Қазақстан Республикасының
Конституциялық Заңы
«Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы
Осы редакция 2017 жылғы 13 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-бап. Осы Конституциялық заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Орталық қызметінің мақсаты, міндеттері мен қағидаттары және оны реттеу
3-бап. Орталықтың аумағында жүзеге асырылатын қызмет және оның қатысушылары
4-бап. Орталықтың қолданыстағы құқығы
5-бап. Орталық қатысушыларының ақшалай міндеттемелері және валюталық реттеу
6-бап. Орталықтың аумағындағы салық режимі
7-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың визалық режимі
8-бап. Шетелдік жұмыс күшін тарту
9-бап. Орталықтың органдары
10-бап. Орталықты басқару жөніндегі кеңес
11-бап. Орталықтың әкімшілігі
12-бап. Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті
13-бап. Орталықтың соты
14-бап. Халықаралық төрелік орталығы
15-бап. Орталықтың тілі
16-бап. Орталық актілерінің тілі
17-бап. Құжаттаманы жүргізу тілі
18-бап. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне жауап беру тілі
19-бап. Сот ісін жүргізу тілі
20-бап. Мәмілелер тілі
21-бап. Өтпелі ережелер
22-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1-бап. Осы Конституциялық заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Конституциялық заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі - Орталық) - Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын дәл белгіленген шекарасы бар, ерекше құқықтық режим қолданылатын Астана қаласының шегіндегі аумақ;
2) қор биржасы - Орталықта қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға;
3) лицензиялау - лицензияның болуын талап ететін қызметті Орталықтың аумағында жүзеге асыруға рұқсат берумен байланысты іс-шаралар кешені;
4) Орталықтың актісі - Орталықтың органы қабылдаған, Орталық қатысушыларының және (немесе) Орталық органдарының, және (немесе) олардың жұмыскерлерінің арасында туындайтын қатынастарды реттейтін жазбаша ресми құжат;
5) Орталық қатысушылары - Орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген заңды тұлғалар, сондай-ақ Орталық аккредиттеген өзге де заңды тұлғалар;
6) Орталық қатысушысының немесе органының жұмыскері - Орталық қатысушысымен немесе органымен еңбек қатынастарында тұратын, міндеттеріне Орталық қатысушысының немесе органының негізгі міндеттерін және мақсаттарын іске асыру кіретін жеке тұлға;
7) Орталық қатысушысы немесе органы жұмыскерінің отбасы мүшелері - Орталық қатысушысы немесе органы жұмыскерінің жұбайы (зайыбы) және олардың он сегіз жасқа толмаған балалары.
2-бап. Орталық қызметінің мақсаты, міндеттері мен қағидаттары және оны реттеу
1. Орталықтың мақсаты жетекші халықаралық қаржылық қызметтер көрсету орталығын қалыптастыру болып табылады.
2. Орталықтың міндеттері:
1) қаржылық қызметтер көрсету саласына инвестициялау үшін тартымды орта жасау арқылы Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу;
2) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасында сақтандыру, банктік қызметтер көрсету рыногын және исламдық қаржыландыру нарығын дамыту;
4) озық халықаралық практикалар негізінде қаржылық және кәсіби қызметтер көрсетуді дамыту;
5) қаржы орталығы ретінде халықаралық танылуды иемдену болып табылады.
3. Орталықтың қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) Орталық қатысушылары қызметінің тиімділігі;
2) Орталық және оның қатысушылары қызметінің ашықтығы;
3) Орталық қатысушыларының адалдығы;
4) Орталық қатысушыларының қаржылық қызметтер көрсетудегі кәсібилігі;
5) Орталық қатысушыларының қызметінде халықаралық стандарттар мен үздік халықаралық практикаларды қолдану.
4. Орталықты реттеу Орталықтың және оның қатысушыларының тәуелсіздігі қағидатына сәйкес жүзеге асырылады.
3-бап. Орталықтың аумағында жүзеге асырылатын қызмет және оның қатысушылары
1. Заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды және оларды Орталық қатысушылары ретінде аккредиттеу тәртібін, олардың Орталықтың аумағында жүзеге асыруға жол берілетін қызметінің түрлерін, лицензиялау тәртібін және Орталық қатысушыларына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Орталықтың аумағында заңды тұлғаларды құру және тіркеу тәртібін, олардың ұйымдық-құқықтық нысандарын Орталықты басқару жөніндегі кеңес айқындайды.
