7) құрылыс қызметі және (немесе) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылатын, сондай-ақ осы жұмыстардың орындалуын байқау жөніндегі қызметтер көрсетілетін кез келген орын;
8) осы баптың 6-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын өкілдікті қоспағанда, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі орналасқан жер;
9) «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасында бейрезиденттің атынан делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлға орналасқан жер;
10) шет мемлекеттің заңнамасына не егер мұндай бірлескен қызмет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейрезидентпен жасалған бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушы резидент орналасқан жер бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі болып танылады.
2. Егер мұндай сипаттағы қызмет Қазақстан Республикасының аумағында бір жоба немесе байланысты жобалар шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап кез келген қатарынан он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен астам жалғасатын болса, осындай мақсаттар үшін бейрезидент жалдаған жұмыскерлер немесе басқа персонал арқылы Қазақстан Республикасының аумағында осы баптың 1-тармағында көзделмеген қызметтер көрсетілетін, жұмыстар орындалатын орын бейрезиденттің тұрақты мекемесі болып танылады.
Өзара байланысты немесе өзара тәуелді келісімшарттар (шарттар) осы бөлімнің мақсаттарында байланысты жобалар болып танылады.
Бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
1) мұндай келісімшарттар (шарттар) бойынша бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы бір ғана сол салық агентіне немесе оның өзара байланысты тарапына бірдей немесе біртекті қызметтер (жұмыстар) көрсететін (орындайтын);
2) бір келісімшарт (шарт) бойынша қызметтер көрсету (жұмыстар орындау) аяқталған күн мен басқа келісімшарт (шарт) жасалған күн арасындағы уақыт кезеңі қатарынан он екі айдан аспайтын келісімшарттар (шарттар) өзара байланысты келісімшарттар (шарттар) деп танылады.
Бейрезидент немесе оның өзара байланысты тарапы салық агентімен немесе оның өзара байланысты тарапымен жасасқан, олардың біреуі бойынша міндеттемелерді бейрезиденттің немесе оның өзара байланысты тарапының орындамауы мұндай бейрезиденттің немесе оның өзара байланысты тарапының басқа келісімшарт (шарт) бойынша міндеттемелерді орындауына әсер ететін келісімшарттар (шарттар) өзара тәуелді келісімшарттар (шарттар) болып танылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, егер бейрезидент Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметті тәуелдi агент арқылы жүзеге асырған жағдайда, онда мұндай бейрезидент өзі үшiн тәуелдi агент жүзеге асыратын кез келген қызметке байланысты, осындай қызметтің жүзеге асырылу мерзімдеріне қарамастан, тұрақты мекемесi бар бейрезидент ретiнде қарастырылатын болады.
Бір мезгілде мынадай:
1) шарттық қатынастар негізінде Қазақстан Республикасында бейрезиденттің мүдделерін білдіруге, бейрезиденттің атынан және есебінен әрекет етуге және (немесе) белгілі бір заңдық әрекеттер жасауға уәкілетті, оның ішінде өтеулі қызметтер көрсету шартын жасасуға немесе осындай шартты жасасу немесе бейрезидентке меншік құқығы (пайдалану құқығы) негізінде тиесілі мүлікке меншік құқығын (пайдалану құқығын) беру кезінде негізгі рөл атқаруға уәкілетті;
2) сақтандыру брокерінің қызметін және осындай агент айрықша түрде немесе негізінен бейрезиденттің атынан әрекет ететін жағдайларды қоспағанда, ол осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген қызметті кеден өкілінің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының қызметі және өзге де брокерлік қызмет шеңберінде жүзеге асырмайды;
3) оның қызметі осы баптың 6-тармағында санамаланған қызмет түрлерімен шектелмейді деген шарттарға сай келетін жеке немесе заңды тұлға осы бөлімнің мақсаттары үшін тәуелді агент деп танылады.
4. Егер еншілес ұйым осы баптың 3-тармағына сәйкес тәуелді агент болып танылса, бейрезиденттің Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған еншілес ұйым арқылы жүзеге асырылатын қызметі бейрезиденттің тұрақты мекемесінің құрылуына алып келеді.
5. Егер тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін көрмелерде және жәрмеңкелерде өткізу күнтізбелік он күннен астамға созылса, бейрезидент осындай өткізу кезінде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрады.
