13-тармақ мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
«10-1) теңгерімдеуші электр энергиясы мен теріс теңгерімсіздіктерді сатып алу-сатуға және қосылуға жасалған шарттар негізінде қаржылық міндеттемелерін бөлуді және өз құқықтары мен міндеттерін теңгерімдеуші нарық субъектілеріне беруді жүзеге асырады;»;
15-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Электр энергиясын бірыңғай сатып алушының электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында өз теңгерімсіздіктері болмайды және ол теңгерімдеуші электр энергиясын және жаңартылатын көздердің теріс теңгерімсіздіктерін сатып алу-сату үшін жауапкершілікті өзіне ала отырып, осы нарыққа теңгерім провайдері ретінде ғана қатысады. Бұл ретте электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен 2023 жылғы 1 шілдеден кейін жасалған электр энергиясын сатып алу-сатудың ұзақ мерзімді шарты бар, жүйелік оператор қалыптастыратын электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің тізбесіне енгізілген жаңартылатын көздер өздері жол берген теңгерімсіздіктер үшін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жауап береді.»;
16-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жаңартылатын энергия көздерін қолдау бойынша қаржы-есеп айырысу орталығымен электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасқан жаңартылатын көздер үшін осы тармақта көрсетілген төмендету және жоғарылату коэффициенттерінің мәні электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеуі қағидаларына сәйкес айқындалады.»;
31) мынадай мазмұндағы 15-11-баппен толықтырылсын:
«15-11-бап. Гибридті топ
1. Гибридті топ құрамына әрқайсысының дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің, пайларының) жиырма бес пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде сол бір тұлғаға тиесілі болатын мынадай заңды тұлғалар:
объектілері 2024 жылғы 1 шілдеден ерте емес пайдалануға берілген және бір қосылу нүктесінде ұлттық немесе өңірлік электр желілеріне қосылған, жаңартылатын энергия көздері мен генерациялаудың маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғыларды жиынтық түрде пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар;
гибридті топ тұтынушылары;
гибридті топ әкімшісі кіреді.
2. Гибридті топ осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалардың дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің, пайларының) жиырма бес пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде тиесілі болатын тұлғаның өтініші негізінде гибридті топтардың тізбесіне енгізіледі.
Гибридті топтардың тізбесіне осы баптың 1-тармағында аталған энергия өндіруші ұйымдар, тұтынушылар, гибридті топтар әкімшілері кіреді.»;
32) 17-баптың 1 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Электр энергиясын сатып алу-сату, теңгерімдеуші электр энергиясы мен теріс теңгерімсіздіктерді сатып алу-сату, теңгерімдеуші нарықтағы өзара есеп айырысулар, электр энергиясын беру, оның ішінде ұлттық электр желісі арқылы беру, ұлттық электр желісін пайдалану, техникалық диспетчерлендіру, электр қуатын реттеу, электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеу, электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету, электр қуатының әзірлігін ұстап тұру, электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысу, электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығына қатысу бойынша, генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер көрсету Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жасалатын шарттар негізінде жүзеге асырылады.»;
«3. Электр энергиясын сатып алу-сату, теңгерімдеуші электр энергиясы мен теріс теңгерімсіздіктерді сатып алу-сату шарттары, қосылу шарттары, электр энергиясын беру, оның ішінде ұлттық электр желісі арқылы беру, ұлттық электр желісін пайдалану, техникалық диспетчерлендіру, электр қуатын реттеу, электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету, электр қуатының әзірлігін ұстап тұру, электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттар, орталықтандырылған сауда нарығына қатысу шарттары, генерацияның маневрлік режимі бар жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттар - шарттар бойынша уақтылы ақы төленбеген жағдайда, тиісті қызметтер көрсетуді тоқтату талаптары мен тәртібін қамтуға тиіс.»;
33) 18-бапта:
тақырыптағы «және жылу» деген сөздер алып тасталсын;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бөлшек сауда нарығында электр энергиясын сатып алу-сату тұтынушылар энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен жасасатын энергиямен жабдықтаудың жария шарттары негізінде жүзеге асырылады.
Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тұтынылатын электр энергиясының көлеміне қарай (жеке тұлғалар үшін) сараланған тарифтер бойынша тұтынушыларға электр энергиясын өткізуден (сатудан) бас тартуға құқылы емес.
Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар пайдаланылған жылу энергиясы үшін ақы төлеу бойынша берешегі болған кезде тұтынушыға электр энергиясын беруді тоқтатуға құқылы емес.»;
2-тармақтағы «және жылу» деген сөздер алып тасталсын;
34) 19-бапта:
тақырыптағы «және жылу» деген сөздер алып тасталсын;
1-тармақта:
бірінші абзацтағы «және жылу» деген сөздер алып тасталсын;
1) тармақшадағы «және жылу» деген сөздер алып тасталсын;
2) тармақшадағы «және жылу» деген сөздер алып тасталсын;
2-тармақта:
бірінші абзацтағы «және жылу» деген сөздер алып тасталсын;
2) тармақшадағы «және жылу» деген сөздер алып тасталсын;
4) тармақшадағы «және (немесе) жылу» деген сөздер алып тасталсын;
35) 19-1-бапта:
3-тармақта:
1) тармақшада:
бірінші абзац «және (немесе) гибридті топ әкімшісінен» деген сөздермен толықтырылсын;
үшінші абзац «сату үшін бір сағат және (немесе) тәулік және (немесе) ай және (немесе) тоқсан және (немесе) жыл (жылдар) бұрын сатып алады» деген сөздер «сату үшін» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:
«гибридті топ тұтынушыларына сату үшін бір сағат және (немесе) тәулік және (немесе) ай және (немесе) тоқсан және (немесе) жыл (жылдар) бұрын сатып алады;»;
2) тармақша «шартты тұтынушыларға,» деген сөздерден кейін «гибридті топ тұтынушыларына,» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жасыл тарифтер бойынша жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндіретін электр энергиясын жасыл энергияны тұтынушыға қысқа мерзімді (бір жыл) немесе ұзақ мерзімді (бір жылдан астам) негізде сатады;»;
4-тармақтың бірінші бөлігінде:
1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1) 2023 жылғы 1 шілдеден кейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған электр энергиясын сатып алу-сатудың ұзақ мерзімді шарты бар жаңартылатын көздерден, Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы заңнамасына сәйкес электр энергиясын осы шарттардың бағаларымен желіге жоспардағы жіберудің толық көлемінде жүзеге асырады.
2023 жылғы 1 шілдеге дейін қаржы-есеп айырысу орталығымен жасалған электр энергиясын сатып алу-сатудың ұзақ мерзімді шарты бар жаңартылатын көздерден, Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы заңнамасына сәйкес есептік күнтізбелік айдың қорытындылары бойынша электр энергиясын осы шарттардың бағаларымен желіге нақты жіберудің толық көлемінде;
2) уәкілетті орган бекіткен электр энергиясының көтерме сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі қағидаларына сәйкес жылу электр орталықтарынан;»;
3) тармақшадағы «, 15-6» деген цифрлар алып тасталсын;
5-тармақта:
1) тармақшаның бірінші бөлігі «тұтынушыларға» деген сөзден кейін «не олармен бір гибридті топқа кіретін гибридті топ әкімшісіне» деген сөздермен толықтырылсын;
3) тармақшада:
«олармен бір тұлғалар тобына кіретін энергия өндіруші ұйымдардан» деген сөздер «Тізілімде олармен бір тұлғалар тобына кіретін энергия өндіруші ұйымдардан және (немесе) олармен бір гибридті топқа кіретін гибридті топ әкімшісінен» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«Бұл ретте жасыл энергияны тұтынушылардың электр энергиясын бірыңғай сатып алушыдан уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жасыл тарифтер бойынша жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндіретін электр энергиясын қысқа мерзімді (бір жыл) немесе ұзақ мерзімді (бір жылдан астам) негізде сатып алуға құқығы бар;»;
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері болып табылатын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, энергия беруші ұйымдар, тұтынушылар және цифрлық майнерлер, осы Заңның 13-бабының 7-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жүйелік оператормен ұлттық электр желісін пайдалану бойынша қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушының осы Заңның 13-бабы 7-1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, ұлттық электр желісін пайдалану бойынша қызмет көрсетуге немесе ұлттық электр желісі арқылы электр энергиясын беру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттары жоқ, электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері болып табылатын энергиямен жабдықтаушы, энергия беруші ұйымдарға, тұтынушыларға және цифрлық майнерлерге электр энергиясын өткізуіне (сатуына) тыйым салынады;»;
7) тармақшадағы «басым тұтынушылар,» деген сөздер «гибридті топ әкімшілері» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«8) электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған электр энергиясын ұзақ мерзімді сатып алу-сату шарты бар жаңартылатын көздер арасында Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімі электр энергиясын өндіру-тұтынудың көрсетілген тәуліктік графигінде сақталған кезде электр энергиясын нақты өндіру-тұтынудың тиісті сағаты басталғанға дейін екі сағаттан кешіктірмей жүйелік оператор бекіткен электр энергиясын өндіру-тұтынудың тәуліктік графигін ұлғайтып (жоғары) немесе азайтып (төмен) өзара түзетуге жол беріледі;»;
