайтын кіріс сомасы өткізуден түсетiн кіріс болып танылады.
2. Өткізуден түсетін кіріс өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер құнының мөлшерінде, оған қосылған құн салығы мен акциздің сомасы қосылмастан айқындалады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Өткізуден түсетін кірісті тану күні халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.
4. Қызметтер көрсетуден түсетін кіріске осы бөлімнің мақсаттарында, сондай-ақ:
1) кредит (қарыз, микрокредит) бойынша, репо операциялары бойынша сыйақылар түріндегі кіріс;
2) мүлікті лизинг шарты бойынша беру жөніндегі сыйақылар түріндегі кіріс;
3) роялти;
4) мүлікті лизингтен басқа, мүліктік жалдауға (жалға беруге) тапсырудан түсетін кіріс жатады.
5. Өткізуден түсетін кіріс Қазақстан Республикасының трансферттiк баға белгiлеу туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен түзетілуге жатады.
2023.06.02. № 196-VІІ ҚР Заңымен 227-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
227-1-бап. Цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғаның, цифрлық майнингтік пулдың, цифрлық активтер биржасының кірісі
1. Тұлғаның цифрлық майнинг жөніндегі қызметтен түскен кірісі цифрлық майнингтік пул оған бөлген, өз қызметі нәтижесінде туындаған цифрлық активтер санының және осы баптың 4-тармағына сәйкес айқындалған олардың құнының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
2. Тұлғаның цифрлық майнинг жөніндегі қызметтен түскен кірісіне цифрлық майнингтік пул комиссия ретінде ұстап қалған цифрлық активтердің құны жатқызылмайды.
3. Цифрлық майнингтік пулдың, цифрлық активтер биржасының цифрлық активтер түрінде алған кірісі осы баптың 4-тармағына сәйкес айқындалған құн бойынша есептеледі.
4. Осы баптың мақсаттарында цифрлық активтердің құнын және олардың түрлерінің тізбесін айқындау, жариялау тәртібі «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен уәкілетті органның бірлескен актісінде бекітіледі.
228-бап. Құн өсімінен түсетін кіріс
1. Құн өсімінен түсетін кіріс:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін сатып алынған активтерді қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтерді өткізу;
2) амортизацияға жатпайтын активтерді жарғылық капиталға салым ретінде беру;
3) амортизацияға жатпайтын активтердің бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалуы кезінде құралады.
2. Осы баптың мақсаттарында амортизацияға жатпайтын активтерге:
1) жер учаскелері;
2) аяқталмаған құрылыс объектілері;
3) орнатылмаған жабдық;
4) кіріс алуға бағытталған қызметте пайдаланылмайтын, қызмет мерзімі бір жылдан асатын активтер, оның ішінде сатуға арналған ұзақ мерзімді активтер;
5) осы Кодекстің 266-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес тіркелген активтерге жатқызылмайтын, қызмет мерзімі бір жылдан асатын активтер;
6) бағалы қағаздар;
7) қатысу үлесі;
8) инвестициялық алтын;
9) 2000 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес құны толығымен шегерімге жатқызылған негізгі құралдар;
10) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға енгізілген, құны толығымен шегерімге жатқызылған активтер;
11) осы Кодекстің 239-бабына сәйкес әлеуметтік сала объектілеріне жатқызылған мүлік жатады.
3. Осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген активтерді қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтер бойынша:
1) өткізу кезінде - өткізу құны мен бастапқы құн арасындағы оң айырма;
2) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде - жарғылық капиталға салымның құны негізге алына отырып айқындалған активтің құны мен бастапқы құн арасындағы оң айырма;
3) заңды тұлғаны бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалу кезінде - беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген құн мен бастапқы құн арасындағы оң айырма әрбір актив бойынша өсім болып танылады.
4. Борыштық бағалы қағаздар бойынша:
1) өткізу кезінде - дисконттың амортизациясы және (немесе) өткізілген күнгі сыйлықақы ескеріле отырып, өткізілу құны мен бастапқы құн арасындағы, купон ескерілмеген оң айырма;
2) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде - дисконттың амортизациясы және (немесе) берілген күнгі сыйлықақы ескеріле отырып, жарғылық капиталға салымның құны негізге алына отырып айқындалған борыштық бағалы қағаздың құны мен бастапқы құн арасындағы, купон ескерілмеген оң айырма;
3) заңды тұлғаны бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалу кезінде - дисконттың амортизациясы және (немесе) шығып қалу күнгі сыйлықақы ескеріле отырып, беру актісінде немесе бөліну балансында көрсетілген құн мен бастапқы құн арасындағы, купон ескерілмеген оң айырма әрбір бағалы қағаз бойынша құн өсімі болып танылады.
5. Осы баптың 2-тармағының 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген активтер бойынша:
1) өткізу кезінде - өткізу құны;
2) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде - жарғылық капиталға салымның құны;
3) заңды тұлғаны бірігу, қосылу, бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде шығып қалу кезінде - беру актісінде немесе бөліну балансында көрсетілген құн әрбір актив бойынша құн өсімі болып танылады.
