253-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы, тоқтатыла тұруы және тоқтатылуы
1. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының белгіленген мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялардың нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарларды (қайта өңдеу өнімдерін, осы Кодекстiң 250-бабының 3-тармағында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, қалдықтарды және (немесе) қалғандарын) және (немесе) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады.
2. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының белгіленген мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы:
1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялардың нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарларды (қайта өңдеу өнімдерін, осы Кодекстiң 250-бабының 3-тармағында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, қалдықтарды және (немесе) қалғандарын) және (немесе) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен немесе кедендік транзит кедендік рәсімін, уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімін қоспағанда, осы Кодексте көзделген шарттарда шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын өзге де кедендік рәсіммен орналастыру арқылы аяқталуы мүмкін. Бұл ретте қайта өңдеу өнімдеріне қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленбейді және арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарына және (немесе) Одақ туралы шарттың 50-бабына сәйкес белгіленген өзге де баждарға қарағанда, өзгеше түрде ішкі нарықты қорғау шараларының сақталуын растайтын құжаттарды ұсыну талап етілмейді;
2) осы Кодекстiң 305-бабының 3-тармағына сәйкес қолданылуы тоқтатыла тұрған уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімінің қолданылуын қайта бастаумен;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарлардың (қайта өңдеу өнімдерінің, қалдықтардың және (немесе) қалғандарының) және (немесе) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не қалыпты жағдайларда тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау кезінде табиғи кему салдарынан қайтарымсыз жоғалу фактісін кеден органдарының уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тануымен;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз деп танумен не пайда болған қалдықтарды көму, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе өзге де тәсілмен жою фактісін не оларды осындай операциялар жасау үшін беру фактісін растайтын құжаттарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен кеден органына ұсынумен;
5) кеден органдарының кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардың бір бөлігін өндірістік ысыраптар деп тануымен;
6) Комиссия айқындайтын және (немесе) осы Кодексте айқындалатын мән-жайлар басталғанға дейін тауарлар кедендік бақылауда болатын мән-жайлардың басталуымен аяқталуы мүмкін.
3. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының белгіленген мерзімі өткенге дейін осы кедендік рәсімнің қолданылуы кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) оларды қайта өңдеу өнімдерін кеден қоймасы кедендік рәсімімен немесе оларды қайта өңдеу өнімдерін уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырған жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкін.
4. Қайта өңдеу өнімдері бір немесе бірнеше партиямен кедендік рәсімдермен орналастырылуы мүмкін.
5. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының белгіленген мерзімі өткен соң осы кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатылады.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастырған тұлға кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде бақылауды жүзеге асыратын кеден органына кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдану туралы есепті ұсынуға міндетті.
Кеден аумағында қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдану туралы есептің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
254-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет декларантта - тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген кезден бастап, ал тауарларға арналған декларация берілгенге дейін шығаруға өтініш берілген тауарларға қатысты тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті берген тұлғада - тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті кеден органы тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет декларантта мынадай мән-жайлар басталған кезде:
1) кеден органы белгілеген кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін, оның ішінде осы баптың 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін осы Кодекстің 253-бабының 1-тармағына және 2-тармағының 1, 2, 4, 5) және 6) тармақшаларына сәйкес кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталғанда;
2) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы тоқтатылған тауарларды және (немесе) қолданылуы тоқтатылған осындай кедендік рәсімді қолдану шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 6-тармағына сәйкес уақытша сақтауға орналастырғанда;
3) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы тоқтатылған тауарларды және (немесе) қолданылуы тоқтатылған осындай кедендік рәсімді қолдану шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырғанда;
4) кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындағанда және (немесе) олар осы баптың 5-тармағына сәйкес есептелген және төлеуге жататын мөлшерлерде өндіріп алынғанда;
5) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардың және (немесе) кедендік аумақта қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не қалыпты жағдайларда тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау кезінде табиғи кему салдарынан осы тауарлардың қайтарымсыз жоғалу фактісін осы Кодекске сәйкес мұндай жойылуға немесе қайтарымсыз жоғалуға дейін бұл тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, кеден органы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен танығанда;
6) тауарларға арналған декларацияны не тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті тіркеу кезінде туындаған, кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты - тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес шығарудан бас тартылғанда;
7) тауарларға арналған декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетке қатысты - осы Кодекстің 184-бабына сәйкес тауарларға арналған декларация кері қайтарып алынғанда және (немесе) осы Кодекстің 192-бабы 5-тармағына сәйкес тауарлар шығарылымы жойылғанда;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тауарлар тәркіленгенде немесе мемлекет меншігіне айналдырылғанда;
9) кеден органы тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткенде;
10) қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарламаны тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын осындай тауарлар шығарылымы жүргізілмесе, оларды қайтару туралы шешім қабылданған тауарларды уақытша сақтауға қойғанда немесе кедендік рәсімдердің бірімен орналастырғанда тоқтатылады.
3. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде орындауға жатады.
4. Мынадай мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып:
1) кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды осындай кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталғанға дейін кедендік аумақта қайта өңдеу шарттары туралы құжатта көрсетілмеген тұлғаға (тұлғаларға) берген жағдайда - тауарларды беру күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру күні;
2) авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылуды және (немесе) қайтарымсыз жоғалуды не қалыпты жағдайларда тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау кезінде табиғи кему салдарынан қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлар осындай кедендік рәсімнің қолданылуы аяқталғанға дейін жоғалған жағдайда - тауарлардың жоғалу күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру күні;
3) кеден органы белгілеген, кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталмаған жағдайда - кеден органы белгілеген, кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі өткен күн есептеледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждары кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар тарифтік преференциялар мен кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданылмай, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғандай етіп төлеуге жатады.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күні, ал тауарларға арналған декларация берілгенге дейін шығару жүргізілген тауарларға қатысты - тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті кеден органы тіркеген күні қолданыста болатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
6. Осы баптың 5-тармағына сәйкес төленетін (өндіріп алынатын) кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарының сомасынан пайыздар тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі өткен күн аралығында көрсетілген сомаларға қатысты оларды төлеуді кейінге қалдыру берілгендей етіп төлеуге жатады. Көрсетілген пайыздар осы Кодекстің 93-бабына сәйкес есепке жазылады және төленеді.
Егер кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы осы Кодекстің 253-бабының 3-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрған болса, осы тармақта көзделген пайыздар кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатыла тұрған кезеңге есепке жазылмайды және төленбейді.
7. Кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалғаннан кейін және (немесе) олар өндіріп алынғаннан (толық немесе ішінара) кейін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған не кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды және (немесе) кедендік аумақта қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде алынған (пайда болған) тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 6-тармағына сәйкес уақытша сақтауға орналастырған не осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына сәйкес осындай тауарларды осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырған не кеден органдары осындай тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен жағдайда кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарының осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған сомасы осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес есепке жатқызуға (қайтаруға) жатады.
255-бап. Қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырған кезде оларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу және төлеу ерекшеліктері
1. Қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары - кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормаларына сәйкес қайта өңдеу өнімдерін дайындау үшін пайдаланылған шетелдік тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғандай етіп төлеуге жататын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомасы мөлшерінде төлеуге жатады.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру үшін берілген тауарларға арналған декларацияны кеден органы тіркеген күні, ал тауарларға декларация берілгенге дейін шығару жүргізілген тауарларға қатысты - тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті кеден органы тіркеген күні қолданыста болатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер кедендік баждарды, салықтарды есептеу үшін шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеуді жүргізу талап етілсе, мұндай қайта есептеу осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген күні қолданыста болатын валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес төленетін (өндіріп алынатын) кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомасынан пайыздар тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет тоқтатылған күн аралығында көрсетілген сомаларға қатысты оларды төлеуді кейінге қалдыру берілгендей етіп төлеуге жатады. Көрсетілген пайыздар осы Кодекстің 93-бабына сәйкес есепке жазылады және төленеді.
Егер кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы осы Кодекстің 253-бабының 3-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрған болса, осы тармақта көзделген пайыздар кедендік рәсімнің қолданылуы тоқтатыла тұрған кезеңге есепке жазылмайды және төленбейді.