2. Орталықтың аумағында бағалы қағаздарды шығару, орналастыру, айналымға жіберу, сатып алу және өтеу тәртібін Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті белгілейді.
Орналастырылуы және (немесе) айналымға жіберілуі қор биржасында жүзеге асырылатын өзге де қаржы құралдарын шығару, орналастыру, айналымға жіберу, сатып алу және өтеу тәртібін қор биржасы белгілейді.
4-бап. Орталықтың қолданыстағы құқығы
1. Орталықтың қолданыстағы құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және мыналардан:
1) осы Конституциялық заңнан;
2) осы Конституциялық заңмен берілген өкілеттіктер шегінде Орталықтың органдары қабылдайтын, Англия және Уэльс құқығының қағидаттарына, нормалары мен прецеденттеріне және (немесе) әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделуі мүмкін Орталықтың осы Конституциялық заңға қайшы келмейтін актілерінен;
3) осы Конституциялық заңмен және Орталықтың актілерімен реттелмеген бөлігінде қолданылатын Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығынан тұрады.
2. Орталықтың актілерін әзірлеу, тіркеу, қолданысқа енгізу, жариялау, өзгерістер, толықтырулар енгізу, сондай-ақ қолданылуын тоқтату тәртібі Орталықты басқару жөніндегі кеңестің қаулыларында айқындалады.
3. Орталықтың органдары Орталық қатысушыларының және (немесе) Орталық органдарының және (немесе) олардың жұмыскерлерінің арасында туындайтын:
1) азаматтық-құқықтық қатынастарды;
2) азаматтық-процестік қатынастарды;
3) қаржылық қатынастарды;
4) әкімшілік рәсімдерді реттейтін актілерді қабылдауға құқылы.
Орталықтың органдары осы Конституциялық заңда тікелей көзделген жағдайларда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделмеген қатынастарды реттейтін актілерді қабылдайды.
Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды болғызбау мақсатында Орталықтың актілерінде Орталық қатысушылары үшін жекелеген шектеулер белгіленуі мүмкін.
4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Конституциялық заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
5-бап. Орталық қатысушыларының ақшалай міндеттемелері және валюталық реттеу
1. Орталық қатысушыларының ақшалай міндеттемелері шартта көзделген валютамен көрсетіледі және орындалады.
2. Қор биржасының сауда-саттығына қатысушылардың ақшалай міндеттемелері қор биржасының қағидаларында айқындалатын валюталармен көрсетіледі және орындалады.
3. Орталықтың аумағында қаржылық және кәсіби қызметтерді көрсетуге байланысты валюталық операцияларды жүргізу шарттары мен тәртібін Орталықты басқару жөніндегі кеңес белгілейді.
4. Орталық қатысушылары оның аумағында жүргізетін валюталық операцияларға «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген валюталық реттеу режимдері қолданылмайды.
5. Орталықтың актілерінде Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетіне жүргізілетін операциялар туралы мәліметтер ұсыну бойынша Орталық қатысушыларына қойылатын талаптар белгіленуі мүмкін.
6-бап. Орталықтың аумағындағы салық режимі
1. Осы бапта белгіленген алып қоюларды қоспағанда, Орталықтың аумағындағы салық режимі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.
2. Орталықтың органдары Орталықты басқару жөніндегі кеңестің қаулысында айқындалған шарттарды сақтаған кезде, корпоративтік табыс салығын төлеуден 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін босатылады.
3. Орталық қатысушылары Орталықтың аумағында мынадай қаржылық қызметтерді көрсетуден алған кірістері бойынша корпоративтік табыс салығын төлеуден 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін босатылады:
1) ислам банкінің банктік қызметтерін көрсету;
2) қайта сақтандыру қызметтерін көрсету және сақтандыру брокерлік қызметтерін көрсету;
3) инвестициялық қорлардың активтерін инвестициялық басқару, оларды есепке алу мен сақтау, сондай-ақ инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарын шығаруды, орналастыруды, айналымға жіберуді, сатып алуды және өтеуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсету;
4) брокерлік және (немесе) дилерлік, андеррайтингтік қызметтерді көрсету;
5) Орталықты басқару жөніндегі кеңестің қаулысында айқындалатын басқа да қаржылық қызметтерді көрсету.
