6. Егер азаматтық персонал қатарындағы адамның қаза табуы (қайтыс болуы) немесе оның мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы):
1) соттың заңды күшіне енген үкімі болған кезде өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу жағдайларын қоспағанда, өзіне-өзі қол жұмсау салдарынан;
2) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған кезде;
3) оның алкогольдік, есірткілік немесе өзгедей масаң күй туғызатын заттарды тұтынуы немесе қолдануы себебінен;
4) біржолғы өтемақы алу немесе міндеттерін орындаудан жалтару мақсатында өзіне қасақана қандай да бір дене зақымын (дене мүшесін зақымдау) немесе өз денсаулығына өзге де зиян келтіру салдарынан болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.
7. Азаматтық персонал қатарындағы адам бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде мүгедектікке әкеп соқпаған ауыр мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) жағдайда, оған - бір жарым айлық жалақысы, жеңіл мертіккенде жарты айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
8. Бітімгершілік операцияға қатысу кезінде қаза тапқан немесе бітімгершілік операцияға қатысу нәтижесінде мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы), ауыруы салдарынан адамның бітімгершілік операцияға қатысуы аяқталған күннен бастап бір жыл өткенге дейін қайтыс болған азаматтық персонал қатарындағы адамды жерлеу Қазақстан Республикасында оның туыстары таңдаған жерде жүргізіледі. Мәйітті жеткізуге әзірлеумен, мәйітті жеткізумен, жерлеумен, құлпытас дайындаумен және орнатумен байланысты барлық шығыстар азаматтық персонал жұмыскері, қызметкері болып табылған мемлекеттік органның (ұйымның) есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері үшін белгілеген мөлшерде жүзеге асырылады.
18-бап. Ұлттық контингенттің құқықтары мен міндеттері
1. Ұлттық контингент Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында көзделген барлық құқықтарды пайдаланады.
Бітімгершілік операцияда ұлттық контингенттің құқықтары мен бостандықтары болатын елдің заңдарымен, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен ғана шектеледі немесе кеңейтіледі.
2. Ұлттық контингент Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және болатын елдің заңдарын сақтауға, сондай-ақ жергілікті халықтың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін құрметтеуге міндетті.
3. Әскери персоналға Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларында көзделген міндеттер жүктеледі. Бітімгершілік операциядағы міндеттер аясы мандатпен шектелуі немесе кеңейтілуі мүмкін.
4. Ұлттық контингентке бітімгершілік операцияда атқарып отырған лауазымына сәйкес лауазымдық міндеттер жүктеледі.
19-бап. Ұлттық контингенттің қару қолдануы
Ұлттық контингенттің қару алып жүру және қолдану қағидалары Қазақстан Республикасының заңнамасында, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларында, сондай-ақ мандатта, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
Қару қолданған кезде ұлттық контингент айналадағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін болатын шараларды қолдануға, ал қажет болған жағдайда, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетуге міндетті.
Ұлттық контингент қатарындағы адам қару қолданылған әрбір жағдай туралы командирге (бастыққа) баяндайды.
20-бап. Ұлттық контингенттің жауаптылығы
Ұлттық контингент қылмыстары, теріс қылықтары және өзге де құқық бұзушылықтары үшін Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауаптылықта болады.
Ұлттық контингент қатарындағы адам немесе адамдар тобы бітімгершілік операция кезеңінде оның (олардың) бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) одан әрі болуына жол бермейтін құқық бұзушылықтар жасаған кезде ауыстыру бойынша шығыстар аталған адамдардың қаражаты есебінен өтеледі, олар адамның немесе адамдар тобының Қазақстан Республикасынан бітімгершілік операция жүргізу орнына баруы және кері қайтуы бойынша шығыстарды қамтиды.
21-бап. Бітімгершілік операция жүргізу аймағындағы (ауданындағы) юрисдикция
Бітімгершілік операция жүргізу аймағында (ауданында) шетелдіктер ұлттық контингентке қатысты құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше ескерілмесе, болатын елдің заңдары қолданылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22-бап. Бітімгершілік қызмет саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау
Бітімгершілік қызмет саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және ол уәкілеттік берген прокурорлар жүзеге асырады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
23-бап. Бітімгершілік қызметті қаржыландыру
1. Бітімгершілік қызметті қаржыландыру:
1) жұмыскерлері, қызметкерлері бітімгершілік операцияға қатысуға жіберілетін мемлекеттік органдарды (ұйымдарды) ұстауға көзделген;
2) бітімгершілік қызметті қаржыландыру үшін немесе бітімгершілік операцияға жұмсалатын шығындарды толық немесе ішінара өтеу тәртібімен БҰҰ, өзге де халықаралық ұйымдар және әріптес мемлекеттер бөлетін;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінің қаражаты есебінен жүргізіледі.
2. Қазақстан Республикасының бітімгершілік операцияға кететін шығындарын толық немесе ішінара өтеу тәртібімен БҰҰ, өзге де халықаралық ұйымдар және әріптес мемлекеттер бөлетін қаражат республикалық бюджет кірісіне түседі.
24-бап. Бітімгершілік қызметте пайдаланылатын мүлікті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы алып өту
Ұлттық контингенттің жұмыс істеуі немесе бітімгершілік дайындықты жүргізу үшін қажетті жай қару-жарақ пен әскери техниканы Қазақстан Республикасының аумағына әкелу (аумағынан әкету) Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы маусымның 15-і.
№ 320-V