«Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1170 Қаулысы
Осы редакция 2018 жылғы 14 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 7 наурыздағы Заңының 29-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағы туралы ереже бекітілсін.
2. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлеріне - 4 (төрт) лауазымдық жалақы, бірақ 300 (үш жүз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын;
2) Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің қызметкерлеріне - шетелдік валютадағы лауазымдық жалақысының 50 пайызы мөлшерінде өкілдік керек-жарақ құнының жыл сайынғы ақшалай өтемақысы белгіленсін.
3. Осы қаулы 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2005 жылғы 29 қарашадағы
№ 1170 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағы туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметі қызметкерлерінің (бұдан әрі - дипломатиялық қызмет қызметкерлері) өкілдік керек-жарағының заттарын, сондай-ақ республикалық бюджеттен
өкілдік керек-жарақ заттары құнының өтемақысын бөлу және оны пайдалану тәртібін айқындайды.
Ереже Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі - министрлік) және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің қызметкерлеріне қолданылады.
2. Өкілдік керек-жарақ дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде киюіне арналған дипломатиялық этикеттің қажетті элементі болып табылады.
3. Өкілдік керек-жарақты сатып алу үшін дипломатиялық қызмет қызметкерлеріне тиісті жылға арналған республикалық бюджеттен қаражаттың бөлінуіне қарай өкілдік керек-жарақ заттары құнының біржолғы жыл сайынғы ақшалай өтемақысы төленеді.
2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағы заттары
4. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің өкілдік керек-жарағының мынадай заттары белгіленеді:
ерлер үшін: пальто, қыстық костюм, жаздық костюм, галстук, қыстық аяқ киім, жаздық аяқ киім, жейде;
әйелдер үшін: пальто, қыстық костюм, жаздық костюм, кешкі көйлек, қыстық аяқ киім, жаздық аяқ киім, әйелдер жейдесі.
5. Дипломатиялық қызмет қызметкерлері өкілдік керек-жарақ заттарын дайын бұйымдарды сатып алу немесе жеке тіктіру жолымен алады.
6. Министрлікке жұмысқа жаңадан немесе қайта қабылданған дипломатиялық қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің қызметкерлеріне өкілдік керек-жарақ заттары құнының жыл сайынғы ақшалай өтемақысы Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі органдарында бір жыл жұмыс істегеннен кейін төленеді.
3. Бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау
7. Дипломатиялық қызмет қызметкерлері бөлінген қаражатты қатаң түрде мақсатына сай пайдаланады.
8. Дипломатиялық қызмет қызметкерлері бір жыл ішінде өкілдік керек-жарақ заттарын сатып алу фактісін растайтын төлем құжатын (тауарлық чек, шот-фактура):
министрлікте - қаржы-шаруашылық қызметті жүргізу жөніндегі уәкілетті құрылымдық бөлімшеге;
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде бухгалтерге тапсырады.