26-бап. Жол жүрiсiн ұйымдастыру процесiнде оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi негiзгi талаптар
1. Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарының оң жақпен жүруі белгіленген.
2. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жол жүрісінің бірыңғай тәртібі, жол жүрісін реттеудің техникалық және басқа да құралдарының мақсаты мен қолданылуы жол жүрісі қағидаларында белгіленеді.
Қазақстан Республикасының жолдарында орнатылған жол белгілері мен сигналдар, жарық жол сигналдары және жолдардың таңбалануы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келуге тиіс.
3. Жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi қызмет қолданылуы техникалық регламенттерде регламенттелген және жол жүрiсiн ұйымдастырудың жобалары мен схемаларында көзделген техникалық құралдар мен конструкцияларды кешендi пайдалану негiзiнде қауiпсiздiк талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
27-бап. Жол жүрісін ұйымдастыруды өзгерту
1. Жол жүрісін ұйымдастыруды өзгерту жолдарда жаяу жүргіншілердің, көлік құралдарының және өздігінен жүретін машиналардың жүру бағыттарын өзгерту, жүруіне уақытша тыйым салу немесе уақытша шектеу енгізу, оның ішінде көлік құралдары, өздігінен жүретін машиналар қозғалысының жылдамдығын, олардың массасын, білікке түсетін жүктемені, габариттік мөлшерлерін шектеу арқылы жүзеге асырылады.
2. Жолдарда немесе жекелеген жол учаскелерінде жол жүрісін уақытша шектеу немесе оған тыйым салу, оны ұйымдастыруды өзгерту:
1) жол жүрісі қауіпсіздігіне, оның ішінде жеке адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төнген;
2) жолдардың сақталуына қатер төнген;
3) жол-көлік оқиғалары;
4) атмосфералық ауа химиялық және өзге де заттар концентраттарының жол берілетін шекті нормативтерінен артық ластанған;
5) дүлей зілзалалар, қолайсыз жол-климат жағдайлары;
6) бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізгенде көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жүруі үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында не көлік құралдарын пайдалану жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндірген;
7) егер теміржол өтпелері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сай келмеген;
8) жолдарда жөндеу-құрылыс және басқа да жұмыстар жүргізілген;
9) терроризмге қарсы операциялар және (немесе) күзет іс-шаралары жүргізілген;
10) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың зардаптарын алдын алу және (немесе) жою жөніндегі іс-шаралар жүргізілген;
11) жолдардың конструктивтік элементтері жай-күйінің көрсеткіштері жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің техникалық нормаларына сәйкес келмеген;
12) мыналар:
жолдардың нормативтік өткізу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында ақылы қолжетімділікті қамтамасыз ету;
белгіленген уақытта көлік құралдарының белгілі бір санаттарының кіруіне шектеу қою немесе тыйым салу;
жүк және транзиттік көлік құралдарының жүруін шектеу арқылы нормативтен артық жүктеме болған;
13) мынадай:
айрықша мақсаттағы автомобильдермен ілесіп жүрген кезде;
ұйымдастырылған автобус колонналарының;
әскери колонналардың жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жүргізілген жағдайларда енгізіледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде жолдарда көлік құралдарының жүруіне уақытша тыйым салу немесе оған уақытша шектеу енгізу туралы шешімді жол иелері уәкілетті органдармен бірлесе отырып, өз құзыреті шегінде қабылдайды.
4. Жол иелері осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде бұл туралы жол жүрісіне қатысушыларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлай отырып, жолдарда немесе жекелеген жол учаскелерінде жол жүрісін уақытша шектеу немесе оған тыйым салу, оны ұйымдастыруды өзгерту жөнінде шұғыл шаралар қолданады.
5. Көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган жолдарда жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұза отырып жүзеге асырылатын жөндеу-құрылыс және басқа да жұмыстардың жүргізілуін шектеу немесе оған тыйым салу жөнінде шаралар қолдануға құқылы.
28-бап. Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойылатын талаптар
1. Көлік құралдарын пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер:
1) жүргізушілердің жұмысын жол жүрісі процесінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін талаптарға сәйкес ұйымдастыруға;
2) Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі туралы заңнамасында белгіленген жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауға;
3) автомобиль және қалалық жерүсті электр көлігі жүргізушілерінің және басқа да қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайлар жасауға;
4) жол-көлік оқиғаларының және осы Заңды бұзушылықтардың себептерін талдауға және жоюға;
5) көлік құралдарының техникалық жай-күйін, жарамды күйде пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуге;
6) жүргізушілерді рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап тексеруден өткізуді қамтамасыз етуге;
7) жүргізушілердің жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге дәрігерге дейiнгі көмек көрсету дағдыларын жетілдіру жөнінде іс-шараларды ұйымдастыруға міндетті.
