Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарымда борышкердің мүліктік массасына түгендеу жүргізу үшін оған қаржы басқарушысының қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша борышкердің міндеті де көрсетіледі.
3. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмелерін борышкерге, уәкілетті органға және борышкердің тұрғылықты жері бойынша аумақтық әділет органына және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолдайды, олар мүлікке құқықтарды тіркеуді жүзеге асырады.
22-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғаудың салдары
1. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап мынадай салдар басталады:
1) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген борыштық міндеттемелерінің мерзімдері өткен болып есептеледі;
2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлардың борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуіне тыйым салынады;
3) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды, айыппұлдарды) және сыйақыны есепке жазу тоқтатылады;
4) борышкердің өзіне жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелерді қабылдауына (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) тыйым салынады;
5) кредиторлардың мемлекеттік органдардан және өзге де органдар мен ұйымдардан борышкердің мүлкі туралы ақпарат алуына борышкердің келісімі берілген деп есептеледі;
6) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде емделу, жақын туысын емдеуге алып жүру, жақын туысын жерлеу қажет болған жағдайларды қоспағанда, борышкердің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығуына тыйым салынады;
7) борышкердің банктік шоттарынан кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне ақшаны өндіріп алуға, сондай-ақ борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді;
8) осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, борышкерге талаптар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің шеңберінде ғана қойылуы мүмкін;
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) борышкердің мүлкіне қатысты атқарушылық құжаттардың орындалуы тоқтатыла тұрады;
10) мемлекеттік органдардың, өзге де органдар мен ұйымдардың борышкер мүлікті беруге, мүліктік міндеттемелерді төлеуге немесе өзге де тәсілмен орындауға міндетті болатын шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады;
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
11) кредитордың «Қазақстан Республикасындағы банктер жəне банк қызметі туралы», «Микроқаржылық қызмет туралы» жəне «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген реттеу жəне (немесе) өндіріп алу шараларын қолдануына тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 1), 2), 3), 7), 8) және 9) тармақшаларының ережелері алименттер туралы және өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарға қолданылмайды.
2. Борышкер үшінші тұлғалардың кепілдігімен, кепілгерлігімен немесе кепілімен қамтамасыз етілген өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау кредитордың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы істің шеңберінен тыс борышкердің орындалмаған міндеттемелері бойынша кепілдік етушілерге, кепілгерлерге және кепіл берушілерге талаптар қою жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруына кедергі болмайды.
23-бап. Қаржы басқарушысының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізу кезіндегі өкілеттіктері
1. Уәкілетті орган соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламалары Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізілген адамдар ішінен қаржы басқарушысын тағайындайды.
2. Осы Заңда қаржы басқарушысына жүктелген өкілеттіктерді өзге тұлғаларға беруге болмайды.
3. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімінде қаржы басқарушысының сыйақысы борышкердің қаражаты есебінен төленеді.
Қаржы басқарушысы ай сайынғы сыйақысының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір ең төмен жалақының мөлшерін құрайды.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Борышкердің ақшасын есепке жатқызу, ағымдағы шығыстарды өтеу және сот арқылы банкроттық рәсімінде кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін қаржы басқарушысы банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға мемлекеттік кірістер органының сұрау салуы негізінде банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның осы шот бойынша ақша қозғалысы туралы мəліметтерді беруіне келісім бере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған тәртіппен екінші деңгейдегі банкте (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда) өзінің атына ағымдағы шот ашады.
Борышкердің ақшасын есепке жатқызу, ағымдағы шығыстарды өтеу және сот арқылы банкроттық рәсімінде кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін қаржы басқарушысының ағымдағы шотында жатқан ақша оның меншігі және (немесе) кірісі болып табылмайды және оның мұрасына қосылмайды.
Борышкердің ақшасын есепке жатқызу, ағымдағы шығыстарды өтеу және сот арқылы банкроттық рәсімінде кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін қаржы басқарушысының ағымдағы шотына қаржы басқарушысының міндеттемелері бойынша тыйым салуға, өндіріп алуды қолдануға және шығыс операцияларын тоқтата тұруға жол берілмейді.