9-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушының энергия өндіруші ұйымдардан, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды және қайталама энергетикалық ресурстарды пайдаланатын ұйымдардан электр энергиясын, теңгерімдеуші электр энергиясы мен теріс теңгерімсіздіктерді, электр энергиясын беру, оның ішінде ұлттық электр желісі арқылы беру, техникалық диспетчерлендіру, электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, орталықтандырылған сауда нарығы операторының көрсетілетін қызметтерін сатып алуға байланысты құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы қолданылмайды.»;
36) 22-баптың 2-тармағындағы «немесе жылу», «және жылу» деген сөздер алып тасталсын;
37) 25-бап мынадай мазмұндағы 13 және 14-тармақтармен толықтырылсын:
4-тармақтың 37) тармақшасының екінші абзацы 2024 ж. 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі
«13. Осы Заңның 7-1-бабында көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкес келетін энергия беруші ұйымдар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызмет түріне арналған лицензияны 2025 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде алуға міндетті.
4-тармақтың 37) тармақшасының үшінші абзацы 2024 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді
14. Осы Заңның 7-1-бабының талаптарына сәйкес келмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға берілген, энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияларды және (немесе) лицензияға қосымшаларды (рұқсаттарды және (немесе) рұқсатқа қосымшаларды) лицензиар лицензиядан айыруға (кері қайтарып алуға) немесе оның қолданысын тоқтата тұруға тиіс.».
5. «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:
24-баптың 2-тармағының екінші бөлігіндегі «жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау» деген сөздер «жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және өткізу» деген сөздермен ауыстырылсын.
6. «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» 2009 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-бапта:
1-1) және 1-3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1-1) аукциондық сауда-саттық - аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушы аукцион негізінде электрондық жүйеде ұйымдастыратын және өткізетін және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын ескере отырып, осы жаңа объектілерді, оның ішінде электр энергиясын жинақтау жүйелерімен жарақталған объектілерді, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудың жаңа объектілерін салу жөніндегі жобаларды іріктеуге және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндіретін электр энергиясының аукциондық бағаларын айқындауға бағытталған процесс;»;
«1-3) басым тұтынушылар - құрамына тікелей тұтынушылар және (немесе) өнеркәсіптік кешендер, электр энергиясын өндіру үшін қазба отындарын пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар кіретін тұлға немесе тұлғалар тобы және (немесе) өндіріп шығарған электр энергиясын осы тұлға немесе тұлғалар тобы толық көлемде тұтынатын не электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға орталықтандырылған сауда-саттықта өткізетін, жұмыс істеп тұрған (2018 жылғы 1 қаңтардан кейін пайдалануға берілген және уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар тізбесіне енгізбеген) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін және (немесе) жұмыс істеп тұрған (2021 жылғы 1 қаңтардан кейін, оның ішінде алдағы жеті жылдық кезеңге арналған электр энергиясы мен қуатының бекітілген болжамды балансында есепке алынбаған, істен шыққан электр қуаттарын реконструкциялаудан кейін пайдалануға берілген) қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектілерін меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде иеленетін энергия өндіруші ұйымдар;»;
3) тармақша алып тасталсын;
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындар - уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалатын, жасыл энергияны тұтынушыларға тиесілі шығындарды шегергенде, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға арналған бірыңғай сатып алушының шығындары, электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын тиісті шығындар, электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында жұмсалған шығындар (кірістерді шегергенде), резервтік қорды қалып тастыруға арналған шығындар және оның қызметін жүзеге асыруға байланысты шығындар;»;
7) тармақша алып тасталсын;
7-1) және 8) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«7-1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғысы - электр энергиясын өндіруге арналған, жаңартылатын энергия көздері пайдаланылатын технологиялық және қосалқы жабдық;»;