2. Автомобиль және қалалық жерүсті электр көлігімен тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мамандандырылған кәсіпорындар жүктердің түрлерін, оларды тасымалдау ерекшеліктерін ескере отырып, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы қағидаларды белгілейді және көлік құралдары жүргізушілеріне талаптар қояды.
29-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету
1. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету:
1) көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруден, жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты оны ауыстырған кезде механикалық көлік құралдары жүргізушісін медициналық қарап тексеруден өткізу;
2) көлік құралдары жүргізушілерін рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап тексеруден өткізу;
3) жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге уақтылы медициналық көмек көрсету;
4) жол жүрiсiне қатысушыларға, парамедиктерге, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың қызметкерлеріне жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге дәрiгерге дейiнгі көмек көрсету тәсілдеріне оқыту болып табылады.
2. Медициналық қарап тексерудің мақсаты көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамның және механикалық көлік құралдары жүргізушісінің жүргізуші қызметіне медициналық қарсы көрсетілімдері немесе шектеулерін айқындау болып табылады.
3. Жол жүрісі қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сақталуына бақылауды жүзеге асыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган медициналық көрсетілімдері бойынша механикалық көлік құралын басқаруға рұқсат берілген адамдарды өз құзыреті шегінде уәкілетті органдардың пайдаланушылары қол жеткізе алатын автоматтандырылған дерекқорға енгізеді.
4. Медициналық көрсетілімдер бойынша механикалық көлік құралын басқаруға рұқсат берілген адамдарды автоматтандырылған тіркеу мен есепке алу және уәкілетті органдар пайдаланушыларының автоматтандырылған дерекқорына қол жеткізу тәртібін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
5. Қайта медициналық қарап тексеру мынадай мерзімдерде өткізіледі:
1) жолаушылар, қауіпті жүктер тасымалдауды орындайтын механикалық көлік құралдарының жүргізушілері - әрбір үш жыл сайын, ал елу жасқа толғандар - жыл сайын;
2) механикалық көлік құралдарының алпыс бес жасқа толған жүргізушілері және мүгедек жүргізушілер - әрбір екі жыл сайын.
6. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған жағдайларда медициналық көрсетілімдері болған кезде қайта медициналық қарап тексеруден өту қысқартылады, бірақ кемінде бір жылға дейін қысқартылады.
7. Механикалық көлік құралдарын масаң күйде басқарғаны үшін не осындай күйдегі адамның басқаруына механикалық көлік құралын бергені үшін не жүргізушінің масаң күйде екенін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден жалтарғаны үшін механикалық көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамдар осындай құқығын қалпына келтіру алдында, бірақ механикалық көлік құралдарын басқару құқығынан айыру мерзімі өткенге дейін бір айдан ерте емес мерзімде қайта медициналық қарап тексеруден өтуге тиіс.
8. Механикалық көлік құралдары жүргізушілерін себептерін көрсете отырып, қайта медициналық қарап тексеруге мерзімінен бұрын жіберуге:
1) адамдардың механикалық көлік құралдарын, өздігінен жүретін машиналарды басқаруына рұқсат беруге тыйым салатын немесе оларды басқару құқығына шектеу белгілейтін аурулар мен қарсы айғақтар тізбесіне енгізілген ауру белгілері пайда болған кезде - уәкілетті орган, механикалық көлік құралының жүргізушісі жалданып жұмыс істейтін жалдаушы;
2) механикалық көлік құралының жүргізушісінен адамдардың механикалық көлік құралдарын басқаруына рұқсат беруге тыйым салатын немесе оларды басқару құқығына шектеу белгілейтін аурулар мен қарсы көрсетілімдер тізбесіне енгізілген ауру анықталған кезде - денсаулық сақтау ұйымы бастамашы болуы мүмкін.
9. Механикалық көлік құралдары жүргізушілерінің қайта медициналық қарап тексеруден уақтылы өтуіне бақылау:
1) жүргізуші куәлігін беру және ауыстыру, сондай-ақ ол алып қойылғаннан кейін қайтарылған кезінде;
2) 2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) механикалық көлік құралдары жүргізушілерін жұмысқа қабылдау кезінде және олармен еңбек қатынастары кезеңінде жүзеге асырылады.