24-бап. Қаржы басқарушысының қорытындысы
1. Борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтер жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша қаржы басқарушысы белгіленген нысан бойынша төменде санамаланған тұжырымдардың бірін:
1) борышкер төлемге қабілетсіз және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға негіздердің бар болуын;
2) борышкер төлемге қабілетсіз және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздердің бар болуын;
3) борышкер төлемге қабілетті және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздердің жоқ екенін қамтитын қорытынды жасайды.
Қорытынды сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде сотқа ұсынылады.
2. Борышкер төлемге қабілетті және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздер жоқ деген тұжырымдарды қамтитын қорытындыны қаржы басқарушысы осы Заңның 6-бабында көзделген бір немесе бірнеше мән-жай болмаған кезде жасайды.
25-бап. Борышкердің мүлкін түгендеу
1. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы борышкердің мүлкіне түгендеу жүргізеді.
2. Мүлікті түгендеу борышкердің қатысуымен жүргізіледі.
Мүлікті түгендеу кезінде борышкердің жақын туыстары немесе оның өкілеттік беруі бойынша өзге адамдар да қатыса алады.
3. Борышкердің мүлкін түгендеу актісінде:
1) актінің жасалған уақыты мен орны;
2) акт жасаған қаржы басқарушысының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
3) борышкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);
4) әрбір заттың атауы, оның ерекше белгілері;
5) жеке-жеке әрбір заттың және барлық мүліктің нарықтық құны көрсетіледі.
Борышкердің мүлкін түгендеу актісіне қаржы басқарушысы мен борышкер (ол уәкілеттік берген адам) қол қояды.
4. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған жағдайда, түгендеу актісіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін.
26-бап. Борышкердің мүлкін бағалау
1. Қаржы басқарушысы осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімдерде бағалаушыны тарта отырып, борышкердің мүлкіне бағалау жүргізуге міндетті.
2. Қаржы басқарушысы бағалаушыны өзі дербес айқындайды.
Бағалаушының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу ағымдағы шығыстарға жатады.
Мүлікті бағалау туралы есеп бағалау жүргізу туралы шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей жасалады.
Бағалаушы бағалау туралы есепті ұсынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы оны борышкер мен кредиторға жібереді.
3. Бағалау туралы есеппен келіспейтінін білдірген борышкер немесе кредитор бағалау туралы есеппен танысқан күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған сотқа шағым жасауға құқылы.
Қайталап бағалау бойынша көрсетілетін қызметке ақы төлеу шағым берген тұлғаға жүктеледі.
27-бап. Кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс бойынша іс жүргізуді қозғау және кредиторлардың талаптарын мәлімдеу тәртібі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі хабарландыруды уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға жібереді.
Хабарландыру уәкілетті орган қаржы басқарушысын тағайындаған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жіберіледі.
Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
2. Кредиторлар өздерінің борышкерге қойылатын талаптарын төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс бойынша іс жүргізуді қозғау және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде мәлімдеуге тиіс. Кредиторлардың талаптарын қабылдауды қаржы басқарушысы осы Заңның 13-бабына сәйкес хабарландыруда көрсетілген тәсілмен жүзеге асырады.
Кредиторлардың талаптарында кредитордың ұялы байланысының абоненттік нөмірі және электрондық мекенжайы (егер олар бар болса) туралы мәліметтер; салыстырып тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары бір мезгілде ұсынылып, талаптың негізі мен сомасын растайтын құжаттардың (соттардың заңды күшіне енген шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің борышты тануы және басқалары) көшірмелері қоса беріле отырып, талап сомасы (негізгі борыштың, сыйақының (мүдденің), тұрақсыздық айыбының және өзге де айыппұл санкцияларының, залалдардың сомасы туралы жеке-жеке) туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Талап сомасы көрсетілген талап мәлімделген күнге айқындалады.
Егер осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген сыйақы (мүдде), тұрақсыздық айыбы және өзге де айыппұл санкциялары, залалдар бойынша талап сомасы соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімі қабылданған күнге өзгертілсе, онда кредитор соттың осындай шешімі қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде көрсетілген өзгерісті ескере отырып, өз талаптарын қайтадан мәлімдейді.
Кредиторлардың шетел валютасымен көрсетілген талаптары соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімі қабылданған күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен есепке алынады.
3. Қаржы басқарушысы кредитор мәлімдеген талап келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде талапты негізді (негізсіз) деп тану және танылған талапты кредиторлар талап тарының тізіліміне енгізу туралы шешім қабылдайды.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қаржы басқарушысы уəкілетті орган белгілеген нысан бойынша жəне тəртіппен қалыптастырылған кредиторлар талаптарының тізілімін уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уəкілетті органға жібереді.
