Кепіл ретінде кепіл берушінің келісімімен құны қылмыстың тиісті санаты бойынша кепілдің ең жоғары мөлшерінен асатын өзге де мүлік берілуі мүмкін.
Айрықша жағдайларда кепіл мөлшері мыналарға:
1) асырауында кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, мүгедек туыстары бар, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы болып табылатын адамдарға;
2) 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын, сондай-ақ бюджет есебінен әртүрлі әлеуметтік көмек түрлерін алатын адамдарға;
4) кәмелетке толмағандар мен зейнеткерлік жастағы адамдарға қатысты төменгі мөлшерден аз мөлшерде қолданылуы мүмкін не осы сомаға баламалы өзге де мүлік қабылдануы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Күзетпен ұсталмайтын күдікті, айыпталушы, сотталушы не басқа тұлға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған, қолданылған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірмей тиісті шотқа қаражат салуға және растайтын құжатты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, сотқа ұсынуға міндетті.
Тергеу судьясының кепіл енгізу туралы қаулысы орындалмаған жағдайда, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұлтартпау шарасын өзгерту туралы мәселеге бастамашылық жасайды.
5. Кепіл ретінде басқа да құндылықтар, жылжитын немесе жылжымайтын мүлік берілген кезде кепіл беруші сол мерзімде оларды құқық белгілейтін құжаттарымен бірге қылмыстық процесті жүргізетін органға беруге міндетті.
Осы Кодекстің 128-бабында көзделген тәртіппен ұсталған күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жағдайда, кепіл іс жүзінде енгізілгенге дейін тергеу судьясы осы Кодекстің 148-бабының жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады.
Бұрын таңдалған күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы кепілмен ауыстырылған жағдайда, күдікті, айыпталушы кепіл іс жүзінде енгізілгеннен кейін ғана күзетілуден босатылады. Егер бұл кезге қарай осы Кодексте көзделген күзетпен ұстау мерзімдері біткен болса, онда олар кепіл енгізілгенге дейін ұзартылады.
6. Кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған кезде күдіктіге, айыпталушыға - олардың міндеттері және оларды орындамаудың салдары, ал айыпталушы, күдікті болып табылмайтын кепіл берушіге - адамның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілетіні, айыпталатыны, жасалған іс-әрекет үшін заңда көзделген жаза, күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер және олардың шақыру бойынша келуі, сондай-ақ осы міндеттерді орындамаудың салдары түсіндіріледі.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Кепiлдiң қабылданғаны туралы хаттама жасалады, онда күдіктіге, айыпталушыға шақыру бойынша келу және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға жол бермеу туралы міндеттің түсiндiрiлгенi, ал кепiл берушiге күдікті, айыпталушы шақыру бойынша келуден жалтарған және қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайларда кепiл мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылатыны туралы ескертiлгенi атап көрсетіледі. Хаттамаға осы бұлтартпау шарасын таңдаған лауазымды адам, күдікті, айыпталушы, сондай-ақ кепіл беруші басқа тұлға болса, ол қол қояды. Хаттама және соттың депозитiне кепiлдің енгізілгені туралы құжат iс материалдарына қосып тігіледі, ал кепiл берушiге хаттаманың көшiрмесi табыс етіледі.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған адамға қатысты осы Кодекстің 148-бабының сегізінші бөлігінде көзделген тәртіппен шығарылған қаулысына сәйкес кепіл енгізілген жағдайда, күзетпен ұстау орнының бастығы күдіктіге, айыпталушыға кепіл жөніндегі міндеттерді және оларды орындамаудың салдарын түсіндіруді жүзеге асырады.
Күзетпен ұстау орнының бастығы күдіктiнi, айыпталушыны күзетпен ұстаудан босатуды кепіл енгізілгенін растайтын құжатты алғаннан кейін жүзеге асырады, бұл жөнінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, қадағалаушы прокурор және тергеу судьясы дереу хабардар етіледі.