10. Механикалық көлік құралдары жүргізушілерін рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап тексеруден:
1) көлік құралдарын пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер;
2) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары өткізеді.
11. Жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге медициналық көмек:
1) алғашқы сағат ішінде жол-көлік оқиғасы болған жерде және медициналық ұйымға бара жатқан жолда дәрігерге дейінгі көмек көрсетуді;
2) жол-көлік оқиғасы болған жерде, медициналық ұйымға бара жатқан жолда және медициналық ұйымда білікті медициналық көмек көрсетуді;
3) жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге бейінді медициналық ұйымдарда мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді қамтиды.
30-бап. Орнықты көлік
1. Жол жүрісі процесінде қоршаған ортаға келеңсіз әсер ету деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін көлік құралдары орнықты көлік болып табылады.
2. Орнықты көлік:
1) көліктерді пайдаланушылардың көлік қажеттіліктерін аз шығын жұмсай отырып, барынша қанағаттандыру, сондай-ақ экономиканың бәсекеге қабілеттілігі және өңірлік дамудың теңгерімділігі үшін барлық көлік түрлерінің қолжетімділігін, ұтқырлығын және жұмыс істеуін;
2) шығарындылар мен қалдықтарды азайтуды, сондай-ақ алып жатқан аумаққа барынша аз әсер етуді және шуды азайту шараларын қамтамасыз етуге тиіс.
3. Орнықты көлікке велосипедтер және экологиялық көлік құралдары жатады.
4. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган:
1) орнықты көлікті ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
2) орнықты көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары орнықты көлікті дамытуды ескере отырып, көліктік жоспарлауды қамтамасыз етеді.
31-бап. Интеллектуалды көлік жүйесі
1. Интеллектуалды көлік жүйесі өзара байланысты автоматтандырылған жүйелер кешені негізінде:
1) жол жүрісін және барлық көлік түрлерінің жұмысын басқарады;
2) жол жүрісі қауіпсіздігін және мониторингін қамтамасыз етеді;
3) жол жүрісіне қатысушыларға көліктік қызмет етудің ұйымдастырылуы туралы ақпарат береді;
4) көліктік ахуалды бағалау үшін бастапқы деректерді жинайды;
5) жол-көлік ахуалы туралы ақпаратты қалыптастырады;
6) криминалдық және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда тиісті уәкілетті органдарға ақпаратты жедел түрде ұсынады.
2. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган:
1) интеллектуалды көлік жүйелерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
2) көлік жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) жол жүрісін ұйымдастыру және жедел басқару мақсатында жергілікті атқарушы органдар құрамында мамандандырылған құрылымдар құруды;
2) жол жүрісін және қалалық жолаушылар көлігін басқарудың қазіргі заманғы интеллектуалды жүйелерін енгізуді;
3) кептеліс жағдайларында жол-пайдалану қызметтерінің жұмысына қойылатын талаптарды белгілеуді;
4) жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау шараларын күшейтуді;
5) көліктік жоспарлау мен жол жүрісін ұйымдастыруды жетілдіруді қамтамасыз етеді.
32-бап. Жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен адамдарға көмек көрсету және олардың зардаптарын жою
1. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы, көлік және коммуникация саласындағы органдармен, уәкілетті органмен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларына жедел ден қою және онда зардап шеккен адамдарға уақтылы кешенді көмек көрсету тәртібін айқындайды.
