2) Мыналар облигациялар шығару проспектісінің ажырамас бөлігі болып табылады:
облигацияларды ұстаушылардың өкілімен жасалған шарттар көшірмелері;
облигацияларды ұйымдастырылған нарықта орналастыруды жоспарлайтын эмитенттер үшін - эмиссиялық бағалы қағаздарды қор биржасының ресми тізіміне енгізу және олардың тізімде болуы мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсететін, ұйымдармен (мұндай ұйымдармен шарт жасасу міндеті осы Заң талаптарында көзделген жағдайда) жасасқан шарттардың көшірмелері;
жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанында құрылған эмитенттер үшін эмитенттің кірісін оған қатысушылар арасында бөлу тәртібі.
6. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң құрылымы және оны жасау мен ресiмдеу тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленедi.
7. Осы баптың 1-тармағының 1), 10) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда, эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектісіне өзгерістер мен толықтыруларды уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен тіркеу үшін олар туындаған (эмитенттің тиісті органдары шешім қабылдаған) күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға беруге міндетті. Жарияланған акциялардың саны ұлғайған және (немесе) жарияланған акциялардың түрі өзгерген не облигациялардың саны кеміген кезде, уәкілетті орган жарияланған акциялар (облигациялар) шығарылымын мемлекеттік тіркеу куәлігін ауыстырады. Уәкілетті орган жарияланған акцияларды (облигацияларды) шығару проспектісіне өзгерістер мен толықтыруларды тіркеуді не жарияланған акциялар (облигациялар) шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ауыстыруды күнтізбелік он бес күн ішінде жүзеге асырады.
Эмитент уәкілетті органға осы баптың 1-тармағының 4), 5), 15) тармақшаларында көрсетілген мәліметтердің өзгергені туралы ақпаратты осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде олар туындаған (қоғамның тиісті органдары шешім қабылдаған) күннен бастап уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен ұсынуға міндетті.
Эмитент осы баптың 1-тармағының 14) тармақшасында көрсетілген мәліметтердің өзгергені туралы ақпаратты осы Заңның 31-бабының 7-тармағында белгіленген мерзімде уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
8. Осы баптың 1-тармағының 6), 10), 11) тармақшаларында көрсетілген облигациялар шығару проспектісіндегі мәліметтерді өзгертуді мынадай шарттар сақталған кезде:
1) эмитент иеленген облигацияларды қоспағанда, орналастырылған облигациялардың жалпы санының кемінде сексен бес пайызын иеленген ұстаушылар осы шешім үшін дауыс берген;
2) эмитент иеленген облигацияларды қоспағанда, облигацияларды ұстаушылардың құрамында осы шығарылым облигацияларының он пайызынан астамын иеленген екі және одан да көп адам болған, шығарылым шарттарын өзгерту үшін осындай облигацияларды ұстаушылардың жалпы санының жетпіс бес және одан да көп пайызы дауыс берген жағдайда, облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысының шешімі негізінде эмитент жүзеге асырады.
Осы тармақтың талабы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымдарына немесе банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарға олар қайта құрылымдауды жүргізген кезде қолданылмайды.
9. Осы баптың 1, 4 және 5-тармақтарында белгiленген эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне қойылатын талаптар айналыс мерзiмi он екі айдан аспайтын облигациялар шығару проспектiлерiне және ислам бағалы қағаздар шығару проспектілеріне қолданылмайды.
Агенттiк облигациялар, облигациялық бағдарламалар, сондай-ақ облигациялық бағдарламалар шегiнде шығарылатын облигациялар шығару проспектiлерi мазмұнының ерекшеліктері нормативтік-құқықтық актіде көзделген.
10. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi уәкiлеттi органға қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.»;
6) 11-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Қоғам құрылтайшыларының орналастырылған акцияларға толық ақы төлеуді және қоғам құрылтайшыларының акцияларға ақы төлеу жөніндегі міндеттемелерінің орындалғанын растайтын, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімі жүйесінде мәмілені тіркеуді жүзеге асырғаннан кейін акционерлік қоғам жарияланған акциялардың санын ұлғайту туралы шешім қабылдауға құқылы.»;
7) 12-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап. Мемлекеттік емес облигациялар (облигациялық бағдарлама) шығаруды мемлекеттік тiркеу»;
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мемлекеттік емес облигациялар (облигациялық бағдарлама) шығаруды мемлекеттік тiркеу үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:»;
8) 13-бапта:
1-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялардың алғашқы шығарылымын мемлекеттік тiркеу эмитенттiң қалауы бойынша осы облигациялық бағдарламаны мемлекеттік тiркеумен бiр мезгiлде жүзеге асырылуы мүмкiн, бұл ретте уәкілетті орган осы құжаттарды ұсынылған күнінен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарауға тиіс.»;
5-тармақта:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда, егер:»;
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттік тiркеу үшiн құжаттар ұсынылған күнге эмитентте сауда-саттықты ұйымдастырушының тізімінде өзі шығарған борыштық бағалы қағаздар болмаса және осы Заңның 15-бабының 1-тармағында белгiленген талаптарға сай келмесе, эмитентке облигациялық бағдарлама шығаруды және (немесе) облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттік тiркеуден бас тартуға құқылы.»;
9) 15-баптың 1-тармағында:
бірінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Егер облигациялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды уәкiлеттi органға ұсыну күнге эмитентте айналыстағы бағалы қағаздарды (акцияларды қоспағанда) шығару шарттарын (оның ішінде сыйақы төлеу немесе бағалы қағаздарды өтеу жөнiндегi мiндеттемелерiн) уақтылы орындамаған немесе орындамаған, сондай-ақ айналыстағы бағалы қағаздардың (акцияларды және облигацияларды ұстаушылар келіскен жағдайда облигациялардың ерікті делистингін қоспағанда) делистинг жағдайлары болмаса ғана және инфрақұрылымдық облигациялар эмитентiн қоспағанда, эмитент мынадай талаптардың бiрiн сақтаған жағдайда:»;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Эмитент осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген талапты сақтай отырып облигациялар шығаруды жүзеге асырған жағдайда, осы эмитенттің левередж шамасына қойылатын талаптар облигациялар айналысының бүкіл мерзімі ішінде қолданылады.»;
10) 18-2-бапта:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 6), 10), 11) тармақшаларында көзделген облигацияларды шығару шарттарын өзгерту туралы шешім қабылдау мақсатында облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізіледі.
2. Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысына қатысуға және дауыс беруге құқығы бар облигацияларды ұстаушылардың тізімін тіркеуші облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізілетін күннен үш жұмыс күні бұрын бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі жүйесінің негізінде жасайды.
Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысына қатысуға және дауыс беруге құқығы бар облигацияларды ұстаушылардың тізімі жасалғаннан кейін осы тізімге енгізілген тұлға өзіне тиесілі облигацияларды иеліктен шығарған жағдайда, облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысына қатысу құқығы облигациялардың жаңа ұстаушысына ауысады. Бұл ретте облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысына қатысу үшін аталған тұлға облигацияларға меншік құқығын растайтын құжаттарды эмитентке ұсынады.»;
4-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысының шешім қабылдауы осы Заңның 9-бабының 8-тармағында белгіленген талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.»;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 6), 10), 11) тармақшаларында көрсетілген облигацияларды шығару проспектісіндегі мәліметтерді өзгерту мәселелері бойынша облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысы өткізілген күннен бастап бұқаралық ақпарат құралдарында облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысында қабылданған шешім жарияланғаннан күнінен кейінгі күнге дейінгі кезеңде облигацияларды орналастыру және олардың айналысы тоқтатыла тұрады.
Облигацияларды ұстаушылар осы Заңның 9-бабы 1-тармағының 6), 10), 11) тармақшаларында көзделген облигацияларды шығару шарттарын өзгерту туралы шешім қабылдаған жағдайда, облигацияларды орналастыру және олардың айналысын тоқтата тұру мерзімі облигацияларды шығару проспектісіне өзгерістер мемлекеттік тіркелген күннен кейінгі күнге дейін ұзартылады.»;
11) 18-4-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөліпен толықтырылсын:
«Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талап «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығарылу шарттары қамтамасыз етілмеген міндеттемені субординарлық борышқа жатқызу шарттарына сай келетін, екінші деңгейдегі банктер және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары шығарған (шығаратын) облигацияларға қатысты оларға қолданылмайды.»;
12) 19-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Өкілдің өз функциялары мен міндеттерін орындау тәртібі, эмитент пен өкілдің арасында жасалатын облигацияларды ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар, өкілдің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі мен жағдайлары, сондай-ақ осы Заңның 20-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес уәкілетті органға ақпарат беру мерзімдері уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленеді.»;
13) 20-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Өкiлдiң осы баптың 1 және 2-тармақтарында айқындалған функциялар мен мiндеттердi орындау тәртібі мен мерзімдері уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.»;
14) 22-1-бапта:
1-тармақтың 1), 2) және 5) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«1) осы тармақшаның екінші бөлігінде көрсетілген Қазақстан Республикасы резидент ұйымының бағалы қағаздарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының осы резидент ұйымы бұрын шығарған және айналыстағы эмиссиялық бағалы қағаздардың бір және (немесе) одан да көп шығарылымдарының эмиссиялық бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне енгізілген.
Шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған, тиімді басқару орны (нақты басқару органдары) Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлға шығарған бағалы қағаздар шет мемлекеттің аумағында шығарылған және (немесе) орналастырылған жағдайларда, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне меншігінде осы заңды тұлға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы бар, Қазақстан Республикасының ұйымы бұрын шығарған және айналыстағы эмиссиялық бағалы қағаздарының бір және (немесе) одан да көп шығарылымдарының эмиссиялық бағалы қағаздары енгізілуге тиіс;
2) Қазақстан Республикасының резидент ұйымы шығарған облигацияларды шет мемлекет аумағында орналастырудың басталуымен бір мезгілде олар Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығы арқылы, осы облигацияларды шет мемлекеттің аумағында орналастыру кезіндегі орналастыру шарттарымен иеленуге ұсынылуға тиіс. Осы облигацияларды Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған нарығы арқылы иеленуге инвесторлардың өтінімдерін (бұдан әрі - инвесторлардың өтінімдері) тіркеуді Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасы қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
Инвесторлардың өтінімдері облигацияларды осылай орналастыру шеңберіндегі барлық өтінімдерді қабылдау нәтижелері бойынша эмитент айқындаған, облигациялар шығарылымын орналастыруға жоспарланатын жалпы көлемінің кемінде жиырма пайызы көлемінде өтеуге кіріс мөлшерлемесі бойынша қанағаттандырылады. Егер инвесторлардың өтінімдерінің жиынтық номиналды көлемі облигациялар шығарылымын орналастыруға жоспарланатын жалпы көлемінің жиырма пайызынан кем болса, онда инвесторлардың өтінімдері толық көлемде қанағаттандырылады.»;
«5) Қазақстан Республикасының резидент ұйымы акцияларын, сондай-ақ базалық активі Қазақстан Республикасының осы резидент ұйымының акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарын бастапқы орналастырған кезде:
Қазақстан Республикасы резидент ұйымының акцияларын не шығарылымын уәкілетті орган тіркеген Қазақстан Республикасының осы резидент ұйымының акциялары базалық активі болып табылатын депозитарлық қолхаттарды орналастырған кезде, осы акциялар немесе депозитарлық қолхаттар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген қор биржасы тізімінің санаттарына енгізілуге тиіс;
Қазақстан Республикасының резидент ұйымының акцияларын не шығарылымы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген Қазақстан Республикасының осы резидент ұйымының акциялары базалық активі болып табылатын депозитарлық қолхаттарды орналастырған кезде, осы акциялар немесе депозитарлық қолхаттар бойынша оларды уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген қор биржасы тізімінің санаттарына енгізуге қор биржасының келісімі алынуға тиіс;
Қазақстан Республикасының резидент ұйымы болып табылатын акциялар эмитенті уәкілетті органының не осы Қазақстан Республикасының резидент ұйымының акциялары базалық активі болып табылатын туынды бағалы қағаздарды бастапқы орналастыруды жүзеге асыратын осындай эмитенттің тиісті сатушы акционерінің акцияларды немесе осы Қазақстан Республикасының резидент ұйымының акциялары базалық активі болып табылатын туынды бағалы қағаздарды орналастыру туралы шешімінде осы акциялардың жалпы санының кемінде жиырма пайызы Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығы арқылы иеленуге ұсынылуға тиіс деген шарт қамтылуға тиіс. Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығы арқылы иеленуге ұсынылуға тиіс акциялардың немесе осы акциялар базалық активі болып табылатын туынды бағалы қағаздарының саны, егер осындай сан осы акцияларды басымдықпен иелену құқығын іске асырудың нәтижесі болып табылса, орналастырылатын акциялардың жалпы санының жиырма пайызынан кем болуы мүмкін.»;
2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) осы эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша оларды Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының ресми тізімінің тиісті санаттарына енгізуге қор биржасының келісімі алынған;»;
5-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптары:»;
мынадай мазмұндағы 7 және 8-тармақтармен толықтырылсын:
«7. Қазақстан Республикасының резидент ұйымына шет мемлекеттің аумағында эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға және (немесе) орналастыруға рұқсат беруден бас тартуды уәкілетті орган мынадай кез келген негіздер:
1) Заңның осы бабының 4-тармағында көзделген шарттарды орындамау;
2) уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген құжаттар топтамасын толық ұсынбау;
3) ұсынылған құжаттардың уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі бойынша жүргізеді.
