10) қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу кезінде қамқорлыққа алынушыны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдарды;
11) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдарды;
12) адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдарды қоспағанда (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда), кәмелетке толған адамдар ғана қорғаншылар немесе қамқоршылар бола алады.»;
2-тармақтың 20) тармақшасы 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
20) мынадай мазмұндағы 17-1-тараумен толықтырылсын:
«17-1-тарау. Баланы қабылдайтын отбасы
132-1-бап. Баланы қабылдайтын отбасы
1. Баланы қабылдайтын ата-аналардың, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мен білім беру ұйымы арасында жасалған жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарт жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беруге негіз болып табылады.
Аға-інілер мен апа-сіңлілерді (қарындастарды) қоспағанда, баланы қабылдайтын отбасы тәрбиелеуге кемінде төрт және оннан аспайтын жетім баланы, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы қабылдай алады.
2. Баланы қабылдайтын отбасылар туралы ережені Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
132-2-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарт
1. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шартта жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оларға білім беру жағдайлары, баланы қабылдайтын ата-аналардың құқықтары мен міндеттері, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мен жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болған білім беру ұйымының баланы қабылдайтын ата-аналарға қатысты міндеттері, сондай-ақ осындай шартты тоқтатудың негіздері мен салдарлары көзделуге тиіс.
Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар баланы қабылдайтын ата-аналарға көрсетілген шартта көзделген мерзімге тәрбиелеуге беріледі.
Баланы қабылдайтын отбасына берілген әрбір жетім балаға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаға жеке шарт жасалады.
Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарттың мерзімі аяқталған жағдайда, оның отбасында болу мерзімін ұзарту жаңа шарттың негізінде жүргізіледі.
2. Баланы қабылдайтын ата-аналарға еңбекақы және ақшалай төлемдер төлеу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын ата-аналарға беру туралы шартты мерзімінен бұрын бұзу:
1) дәлелді себептер (ауруы, отбасылық немесе материалдық жағдайының өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасындағы жанжалды қатынастар және басқалар) болған кезде баланы қабылдайтын ата-аналардың бастамасы бойынша;
2) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оларға білім беру үшін қолайсыз жағдайлар туындаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның немесе жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болған білім беру ұйымының бастамасы бойынша;
3) бала ата-аналарына қайтарылған, туыстарына берілген немесе бала асырап алынған жағдайларда мүмкін болады.
132-3-бап. Баланы қабылдайтын ата-аналар
1. Баланы қабылдайтын ата-аналар тәрбиелеуге қабылданған жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты қорғаншылар мен қамқоршылар сияқты дәл сондай құқықтар мен міндеттерді иеленеді. Оларға осы Кодекстің 122-бабының 1-тармағында көзделген талаптар қойылады.
2. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағу, тәрбиелеу және оларға білім беру үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін баланы қабылдайтын ата-аналардың меншік құқығында әр адамға кемiнде он бес шаршы метр мөлшерінде жеке тұрғынжайы немесе пайдалану құқығымен тұрғынжайы болуға тиіс.
3. Баланы қабылдайтын ата-аналар алты айда бір реттен сиретпей жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болған білім беру ұйымдарына жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың денсаулық жағдайы туралы және оларды тәрбилеу жөніндегі жұмыс туралы есептерді, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуға бөлінген қаражатты жұмсау туралы, сондай-ақ олардың мүлкін басқару жөніндегі есепті ұсынуға міндетті.
132-4-бап. Баланы қабылдайтын отбасына берілетін жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар
1. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарт бойынша беру үшін оларды алдын ала таңдауды жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар болатын білім беру ұйымымен және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органмен келісу бойынша жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдар жүзеге асырады.
Балалардың мүдделеріне сай келетін және балалар өзінің туыстық қатынасы туралы білмейтін, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, аға-інілер мен апа-сіңлілерді (қарындастарды) ажыратуға жол берілмейді.
2. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын ата-аналарға беру олардың пікірлері ескеріле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар өздерінің келісімдерімен ғана берілуі мүмкін.
3. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды беру кезінде баланы қабылдайтын ата-аналардың имандылық және өзге де жеке қасиеттері, баланы қабылдайтын ата-аналардың міндеттерін орындауға олардың қабілеттілігі, баланы қабылдайтын ата-аналар мен жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар арасындағы қарым-қатынастар ескеріледі.
4. Баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар өздеріне тиесілі алименттерге, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін ата-аналарының зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақыларға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғынжайға меншік құқығын немесе тұрғынжайды пайдалану құқығын сақтайды. Тұрғынжай болмаған кезде баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес оларға тұрғынжай берілуіне құқығы бар.
Жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға тиесілі ақшалай қаражатты және басқа да мүлікті сақтау жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды баланы қабылдайтын ата-аналарға беру туралы шарттың қолданылу уақытында баланы қабылдайтын ата-аналарға жүктеледі.
Баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар осы Кодекстің 60, 61, 62 және 67-баптарында көзделген құқықтарды да иеленеді.
132-5-бап. Баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуды қаржыландыру
Баланы қабылдайтын ата-аналарға берілген жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуды қаржыландыру Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы белгілеген тәртіппен және мөлшерде жүзеге асырылады.»;
21) мынадай мазмұндағы 18-1-тараумен толықтырылсын:
«18-1-тарау. Бала қонақтайтын отбасы
137-1-бап. Бала қонақтайтын отбасы
Баланы қонақтайтын отбасына қабылдауға тілек білдірген адамдар және бала тұрып жатқан ұйым, баланың тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган арасында жасалған, баланы қонақтайтын отбасына беру туралы шарт баланы қонақтайтын отбасына беруге негіз болып табылады.
Бала қонақтайтын отбасы бірнеше жетім баланы, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы қабылдай алады.
2. Бала қонақтайтын отбасы туралы ережені Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
137-2-бап. Баланы қонақтайтын отбасына беру туралы шарт
1. Баланы қонақтайтын отбасына беру туралы шартта баланы күтіп-бағу және тәрбиелеу шарттары, баланы қонақтайтын отбасына қабылдаған адамдардың құқықтары мен міндеттері, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, бала тұрып жатқан ұйымның міндеттері, сондай-ақ мұндай шартты тоқтату негіздері мен салдарлары көзделуге тиіс.
Бала қонақтайтын отбасына көрсетілген шартта көзделген мерзімге беріледі.
Бала қонақтайтын отбасына берілген әрбір балаға бөлек шарт жасалады.
2. Қонақта тәрбиелеу кезінде баланы күтіп-бағуға арналған ақшалай төлем және баланы қонақтайтын отбасына қабылдаған адамның еңбегіне ақы төлеу жүргізілмейді.
3. Баланы қонақтайтын отбасына беру туралы шарт:
1) дәлелді себептері (науқасы, отбасылық немесе материалдық жағдайының өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасында жанжалдар және басқалар) болған кезде бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдаған адамдардың бастамасы бойынша;
2) баланы күтіп-бағу мен тәрбиелеу үшін қолайсыз жағдайлар туындаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, бала тұрып жатқан ұйымның бастамасы бойынша;
3) бала қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, асырап алған отбасына, патронатқа берілген немесе баланы асырап алған жағдайларда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.
137-3-бап. Бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдаған адам
1. Бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдайтын адамға баланы беру ол Республикалық деректер банкінде тіркелген жағдайда жүзеге асырылады.
2. Бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдаған адам оның заңды өкілі болып табылмайды және ол:
1) баланы Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге әкетуді жүзеге асыруға;
2) баланы медициналық көмек көрсету үшін медициналық ұйымға орналастыру немесе ішкі істер органдарына жеткізу жағдайларынан басқа, баланы үшінші тұлғалардың (жеке және (немесе) заңды тұлғалардың) қадағалауына қалдыруға;
3) бала қонақтайтын отбасына баланы беру туралы шарттың өзге де талаптарын бұзуға құқылы емес.
3. Бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдаған адам:
1) бала отбасында уақытша болған кезеңде оның өмірі мен денсаулығы үшін жауапты болуға;
2) бала қонақтайтын отбасына беру туралы шарт мерзімі өткен соң бала тұрып жатқан ұйымға баланы дереу қайтаруға;
3) баланың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін жағдайдың туындағаны, баланың науқастанғаны, оның жарақат алғаны, оның медициналық ұйымға немесе ішкі істер органдарына орналастырылғаны туралы жиырма төрт сағат ішінде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға немесе бала тұрып жатқан ұйымға хабарлауға;
4) Бала қонақтайтын отбасы туралы ереженің өзге де шарттарын сақтауға міндетті.
137-4-бап. Бала қонақтайтын отбасына берілетін бала
1. Шарт бойынша бала қонақтайтын отбасына баланы беру үшін баланы алдын ала таңдауды бала тұрып жатқан білім беру ұйымымен және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органмен келісу бойынша бала қонақтайтын отбасына қабылдауға тілек білдірген адам жүзеге асырады.
Балалардың мүддесіне сай келетін және балалар өзінің туыстық қатынасы туралы білмейтін, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, аға-iнiлер мен апа-сiңлілердi (қарындастарды) ажыратуға жол берілмейді.
2. Бала қонақтайтын отбасына баланы қабылдауға тілек білдірген адамға баланы беру оның пікірі ескеріле отырып жүзеге асырылады. Он жасқа толған бала оның келісімімен ғана берілуі мүмкін.»;
22) 188-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не ата-аналары немесе олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша шетелдік тіркеуші органдарда тіркелуіне қарамастан, осы Кодексте белгіленген мерзімдерде тіркеуші органда жүргізіледі. Баланың тууын ата-аналары не олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша тіркеген жағдайда, баланың туған жері болып осы елді мекен көрсетіледі.»;
23) 189-бапта:
бірінші және екінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«Баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органдарға ол туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс, ал бала өлі туған жағдайда, босанған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы өтінішті береді.
Үш жұмыс күні өткен соң берілген өтініш бойынша баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша тіркеуші орган жасаған қорытындының негізінде жүргізіледі.»;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған жағдайда баланың тууы туралы өтінішті оның ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оның туған күнінен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс.»;
24) 282-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«282-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі
1. Осы Кодекс оны қолданысқа енгізгеннен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
2. Осы Кодекстің 112-бабы 2-тармағының 8), 9) және 10) тармақшаларының ережелері қолданысқа енгізілген күнге дейін Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттеуді алған бала асырап алу жөніндегі агенттіктер көрсетілген тармақшалардың ережелері қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органына тиісті міндеттемелер ұсынуға міндетті.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзім өткен соң осы Кодекстің 112-бабының 2-тармағы 8), 9) және 10) тармақшаларының ережелеріне сәйкес міндеттемелер ұсынбаған бала асырап алу жөніндегі агенттіктер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін тоқтатады.».
3. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., №13-І, 13-ІІ, 83-құжат; №21, 122-құжат; 2015 ж., №16, 79-құжат; №21-III, 137-құжат; №22-I, 140-құжат; №22-III, 149-құжат; №22-V, 156-құжат; №22-VI, 159-құжат):
1) 3-бап мынадай мазмұндағы 42) тармақшамен толықтырылсын:
«42) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс - осы Кодекстің 120 (зорлау), 121 (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер), 122 (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау), 123 (жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету), 124 (жас балаларды азғындық жолға түсіру) — баптарында көзделген, жас балаларға және кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған іс-әрекеттер.»;
2) 51-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жіберу жазаның қосымша түрі ретінде тағайындалуы мүмкін және жазаның негізгі түрі өтелгеннен кейін орындалады.»;
3) 63-баптың алтыншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде, адамды аса ауыр қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін соттаған кезде адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.»;
4) 65-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында арнайы көзделген жағдайларды қоспағанда, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс, жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.»;
5) 67-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы баптың бірінші бөлігінің ережесі, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамға қатысты кәмелетке толмаған жасаған жағдайларды қоспағанда, мұндай қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.»;
6) 68-баптың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Осы баптың ережелері, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамға қатысты кәмелетке толмаған адам жасаған жағдайларды қоспағанда, абайсызда адам өліміне не екі және одан көп адамның өліміне әкеп соққан қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.».
