2. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) жүйелі тіркеу құқық иесінің өтініш беруі және (немесе) бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы нақты деректерді басқа ақпараттық жүйелерден аудару арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Жүйелі тіркеуді жүзеге асыру үшін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен халықты хабарландыру қажет.
4. Жүйелі тіркеуді жүргізу кезінде жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар және құқық ауыртпалықтары туралы тіркеуші органда немесе басқа да мемлекеттік органдарда болатын деректерді аудару жүзеге асырылуы мүмкін. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарға (құқық ауыртпалықтарына) қатысы бар құжаттарды басқа мемлекеттік органдардан (ұйымдардан) беру бұрын туындаған құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы нақты деректері бар мемлекеттік органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген рәсім бойынша жүзеге асырылады.
5. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтар және құқық ауыртпалықтары туралы деректерді құқықтық кадастрға аудару тіркеуші органдағы немесе басқа да мемлекеттік органдардағы деректер жарамды болған кезде жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) жүйелі тіркеу өтеусіз жүзеге асырылады.
58-бап. Жекелеген жағдайларда жүйелі тіркеуді жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Егер бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне құқықтарды тіркеу туралы өтініш берген құқық иесінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болмаса не ескі үлгідегі актілерде немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттарда құқықтық кадастрды жүргізу мақсаты үшін қажетті мәліметтер болмаса, тіркеуші орган бастапқы немесе кейінгі жылжымайтын мүлік объектілеріне бұрын туындаған құқықты есептік тіркеуді жүргізуге міндетті.
Жер учаскесіне бұрын туындаған құқықты есептік тіркеу уәкілетті орган ескі үлгідегі актінің немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжаттардың негізінде жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын бергеннен кейін жүзеге асырылады. Тіркеу үшін құқық иесі ескі үлгідегі актіні немесе бұрын қолданылған заңнамаға сәйкес жер учаскесіне құқықтардың туындауын растайтын өзге де құжатты және жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын ұсынады.
Құқық иесінде жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат болмаған кезде оған құқықтарды ресімдеу белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Бастапқы және кейінгі объектілерге бұрын туындаған құқықтарды есептік тіркеуді жүзеге асыру кезінде тіркеуші орган құқық иеленушіден жылжымайтын мүлік объектісіне жаңа техникалық паспорт ұсынуды талап етуге құқылы емес. Қажет болған жағдайда, жүйелі тіркеуді жүргізу кезінде мемлекеттік техникалық зерттеп-қарауды тіркеуші орган өтеусіз жүзеге асырады.
7-тарау. Дауларды шешу тәртібі.қорытынды ережелер
59-бап. Дауларды шешу тәртібі
Мемлекеттік тіркеуге байланысты даулар сот тәртібімен шешіледі.
60-бап. Өтпелі ережелер
1. Бұрын туындаған құқықтар олар тиісті құқық туындауы кезінде қолданылған заңнамаға сәйкес болғанда жарамды болып танылады.
2. Мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгеннен кейін және 1997 жылы тіркеу органдары құрылғанға дейін жылжымайтын мүлікті бағалау мен тіркеу жөніндегі органдар жүргізген мемлекеттік тіркеудің заңдық күші болады.
3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркемеген жеке және заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде өз құқықтарын тіркеуге міндетті.
61-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» 1995 жылғы 25 желтоқсандағы № 2727 заң күші бар Жарлығының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 168-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 21, 277-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; № 18, 157-құжат; 2004 ж., № 17, 99-құжат; 2006 ж., № 19-20, 119-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2007 жылғы шілденің 26-сы
№ 310-ІІІ ҚРЗ