9. Егер күдікті, айыпталушы өздеріне жүктелген міндеттерді бұзбаса, бірақ күдіктіге, айыпталушыға қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылса, қылмыстық іс бойынша үкім немесе іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылса, кепіл берушіге кепіл нысанасы дереу қайтарылады.
Егер күдікті, айыпталушы кепіл беруші болып табылса, сот азаматтық талап қоюдың, процестік шығындардың және өзге де мүліктік өндіріп алу қажеттігінің болуы кезінде кепіл тағдыры туралы мәселені қарай отырып, прокурордың өтінішхаты бойынша кепіл нысанасына не оның бір бөлігіне өндіріп алуды қолдану туралы шешім қабылдауға құқылы.
Күдікті, айыпталушы болып табылмайтын кепіл беруші енгізген кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану оның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.
10. Күдікті, айыпталушы үшін кепіл енгізген тұлға күдіктінің, айыпталушының қылмыстық процесті жүргізетін органға келуі жөніндегі міндеттерді орындауын бұдан әрі қамтамасыз етуге жағдайы келмейтіні туралы жазбаша өтініш жасаған жағдайда, егер күдікті, айыпталушы көрсетілген міндеттерді бұзбаған болса, кепіл нысанасы дереу қайтарылуға жатады.
Қылмыстық істі түпкілікті шешетін үкім немесе қаулы шығарылған кезде, тиісінше, сот немесе қылмыстық қудалау органы сонымен бір мезгілде кепіл нысанасының тағдырын шешеді.
11. Күдікті, айыпталушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттерді дәлелді себептерсіз орындамаған жағдайда, прокурор тергеу судьясына кепілді мемлекет кірісіне айналдыру туралы өтінішхат жібереді.
Сот тиісті шешім қабылдайды, оған кепіл беруші осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жоғары тұрған сотқа шағым жасауы мүмкін.
12. Кепіл нысанасы қайтарылған кезде кепіл берушіден кепілдің сақталуын қамтамасыз етуге жұмсалған сома өндіріп алынады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 13-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13. Кепіл нысанасын қабылдау, бағалау, сақтау, қайтару, өткізу, оған өндіріп алуды қолдану және кепілді мемлекет кірісіне айналдыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
146-бап. Үйқамақ
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Үйқамақ күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстамай, бірақ осы Кодекстің 147-бабында көзделген тәртіппен судья белгілеген шектеулер қолданыла отырып, оларды қоғамнан оқшаулауды білдіреді.
2. Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты үйқамақ қолданылған кезде бір немесе бірнеше шектеу:
1) тұрғынжайдан барлық уақытта немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салу;
2) осы бөліктің 5) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, телефонмен сөйлесуге, хат-хабар жөнелтуге және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салу;
3) белгілі бір адамдармен араласуға және кімді болса да үйінде қабылдауға тыйым салу;
4) электрондық бақылау құралдарын қолдану және осы құралдарды өзімен бірге алып жүру міндетін жүктеу;
5) бақылау мақсатындағы телефон қоңырауларына немесе өзге де бақылау сигналдарына жауап беру, анықтау органына немесе күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының мінез-құлқын қадағалауды жүзеге асыратын басқа да органға телефон шалу немесе оларға белгілі бір уақытта жеке өзінің келу міндеттерін жүктеу;
6) күдіктіге, айыпталушыға немесе олардың тұрғынжайына байқау орнату, сондай-ақ олардың тұрғынжайына немесе оларға тұрғынжай ретінде бөліп берілген үй-жайға күзет қою;
7) күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын және қоғамнан оқшаулануын қамтамасыз ететін басқа да шаралар қолданылуы мүмкін.
Қажет болған кезде күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын қадағалау орнатылады.
Қамақтағы адамның тұрғынжайдан шығуына белгіленген шектеулерді сақтауын қадағалауды жүзеге асырған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган тәуліктің кез келген уақытында оның тұрғылықты жерінде болуын тексеруге құқылы. Тексеру күндізгі уақытта екі реттен артық және түнгі уақытта бір реттен артық жүргізілмейді. Лауазымды адамның қамақтағы адамның тұрғынжайында болуына осы адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен жол беріледі және ол отыз минуттан аспауға тиіс.