4. Орталық қатысушылары Орталықтың органдарына, сондай-ақ осы баптың 3-тармағында көрсетілген қызметтерді көрсететін Орталық қатысушыларына көрсетілетін заңдық, аудиторлық, бухгалтерлік, консалтингтік қызметтерді көрсетуден алған кірістері бойынша корпоративтік табыс салығын төлеуден 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін босатылады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарының мақсаттары үшін корпоративтік табыс салығынан босатылуға жататын және салық салуға жататын кірістердің, сондай-ақ шегерімге жатқызылатын шығыстардың бөлек есебін жүргізу тәртібі Орталықты басқару жөніндегі кеңестің, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мен салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның бірлескен актісінде айқындалады.
6. Орталық қатысушысының немесе органының жұмыскерлері болып табылатын шетелдіктер осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген қызметтерді көрсететін Орталық қатысушысымен немесе Орталықтың органымен жасалған еңбек шарты бойынша Орталықтағы қызметтен түсетін кірістері бойынша жеке табыс салығын төлеуден 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін босатылады.
7. Жеке және заңды тұлғалар:
1) өткізу күніне қор биржасының ресми тізімдерінде болатын бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсімінен;
2) Орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген қатысушы заңды тұлғалардың акцияларын немесе Орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген қатысушы заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімінен;
3) осындай дивидендтерді немесе сыйақыларды есепке жазу күніне қор биржасының ресми тізімдерінде болатын бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақылар түрінде;
4) Орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген қатысушы заңды тұлғалардың акциялары бойынша немесе Орталықтың қолданыстағы құқығына сәйкес тіркелген қатысушы заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері бойынша дивидендтер түрінде түсетін кірістері бойынша жеке және корпоративтік табыс салықтарын төлеуден 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін босатылады.
8. Орталықтың органдары және осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген қызметтерді көрсететін Орталық қатысушылары Орталықтың аумағында орналасқан объектілер бойынша мүлік салығын және жер салығын төлеуден босатылады.
9. Салықтық әкімшілендіру және Орталықтың органдарына және қатысушыларына салық салу мәселелері бойынша мемлекеттік кіріс органдарының Орталықтың органдарымен және қатысушыларымен өзара іс-қимылы Орталық органдарының және мемлекеттік кіріс органдарының бірлескен актілерінде айқындалады.
7-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың визалық режимі
1. Орталықта қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар келу визасын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінен не Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларына келген кезде алады.
2. Орталық қатысушыларының немесе органдарының жұмыскерлері болып табылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және олардың отбасы мүшелері бес жылға дейін қолданылу мерзімімен келу визасын алады.
3. Орталық әкімшілігінің өтінішхаты бойынша осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген адамдарға визалардың қолданылу мерзімін ұзарту Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының шегінен тыс шықпай жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Орталықта қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасына келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келу және Қазақстан Республикасынан кету шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарымен келісу бойынша Орталықтың органдары айқындайды.
5-тармақ 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Малайзияның, Сингапур Республикасының және Монако Княздігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын елдердің азаматтары Қазақстан Республикасының аумағына келген күннен бастап күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзіммен визасыз келу құқығын алады.
8-бап. Шетелдік жұмыс күшін тарту
1. Орталық қатысушылары және органдары Орталықта қызметін жүзеге асыру үшін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды рұқсат алмай тартуға құқылы.
Орталық қатысушылары және органдары тартатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында жұмысқа орналасуға рұқсат алу міндетінен босатылады.
2. Орталық қатысушылары және органдары әрбір тартылған жұмыскер бойынша олардың жоғары біліктілігін растайтын құжаттарының болуы және оларды сақтауы міндетті, ал тартылған шетелдік пен азаматтығы жоқ адамның Орталық қатысушысына немесе органына оларды ұсынуы міндетті.
Шетелдік пен азаматтығы жоқ адамның жоғары біліктілігін растайтын құжаттардың тізбесін Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті айқындайды.
3. Орталықтың әкімшілігі Орталық қатысушылары және органдары тартқан шетелдік жұмыс күшінің есебін жүргізеді. Тартылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар туралы мәліметтерді Орталықтың әкімшілігі халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынады. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын мәліметтердің құрамы, оларды ұсыну мерзімділігі мен тәртібі Орталық әкімшілігінің және халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісінде айқындалады.
9-бап. Орталықтың органдары
1. Орталықтың органдары:
1) Орталықты басқару жөніндегі кеңес;
2) Орталықтың әкімшілігі;
3) Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті;
4) Орталықтың соты болып табылады.
2. Орталықтың органдары осы Конституциялық заңмен және Орталықтың актілерімен өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде өз қызметінде тәуелсіз болады.