8. Осы баптың талаптары мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға және (немесе) орналастыруға, сондай-ақ мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шет мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасының бағалы қағаздар тізіміне енгізуге қолданылмайды.»;
15) 24-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Эмитент уәкілетті органға эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептерді орналастырудың есепті кезеңі аяқталғаннан кейін бір ай ішінде, сондай-ақ олар толық орналастырылған күннен бастап бір ай ішінде ұсынуға міндетті.
Егер орналастыру басталған не акцияларды орналастыру қорытындысы туралы соңғы есеп ұсынылған күннен бастап алты ай өткен соң қоғам бірде-бір акцияны орналастырмаса, ол уәкілетті органға:
1) осы кезеңде акцияларды орналастыру жүзеге асырылмағаны туралы жазбаша хабарламаны;
2) орналастырудың алты айлық мерзімі аяқталған күннен кейінгі күнге тіркеуші берген орналастырылған акциялардың жалпы санының он және одан да көп пайызын (қоғам иеленген акцияларды шегергенде) иеленген акционерлер туралы анықтаманың көшірмесін тапсырады.
Эмитент бағалы қағаздарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тіркеушіден алған жарияланған акцияларды орналастыруды растайтын құжатты акционерлік қоғамның құрылтайшыларына ұсынады.»;
мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Осы бап мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару кезінде қолданылмайды.»;
16) 30-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Жарияланған акциялардың шығарылымын жоюдың шарттары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актісінде белгiленедi.
Уәкілетті орган жарияланған акциялардың шығарылымын, егер құжаттарды қарау процесінде олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеу фактілері анықталса, жоюдан бас тартуға құқылы.»;
17) 30-1-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Облигациялар шығарылымын жою шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленеді.
Уәкілетті орган облигациялар шығарылымын, егер құжаттарды қарау процесінде олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеу фактілері анықталса, жоюдан бас тартуға құқылы.»;
18) 31-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Қазақстан Республикасының Yкiметi, уәкілетті орган, жергiлiктi атқарушы органдар, мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы шығарған мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кіріс төлеудi жүзеге асырудың шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленедi.»;
19) 32-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) эмитенттiң облигацияларды өтеу жөніндегі өз мiндеттемелерiн орындағанын растайтын төлем агентiнiң немесе эмитенттiң (төлем агентiмен шарт болмаған жағдайда) хабарламасын, сыйақы мен номиналдық құнын төлеу күнін көрсете отырып ұсынады.»;
20) 32-3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«32-3-бап. Исламдық жалдау сертификаттары
1. Ислам арнайы қаржы компаниясы шығарылу кезiнде айналыс мерзiмiн алдын ала белгiлей отырып шығаратын, ұстаушылары жалдау (қаржы лизингi) шарты бойынша кірістер алу құқығына ие болатын ислам бағалы қағаздары исламдық жалдау сертификаттары болып табылады.
2. Исламдық жалдау сертификаттары оларды ұстаушыларға мынадай:
1) жалдау (қаржы лизингi) шарты бойынша кірістер алу;
2) егер мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы ислам арнайы қаржы компаниясы болып табылатын жағдайда, мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясының бөлінген активтерін мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға кері сатудан түсетін кірісті алу;
3) бөлiнген активтердi құрайтын мүлiк үлесiне сәйкес келетiн, ұстаушыға тиесiлi исламдық жалдау сертификаттары санының орналастырылған исламдық жалдау сертификаттарының жалпы санына пропорционалды мөлшерде ақша сомасын алу;
4) эмитенттiң (оригинатордың) қызметi туралы ақпарат алу, оның iшiнде исламдық жалдау сертификаттарын шығару проспектiсiнде айқындалған тәртiппен эмитенттiң (оригинатордың) қаржылық есептiлiгiмен танысу;
5) ұстаушылардың исламдық жалдау сертификаттарына қоғам тiркеушiсiнен немесе номиналды ұстаушыдан меншiк құқығын растайтын үзiндi көшірмелерді алу құқықтарын;
6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, сондай-ақ ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарында көзделген өзге де құқықтарды бередi.