3. Соттың үйқамақ туралы қаулысында күдіктіге, айыпталушыға қолданылатын нақты шектеулер белгіленеді, сондай-ақ қадағалауды жүзеге асыратын орган немесе лауазымды адам көрсетiледi.
4. Үйқамақтың мерзiмi, оны ұзарту тәртiбi осы Кодекстiң 151 және 547 - 551-баптарында белгiленген қағидаларда айқындалады.
5. Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын орындау тәртібі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен айқындалады.
147-бап. Күзетпен ұстау
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, егер:
1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
2) оның жеке басы анықталмаса;
3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын немесе процестік мәжбүрлеу шарасын бұзса;
4) ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекет жасаса немесе жасырынса;
5) оған ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе;
6) оның бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталғандығы болса;
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) оның қылмыстық әрекетті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, заңда бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген мән-жай күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін бірден-бір негіз болып табылмайды.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды таңдау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулыда осы бұлтартпау шарасын таңдау себептерін және қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолданудың мүмкін еместігін негіздеуге міндетті.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам ұстап алынған мерзім ішінде прокурор осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарымен танысуға құқылы және күдікті ұсталып отырған жерде одан жауап алуға құқылы.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өтінішхатын зерделеу нәтижелері бойынша өтінішхатқа келісім білдіреді не оны қолдаудан уәжді қаулымен бас тартады және (немесе) өзге бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселені шешеді. Қаулының көшірмесі мүдделі адамдарға жіберіледі.
Прокурор ұстап алу мерзімі өтерден кемінде сегіз сағат бұрын тергеу судьясына өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының көшірмелерін қоса бере отырып, күзетпен ұстауды санкциялау жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулыны ұсынуға міндетті.
4. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
148-бап. Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаттарды қарауы
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Күзетпен ұстауды санкциялау құқығы - тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда - облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Тергеу судьясы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап сегіз сағаттан кешіктірілмейтін мерзімде, осы Кодекстің 56-бабында айқындалған тәртіпті сақтай отырып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының қатысуымен қарайды.
Тергеу судьясы қорғаушыны түскен материалдармен таныстырады.
Сот отырысына заңды өкіл мен өкіл де қатысуға құқылы, сот отырысының орны мен уақыты туралы сот оларға уақтылы хабарлаған жағдайда, олардың келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Күзетпен ұстауға санкция беруге байланысты мәселелерді шешкен кезде тергеу судьясы көрсетілген бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән-жайларға қатысты іс материалдарын зерттеумен қатар, адамға қылмыс жасады деп күдік келтірудің негізділігін тексереді.
Қажет болған жағдайда судья қылмыстық істі талап етіп алдыруға құқылы.
4. Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты күдіктінің, айыпталушының қатысуынсыз қарауына күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жарияланған немесе олар Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болған және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланған кезде қылмыстық процесті жүргізетін органға келуден жалтарған жағдайларда ғана жол беріледі. Ұстап алынған жағдайда күдікті, айыпталушы таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігін қарау үшін тергеу судьясына жеткізіледі.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Тергеу судьясы отырыстың басында қандай өтінішхаттың қаралуға жататынын хабарлайды, сот отырысына келген адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан кейін прокурор күдіктіні күзетпен ұстауды бұлтартпау шарасы ретінде таңдаудың қажеттігін негіздейді, содан соң күдікті, айыпталушы және сот отырысына келген басқа да тұлғалар тыңдалады.