27-тарау. КЕДЕНДІК АУМАҚТАН ТЫС ҚАЙТА ӨҢДЕУ КЕДЕНДІК РӘСІМІ
256-бап. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің мазмұны және қолданылуы
1. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты қолданылатын кедендік рәсім болып табылады, оған сәйкес тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары сақталған кезде Еуразиялық экономикалық одақтың осындай тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлемей, осындай тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кейіннен әкелуге арналған оларды қайта өңдеу өнімдерін алу мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетіледі.
2. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мәртебесін жоғалтады.
3. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімін мыналарға:
1) осы тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету жөніндегі шектеулермен ұштасқан, кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер қолданыла отырып, бұрын ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға не осындай тауарлардың бөліктеріне қатысты, егер мүндай тауарлар не олардың бөліктері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан оларды жөндеу үшін әкетілетін болса және кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру кезінде шетелдік тауарлар мәртебесі болса;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген:
осы Кодекстің 312-бабының 2-тармағына сәйкес уақытша әкету кедендік рәсімінің қолданылуын аяқтау үшін уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға;
осы Кодекстің 360-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайда, халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты қолдануға жол беріледі.
4. Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінбестен кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылады.
5. Комиссия кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылмайтын тауарлар тізбесін айқындауға құқылы.
257-бап. Тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру және оларды осындай кедендік рәсімге сәйкес пайдалану шарттары
1.Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы берген және осы Кодекстің 261-бабында айқындалған мәліметтер қамтылатын, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжаттың болуы тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру шарттары болып табылады. Егер кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімін қолданудың мақсаты тауарларды жөндеу болып табылса, осындай құжат ретінде тауарларға арналған декларация пайдаланылуы мүмкін;
2) осы Кодекстің 263-бабына сәйкес, қайта өңдеу өнімдерін осы Кодекстің көрсетілген бабында айқындалғандай балама шетелдік тауарлармен ауыстыру жағдайларын қоспағанда, кеден органдарының кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын оларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру мүмкіндігі;
3) тәуекелдерді басқару жүйесімен айқындалатын жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 10-тарауына сәйкес кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді ұсыну;
4) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтау тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру шарттары болып табылады.
2. Мыналарды:
1) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолданылу мерзімін;
2) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен операцияларды, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасаған кезде осы Кодекстің 259-бабының ережелерін сақтау тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану шарттары болып табылады.
3. Осы тарауды қолдану мақсаттары үшін кеден органының Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын оларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіруі деп қайта өңдеу өнімдерін алу мақсатында кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырағанын осы Кодекстің 260-бабында айқындалған тәсілдердің бірімен анықтау түсініледі.
258-бап. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі
1. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатта айқындалған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімі негізінде белгіленеді.
2. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің белгіленген қолданылу мерзімі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту кезінде тұлғаның өтініші бойынша ұзартылады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту кезінде кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту үшін декларант көрсетілген кедендік рәсімнің қолдану мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей, тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру жүргізілген кеден органына осындай ұзартудың қажеттігі туралы өтінішті ұсынып, осы құжатта көрсетілген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзартуды растайтын, уәкілетті мемлекеттік органның құжатын қоса береді.
Кеден органы декларанттың тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішін кеден органында көрсетілген өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей қарауға тиіс. Кеден органы өтінішті қарау нәтижелері бойынша тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту не мұндай ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Көрсетілген кезеңде тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады. Кеден органы тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, көрсетілген мерзім осындай шешімді қабылдаған күнге қарамастан, алдыңғы мерзім аяқталған күннен бастап ұзартылады.
Кеден органы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатта көрсетілген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзартуды растайтын уәкілетті мемлекеттік органның құжатын декларант ұсынбаған жағдайда, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартады.
Көрсетілген жағдайда, кеден органының лауазымды адамы кеден органының кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешімін декларантқа жібереді.
Тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру жүргізілген кеден органының лауазымды адамы тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартқан жағдайда, тауарларға арналған декларацияға тиісті өзгерістер енгізіліп, осындай өзгерістердің енгізілгені туралы декларант хабардар етіледі.
Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда, осындай кедендік рәсімнің қолданылуы осы Кодекстің 264-бабына сәйкес аяқталуға жатады.