4. Электрондық бақылау құралдарын қолдану тәртібін, шарттары мен негіздерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
138-бап. Бұлтартпау шарасын таңдау және қосымша шектеулер белгілеу кезiнде ескерiлетiн мән-жайлар
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бұлтарпау шарасын және оның дәл қайсысын қолдану қажеттілігі туралы мәселені шешкен кезде осы Кодекстің 136-бабында көрсетілген негіздерден басқа, сондай-ақ осы Кодекстің 137-бабының екінші бөлігінде көрсетілген қосымша шектеулерді белгілеген кезде сондай-ақ мыналар:
1) жасалған қылмыстың ауырлығы;
2) күдіктінің, айыпталушының жеке басы, оның жасы;
3) денсаулық жағдайы;
4) отбасы жағдайы, отбасында асырауындағы адамдардың бар-жоғы;
5) күдіктінің, айыпталушының әлеуметтік байланысының орнықтылығы;
6) күдіктінің, айыпталушының беделі;
7) айналысатын ісі;
8) күдіктінің, айыпталушының тұрақты жұмыс орнының немесе оқуының бар-жоғы;
9) мүліктік жағдайы;
10) тұрақты тұрғылықты жерінің бар-жоғы және басқа да мән-жайлар ескерілуге тиіс.
2. Осы Кодекстің 136-бабында санамаланған негіздер болмаған кезде, жасалған қылмыстың ауырлығы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін жалғыз негіз бола алмайды.
139-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін бұлтартпау шарасын қолдану
1. Осы Кодекстiң 136-бабында көзделген негiздер болған айрықша жағдайларда және осы Кодекстің 138-бабында көрсетiлген мән-жайлар ескерiле отырып, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін күдіктiге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкiн. Бұл ретте күдіктiнің іс-әрекетін саралау туралы қаулы - бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 173, 179, 181, 184, 255 - 268 және 272-баптарында көзделген қылмыстардың ең болмағанда біреуі жасалған жағдайларда - отыз тәуліктен кешiктiрiлмей, ал егер күдiктi ұстап алынып, содан кейiн күзетпен қамалған болса, ұстап алынған кезден бастап дәл сондай мерзiмде жариялануға тиiс. Егер осы мерзiмде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылмаса және жарияланбаса, бұлтартпау шарасының күші дереу жойылады.
2. Күдіктіге оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы жарияланған кезде оған бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды қолдану туралы мәселені сот осы Кодекстің 147-бабында көзделген тәртіппен қайтадан қарайды. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін жиырма төрт сағат ішінде күзетпен ұстау орнының бастығына соттың күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы қаулысы келіп түспесе, күзетпен ұстау орнының бастығы ол туралы іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органды немесе адамды, сондай-ақ прокурорды хабардар етуге міндетті. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім аяқталған бойда бұлтартпау шарасының күшін жою немесе айыпталушыны күзетпен ұстауды соттың санкциялағаны туралы тиісті шешімдер келіп түспесе, күзетпен ұстау орнының бастығы оны өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сағаттың ішінде іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға және прокурорға жібереді.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнің талаптары орындалмаған кезде күзетпен ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы заңда белгiленген жауаптылықта болады.
140-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану тәртiбi
1. Күдіктіге, айыпталушыға бiр мезгiлде екi және одан да көп бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарады, онда адамға күдік келтіріліп, ол айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көрсету және осы бұлтартпау шарасын қолданудың негіздері қамтылады. Қаулының көшірмесі өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға табыс етіледі және сонымен бiр мезгiлде оған осы Кодексте көзделген, бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешiмге шағым жасау тәртiбi түсiндiрiледi.
Осы Кодекстің 139-бабында көзделген жағдайлардан басқа, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін ғана қолданылады.
3. Күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданған кезде күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету үшін оларға:
1) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға не сотқа олар белгілеген уақытта келу;
2) қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен кетпеу;
3) қылмыстық процесті жүргізетін адамды, прокурорды тұрғылықты жерінің, жұмыс орнының өзгергені туралы хабардар ету;
4) белгілі бір адамдармен араласпау және белгілі бір жерлерге бармау;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емделу курсынан өту;
6) электрондық бақылау құралдарын тағып жүру міндеттерінің бірі немесе бірнешеуі жүктелуі мүмкін.