Прокурордың осы өтінішхатын қарау барысында күдікті, айыпталушы, сондай-ақ олардың мүддесінде қорғаушы осы Кодекстің 137-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзге бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Тергеу судьясы үйқамақты, кепілді қолдануды санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарған жағдайда, прокурор осы Кодекстің 107-бабында белгіленген қағидалар бойынша оған өтінішхат келтіруге құқылы.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Тергеу судьясы күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша мынадай:
1) күзетпен ұстауға санкция беру туралы;
2) екі ай мерзімге күзетпен ұстауға санкция беру үшін жеткілікті негіздер болмаған жағдайда, он тәулікке дейінгі мерзімге күзетпен ұстауға санкция беру туралы;
3) күзетпен ұстауға санкция беруден бас тарту туралы қаулылардың бірін шығарады. Тергеу судьясы осы бұлтартпау шарасына санкция беруден бас тартқан жағдайда, осы Кодекстің 137-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзге бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 7-1-бөлікпен толықтырылды
7-1. Тергеу судьясы күзетпен ұстауды санкциялау туралы қаулыда осы бұлтартпау шарасын таңдау себептерін және қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолданудың мүмкін еместігін көрсетуге міндетті.
8. Тергеу судьясы, аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулы шығарған кезде осы баптың тоғызыншы бөлігінде көзделгеннен басқа жағдайларда, күдіктінің, айыпталушының осы Кодекстің 140-бабының үшінші бөлігінде көзделген міндеттерді орындауын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатын кепіл мөлшерін айқындауға міндетті.
Тергеу судьясының, соттың қаулысында кепіл енгізілген жағдайда күдіктіге, айыпталушыға осы Кодекстің 140-бабында көзделген міндеттердің қайсысы жүктелетіні, оларды орындамаудың салдары, кепіл мөлшерін таңдаудың негізділігі, сондай-ақ оны қолдану мүмкіндігі көрсетіледі.
Күдікті, айыпталушы не басқа тұлға кепілді кез келген уақытта тергеу судьясының, соттың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулысында белгіленген мөлшерде енгізуге құқылы.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 9-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Тергеу судьясы, сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы қаулы шығарған кезде мынадай:
1) адамға жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана қылмыстар жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған;
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) адамға қылмыстық топтың құрамында қылмыс; террористік және (немесе) экстремистік қылмыстар; Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 1, 4, 5, 11 және 17-тарауларында көзделген аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ төтенше жағдайларда немесе жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған аса ауыр қылмыстар, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған аса ауыр әскери қылмыстар жасады деп күдік келтірілген, айып тағылған;
3) күдікті, айыпталушы сот ісін жүргізуге кедергі жасайды немесе тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған;
4) күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекетті жалғастыруы туралы деректер болған;
5) күдікті, айыпталушы тергеп-тексеріліп жатқан қылмыстық іс бойынша бұрын таңдалған кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын бұзған жағдайларда, кепіл белгіленбейді.
10. Өзіне қатысты тергеу судьясының қаулысы шығарылған адамға сол қаулы дереу табыс етіледі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, жәбірленушіге және күдікті, айыпталушы отырған күзетпен ұстау орны мекемесінің бастығына жіберіледі және дереу орындалуға жатады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 11-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11. Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстауды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 12-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
12. Күзетпен ұстауды санкциялаудан бас тарту туралы қаулының күші жойылған жағдайда, облыстық немесе оған теңестірілген соттың күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстауды санкциялау туралы мәселені қарауы осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
13. Тергеу судьясы, сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарғаннан кейін күзетпен ұстау қажеттігін негіздейтін жаңа мән-жайлар туындаған кезде ғана сотқа нақ сол қылмыстық іс бойынша нақ сол адамға қатысты көрсетілген бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатпен қайтадан жүгінуге болады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 14-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстаудың қолданылатыны туралы осы Кодекстің 135-бабында белгіленген тәртіппен - күдіктінің туыстарын, ал ол шетелдікке қатысты қолданылған жағдайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы осы мемлекеттің елшілігін, консулдығын немесе өзге өкілдігін де хабардар етуге міндетті.
149-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктілерді ұстау
Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктілер тергеу изоляторларында ұсталады. Оларды ұстаудың тәртiбi мен жағдайлары заңнамада айқындалады.
150-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталушыларды ұстап алынғандар ұсталатын орындарда ұстау
1. Өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны тергеу изоляторына жеткізу жердiң шалғайлығына немесе тиiстi қатынас жолдарының болмауы немесе тергеу әрекеттерiн жүргiзу немесе iстi сотта қарау қажеттігі салдарынан мүмкiн болмаған жағдайларда, мұндай адамдар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның прокурор не тергеу судьясы не сот бекіткен қаулысымен отыз тәулiкке дейiн - уақытша ұстау изоляторларында, ал әскери қызметшілер гауптвахтада ұсталуы мүмкін.