3. Орталық қатысушыларының қызметін бақылау мен қадағалауды ұйымдастырудың және жүргізудің тәртібі осы Конституциялық заңда және Орталықтың актілерінде айқындалады.
10-бап. Орталықты басқару жөніндегі кеңес
1. Орталықты басқару жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының Президенті басқаратын тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.
2. Кеңестің негізгі міндеттері Орталық дамуының стратегиялық бағыттарын айқындау және жетекші халықаралық қаржылық қызметтер көрсету орталығын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесу болып табылады.
3. Кеңестің мынадай өкілеттіктері болады:
1) Орталықтың даму стратегиясын айқындайды;
2) Орталықтың қызметі туралы жылдық есепті бекітеді;
3) осы Конституциялық заңның 4-бабының 3-тармағында көзделген шекте осы Конституциялық заңмен өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қаулылар түрінде Орталықтың актілерін қабылдайды;
4) Орталық органдарының құрылымын айқындайды;
5) Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің басшылығын тағайындайды;
6) Орталықтың мақсаты үшін өзге де органдарды құру, олардың нысанын, құзыретін және функцияларын айқындау, сондай-ақ оларды тарату немесе қайта ұйымдастыру туралы шешімдерді қабылдайды;
7) Кеңес туралы ережеде айқындалатын өзге де өкілеттіктері болады.
4. Кеңес туралы ережені және оның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
11-бап. Орталықтың әкімшілігі
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құратын, Орталық органдарының және қатысушыларының, сондай-ақ олардың жұмыскерлерінің қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз ететін және өз құзыреті шегінде олардың мүдделерін білдіретін акционерлік қоғам Орталықтың әкімшілігі болып табылады.
2. Орталық әкімшілігінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан, Орталық қатысушылары енгізетін алымдар мен төлемдерден қалыптастырылатын өз бюджеті болады.
Орталықтың әкімшілігі Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының келісімін алмастан, Орталықтың аумағында заңды тұлғаларды құруға және Орталықтың аумағында тіркелген заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерін) сатып алуға құқылы.
3. Директорлар кеңесі Орталық әкімшілігінің басқару органы болып табылады. Орталық әкімшілігінің ағымдағы қызметіне басшылықты төраға басқаратын басқарма жүзеге асырады.
Акционерлердің жалпы жиналысының (жалғыз акционердің), директорлар кеңесі мен басқарманың өкілеттіктерін, директорлар кеңесі мен басқарманың сандық құрамын, оларды сайлау тәртібін және мүшелерінің өкілеттік мерзімін, сондай-ақ директорлар кеңесі мен басқарма мүшелерінің сыйақы мөлшерін айқындау тәртібін Кеңес айқындайды.
4. Орталық әкімшілігінің мынадай өкілеттіктері болады:
1) қаржылық қызметтер көрсетуді реттеуді және Орталықтағы олармен байланысты қызметті қоспағанда, Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетімен келісу бойынша Кеңеске Орталықтың даму стратегиясын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
2) Кеңестің алдында Орталықтың бекітілген даму стратегиясының іске асырылуы туралы есеп береді және Кеңеске Орталықтың қызметі туралы жылдық есепті бекітуге ұсынады;
3) Кеңес айқындайтын негіздер бойынша және тәртіппен Орталық қатысушыларына қатысты шаралар қолданады;
4) Кеңес қаулыларының жобаларын әзірлейді, оларды Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетімен келіседі, оларды жария талқылауға шығарады және қабылдау үшін Кеңеске ұсынады;
5) қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу саласына және Орталықтағы олармен байланысты қызметке қатысты емес мәселелер бойынша реттеу ережелері түрінде актілерді қабылдайды;
6) Орталықтың жылдық және орта мерзімді бюджеттерін дайындайды және бекітеді;
7) Кеңеске Орталықтың мақсаттары үшін қажетті қосалқы және өзге де органдарды құру, оларды тарату немесе қайта ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
8) Орталықтың мақсатына қол жеткізу және оның операцияларын ұйымдастыру үшін басқа да халықаралық және өңірлік қаржы орталықтарымен, даму институттарымен және басқа да ұйымдармен байланыстар орнатады және олардың дамуын қамтамасыз етеді, осыған орай, Орталықтың басқа да органдарының өкілеттіктеріне жататындарды қоспағанда, кез келген келісімдерді, шарттарды, келісімшарттарды жасасады;
9) Орталық қатысушылары немесе органдары жұмыскерлерінің визалар алуына және Орталық қатысушыларына жұмыс күшін тартуға жәрдем көрсетеді;
10) Кеңес қаулыларында айқындалатын өзге де өкілеттіктері болады.