7) 72-бапта:
үшінші бөліктің 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша жойылған болса, жаза мерзімінің кемінде төрттен үшін іс жүзінде өтегеннен кейін;»;
сегізінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату өлім жазасы түріндегі жаза кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамға, адамдардың қаза табуына әкеп соққан не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс үшін сотталған адамға, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін сотталған адамға қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.»;
8) 73-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жазаның өтелмеген бөлiгi, сотталған адам онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн жаза мерзiмiнiң кемінде төрттен бірін, ауыр қылмысы үшiн немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеуден бұрын шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған және жазаның қалған өтелмеген бөлiгi кезеңiнде жаңа қылмыстар жасаған адам жаза мерзiмiнiң үштен бірін іс жүзінде өтегеннен кейiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру, кәмелетке толмағанның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс, адамдардың қаза табуына әкеп соққан не аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмыс, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс үшін сотталған адамдарға қатысты қолданылмайды.»;
9) 76-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Террористік немесе экстремистік қылмыс не қылмыстық топ құрамында жасалған немесе кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін сотталған адамдарды қоспағанда, ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген негiздер болған кезде, үш айға дейiнгі мерзiмге кейiнге қалдыра алады.
Жазаны өтеуді кейінге қалдыруды шектеу он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты қылмыс жасалған жағдайда кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.»;
10) 77-баптың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Өлiм жазасына немесе өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселенi сот шешедi. Егер сот ескіру мерзімін қолдану мүмкiн болады деп таппаса, өлiм жазасы өмiр бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылады, ал өмiр бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Кәмелетке толмағанның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке, бейбiтшiлiк пен адамзат қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ жеке адамға, мемлекеттің конституциялық құрылысы негіздеріне және қауіпсіздігіне қарсы, экономикалық қызмет саласында аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға ескіру мерзімдері қолданылмайды.»;
11) 78-баптың екінші бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Кәмелетке толмағанның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды.»;
12) 83-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды осы Кодекстің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.»;
3-тармақтың 13) тармақшасы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
13) 91-бапта:
бірінші бөліктің 4) тармағындағы «мұқтаж деп танылған адамдарға тағайындауы мүмкiн.» деген сөздер «мұқтаж деп танылған;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақпен толықтырылсын:
«5) кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған он сегіз жастан асқан адамдарға тағайындауы мүмкiн.»;
төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнің 1) - 4) тармақтарында көрсетілген және өзiнiң психикалық жай-күйі бойынша қауiп төндірмейтін адамдарға қатысты сот осы адамдарды емдеу немесе оларды психоневрологиялық ұйымдарға жiберу туралы мәселенi Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына қажеттi материалдар жiбере алады.»;
3-тармақтың 14) тармақшасы 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
14) 93-бапта:
бірінші бөліктің 4) тармағындағы «мәжбүрлеп емдеуді тағайындауы мүмкiн.» деген сөздер «мәжбүрлеп емдеуді;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақпен толықтырылсын:
«5) химиялық кастрациялау түрінде мәжбүрлеп емдеуді тағайындауы мүмкiн.»;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«3. Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған адамдарға сот жаза мерзімін өтегеніне қарай бостандығынан айыру орындарынан босату кезінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы мәселені шешеді.»;