2. Жол-көлік оқиғалары кезінде жедел ден қою және зардап шеккен адамдарға уақтылы кешенді көмек көрсету:
1) жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен адамдарға алғашқы және келесі сағаттарда көмек көрсету жүйесін әзірлеу және бекіту негізінде қамтамасыз етіледі. Жүйенің міндетті элементтері:
шұғыл шақыру жүйесін енгізу;
жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі қағидаларын оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары және көлік құралдары жүргізушілерін даярлау шеңберінде адамдарды алғашқы медициналық көмек көрсетуге оқыту;
жол-көлік оқиғаларының төтенше жағдайлары туралы хабарлау, сондай-ақ уәкілетті органдардың тиісті бөлімшелеріне ақпаратты жедел және бір-ақ рет беру үшін бірыңғай жалпыұлттық телефон нөмірін енгізу;
тиісті уәкілетті органдар лауазымды адамдарының ақпарат алу, оқиға орнына шығу және келу, зардап шеккендерге білікті көмек көрсетудің басталу уақыттарын тіркеу;
зардап шеккендерді көлік құралынан және басқа да обьектілерден жедел шығарып алуды қамтамасыз ету;
жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шеккендерге шұғыл алғашқы медициналық көмек көрсету;
төтенше жағдайлардың салдарын жою;
тиісті уәкілетті органдармен жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен адамдарға көмек көрсету бойынша бірлескен жоспарлы оқу-жаттығулар өткізу болып табылады;
2) медициналық көмек көрсету және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын бағалау жүйесін әзірлеу және бекіту;
3) дене жарақаттарын, сондай-ақ психологиялық жарақаттарды барынша азайту мақсатында жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерді және жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандардың туыстарын ерте кезеңде оңалтуды және қолдауды қамтамасыз ету;
4) жол-көлік оқиғаларына ұшырағандарды оңалту үшін:
үшінші тұлғалар алдында міндетті жауапкершілікті белгілеу;
көлік құралдары иелерінің үшінші тұлғалар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды халықаралық өзара тану арқылы жол жүрісіне қатысушылардың сақтандыру жүйесін құру;
5) кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту және зардап шеккендерге құқықтық көмек көрсету мақсатында жол-көлік оқиғаларының мұқият тексерілуін қамтамасыз ету;
6) жол-көлік оқиғаларына байланысты себептер мен зардаптарды жою жөніндегі шараларды жетілдіру саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді көтермелеу негізінде қамтамасыз етіледі.
33-бап. Шұғыл шақыру жүйесінің операторы
Шұғыл шақыру жүйесінің операторы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) шұғыл шақыру жүйесін пайдалану;
2) шұғыл шақыру жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
3) шұғыл шақыру жүйесінің аппараттық-бағдарламалық кешеніне жүйелі-техникалық қызмет көрсету;
4) шұғыл шақыру жүйесіндегі ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету;
5) шұғыл шақыру жүйесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, сондай-ақ шет мемлекеттердің осыған ұқсас мақсаттағы ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету;
6) шұғыл шақыру жүйесіндегі шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларын тіркеу және есепке алу;
7) абоненттерді сәйкестендіру карталарын шығару.
34-бап. Пайдаланылып жүрген көлік құралдарын шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандыру
1. Жолаушылар мен багажды, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылатын М және N санатындағы пайдаланылып жүрген көлік құралдары шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, М және N санатындағы пайдаланылып жүрген көлік құралдарын шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандыру ерікті негізде жүзеге асырылады.
М санатындағы көлік құралдарына кемiнде төрт дөңгелегi бар және жолаушылар тасымалдау үшiн пайдаланылатын механикалық көлiк құралдары жатады.
N санатындағы көлік құралдарына кемiнде төрт дөңгелегi бар және жүктерді тасымалдауға арналған механикалық көлiк құралдары жатады.
35-бап. Қоғамдық бірлестіктердің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға қатысуы
1. Жол жүрісіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін құрылған қоғамдық бірлестіктер жол-көлік оқиғаларын болғызбау мақсатында өздерінің жарғыларына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:
өз құзыреті шегінде уәкілетті органдарға жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы іс-шараларды жүзеге асыру және қағидаларды, стандарттарды, техникалық нормаларды және басқа да нормативтік құжаттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің өтініші бойынша жол-көлік оқиғаларының себептері мен мән-жайларына зерттеу жүргізуге, материалдарды прокуратураға беруге және сотта өз мүшелерінің мүдделерін білдіруге;
авариялардың профилактикасы жөнінде іс-шаралар жүргізуге;
Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Уәкілетті орган қоғамдық бірлестіктердің келісуімен оларды жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және жүргізуге тартуға құқылы.
6-тарау. ЖОЛДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ӨТКІЗУ ҚАБІЛЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚЫЗМЕТТІ БАСҚАРУ
36-бап. Жолдарды жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау және оларды басқару кезінде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі талаптар
1. Қазақстан Республикасының аумағында жолдарды жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау және оларды басқару автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптары негізінде және оларды сақтай отырып орындалуға тиіс.