12-бап. Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті
1. Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті қаржылық қызметтер көрсетуді реттеуді және Орталықтағы олармен байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға болып табылады.
2. Комитеттің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан, Орталық қатысушылары енгізетін алымдар мен төлемдерден қалыптастырылатын өз бюджеті болады.
3. Орталықтың Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті:
1) қаржылық қызметтер көрсетуді реттеуге және Орталықтағы олармен байланысты қызметке қатысты Кеңес қаулыларының жобаларын әзірлейді, оларды жария талқылауға шығарады және қабылдау үшін Кеңеске ұсынады;
2) қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу саласына және Орталықтағы олармен байланысты қызметке қатысты мәселелер бойынша реттеу ережелері түрінде актілерді қабылдайды;
3) Кеңес айқындаған тәртіппен Орталық қатысушыларын тіркеуді, аккредиттеуді және лицензиялауды жүзеге асырады;
4) Орталық қатысушыларының тізілімін жүргізеді;
5) Орталық қатысушыларының қызметін бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады, Кеңес айқындайтын негіздер бойынша және тәртіппен оларға қатысты шаралар қолданады;
6) Кеңес қаулыларында айқындалатын өзге де өкілеттіктері болады.
13-бап. Орталықтың соты
1. Осы баптың 4-тармағында көзделген дауларды сот қарауын Орталықтың соты ғана жүзеге асырады, оның мақсаты тараптардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау, Орталықтың қолданыстағы құқығының орындалуын қамтамасыз ету болады.
2. Орталықтың соты өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының сот жүйесіне кірмейді.
3. Орталықтың соты екі сатыдан: бірінші сатыдағы соттан және апелляциялық соттан тұрады.
4. Орталықтың соты қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуді жүзеге асырмайды және мыналарға:
1) Орталық қатысушыларының, Орталық органдарының және (немесе) олардың шетелдік жұмыскерлерінің арасында туындайтын дауларды қарау мен шешуге;
2) Орталықта жүзеге асырылған және Орталықтың құқығына бағынысты кез келген операцияға қатысты дауларды қарау мен шешуге;
3) тараптардың келісімі бойынша Орталықтың сотына берілген дауларды қарау мен шешуге қатысты айрықша юрисдикцияға ие болады.
5. Орталықтың соты өз қызметінде Англияның және Уэльстің процестік қағидаттары мен нормаларына және (немесе) әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделуге тиіс болатын Кеңестің «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты туралы» қаулысын басшылыққа алады.
Кеңестің «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты туралы» қаулысында соттың құрамы, судьяларды және соттың басқа да лауазымды адамдарын лауазымға тағайындау және лауазымынан босату тәртібі, судьяларға және соттың лауазымды адамдарына қойылатын біліктілік талаптары және Орталық сотының жұмыс істеуіне қатысты басқа да мәселелер айқындалады.
6. Орталықтың соты дауларды шешу кезінде Орталықтың қолданыстағы құқығын басшылыққа алады, сондай-ақ нақты даулар бойынша Орталық сотының заңды күшіне енген шешімдерін және жалпы құқықтың басқа да юрисдикциясы соттарының күшіне енген шешімдерін ескеруі мүмкін.
7. Орталықтың аппеляциялық сотының шешімдері түпкілікті болып табылады, шағым жасауға жатпайды және барлық жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті болып табылады.
8. Қазақстан Республикасында Орталық сотының шешімдерін орындау Қазақстан Республикасы соттарының шешімдерін орындау сияқты сол бір тәртіппен және сол бір шарттарда жүзеге асырылады. Бұл ретте Орталықтың актілерінде айқындалған тәртіппен Орталық соты шешімдерінің қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасы қамтамасыз етілуге тиіс.
9. Орталықтың аумағында Қазақстан Республикасы соттарының шешімдерін орындау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
10. Орталықтың соты Орталық актілерінің нормаларын түсіндіру бойынша айрықша құзыретке ие болады.
14-бап. Халықаралық төрелік орталығы
1. Халықаралық төрелік орталығы тараптар арасында төрелік келісім болған жағдайда дауларды қарайды.
2. Халықаралық төрелік орталығы Кеңестің «Халықаралық төрелік орталығы туралы» қаулысына сәйкес қалыптастырылады және жұмыс істейді.