4. Күдікті, айыпталушы осы Кодекстiң 141, 142, 143, 144, 145 және 146-баптарында көзделген шараларды бұзатын іс-әрекеттердi жасаған жағдайда оларға неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылады, ол туралы күдіктіге, айыпталушыға тиiстi қаулының көшiрмесiн табыс ету кезiнде жариялануға тиiс. Осы Кодекстің 156, 165-баптарында көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын бұзған жағдайда, күдіктіге, айыпталушыға бұлтартпау шарасы таңдалады.
141-бап. Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат
Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қылмыстық процесті жүргізетін органның күдіктіден, айыпталушыдан анықтаушының, тергеушінің немесе соттың рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен (елді мекеннен) кетпеуі, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға кедергі келтірмеуі, қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша белгіленген мерзімде келуі жөнінде жазбаша міндеттеме алуынан тұрады.
142-бап. Жеке кепiлгерлік
1. Жеке кепiлгерлік күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын және олардың қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуін сенiмге лайық адамдардың өз жауапкершілігіне алатыны туралы жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады. Кепiлгерлердің саны екеуден кем болмайды.
2. Бұлтартпау шарасы ретiнде жеке кепiлгерлікті таңдауға кепiлгердің жазбаша өтiнiшхаты бойынша және өзіне қатысты кепiлгерлік берiліп отырған адамның келiсуiмен ғана жол берiледi.
3. Кепiлгер жеке кепілгерлік туралы қолхат береді, онда ол өзi кепiлгер болып отырған адамға қатысты күдіктің мәні, күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы қолданылған әрекеттерді жасаған жағдайда кепілгердің өзіне ақшалай өндіріп алуды қолданудан тұратын жауапкершілігі түсіндірілгендігін растайды.
4. Кепiлгер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң кез келген сәтiнде кепiлгерліктен бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда, бас тартылған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде күдіктіге, айыпталушыға қатысты осы Кодекстің 136-бабы бірінші бөлігінің талаптары ескеріле отырып, өзге бұлтартпау шарасы таңдалуға тиіс.
5. Күдікті, айыпталушы алдын алу үшiн жеке кепiлгерлік қолданылған әрекеттердi жасаған жағдайда, сот әрбiр кепiлгерге осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануы мүмкiн.
143-бап. Әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауы
1. Әскери бөлім қолбасшылығының әскери қызметшiлер немесе оқу жиынына шақырылған әскери мiндеттiлер болып табылатын күдіктілерді, айыпталушыларды байқауда ұстауы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жарғыларында көзделген және осы адамның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ете алатын шараларды қолданудан тұрады.
2. Әскери бөлiмнің қолбасшылығына осы бұлтартпау шарасы таңдалған күдіктің мәнi туралы хабарланады. Әскери бөлiмнің басшылығы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға байқауда ұстаудың орнатылғаны туралы жазбаша хабарлайды.
3. Күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы таңдалған әрекеттердi жасаған жағдайда, әскери бөлiмнің қолбасшылығы ол туралы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға дереу хабарлауға мiндеттi.
4. Өздерiне жүктелген байқауда ұстау жөнiндегi мiндеттердiң орындалмауына кiнәлi адамдар заңнамада көзделген тәртiптiк жауаптылықта болады.
5. Осы бұлтартпау шарасы қолданылған кезеңде күдіктіні, айыпталушыны жауынгерлік кезекшілікке, жауынгерлік немесе қарауыл қызметін, гарнизон нарядының немесе бөлімнің (бөлімшенің) тәуліктік нарядының құрамында қызмет атқаруға тартуға жол берілмейді.
144-бап. Кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру
1. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының немесе басқа да сенiмге лайық адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкiмшiлiгiнiң қарауда ұстауына беру көрсетілген адамдардың қайсыбiрiнiң өзіне кәмелетке толмағанның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ету, оның ішінде оның үйден тыс жерде болуын шектеу және қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз басқа жерге баруына жол бермеу жөнінде жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
2. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының және басқа да тұлғалардың қарауда ұстауына беру олардың жазбаша өтiнiшхаты бойынша ғана мүмкiн болады.