«8) жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiсi - жаңартылатын энергия көздерiн пайдалана отырып электр энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін пайдалану үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі меншік иесінің балансындағы, олармен өзара байланысты құрылысжайлар мен инфрақұрылым;»;
8-1) тармақшадағы «, тасқындық электр энергиясы» деген сөздер алып тасталсын;
9-6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«9-6) резервтік қор - электр энергиясын бірыңғай сатып алушы қалыптастыратын қор, оның ақшасы арнаулы банк шотында сақталады және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілері тарапынан төлем жасалмау немесе төлемді кідірту салдарынан туындайтын кассалық алшақтықтар мен электр энергиясын бірыңғай сатып алушының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар алдындағы берешегін жабуға ғана пайдаланылады;»;
9-7) тармақша алып тасталсын;
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«11) уәкілетті орган - жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;»;
мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:
«12-1) электр энергиясын жинақтау жүйесі - электр энергиясын жинақтауға, сақтауға және беруге арналған автоматтандырылған басқару жүйесі бар техникалық құрылғы және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны пайдалану үшін технологиялық тұрғыдан қажетті, онымен өзара байланысты құрылысжайлар мен инфрақұрылым;»;
14) тармақша алып тасталсын;
2) 2-баптың 3-2-тармағында:
бірінші бөліктегі «шартты» деген сөз алып тасталсын;
екінші бөліктің 1) тармақшасы «билік ету;» деген сөздер «билік ету арқылы тікелей немесе жанама түрде (заңды тұлға арқылы немесе бірнеше заңды тұлға ар қылы) айқындау мүмкіндігі түсініледі.» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«Ұлттық компаниялар үшін заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің, пайларының) кемінде қырық пайызына билік етуге жол беріледі;»;
үшінші бөлік «, ұлттық компаниялар үшін әрбір келесі заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаның дауыс беретін акция ларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің, пайларының) кемінде қырық пайызына билік етуіне жол беріледі» деген сөздермен толықтырылсын;
төртінші бөліктегі «шартты» деген сөз алып тасталсын;
3) 3-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу экономиканың энергияны қажетсінуін және қоршаған ортаға электр және жылу энергиясын өндіру секторының әсерін азайту және электр энергиясын өндіру кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың үлесін ұлғайту үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып электр энергиясын өндіруге қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылады.»;
2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Электр энергиясын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік реттеу:»;
4) 4-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып энергия өндіруді ынталандыру;»;
5) 5-бапта:
8-1) және 8-2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«8-1) электр энергиясын бірыңғай сатып алушының электр энергиясын сатудан түсетін кірістерінің жеткіліксіз болуы салдарынан жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың алдындағы міндеттемелерін орындауы мүмкін болмаған жағдайда, оны мемлекеттік қаржылай қолдауды жүзеге асырады;
8-2) электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға мемлекеттік қаржылай қолдау беру қағидаларын бекітеді;»;
мынадай мазмұндағы 8-3) тармақшамен толықтырылсын:
«8-3) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.»;
6) 6-бапта:
5-3) және 5-4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«5-3) электр энергиясын бірыңғай сатып алушының басым тұтынушыға күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясының тиісті үлесін қайта есептеуі мен қайта бөлуінің тәртібін әзірлейді және бекітеді;
5-4) басым тұтынушыларға жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарына және Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес жаңартылатын энергия көздерінің түрлерін, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі қуатының көлемі мен орналасатын жерін келіседі;»;
7) 6-1-бап алып тасталсын;
8) 7-1-бапта:
1 және 2-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Желілеріне жаңартылатын энергия көздерін және қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері қосылған энергия беруші ұйымдар өздерінің желілеріне жаңартылатын энергия көздерін және қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері берген электр энергиясының көлемі туралы электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде айқындалған мәліметтерді ай сайын электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға ұсынуға міндетті.»;
«2-1. Басым тұтынушылар осы баптың 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында, сондай-ақ 6, 6-1, 6-2 және 8-тармақтарында көзделген міндеттерді атқарады.