6. Бейрезидент қызметінің дайындық немесе көмекшi сипатқа қана ие, бейрезиденттiң кәсіпкерлік қызметiнің негізгі түрлерінің бір бөлігі болып табылмайтын және үш жылдан аспайтын мынадай түрлері:
1) кез келген орынды бейрезидентке тиесiлi тауарды өткізбей, сақтау және (немесе) көрсету мақсаттары үшін ғана пайдалану;
2) тұрақты қызмет орнын тауарларды өткізбей, бейрезидент үшін сатып алу мақсаттарында ғана ұстау;
3) тұрақты қызмет орнын ақпарат жинау, өңдеу және (немесе) тарату, бейрезидент өткізетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жарнамалау немесе олардың нарығын зерделеу үшiн ғана ұстау бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің құрылуына алып келмейді.
Бұл ретте дайындық немесе көмекшi сипаттағы қызмет үшінші тұлғалар үшін емес, бейрезиденттің өзі үшін жүзеге асырылуға тиіс.
7. Бейрезиденттің заңды тұлғаға, оның iшiнде Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстеу үшiн шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметі, бір мезгiлде мынадай шарттар орындалған кезде:
1) егер мұндай персонал өзi ұсынылған заңды тұлғаның атынан және соның мүдделерiн көздеп әрекет етсе;
2) шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсететiн бейрезидент ұсынылған персоналдың жұмыс нәтижелерi үшін жауапты болмаса;
3) салықтық кезең ішінде бейрезиденттiң шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірісі бейрезиденттiң көрсетілген кезең ішінде осындай персоналды ұсыну бойынша жалпы шығындары сомасының 10 пайызынан аспайтын болса, осындай көрсетілетін қызмет бойынша Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейді.
Бұл ретте мұндай кірістің мөлшері салықтық кезең ішінде бейрезидент көрсеткен шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтердің құны мен көрсетілген кезең ішінде бейрезиденттiң персоналды ұсыну бойынша жалпы шығындары сомасының құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады.
Шетелдiк персоналдың кірістерін қоса алғанда, осындай қызметтер көрсетуге арналған шығындардың сомасын растау үшiн бейрезидент көрсетілетін қызметтерді алушыға Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жасалған бастапқы құжаттарының көшірмесін ұсынуға міндетті. Шетелдiк персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсететiн бейрезиденттің кірісінен корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін, осы тармақта белгіленген шарттар орындалған кезде, бейрезиденттің мұндай көрсетілетін қызметтері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде көрсетілген қызметтер болып танылады.
8. Бейрезидент қызметті Қазақстан Республикасының аумағында бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жүзеге асырған жағдайда:
1) осындай шартқа әрбір қатысушының қызметі осы бапта белгіленген ережелерге сәйкес тұрақты мекеме құрады;
2) осындай шартқа әрбір қатысушы салықтық міндеттемені орындауды осы Кодексте айқындалған тәртіппен өзі дербес жүзеге асырады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келетін кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын бейрезидент осы Кодекстiң 76-бабында айқындалған тәртiппен салық органында салық төлеушi ретiнде тiркелуге мiндеттi.
Бейрезиденттiң салық органдарында салық төлеушi ретiнде тiркелуінің немесе тіркеуші органда есептiк тiркелуінің болмауына қарамастан, бейрезиденттің Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыруы басталған күннен бастап бейрезиденттің қызметі осы баптың ережелерiне сәйкес тұрақты мекеме құрады.
Егер бейрезидент бір салық органында тіркелуге жататын екі және одан да көп тұрақты мекеме құруға алып келетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған жағдайда, онда бейрезиденттің осындай тұрақты мекемелерінің тобы бойынша жиынтық түрде бір тұрақты мекеме тіркелуге жатады.
Егер бейрезиденттің осы баптың 2, 3, 5 немесе 7-тармақтарында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын тіркелген тұрақты мекемесі болса және ол ұқсас немесе осындай қызметті мұндай тұрақты мекеме тіркелген орыннан өзгеше орында жүзеге асырса, онда мұндай қызметті жүзеге асыру тұрақты мекеме құруға алып келеді және ұқсас немесе осындай қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап тіркелуге жатады.