3. Қарауда ұстауға қабылдау туралы қолхат алынған кезде ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкімшілігінің өкiлдерi кәмелетке толмаған адам жасады деп күдік келтірілген қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты туралы және олардың қарауда ұстау бойынша өздерiне қабылдаған мiндеттерiн бұзған жағдайдағы жауаптылығы туралы хабардар етiледi.
4. Қарауына кәмелетке толмаған адам берiлген тұлғалар өздері қабылдаған мiндеттемелерді орындамаған жағдайда, оларға осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
145-бап. Кепiл
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік өзгертілді
1. Кепiл сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адамның, прокурордың немесе соттың шақыруы бойынша оларға күдiктiнiң, айыпталушының келуi жөнiндегi мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ олардың жаңа қасақана қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында сот депозитiне күдiктiнiң, айыпталушының өзiнiң не басқа адамның ақша енгiзуiнен тұрады. Тыйым салынатын басқа да құндылықтар, жылжитын және жылжымайтын мүлiк кепiл ретiнде қабылдануы мүмкiн. Кепiлдiң құндылығын және ауыртпалықтың жоқ екендiгiн дәлелдеу кепiлгерге жүктеледi. Осы Кодекстің 148-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген жағдайларда кепiл қолданылмайды.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кепiл тергеу судьясының санкциясымен не соттың қаулысы бойынша ғана қолданылады.
Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді таңдау кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны сотқа жібереді. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Кепілдің мөлшері күдіктің ауырлығы, күдіктінің, айыпталушының жеке басы, қылмыстық іс-әрекеттің сипаты, кепіл берушінің мүліктік жағдайы ескеріле отырып айқындалады және: онша ауыр емес қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде - айлық есептік көрсеткіштің отыз еселенген мөлшерінен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің бір жүз жиырма еселенген мөлшерінен көп; ауырлығы орташа қылмысты абайсызда жасады деп күдік келтірілген кезде - айлық есептік көрсеткіштің бір жүз жиырма еселенген мөлшерінен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің екі жүз еселенген мөлшерінен көп; ауырлығы орташа қылмысты қасақана жасады деп күдік келтірген кезде - айлық есептік көрсеткіштің екі жүз еселенген мөлшерінен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің үш жүз елу еселенген мөлшерінен көп; ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде - айлық есептік көрсеткіштің үш жүз елу еселенген мөлшерінен кем, аса ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерінен кем бола алмайды.
Кепіл ретінде кепіл берушінің келісімімен құны қылмыстың тиісті санаты бойынша кепілдің ең жоғары мөлшерінен асатын өзге де мүлік берілуі мүмкін.
Айрықша жағдайларда кепіл мөлшері мыналарға:
1) асырауында кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, мүгедек туыстары бар, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы болып табылатын адамдарға;
2) 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын, сондай-ақ бюджет есебінен әртүрлі әлеуметтік көмек түрлерін алатын адамдарға;
4) кәмелетке толмағандар мен зейнеткерлік жастағы адамдарға қатысты төменгі мөлшерден аз мөлшерде қолданылуы мүмкін не осы сомаға баламалы өзге де мүлік қабылдануы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Күзетпен ұсталмайтын күдікті, айыпталушы, сотталушы не басқа тұлға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған, қолданылған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірмей тиісті шотқа қаражат салуға және растайтын құжатты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, сотқа ұсынуға міндетті.
Тергеу судьясының кепіл енгізу туралы қаулысы орындалмаған жағдайда, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұлтартпау шарасын өзгерту туралы мәселеге бастамашылық жасайды.
5. Кепіл ретінде басқа да құндылықтар, жылжитын немесе жылжымайтын мүлік берілген кезде кепіл беруші сол мерзімде оларды құқық белгілейтін құжаттарымен бірге қылмыстық процесті жүргізетін органға беруге міндетті.