Мұндай адамдарды күзетпен ұстаудың тәртiбi мен жағдайлары заңнамада айқындалады.
2. Өздеріне қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылған күдіктіні, айыпталушыны және сотталушыны тергеу әрекеттерін жүргiзу үшiн бiр тергеу изоляторынан екінші бір тергеу изоляторына ауыстыру (этаппен апару) прокурордың қаулысы бойынша не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның прокурор бекіткен қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
151-бап. Күзетпен ұстау мерзiмдерi және оларды ұзарту тәртiбi
1. Осы Кодексте көзделген ерекше жағдайлардан басқа, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде күзетпен ұстау мерзімін екі айдан асыруға болмайды.
2. Судья санкциялаған күзетпен ұстаудың қысқа мерзімін екі айға дейін ұзарту қажет болған кезде прокурор ол аяқталардан бір тәулік бұрын тергеу судьясына қосымша жиналған материалдары бар тиісті өтінішхатты енгізеді. Тергеп-тексеруді екі айға дейінгі мерзімде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда және бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою үшін негіздер болмаған кезде бұл мерзімді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның аудандық (қалалық) және оған теңестірілген прокурормен келісілген уәжді өтінішхаты бойынша тергеу судьясы - үш айға дейін, ал тергеп-тексеруді үш ай мерзімде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда және күдіктіні, айыпталушыны одан әрі күзетпен ұстау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен және олардың орынбасарларымен келісілген уәжді өтінішхаты бойынша тергеу судьясы тоғыз айға дейін ұзартуы мүмкін.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Күзетпен ұстау мерзімін тоғыз айдан астам, бірақ он екі айдан асырмай ұзартуды аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясы аса ауыр қылмыстар, қылмыстық топтың құрамында қылмыстар, сондай-ақ өзге де террористік және (немесе) экстремистік қылмыстар жасады деп күдік келтірілген адамдарға қатысты істің ерекше күрделілігіне орай, қылмыстық iстi өзінің іс жүргізуіне қабылдаған тергеу бөлімі бастығының не прокурордың не тергеу, жедел-тергеу тобы басшысының облыс прокурорымен және оған теңестірілген прокурорлармен келісілген уәжді өтінішхаты бойынша жүзеге асыруы мүмкін.
4. Аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін он екі айдан астам, бірақ он сегіз айдан аспайтын мерзімге ұзартуына айрықша жағдайларда, аса ауыр қылмыстар, қылмыстық топтың құрамындағы қылмыстар, сондай-ақ өзге де террористік және (немесе) экстремистік қылмыстар жасады деп күдік келтірілген адамдарға қатысты, қылмыстық қудалау органының орталық аппаратының тергеу бөлімшесі басшысының не қылмыстық iстi өзінің іс жүргізуіне қабылдаған прокурордың, тергеу, жедел-тергеу тобы басшысының облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор бекіткен және Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен, оның орынбасарларымен келісілген уәжді өтінішхаты бойынша жол беріледі.
5. Күзетпен ұстау мерзімін одан әрі ұзартуға жол берілмейді, күзетпен ұсталып отырған күдікті, айыпталушы дереу босатылуға жатады.
6. Күзетпен ұстау мерзімін үш айға дейін ұзарту туралы өтінішхат келісу үшін аудандық (қалалық) прокурорға және оған теңестірілген өзге де прокурорларға күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан он тәулік бұрын ұсынылады және прокурор өтінішхатты ол келіп түскен кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.
7. Күзетпен ұстау мерзімін үш айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтінішхат келісу үшін прокурорға күзетпен ұстау мерзімі аяқталардан он бес тәулік бұрын ұсынылуға тиіс және прокурор өтінішхатты ол келіп түскен кезден бастап бес тәуліктен аспайтын мерзімде қарайды.