Уәкілетті орган қаржы басқарушысынан кредиторлар талаптарының тізілімін алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей, оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
Негіздер болған кезде кредитор және (немесе) борышкер уәкілетті органның интернет-ресурсында кредиторлар талаптарының тізілімі орналастырылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысының талаптарды толық көлемде немесе оның бір бөлігін кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізгеніне (енгізбегеніне) уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасауға құқылы.
Шағым жасау сот арқылы банкроттық рәсімін тоқтата тұруға негіз болып табылмайды.
5. Өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі, алименттер төлеу жөніндегі талаптарды қоспағанда, кредитордың осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімнен кеш мәлімделген талабы кредиторлардың өз мерзімінде мәлімделген талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылуға жатады.
Кредиторлардың осы Заңда белгіленген мерзімнен кеш мәлімделген өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі, алименттер төлеу жөніндегі талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне бірінші кезекте қанағаттандырылуға жататын талаптар ретінде енгізіледі.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
5-1. Кредитор (кредиторлар) талаптарды мəлімдемеген жағдайда кредиторлар талаптарының тізілімі борышкер ұсынған деректерден, оның ішінде кредиттік бюролардың дерекқорында көрсетілген мəліметтер ескеріле отырып қалыптастырылады.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Кредиторлар талаптарының қалыптастырылған тізіліміне өзгерістер жəне (немесе) толықтырулар осы баптың 4 жəне 5-тармақтарында көзделген жағдайларда енгізілуі мүмкін.
28-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешім
1. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешімді осы Заңның 24-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген қаржы басқарушысының қорытындысын ескере отырып қабылдайды.
2. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешімінде:
1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап екі айдан кешіктірілмейтін мерзімде қаржы басқарушысының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын ұсынатыны;
2) осы Заңның 22-бабының 1-тармағында көзделген салдардың сақталатыны туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.
29-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары
1. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында алынатын кірістер мен ағымдағы шығыстар, сондай-ақ кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру графигі мен борышкердің ай сайын өз иелігінде қалдыратын ақшасы ескеріле отырып, борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған кез келген қаржылық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де іс-шаралар қамтылады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау мерзімі осы Заңның 32-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, бес жылдан аспауға тиіс.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары мерзімінен бұрын орындалуы мүмкін.
2. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында мынадай бір немесе бірнеше құрал:
1) міндеттемені орындау мерзімін өзгерту (борышты төлеуді кейінге қалдыру және (немесе) бөліп төлеу);
2) борышты немесе оның бір бөлігін, оның ішінде тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды) кешіру;
3) қарызды пайдаланғаны үшін сыйақының пайыздық мөлшерлемесін төмендету;
4) қарыз шартын орындаудың жалпы мерзімін бір мезгілде ұлғайта отырып, тұрақты ағымдағы төлемдердің мөлшерін азайту;
5) міндеттемені орындау тәсілін өзгерту;
6) кепілді кредитор қарыз шарты бойынша міндеттемелерді кешірген жағдайда, оған кепіл нысанасын беру арқылы кепілді кредитордың талаптарын қанағаттандыру;
7) осы тармақта көзделмеген өзге де құралдар көзделеді.
3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында мынадай:
1) мүліктің бір бөлігін сату;
2) мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беру;
3) дебиторлық берешекті өндіріп алу;
4) тұрғын үйді (автокөлікті) құны төмен тұрғын үйге (автокөлікке) айырбастау;
5) кейіннен құны төмен тұрғын үй (автокөлік) сатып ала отырып, тұрғын үйді (автокөлікті) сату;
6) борышкерді жұмысқа орналастыру шаралары;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шаралар көзделуі мүмкін.
4. Қаржы басқарушысы соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде борышкердің қатысуымен үлгілік жоспардың нысаны негізінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасын әзірлеуге міндетті.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасы талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторларға қарау үшін жіберіледі. Кредиторлар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған ұсыныстар мен ескертулер енгізеді.
Ұсыныстарды және (немесе) ескертулерді көрсетілген мерзімнен кеш енгізу кредитордың ұсыныстары мен ескертулерінің болмауына теңестіріледі.
