Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 25 желтоқсандағы № 2206 Қаулысы
(2016.30.06. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2016 жылғы 29 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 2206 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 11 қыркүйектегі № 1376 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 40, 455-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ережеде:
4-тармақтың үшінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:
«Президенттің тапсырмаларын және жыл сайынғы жолдауын, Конституциялық Қеңестің нормативтік қаулыларын, мемлекеттік бағдарламаларды және Үкімет бекітетін бағдарламаларды, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын, Премьер-Министрдің шешімдерін, заң жобасы республикалық немесе жергілікті бюджеттердің шығыстарын ұлғайтуды немесе кірістерді азайтуды көздеген жағдайда Республикалық бюджеттік комиссияның қорытындысын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы және перспективалық жоспарларын қалыптастыру жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;»;
мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:
«10-1. Комиссияның әрбір отырысына Алматы қаласында орналасқан, олардан уәкілеттік берілген тұлғалар қатысатын мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің басшылары міндетті түрде қатысуы тиіс.».
2. ҚР Үкіметінің 2016.30.06. № 387 Қаулысымен күші жойылды (бұр.ред.қара)
3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде:
мынадай мазмұндағы 43-1-тармақпен толықтырылсын:
«43-1. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінде және Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінде қарау процесінде Қазақстан Республикасының Президенті мен Парламентінің қарауына тиісінше Президент актілерінің жобаларын және заң жобаларын енгізу туралы қаулы жобалары тұжырымдамалық өзгерген жағдайда, олар міндетті түрде мүдделі мемлекеттік органдармен қайта келісілуге тиіс.»;
82-тармақтың бірінші абзацында «Жоспардың жобасын Әділет министрлігі» деген сөздерден кейін «, жыл сайын 1 тамызға дейін Әділет министрлігіне жолданатын» деген сөздермен толықтырылсын;
84-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші абзацтармен толықтырылсын:
«Мыналар:
Мемлекет басшысының немесе Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің тапсырмалары;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары қабылданған Жоспарға заң жобаларын қосу негіздері болып табылады.
Мыналар:
Мемлекет басшысының немесе Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің тапсырмалары;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмалары;
алып тастауға ұсынылатын заң жобасы бойынша Республикалық бюджет комиссиясының теріс қорытындысы;
бірнеше заң жобаларын бір реттеу нысаны бойынша біріктіру қабылданған Жоспардан заң жобаларын алып тастау негіздері болып табылады.»;
86-тармақ алынып тасталсын.
4. «Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 тамыздағы № 840 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 34, 344-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесінде:
2-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:
«жұмыс тобын құру. Жұмыс тобының құрамына үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, депутаттарды және ғылымның тиісті салаларының ғалымдарын тарту ұсынылады;»;
3-тармақ, мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Уәкілетті органдар заң жобаларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының келесі екі жылға арналған Перспективалық жоспарын орындау үшін, Мемлекет басшысының тапсырмалары мен жыл сайынғы жолдауын, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын, мемлекеттік бағдарламалар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламаларды, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі жоспарларды, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімдерін ескере отырып, сондай-ақ үш жылдық кезеңге арналған бюджеттке сәйкес әзірлейді.»;
7-тармақ мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:
«Жаңа редакциядағы заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеген кезде заң жобасының тұжырымдамасымен бірге оның алдын ала мәтінін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қарауына енгізу қажет.»;
10-тармақтың төртінші абзацы алынып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 19-1-тармақпен толықтырылсын:
«19-1. Заң жобаларының және оларға қосымшалардың әр парағына әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы қол қояды.
Заң жобаларының және қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу туралы не негізгі жобаның қабылдануына байланысты заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заң жобаларының көшірмелеріне, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар, бұрынғы және жаңа редакциядағы баптардың салыстырмалы кестесіне әзірлеуші мемлекеттік органның заң қызметі басшысының қолы қойылады.