3. Ислам арнайы қаржы компаниясы исламдық жалдау сертификаттарын шығару, оларды орналастырудың нәтижесiнде алынған ақшаға мүлiкті иелену, сондай-ақ осы мүлiктi жалға беру (қаржы лизингi) шарты бойынша түскен төлемдердi исламдық жалдау сертификаттарын ұстаушылар арасында бөлу үшiн құрылады.
Мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын (исламдық жалдау сертификаттарын) шығару және онымен байланысты мемлекеттік мүлікті иелену және осы мүлікті тиісті саланың уәкілетті органына жалға беру, сондай-ақ мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарына сәйкес мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын өтеу үшін ғана құрылады.
Мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарына сәйкес оларды кері сатып алу міндеттемесімен бөлінген активтерді сатып алу-сату шартын және тиісті саланың уәкілетті органымен осы бөлінген активтерді жалдау шартын жасайды.
Мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясының бөлінген активтерінің құрамына мүлікті сатуды мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару туралы шешімінің негізінде жүзеге асырады.
Бөлінген активтерді мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясынан кері сатып алуды мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарына сәйкес жүзеге асырады.
Мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясының бөлінген активтерін құрайтын мүлікті басқа мүлікке ауыстыруға мұндай ауыстыру мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жол беріледі.
4. Исламдық жалдау сертификаттарының айналысы ислам арнайы қаржы компаниясының бөлiнген активтерiне кiретiн мүлiктi жалдау (қаржы лизингi) шартын жасасқаннан кейiн мүмкін болады.
5. Оригинатор ислам арнайы қаржы компаниясынан мүлiктi иеленген жағдайда, исламдық жалдау сертификаттарын шығару проспектiсiнде исламдық жалдау сертификаттарын мерзiмiнен бұрын өтеу шарты көзделуi мүмкiн.
6. Исламдық жалдау сертификаттарын шығарудың, орналастырудың, олардың айналысының және өтеудiң өзге де шарттары уәкілетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалады.»;
21) 32-5-баптың 1-тармағының 1) тармақшасындағы «мемлекеттік мекеменің» деген сөздер «мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясының құрылтайшысы болып табылатын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органының» деген сөздермен ауыстырылсын;
22) 32-6-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
1. Ислам арнайы қаржы компаниясын ислам арнайы қаржы компаниясына мүлікті және (немесе) бөлінген активтерді беретін оригинатор құрады.
Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органды қоспағанда, оригинаторға қойылатын талаптар, сондай-ақ мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясын қоспағанда, ислам арнайы қаржы компаниясын құруға және оның қызметіне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленеді.»;
мынадай мазмұндағы 4-1, 7-1 және 10-1-тармақтармен толықтырылсын:
«4-1. Мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясының атауында «Мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы» деген сөздер болуға тиіс.»;
«7-1. Мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясын тарату тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік-құқықтық актісінде айқындалады.»;
«10-1. Мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясының бөлінген активтері мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясының басқа меншікті қаражатынан және кез келген өзге тұлғаға тиесілі, не мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару бойынша кез келген өзге мәмілеге жататын кез келген өзге активтерден бөлек есепке алынады.»;
11-1 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«11-1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатылған активтер исламдық жалдау сертификаттары бойынша қамтамасыз ету болып табылмайды.»;
«14. 1, 3, 4-1, 7-1, 9, 10-1 және 11-1-тармақтарды қоспағанда, осы баптың талаптары мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясының қызметіне қолданылмайды.»;
23) 32-7-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. Осы бап мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару кезінде қолданылмайды.»;
24) 41-баптың 2-тармағы 4) тармақшасындағы «олардың ұстаушылары туралы ақпарат бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық құпияны құрамайды.» деген сөздер «олардың ұстаушылары туралы;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым өзінің жарғылық қызметін жүзеге асыруы мақсатында, оған берілуге тиіс эмиссиялық бағалы қағаздар және (немесе) олардың ұстаушылары туралы ақпарат бағалы қағаздар нарығында коммерциялық құпияны құрамайды.»;
25) 43-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Бағалы қағаздар нарығында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда лицензиаттың бас ұйымына пруденциялық нормативтерді есептеу, сондай-ақ тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін қалыптастыру мақсаттары үшін берілуі мүмкін;»;