5. Осы баптың 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарын жасауға және оны сотқа, сондай-ақ талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторларға жіберуге міндетті.
Кредиторлардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасына енгізілген ұсыныстары және (немесе) ескертулері сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарымен бір мезгілде жіберіледі.
Егер төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарын жасау кезінде кредитордың (кредиторлардың) ұсыныстары және (немесе) ескертулері ішінара немесе толық көлемде ескерілмесе, онда қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату кезінде барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін болжамды сома көрсетілетін есеп-қисаптарды төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарына қоса беруге міндетті.
30-бап. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын қарау нәтижелері
1. Сот қаржы басқарушысы ұсынған төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын қарау нәтижелері бойынша мынадай сот актілерінің бірін:
1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарымды;
2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімді шығарады.
2. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарымды сот мынадай:
1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының жобасына кредиторлардың ұсыныстары және (немесе) ескертулері болмаған;
2) төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарын жасау кезінде кредиторлардың барлық ұсыныстары және (немесе) ескертулері ескерілген;
3) егер қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарына қоса берген есеп-қисаптар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау барлық кредиторлардың талаптарын төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тоқтатылған жағдайдағыдан кем емес мөлшерде қанағаттандыруға алып келетінін куәландырған жағдайларда шығарады.
3. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарымында:
1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту;
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау, кредиторларды осындай жоспардың орындалғаны туралы хабардар ету және борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін аяқтау туралы өтінішхатпен сотқа жүгіну мерзімдері;
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
3) осы Заңның 22-бабының 1-тармағы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көзделген салдардың тоқтатылғаны туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.
4. Егер қаржы басқарушысы төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарына қоса берген есеп-қисаптар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау барлық кредиторлардың талаптарын төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тоқтатылған және кредитордың өтінішхаты бойынша сот арқылы банкроттық рәсімі қолданылған жағдайға қарағанда неғұрлым аз көлемде қанағаттандыруға алып келетінін куәландыратын болса, сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімді қабылдайды.
5. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы шешімінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы нұсқаулар, сондай-ақ осы Заңның 36-бабының 2-тармағында көзделген нұсқаулар қамтылуға тиіс.
31-бап. Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекітуінің салдары
Соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап мынадай салдар басталады:
1) борышкердің міндеттемелері төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында көзделген тәртіппен және шарттарда орындалуға жатады;
2) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында көзделмеген өз мүлкін иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелерді өзіне қабылдау бойынша мәмілелер жасасуына тыйым салынады;
3) борышкердің арызы, соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіту туралы ұйғарымының ұсынылған көшір месі негізінде борышкердің мүлкіне қойылған шектеулер алынады;
4) алынған қарыздар бойынша сыйақыны есепке жазу тоқтатылады;
5) борышкердің қарыздар (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру бойынша мәмілелер жасасуына тыйым салынады;
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)
6) қаржы басқарушысының өкілеттігі тоқтатылады.
32-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау
1. Борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын өзі дербес орындайды.
Кредиторлар өздеріне борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының орындалу барысы туралы тұрақты негізде ақпарат беру міндетін борышкер үшін белгілеу не бақылау жөніндегі функцияларды кредиторлардың біріне жүктеу арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау мерзімі аяқталғаннан кейін борышкер мерзім аяқталған күннен кейінгі күні кредиторларға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарының орындалғаны туралы хабарлама жібереді және рәсімді аяқтау туралы өтінішхатпен сотқа жүгінеді.
2. Сот борышкердің өтінішхаты келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін аяқтау туралы шешім шығарады, онда:
1) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін аяқтау;
2) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру;
3) борышкердің осы баптың 3-тармағында көзделген міндеттемелерді орындау жөніндегі міндетін сақтау туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.
3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі аяқталғаннан кейін борышкердің:
1) осы Заңның 46-бабында көрсетілген міндеттемелерді;
2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау мерзіміне қарағанда неғұрлым ұзақ мерзімі бар міндеттемелерді осындай жоспарда көзделген шарттарда орындау жөніндегі міндеттері сақталады.
33-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындамаудың салдары
1. Егер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында көзделген іс-шараларды орындау мүмкін болмаса, борышкер жоспарланған іс-шараны орындау мерзімі өткеннен кейінгі күннен бастап бір айдан кешіктірмей, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тоқтату және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге міндетті.