Бірінші абзацтың қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 28-бабының редакциясында қолданылды
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан, 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Осы баптың 2-тармағының 1) - 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген активтердің бастапқы құны мынадай тәртіппен айқындалады:
сатып алуға, өндіруге, салуға арналған шығындар жиынтығы,
немесе
егер активтер жарғылық капиталға салым ретінде алынған жағдайда - жарғылық капиталға салымның құны,
немесе
егер активтер қайта ұйымдастыру нәтижесінде алынған жағдайда - беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген құн,
немесе
егер активтерді акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде, мүлікті бөлу нәтижесінде алған жағдайда - мүлікті бөлу кезінде акционер, қатысушы, құрылтайшы алатын (алған), оның ішінде бұрын енгізілгеннің орнына алатын (алған) мүліктің, осындай мүліктің берілгенін растайтын және тараптардың қолдарымен куәландырылған құжатта көрсетілген қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбастан, беруші тұлғаның бухгалтерлік есепке алуында көрсетілуге жататын (көрсетілген) беру күніндегі баланстық құны,
немесе
егер автивтер өтеусіз алынған жағдайда - осы Кодекске сәйкес өтеусіз алынған мүліктің құны түрінде жылдық жиынтық кіріске қосылған құн,
қосу
мыналардан:
осы Кодекстің 264-бабының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларына сәйкес шегерiмге жатқызуға жатпайтын шығындардан (шығыстардан);
амортизациялық аударымдардан басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес олардың құнын, оның ішінде сатып алынғаннан кейін де ұлғайтатын басқа да шығындар.
Тіркелген активтердің құрамынан алып тасталған, осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген активтердің бастапқы құны осындай активтердің тіркелген активтер құрамынан шығып қалған күнге халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалған, қайта бағалануы мен құнсыздануы есепке алынбаған баланстық құны болып табылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан, 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Мыналар қатысу үлесінің бастапқы құны болып табылады:
оны сатып алуға арналған іс жүзіндегі шығындардың, қатысу үлесін сатып алуға байланысты және оның құнын халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұлғайтатын шығындардың жиынтығы,
және (немесе);
жарғылық капиталға салымның құны, оның ішінде, егер қатысу үлесі жарғылық капиталға салым ретінде алынған болса, салымның құны,
және (немесе)
егер қатысу үлесі қайта ұйымдастыру нәтижесінде алынған жағдайда - беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген құн,
және (немесе)
егер активтерді акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде, мүлікті бөлу нәтижесінде алған жағдайда - мүлікті бөлу кезінде акционер, қатысушы, құрылтайшы алатын (алған), оның ішінде бұрын енгізілгеннің орнына алатын (алған) мүліктің, осындай мүліктің берілгенін растайтын және тараптардың қолдарымен куәландырылған құжатта көрсетілген қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбастан, беруші тұлғаның бухгалтерлік есепке алуында көрсетілуге жататын (көрсетілген) беру күніндегі баланстық құны,
және (немесе)
егер қатысу үлесі өтеусіз алынған жағдайда - осы Кодекске сәйкес өтеусіз алынған мүліктің құны түрінде жылдық жиынтық кіріске қосылған құн.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 7-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-1. Резидент-заңды тұлға бейрезидент-заңды тұлғадан сатып алу нәтижесінде алған, осы баптың 2-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген активтердің бастапқы құны мынадай тәртіппен айқындалады:
сатып алу-сату шартында немесе активтер соған сәйкес сатып алынған келісімнің өзге де түрінде көрсетілген активтерді сатып алуға бейрезидент-заңды тұлға шеккен іс жүзіндегі шығындар,
немесе
егер активтер бейрезидент-заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде алынған болса - жарғылық капиталға салымның құны,
немесе
егер активтер бейрезидент-заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру нәтижесінде алынған болса - беру актісінде немесе бөлу балансында көрсетілген құн,
немесе
егер активтерді бейрезидент-заңды тұлға осы бейрезидент-заңды тұлға акционері (қатысушысы, құрылтайшысы) болып табылатын заңды тұлға таратылған немесе осындай заңды тұлғаның жарғылық капиталы азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға бейрезидент заңды-тұлғадан акцияларды, осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған кезде мүлікті бөлу нәтижесінде алған болса - бейрезидент-заңды тұлға мүлікті бөлу кезінде заңды тұлғадан алатын (алған), оның ішінде беру күні осындай мүліктің берілгенін растайтын және тараптардың қолымен куәландырылған құжатта көрсетілген, қайта бағалау мен құнсыздану есепке алынбастан заңды тұлғаның бухгалтерлік есепке алуында көрсетілуге жататын (көрсетілген), бұрын енгізілгеннің орнына алатын (алған) мүліктің баланстық құны,
қосу
егер бейрезидент-заңды тұлға берілетін заңды тұлғаның жарғылық капиталына салымдарды жүзеге асырған болса - жарғылық капиталға осындай салымдардың құны,
қосу
резидент-заңды тұлға оны сатып алғаннан кейін заңды тұлғаның жарғылық капиталына салымдардың құны.
Егер активтердің құны шетел валютасында айқындалған болса, мұндай құн жоғарыда көрсетілген операциялар және (немесе) әрекеттер жасалған күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен қайта есептеледі.
Бұл ретте, бастапқы құн тараптардың қолымен куәландырылған, осындай активтердің өткізілуін растайтын құжатта көрсетілуге жатады.
Осы тармақ бастапқы құнын растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері болған кезде осындай активті қабылдаған резидент-заңды тұлғаның активті кейіннен сату мақсаттары үшін қолданылады.
Егер активтерді беруші және сатып алушы тұлғалардағы қатысу үлестерінің, бағалы қағаздардың немесе басқа да үлестік қатысу нысандарының кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде бір жеке тұлғаға тиесілі болса, осы тармақтың ережелері қолданылады.
8. Осы Кодекстің 239-бабына сәйкес әлеуметтік сала объектілеріне жатқызылған мүліктің бастапқы құны мұндай активтердің шығып қалған күнгі, қайта бағалануы мен құнсыздануы ескерілмеген, баланстық құны болып табылады.