Басым тұтынушылар жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясын сатып алуға электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жыл сайын үлгілік нысанға сәйкес шарттар жасасуға міндетті.
Басым шартты тұтынушылар қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісін салу кезінде объект пайдалануға берілгенге дейін үш жүз алпыс бес күннен кешіктірмей уәкілетті орган мен жүйелік операторды қайталама энергетикалық ресурстардың түрін, қуат көлемін және орналасқан жерін көрсете отырып, қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісінің құрылысы туралы хабардар етеді.»;
4-3-тармақ алып тасталсын;
5 және 6-3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылдық қаржылық есептілікке аудит жүргізуге және оның нәтижелерін уәкілетті органға ұсынуға міндетті.»;
«6-3. Қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісі пайдалануға берілгеннен кейін қайталама энергетикалық ресурстарды пайдаланатын энергия өндіруші ұйым не онымен бір тұлғалар тобына кіретін және бір өңірдегі энергия өндіруші ұйым мен жүйелік оператор арасында он жыл бойы қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісінің белгіленген электр қуатының кемінде жиырма пайызын ұлғайтуға немесе азайтуға реттеу диапазонында жүйелік оператордың электр қуатын реттеу бойынша көрсетілетін қызметтерді шарт жасасу жылының алдындағы күнтізбелік жыл үшін сатып алуының орташа өлшемді шарттық бағасына тең баға бойынша осы қызметтерді көрсетуге арналған шарт жыл сайын жасалады.»;
8-тармақтағы «және тасқындық электр энергиясын өндіру мен желіге жіберуді жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдарды» деген сөздер алып тасталсын;
9) 8-1-бапта:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен сатып алу-сату шарттарында көзделген тіркелген тарифтер осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған шарттардың қолданысы тоқтатылғанға дейін, бірақ шарттар жасалған күннен бастап он бес жылдан аспайтын мерзімде қолданылады.
2. Қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен сатып алу-сату шарттарында көзделген тіркелген тарифтер және аукциондық бағалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жыл сайын индекстеледі.
Бұл ретте Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында қолдау көзделген жаңартылатын энергия көздерінің түріне, жобаны қаржыландыру құрылымына және экономикалық негізділігіне қарай тіркелген тарифтер Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты айырбастау бағамының өзгеруі ескеріле отырып, жыл сайын индекстелуге жатады.»;
3-тармақ алып тасталсын;
10) 9-бапта:
6-тармақтың 10) тармақшасының екінші - төртінші абзацтары 2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
2-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2-2. Егер басым тұтынушы қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісін пайдалануға берсе, оған қайта бөлінетін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындардың үлесі осы баптың 2-1-тармағына сәйкес есептеледі.
Бұл ретте басым тұтынушының электр энергиясын бірыңғай сатып алушыдан электр энергиясын жоспарлы сатып алуының есептерде ескерілетін көлемі уәкілетті орган бекіткен тәртіппен қаржы-есеп айырысу орталығының басым тұтынушымен сатып алу-сату шартының қолданылуына қарай әрбір келесі жылы пропорционалды түрде төмендетілетін, 2020 жылы қаржы-есеп айырысу орталығынан басым тұтынушы нақты сатып алған электр энергиясы көлемінің шамасына тең болатын шамадан төмен болмауға тиіс.»;
мынадай мазмұндағы 2-3-тармақпен толықтырылсын:
«2-3. Басым тұтынушы жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындарын уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жылына бір рет тікелей тұтынушылар мен оның құрамына кіретін өнеркәсіптік кешендер арасында дербес бөледі.»;
3, 4, 4-1 және 4-2-тармақтар алып тасталсын;
4-3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4-3. Кәсіпкерлік қызмет субъектілері уәкілетті органды, электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны және жүйелік операторды жаңартылатын энергия көздерін және (немесе) қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісін жоспарланып отырған іске қосу туралы жаңартылатын энергия көздерінің және (немесе) қайталама энергетикалық ресурстардың түрін, қуат көлемін және оның орналасқан жерін көрсете отырып, күнтізбелік үш жүз алпыс бес күннен кешіктірмей хабардар етеді.