Мемлекеттік органдар мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге енгізетін мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған заң жобалары мынадай материалдарды қамтуы тиіс:
1) заң жобасын, ал қажет болған кезде қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу туралы және/немесе негізгі жобаның қабылдануына байланысты заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заң жобаларын да (оның ішінде электрондық жеткізгіштерде);
2) осы заң жобасын (заң жобаларын) Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын;
3) Үкімет Регламентінің талаптарына сәйкес дайындалған Үкімет қаулысының жобасына түсіндірме жазбаны;
4) заң жобасы мақсаттарының, міндеттері мен негізгі ережелерінің жан-жақты сипаттамасымен бірге жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі бар заң жобасына (заң жобаларына) түсіндірме жазбаны (жазбаларды);
5) қабылданатын Заңның қолданылуының ықтимал экономикалық, әлеуметтік, заңдық, экологиялық салдарының болжамдарын;
6) егер заң жобасын іске асыру мемлекеттік кірістердің қысқаруына немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғаюына әкеп соқтыратын болса, қаржы-экономикалық есептемелерді;
7) заң жобасын (заң жобаларын) мүдделі мемлекеттік органдармен келісу парағын (парақтарын);
8) халықаралық шарттарды ратификациялау және күшін жою туралы заң жобаларын қоспағанда, заң жобасының (заң жобаларының) ғылыми сараптамасының нәтижелері бойынша қорытындыны (қорытындыларды). Заң жобасын әзірлеуші ғылыми сараптаманың қорытындысымен (қорытындыларымен) келіспеген жағдайда тиісті қорытындымен келіспеу себептеріне жазбаша дәлелді негіздер келтірілуге тиіс;
9) қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесі бар, бұрынғы және жаңа редакциядағы баптардың салыстырмалы кестесі;
10) егер заң жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын болса, заң жобасына салалық мүдделері заң жобасында тікелей қозғалатын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындылары қоса беріледі. Әзірлеуші сараптамалық қорытындымен (қорытындылармен) келіспеген жағдайда сараптамалық қорытындымен келіспеу себептеріне жазбаша дәлелді негіздер келтіруге тиіс. Мемлекеттік органдар өзінің ресми сайтында сарапшылық кеңестің отырысына шығарылған қолданыстағы әрбір нормативтік құқықтық акт бойынша сарапшылық кеңес мүшелері мен өзге де мүдделі тұлғалардың ұсыныстарын, мемлекеттік органдардың жауаптарын, хаттамаларды және сараптамалық қорытындыларды сақтайды;
11) Үкімет Регламентінің қосымшасына сәйкес нысан бойынша анықтама парақты;
12) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заңдарының жобаларына қатысты республикалық бюджет комиссиясының оң шешімінің көшірмесін;
13) жобаның қабылдауына байланысты өзгертілуі немесе күші жойылды деп танылуы тиіс заңнамалық актілердің тізбесін;
14) егер Қазақстан Республикасы заңының қолданылуын қамтамасыз ету үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажет болса, заң жобасын іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын (егер мұндай қажеттілік болмаса, бұл ілеспе хатта көрсетіледі).
Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган заңға тәуелді актінің тиісті жобасын сұратады және жоғарыда көрсетілген барлық материалдармен бір мезгілде енгізеді.»;
20-тармақтағы «күшін жоюға жататын кесімдер тізімдері» деген сөздер алынып тасталсын;
20-1, 21-1-тармақтар алынып тасталсын.
5. «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 41, 454-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ережеде:
8-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы абзацтармен толықтырылсын:
«әзірлеушісі олардың мемлекеттік органы болып табылатын заң жобаларының Қазақстан Республикасының Парламентінде өтуіне қатысады;
Алматы қаласында орналасқан, олардан уәкілеттік берілген тұлғалар қатысатын мемлекеттік органдарды қоспағанда, Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның әрбір отырысына қатысады;».