Осы Кодекстің 128-бабында көзделген тәртіппен ұсталған күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жағдайда, кепіл іс жүзінде енгізілгенге дейін тергеу судьясы осы Кодекстің 148-бабының жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады.
Бұрын таңдалған күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы кепілмен ауыстырылған жағдайда, күдікті, айыпталушы кепіл іс жүзінде енгізілгеннен кейін ғана күзетілуден босатылады. Егер бұл кезге қарай осы Кодексте көзделген күзетпен ұстау мерзімдері біткен болса, онда олар кепіл енгізілгенге дейін ұзартылады.
6. Кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған кезде күдіктіге, айыпталушыға - олардың міндеттері және оларды орындамаудың салдары, ал айыпталушы, күдікті болып табылмайтын кепіл берушіге - адамның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілетіні, айыпталатыны, жасалған іс-әрекет үшін заңда көзделген жаза, күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер және олардың шақыру бойынша келуі, сондай-ақ осы міндеттерді орындамаудың салдары түсіндіріледі.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Кепiлдiң қабылданғаны туралы хаттама жасалады, онда күдіктіге, айыпталушыға шақыру бойынша келу және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға жол бермеу туралы міндеттің түсiндiрiлгенi, ал кепiл берушiге күдікті, айыпталушы шақыру бойынша келуден жалтарған және қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайларда кепiл мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылатыны туралы ескертiлгенi атап көрсетіледі. Хаттамаға осы бұлтартпау шарасын таңдаған лауазымды адам, күдікті, айыпталушы, сондай-ақ кепіл беруші басқа тұлға болса, ол қол қояды. Хаттама және соттың депозитiне кепiлдің енгізілгені туралы құжат iс материалдарына қосып тігіледі, ал кепiл берушiге хаттаманың көшiрмесi табыс етіледі.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Тергеу судьясының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған адамға қатысты осы Кодекстің 148-бабының сегізінші бөлігінде көзделген тәртіппен шығарылған қаулысына сәйкес кепіл енгізілген жағдайда, күзетпен ұстау орнының бастығы күдіктіге, айыпталушыға кепіл жөніндегі міндеттерді және оларды орындамаудың салдарын түсіндіруді жүзеге асырады.
Күзетпен ұстау орнының бастығы күдіктiнi, айыпталушыны күзетпен ұстаудан босатуды кепіл енгізілгенін растайтын құжатты алғаннан кейін жүзеге асырады, бұл жөнінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, қадағалаушы прокурор және тергеу судьясы дереу хабардар етіледі.
9. Егер күдікті, айыпталушы өздеріне жүктелген міндеттерді бұзбаса, бірақ күдіктіге, айыпталушыға қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылса, қылмыстық іс бойынша үкім немесе іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылса, кепіл берушіге кепіл нысанасы дереу қайтарылады.
Егер күдікті, айыпталушы кепіл беруші болып табылса, сот азаматтық талап қоюдың, процестік шығындардың және өзге де мүліктік өндіріп алу қажеттігінің болуы кезінде кепіл тағдыры туралы мәселені қарай отырып, прокурордың өтінішхаты бойынша кепіл нысанасына не оның бір бөлігіне өндіріп алуды қолдану туралы шешім қабылдауға құқылы.
Күдікті, айыпталушы болып табылмайтын кепіл беруші енгізген кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану оның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.
10. Күдікті, айыпталушы үшін кепіл енгізген тұлға күдіктінің, айыпталушының қылмыстық процесті жүргізетін органға келуі жөніндегі міндеттерді орындауын бұдан әрі қамтамасыз етуге жағдайы келмейтіні туралы жазбаша өтініш жасаған жағдайда, егер күдікті, айыпталушы көрсетілген міндеттерді бұзбаған болса, кепіл нысанасы дереу қайтарылуға жатады.
Қылмыстық істі түпкілікті шешетін үкім немесе қаулы шығарылған кезде, тиісінше, сот немесе қылмыстық қудалау органы сонымен бір мезгілде кепіл нысанасының тағдырын шешеді.