Егер бейрезиденттің тұрақты мекемесі салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқорынан алып тасталған күннен кейін осындай бейрезидент осы баптың 2 және 5-тармақтарында көрсетілген қызметті қатарынан он екі айлық кезең ішінде қайта бастаған жағдайда, ол тұрақты мекеме құрған болып танылады және осындай қызмет жүзеге асырыла бастаған күннен бастап салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Осы Кодекстi қолдану мақсаттарында:
1) мыналарға:
Қазақстан Республикасында, оның ішінде бірлескен қызмет туралы шарт шеңберінде жұмыстар орындауға, қызметтер көрсетуге;
өз атынан Қазақстан Республикасында әрекеттер жасауға өкiлеттiктер беруге;
өткізу мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлар сатып алуға;
Қазақстан Республикасында жұмыстар орындау, қызметтер көрсету мақсатында жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арнап кез келген мынадай келiсiмшартты (шартты, келiсiмді) жасасу;
2) Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыру мақсаттарында алғашқы еңбек шартын (келiсiмін, келісімшартын) жасасу;
3) осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) немесе 2) тармақшаларында көрсетілген келiсiмшарттың (шарттың, келiсiмнiң) шарттарын орындау үшiн бейрезидент-жеке тұлғаның, бейрезиденттің жұмыскерінің немесе өзге жалданған персоналының Қазақстан Республикасына келуі;
4) бейрезиденттің осы баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген қызметті жүзеге асыруға құқығын куәландыратын құжаттың күшіне енген күні бейрезиденттiң Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыруды бастаған күні болып танылады.
Осы тармақта белгіленген бірнеше шарт болған жағдайда, осы тармақта көрсетілген күндердің неғұрлым ертесі бейрезиденттің Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыруды бастаған күні болып танылады.
11. Егер бейрезидент қызметті қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шартқа немесе осы баптың 6-тармағына сәйкес тұрақты мекеменің құрылуына алып келмейтін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асырған жағдайда, бейрезиденттің мұндай құрылымдық бөлімшесіне осы Кодекстiң бейрезиденттiң тұрақты мекемесi үшiн көзделген ережелерi қолданылатын болады. Бұл ретте мұндай құрылымдық бөлімшенің осы Кодекстің 672, 673 және 674-баптарына сәйкес қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы болады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 221-бап өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
221-бап. Өзара келiсу рәсiмi
1. Тұлға өзімен Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттің құзыретті органымен:
1) егер уағдаласушы мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің әрекеттері осындай халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға алып келді немесе алып келеді деп есептесе, халықаралық шарттың ережелерін қолдану туралы мәселелені қарау үшін;
2) резиденттілік мәртебесін айқындау үшін өзара келісу рәсімін жүргізу туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгінуге құқылы.
2. Өтініште тұлғаның талаптары негізделген мән-жайлар көрсетілуге тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ұсынылатын өтінішке тұлға өзімен Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекетте алынған (алынуға жататын) кірістердің және (немесе) ұсталған салықтардың (олар ұсталған жағдайда) сомасын растайтын бухгалтерлік құжаттардың көшірмесін, сондай-ақ:
1) жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге немесе өзге де мақсаттарға арналған келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің);
2) заңды тұлғалар үшін - құрылтай құжаттарының не резидент-заңды тұлғаның құрылтайшыларын (қатысушыларын) және мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен үзінді-көшірмелердің;
3) осы Кодекстің 218-бабы 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың нотариат куәландырған көшірмесін қоса беруге міндетті.
Тұлға өзара келісу рәсімін жүргізу үшін қажетті, осы тармақта көрсетілмеген өзге де құжаттарды ұсынуға құқылы.
4. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ұсынылған өтінішке тұлға осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса беруге міндетті.
5. Уәкілетті орган тұлғадан өзара келісу рәсімін жүргізу үшін қажетті қосымша құжаттарды ұсынуын жазбаша түрде талап етуге құқылы.
6. Уәкілетті орган мынадай:
1) Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасаспаған мемлекеттің құзыретті органымен өзара келісу рәсімін жүргізуге өтініш ұсынылған;
2) осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген құжаттар ұсынылмаған жағдайларда, өтініш ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тұлғаға өтінішті қараудан бас тарту туралы шешімді жібереді.
Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша өтінішті қараудан бас тартқан жағдайда, тұлға, егер ол жол берген бұзушылықтарды жойған болса, өтінішті қайта беруге құқылы.
7. Уәкілетті орган, осы баптың 6-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, өтінішті алынған күнінен бастап күнтізбелік қырық бес күн мерзімі ішінде қарайды.
8. Уәкілетті орган өтінішті қарау қорытындысы бойынша:
1) өзара келісу рәсімін жүргізуден бас тарту туралы;
2) өзара келісу рәсімін жүргізу туралы шешімдердің бірін шығарады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Уәкілетті орган:
1) өтініште көрсетілген негіздер Қазақстан Республикасының халықаралық шартының ережелеріне сәйкес келмеген;
2) Тұлға анық емес ақпарат берген;
3) өтінішті қарау барысында тұлға осы баптың 5-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған жағдайларда, өзара келісу рәсімін жүргізуден бас тарту туралы шешім шығарады.
Мұндай шешім шығарылған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде тұлғаға жіберіледі.
Қос резиденттік себебі бойынша өзара келісу рәсімін жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылданған кезде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында белгіленген негіздер бойынша бас тарту қолданылмайды.
10. Өзара келісу рәсімін жүргізу туралы шешім қабылданған жағдайда, уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органына осындай рәсім жүргізу туралы сұрау салумен жүгінеді.
11. Уәкілетті орган мынадай:
1) тұлға өзара келісу рәсімін жүргізуді тоқтату туралы өтініш ұсынған;
2) өзара келісу рәсімін жүргізу барысында тұлғаның анық емес ақпарат беру фактісі анықталған;
3) өзара келісу рәсімін жүргізу барысында тұлға осы баптың 5-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған жағдайларда, шет мемлекеттің құзыретті органымен арада басталған өзара келісу рәсімін жүргізуді тоқтатады.
12. Уәкілетті орган тұлғаға өзара келісу рәсімін жүргізу қорытындылары бойынша қабылданған шешім туралы ақпаратты осындай шешім қабылданған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жібереді.
13. Осы бапта айқындалған тәртіппен жүргізілген өзара келісу рәсімінің қорытындылары бойынша қабылданған шешім, сондай-ақ шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы негізінде жүргізілген өзара келісу рәсімінің қорытындылары бойынша қабылданған шешім салық органдарының орындауы үшін міндетті.
7-БӨЛІМ. КОРПОРАТИВТІК ТАБЫС САЛЫҒЫ
27-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
222-бап.Төлеушілер
1. Мемлекеттік мекемелерді және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден кіріс алатын бейрезидент-заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Шағын бизнес субъектілері үшін, бөлшек салықтың арнаулы салық режимдерін қолданатын заңды тұлғалар осы Кодекстің 20-бөліміне сәйкес, көрсетілген режимдер шеңберінде салық салынатын кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын есептейді және төлейді.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін, бөлшек салықтың арнаулы салық режимдерін қолданатын заңды тұлғалар осы Кодекстің 20-бөлімінде белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, көрсетілген режим шеңберінде салық салынатын кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын және ол бойынша аванстық төлемдерді есептейді.
3. 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
223-бап. Салық салу объектілері
Мыналар корпоративтік табыс салығын салу объектілері болып табылады:
1) салық салынатын кіріс;
2) төлем көзінен салық салынатын кіріс;
3) Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның таза кірісі;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде тіркелгендерді қоспағанда, бақыланатын шетелдік компаниялардың және бақыланатын шетелдік компаниялардың тұрақты мекемелерінің салық салынатын кірісі;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде тіркелген бақыланатын шетелдік компаниялардың және бақыланатын шетелдік компаниялар тұрақты мекемелерінің салық салынатын кірісі.
28-тарау. САЛЫҚ САЛЫНАТЫН КІРІС
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 224-бап өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
224-бап. Салық салынатын кіріс
Салық салынатын кіріс осы Кодекстің 241-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, жылдық жиынтық кіріс пен осы бөлімде көзделген шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
1-параграф. Жылдық жиынтық кіріс
225-бап. Жылдық жиынтық кіріс
1. Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғаның жылдық жиынтық кірісі осы тұлғаның салықтық кезең ішінде Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жерлердегі көздерден алуына жататын (алынған) кірістерінен тұрады.
Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістер болып табылмайтын кірістердің барлық түрлері төленген жеріне қарамастан, осы бөлімнің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі көздерден алынған кірістер болып танылады.
Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның жылдық жиынтық кірісі осы Кодекстің 651-бабында көрсетілген кірістерден тұрады.
2. Мыналар салық салу мақсаттарында кіріс ретінде қарастырылмайды:
1) жарғылық капиталға салым ретінде алынған мүліктің құны;
2) акционер алатын (алған), оның ішінде заңды тұлғаны тарату немесе жарғылық капиталды азайту кезінде, сондай-ақ эмитент-заңды тұлға шығарған акцияларды осы эмитент акционерден сатып алған кезде мүлікті бөлу кезінде өзіне мүлікті бөлу жүзеге асырылатын акциялардың санына тура келетін төленген жарғылық капитал мөлшерінде, бұрын енгізілген мүліктің орнына алатын (алған) мүліктің құны;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) қатысушы, құрылтайшы алатын (алған), оның ішінде заңды тұлғаны тарату немесе жарғылық капиталды азайту кезінде, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алу кезінде мүлікті бөлгенде өзіне мүлікті бөлу жүзеге асырылатын қатысу үлесіне тура келетін төленген жарғылық капитал мөлшерінде, бірақ осындай қатысушыдағы, құрылтайшыдағы мұндай қатысу үлесінің осы Кодекстің 228-бабының 7-тармағында көзделген тәртіппен айқындалатын бастапқы құнынан аспайтын мөлшерде, бұрын енгізілгеннің орнына алатын (алған) мүліктің құны;
4) эмитент өзі шығарған акцияларды орналастырудан алған мүліктің құны;
5) мүлікті беретін салық төлеуші үшін - өтеусіз негізде берілген мүліктің құны;
6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептен шығарылған өсімпұл мен айыппұлдар сомасы;
7) егер жарнамалық мақсатта (оның ішінде сыйға тарту түрінде) өтеусіз алынған тауар бірлігінің құны тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген және тауарды осындай алу күнінде қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5 еселенген мөлшерінен аспаса, осындай тауардың құны;
8) осы Кодексте көзделген жағдайларда, салықтық міндеттеменің мөлшерін азайту сомасы;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, басқа тұлғадан алынуға жататыннан (алынғаннан) басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және немесе Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бухгалтерлік есепке алуда кіріс деп танылатын, активтер және (немесе) міндеттемелер құнының өзгеруіне байланысты туындайтын кіріс;
9) тармақшаның екінші бөлігі 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Осы тармақшаның ережелері осы Кодекстің 228-бабының 7-1-тармағында көзделген жағдайда да қолданылады;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10) бөлінбеген пайданың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес активтерді қайта бағалауға арналған резервтерді азайту есебінен ұлғайтылуы;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11) міндеттеменің бухгалтерлік есепке алуда халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес іс жүзінде орындалуға тиіс міндеттеме мөлшері мен бухгалтерлік есепке алуда танылған осы міндеттеменің құны арасындағы оң айырма түрінде танылуына байланысты туындайтын кіріс;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
12) инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензия негізінде пайлық инвестициялық қор активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын басқарушы компания үшін - осындай басқарушы компанияның сыйақысын қоспағанда, Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасына сәйкес пайлық инвестициялық қорлар алған және пайлық инвестициялық қордың кастодианы солай деп таныған инвестициялық кірістер;
13) алыс-беріс шикізатынан бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынын өндірген тұлға үшін - осындай тұлғаның алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын акцизделетін тауарлар бойынша акциз төлеу жөніндегі салықтық міндеттемені орындау есебінен алынуға жататын (алынған) өтем сомасы;
14) мемлекеттік мекемеден мемлекеттік кәсіпорын:
осындай кәсіпорынға шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында бекітіп берілген негізгі құралдар;
осындай кәсіпорынға шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында бекітіп берілетін негізгі құралдарды сатып алуға арналған ақша түрінде алған мүліктің құны;
15) бар болған жағдайда, осы Кодекстің 234-бабында көзделген асып кету ескеріле отырып, осы Кодекстің 270-бабының 8-тармағына сәйкес топтың құндық балансын азайту жүргізілген сома шегінде алынған сақтандыру төлемі;