2. Борышкер банкрот деп танылғаннан кейін үш жыл бойы уәкілетті орган банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді.
Банкроттың қаржылық жағдайына мониторингті кредиторлар да жүргізуге құқылы.
Банкроттың мемлекеттік тіркелуге жататын мүлікті, оның ішінде ортақ бірлескен мүлікті сатып алу фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті орган кредиторларға банкроттың қаржылық жағдайына мониторингтің нәтижелерін жібереді.
Кредиторлар уәкілетті органнан ақпаратты алған кезде сотқа борышкерді банкрот деп танудың күшін жою және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес банкроттық рәсімін қайта бастау туралы жүгінуге құқылы.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Осы бапта көрсетілген қаржылық жағдайға мониторинг осы Заңның 5-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша соттан тыс банкроттық рəсімін қолданған Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты жүргізілмейді.
4-тарау. БІТІМГЕРШІЛІК КЕЛІСІМ
49-бап. Бітімгершілік келісім жасасу шарттары
1. Сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізудің кез келген сатысында борышкер мен кредиторлар бітімгершілік келісім жасасуға құқылы.
2. Бітімгершілік келісімде көзделген құқықтар мен міндеттерді өзіне қабылдайтын үшінші тұлғалардың бітімгершілік келісімге қатысуына жол беріледі.
3. Бітімгершілік келісімді сот бекітеді.
Сот бітімгершілік келісімді бекіту кезінде бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарым шығарады, онда сот арқылы банкроттық рәсімінің тоқтатылатыны және борышкерге қатысты сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімнің орындалуға жатпайтыны көрсетіледі.
4. Бітімгершілік келісім соттың оны бекіту туралы ұйғарымы күшіне енген күннен бастап күшіне енеді және борышкер, кредиторлар және бітімгершілік келісімге қатысатын үшінші тұлғалар үшін міндетті болып табылады.
5. Күшіне енген бітімгершілік келісімді орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.
6. Сот бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарған жағдайда, бітімгершілік келісім жасалмаған деп есептеледі.
Соттың бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы жаңа бітімгершілік келісімді жасасуға кедергі болмайды.
7. Борышкер және (немесе) кредиторлар және (немесе) үшінші тұлғалар бітімгершілік келісімнің шарттарын орындамаған жағдайда, бітімгершілік келісім сот шешімі бойынша бұзылуы мүмкін.
8. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымына, сол сияқты соттың бітімгершілік келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарымына Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы (наразылық келтірілуі) мүмкін.
9. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымының күшін жою сот арқылы банкроттық рәсімін қайта бастауға негіз болып табылады.
Соттың бітімгершілік келісімді бекіту немесе бітімгершілік келісімді бұзу туралы ұйғарымының күшін жою туралы шешім қабылдаған сот соттың актісінде сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану (қайта бастау) жөнінде іс қозғау туралы көрсетуге міндетті.
10. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымының күші жойылған немесе бітімгершілік келісім бұзылған және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайда, өздеріне қатысты бітімгер шілік келісім жасалған кредиторлар талаптарының көлемі бітімгершілік келісімде белгіленген шарттар ескеріле отырып айқындалады.
50-бап. Бітімгершілік келісімнің мазмұны
1. Бітімгершілік келісім, оның ішінде:
1) борышкердің міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыру және (немесе) бөліп төлеу;
2) борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беру;
3) борышкердің міндеттемелерін үшінші тұлғалардың орындауы;
4) борышты аудару;
5) кредиторлардың талаптарын Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қанағаттандыру шарттарымен жасалуы мүмкін.
2. Бітімгершілік келісімде борышкер міндеттемелерінің мөлшері, оларды орындау тәртібі мен мерзімдері және (немесе) оның міндеттемелерін тоқтату туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
3. Бітімгершілік келісімге борышкер мен кредитор (кредиторлар) қол қояды.
Егер бітімгершілік келісімге үшінші тұлғалар қатысатын болса, бітімгершілік келісімге осы тұлғалар немесе олардың уәкілетті өкілдері де қол қояды.
4. Бітімгершілік келісімде борышкердің барлық кредитор алдындағы міндеттемелерін орындау тәртібі мен мерзімдері туралы ережелер қамтылуға тиіс.
51-бап. Бітімгершілік келісімді бекітудің салдары
1. Бітімгершілік келісімді бекіту сот арқылы банкроттық рәсімін тоқтатуға негіз болып табылады.
2. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап қаржы басқарушының өкілеттіктері тоқтатылады.
3. Соттың бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап:
1) борышкер және (немесе) үшінші тұлғалар бітімгершілік келісімнің шарттарына сәйкес кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге кіріседі;
2) осы Заңның 22-бабына сәйкес борышкерге қолданылған салдар тоқтатылады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
52-бап. Осы заңды бұзғаны үшін жауаптылық
Осы Заңды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
53-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетін 9-баптың 7) және 8) тармақшаларын және 15-баптың 1, 2, 4 және 5-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2022 жылғы 30 желтоқсан
№ 178-VІІ ҚРЗ