11. Күдікті, айыпталушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттерді дәлелді себептерсіз орындамаған жағдайда, прокурор тергеу судьясына кепілді мемлекет кірісіне айналдыру туралы өтінішхат жібереді.
Сот тиісті шешім қабылдайды, оған кепіл беруші осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жоғары тұрған сотқа шағым жасауы мүмкін.
12. Кепіл нысанасы қайтарылған кезде кепіл берушіден кепілдің сақталуын қамтамасыз етуге жұмсалған сома өндіріп алынады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 13-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13. Кепіл нысанасын қабылдау, бағалау, сақтау, қайтару, өткізу, оған өндіріп алуды қолдану және кепілді мемлекет кірісіне айналдыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
146-бап. Үйқамақ
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Үйқамақ күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстамай, бірақ осы Кодекстің 147-бабында көзделген тәртіппен судья белгілеген шектеулер қолданыла отырып, оларды қоғамнан оқшаулауды білдіреді.
2. Күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты үйқамақ қолданылған кезде бір немесе бірнеше шектеу:
1) тұрғынжайдан барлық уақытта немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салу;
2) осы бөліктің 5) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, телефонмен сөйлесуге, хат-хабар жөнелтуге және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салу;
3) белгілі бір адамдармен араласуға және кімді болса да үйінде қабылдауға тыйым салу;
4) электрондық бақылау құралдарын қолдану және осы құралдарды өзімен бірге алып жүру міндетін жүктеу;
5) бақылау мақсатындағы телефон қоңырауларына немесе өзге де бақылау сигналдарына жауап беру, анықтау органына немесе күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының мінез-құлқын қадағалауды жүзеге асыратын басқа да органға телефон шалу немесе оларға белгілі бір уақытта жеке өзінің келу міндеттерін жүктеу;
6) күдіктіге, айыпталушыға немесе олардың тұрғынжайына байқау орнату, сондай-ақ олардың тұрғынжайына немесе оларға тұрғынжай ретінде бөліп берілген үй-жайға күзет қою;
7) күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын және қоғамнан оқшаулануын қамтамасыз ететін басқа да шаралар қолданылуы мүмкін.
Қажет болған кезде күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын қадағалау орнатылады.
Қамақтағы адамның тұрғынжайдан шығуына белгіленген шектеулерді сақтауын қадағалауды жүзеге асырған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган тәуліктің кез келген уақытында оның тұрғылықты жерінде болуын тексеруге құқылы. Тексеру күндізгі уақытта екі реттен артық және түнгі уақытта бір реттен артық жүргізілмейді. Лауазымды адамның қамақтағы адамның тұрғынжайында болуына осы адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен жол беріледі және ол отыз минуттан аспауға тиіс.
3. Соттың үйқамақ туралы қаулысында күдіктіге, айыпталушыға қолданылатын нақты шектеулер белгіленеді, сондай-ақ қадағалауды жүзеге асыратын орган немесе лауазымды адам көрсетiледi.
4. Үйқамақтың мерзiмi, оны ұзарту тәртiбi осы Кодекстiң 151 және 547 - 551-баптарында белгiленген қағидаларда айқындалады.
5. Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын орындау тәртібі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен айқындалады.
147-бап. Күзетпен ұстау
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және басқа, қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолдану мүмкін болмаған кезде заңмен бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, егер:
1) оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмаса;
2) оның жеке басы анықталмаса;
3) ол бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын немесе процестік мәжбүрлеу шарасын бұзса;
4) ол қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекет жасаса немесе жасырынса;
5) оған ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деген күдік келтірілсе;
6) оның бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін сотталғандығы болса;
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) оның қылмыстық әрекетті жалғастырып жүргендігі туралы деректер бар болса, заңда бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген мән-жай күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін бірден-бір негіз болып табылмайды.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды таңдау қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулыда осы бұлтартпау шарасын таңдау себептерін және қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шараларын қолданудың мүмкін еместігін негіздеуге міндетті.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам ұстап алынған мерзім ішінде прокурор осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарымен танысуға құқылы және күдікті ұсталып отырған жерде одан жауап алуға құқылы.