Жолдарды жобалау, салу және реконструкциялау кезінде жол жүрісі қауіпсіздігіне теріс әсер ететін инженерлік шешімдер есебінен күрделі шығындарды азайтуға жол берілмейді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жолдарды жобалауға, салуға, жөндеуге, күтіп-ұстауға және оны жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде басқаруға арналған нормативтік, жобалау және техникалық құжаттама жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен келісуге және бекітуге жатады.
3. Жолдардың жай-күйінің жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде белгіленген талаптарға сай келуі үшін жауапкершілік жобалау кезеңінде - жобаны орындаушыға, ал реконструкциялау және салу кезеңдерінде жұмыстарды орындаушыға жүктеледі.
4. Пайдалану процесінде жолдардың жай-күйінің белгіленген қағидаларға, техникалық регламенттерге сай келуін қамтамасыз ету жөніндегі міндет иелігінде (қарамағында) жолдар бар жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі.
5. Халықаралық автомагистральдар және азиялық автомобиль жолдары желілеріне кіретін жолдар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен халықаралық келісімдердің талаптарына сай келуге тиіс.
37-бап. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының жай-күйіне жауапты лауазымды адамдарға және өзге де тұлғаларға қойылатын негізгі талаптар
1. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының жай-күйіне жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар:
1) жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылыстарын стандарттардың, нормалар мен қағидалардың талаптарына сәйкес жол жүрісіне қауіпсіз күйде күтіп-ұстауға;
2) жекелеген жол учаскелерін пайдалану жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндірсе, олардағы жол жүрісіне кедергіні дер кезінде жою, жол жүрісіне тыйым салу немесе оны шектеу шараларын қолдануға міндетті.
2. Жолдарда жұмыстардың жүргізілуіне жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар жұмыс жүргізілетін жерлерде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Осы жерлер, сондай-ақ жұмыс істемейтін жол машиналары, жұмыс аяқталғаннан кейін қалған, жол шегінен тысқары жерге шығарылуға болмайтын құрылыс материалдары, конструкциялар белгіленген нормаларға сәйкес келетін бағыттау және қоршау құрылғыларымен, жол белгілерімен, ал тәуліктің қараңғы мезгілінде және көріну жеткіліксіз жағдайларда қосымша қызыл немесе сары сигнал оттарымен белгіленуге тиіс.
Жолдағы жұмыстар аяқталғаннан кейін көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жол жүрісі жағдайлары қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Тиісті лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар:
1) түрлі санаттағы мүгедектердің қажеттіліктерін ескере отырып, қалаларда және жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру және көліктік жоспарлау жөніндегі құжаттаманы, жолдарды жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдарымен жабдықтауды; жолдарды, жол құрылыстарын салу, реконструкциялау жобаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен;
2) жолдарда бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізуді уәкілетті органмен келіседі.
38-бап. Жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстарын және басқа да жұмыстарды орындайтын субьектілерге қойылатын талаптар
1. Жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстары және басқа да жұмыстар, оның ішінде авариялық-құтқару жұмыстары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жолдың жүру бөлігінде жол жұмыстарын және басқа да жұмыстарды жүргізу қағидаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жолдарда жұмыстардың жүргізілуіне жауапты лауазымды адамдар және өзге де тұлғалар жол жұмыстары және басқа да жұмыстар жүргізілетін жерлерде қозғалыс қауіпсіздігін:
1) елді мекендерде жол жұмыстары және басқа да жұмыстар жүргізілетін жерден кемінде елу метр және елді мекендерден тысқары жерлерде үш жүз метр қашықтықта жол жүрісіне қатысушыларды аталған жұмыстардың жүргізіліп жатқаны туралы ескертетін ақпарат қалқандары мен қажетті жол белгілерін орнату;
2) елді мекендерде жол жұмыстары және басқа да жұмыстар аймағында көлік құралдары қозғалысының ең жоғары рұқсат етілген жылдамдығын сағатына отыз километрден аспайтын, елді мекендерден тысқары жерлерде сағатына алпыс километрден аспайтын етіп белгілеу арқылы қамтамасыз етуге міндетті. Ұзақ қашықтықтағы жол жұмыстары және басқа да жұмыстар аймақтарында жылдамдықты шектеу тиісті белгілерді орнату арқылы жүйелі мерзімділікпен қайталанып отыруы қажет;
3) көлік құралдарының жол жүрісі жүзеге асырылуы қажет жолақтарды тиісті және анық көрінетін тігінен және көлденеңінен жол таңбаларымен белгілеу;