2. Дактилоскопиялық ақпарат осы Заңның 15-бабында көзделген оның сақталу мерзімдері өткен соң жойылады.
3. Дактилоскопиялық ақпаратты жою ішкі істер органдарының, көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшелерінің басшылары бекітетін актілер бойынша:
1) дактилоскопиялық ақпаратты жою күні, негізі;
2) тіркелген адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), жынысы, туған күні және жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), жеке басын куәландыратын құжатының нөмірі;
3) жою тәсілі;
4) дактилоскопиялық ақпаратты жоюды жүзеге асырған адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), лауазымы мен қолтаңбасы көрсетіле отырып жүргізіледі.
3-тарау. ГЕНОМДЫҚ ТІРКЕУДІ ЖҮРГІЗУ
18-бап. Геномдық тіркеуге жататын адамдар
1. Міндетті геномдық тіркеуге:
1) ауыр немесе аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120, 121, 122, 123 және 124-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін сотталған адамдар;
2) ашылмаған ауыр немесе аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120, 121, 122, 123 және 124-баптарында көзделген қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңында белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында биологиялық материалы алынған анықталмаған адамдар;
3) танылмаған мәйіттер жатады.
2. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстары, бірінші кезекте, ата-аналары (ата-анасы) және (немесе) балалары (баласы), ал олар болмаған кезде туыстық дәрежесіне қарай басқа да биологиялық туыстары осы Заңда көзделген тәртіппен олардың келісімімен геномдық тіркеуге жатады.
19-бап. Геномдық тіркеуді жүргізу тәртібі
Геномдық тіркеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, геномдық тіркеуге жататын адамдардан, танылмаған мәйіттерден биологиялық материалды іріктеу, сондай-ақ ашылмаған ауыр немесе аса ауыр қылмыс орындарынан анықталмаған адамдардың биологиялық материалын сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алу жүргізіледі;
2) осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдардың биологиялық материалы геномдық ақпарат алу және геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесіне жіберіледі;
3) осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 2-тармағында аталған адамдардың және танылмаған мәйіттердің биологиялық материалы зерттеу жүргізу және геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесіне немесе сот сараптамасын жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарына (бұдан әрі - сот сараптамасы органдары) немесе лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаға жіберіледі.
Сот сараптамасы органдары немесе лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлға сот молекулярлық-генетикалық сараптамалар жүргізу кезінде алынған геномдық ақпараттың көшірмесін геномдық тіркеуді жүзеге асыру үшін ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесіне жібереді.
20-бап. Биологиялық материалды іріктеу кезінде алынатын мәліметтер
1. Геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеу кезінде жазаны орындайтын мекеменің немесе органның қызметкері әрбір сотталған адамға ақпараттық карта ашады, оған мынадай мәліметтер:
1) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), азаматтығы, жынысы, туған күні және жері, тұрғылықты жері немесе болатын жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде) немесе тіркелетін адам туралы деректер алынған адамның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен нөмірі;
2) геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган бөлімшесінің атауы;
3) геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеуді жүргізу күні және негізі;
4) адам сотталған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бабы;
5) биологиялық материалды іріктеуді жүзеге асырған лауазымды адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), лауазымы және қолтаңбасы;
6) кәмелетке толмаған адамды қоспағанда, геномдық тіркеу үшін биологиялық материалын іріктеу жүргізілген адамның қолтаңбасы енгізіледі. Тіркелетін адам ақпараттық картаға қол қоюдан бас тартқан кезде картада бұл туралы жазба жасалады;
7) кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің қолтаңбалары енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңында белгіленген тәртіппен хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарынан геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеу кезінде анықтау, тергеу органдары ақпараттық картаға осы баптың 1-тармағының 1) - 3), 5) - 7) тармақшаларында көзделген мәліметтерді, сондай-ақ сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның қорғаншысының қолтаңбасын енгізеді. Ақпараттық картаға процестік әрекет хаттамасының көшірмесі қоса беріледі.
3. Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңында белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында биологиялық материалы алынған анықталмаған адамдарды геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеу кезінде анықтау, тергеу органдары ақпараттық картаға мынадай мәліметтерді енгізеді:
1) геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган бөлімшесінің атауы;
2) биологиялық материалдар алуды жүргізу күні және негізі, қылмыстық істің нөмірі немесе ақпаратты есепке алу кітабындағы тіркеу нөмірі;
3) әрекеттің саралануы, қылмыс жасалған күн және орын;
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) лауазымды адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), лауазымы және қолтаңбасы.
Ақпараттық картаға процестік әрекет хаттамасының көшірмесі қоса беріледі.
4. Танылмаған мәйіттерді геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеу кезінде ақпараттық карталарға осы баптың 3-тармағында көзделген мәліметтер, сондай-ақ танылмаған мәйіт табылған күн және орын, жынысы, ерекше белгілері және қайтыс болу себебін көрсету (ол болған кезде) енгізіледі. Ақпараттық картаға процестік әрекет хаттамасының көшірмесі қоса беріледі.
21-бап. Биологиялық материалды іріктеу және пайдалану
1. Геномдық тіркеуді жүргізу үшін биологиялық материалды іріктеуді:
1) геномдық тіркеуге жататын сотталғандардан - ішкі істер органдары;
2) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңында белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында биологиялық материалы алынған анықталмаған адамдардан - ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесінің және (немесе) сот медицина мамандарын тарта отырып және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарын сақтай отырып, қылмыстық iстер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын анықтау, тергеу органдары;
3) хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарынан - ішкі істер органдары;
4) танылмаған мәйіттерден - сот медицинасы саласындағы дәрігер маманды тарта отырып, ішкі істер органдары жүзеге асырады.
2. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарынан геномдық тіркеу үшін биологиялық материалды іріктеу олардың жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.
Хабарсыз кеткен адамның биологиялық туысы болып табылатын кәмелетке толмаған адамнан биологиялық материалды іріктеу оның келісімімен заңды өкілінің қатысуымен және жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.
Сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз деп танылған және хабарсыз кеткен адамның биологиялық туысы болып табылатын адамнан биологиялық материалды іріктеу оның қорғаншысының қатысуымен және жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.
3. Бастапқыда биологиялық материал геномдық ақпарат алуды болғызбайтындай сапасыз іріктелген жағдайда, геномдық тіркеуді жүзеге асыратын ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесінің сұрау салуы бойынша геномдық тіркеуге жататын сотталғандардың, хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының биологиялық материалын қайта іріктеу жүргізіледі.
4. Геномдық тіркеуді жүргізу үшін іріктелген биологиялық материал геномдық ақпарат алу үшін пайдаланылады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Геномдық тіркеу үшін биологиялық материал бұрын одан өткен адам сотталған кезде іріктелмейді.
22-бап. Биологиялық материалды сақтау мерзімдері
1. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының, анықталмаған адамдардың, сондай-ақ танылмаған мәйіттердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған және қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме деп танылған биологиялық материалын сақтау мерзімдері Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 118-бабының талаптарына сәйкес айқындалады.
2. Сотталған адамдарды геномдық тіркеуді жүргізу үшін іріктелген биологиялық материал іріктелген күнінен бастап одан геномдық ақпарат алғанға дейін сақталады.
23-бап. Биологиялық материалды жою
1. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының, анықталмаған адамдардың, танылмаған мәйіттердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған және қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме деп танылған биологиялық материалы геномдық ақпарат алынғаннан кейін анықтау, тергеу органдарына қайтарылады.
2. Сотталған адамдарды геномдық тіркеуді жүргізу кезінде алынған биологиялық материалды осы Заңның 22-бабының 2-тармағында белгіленген сақталу мерзімдері өткеннен кейін ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі геномдық ақпаратты алғаннан кейін оның басшысы бекітетін актілер бойынша:
1) биологиялық материалды жою күнін, негізін;
2) тіркелген адамның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), жынысын, туған күнін және жерін, жеке сәйкестендіру нөмірін (ол болған кезде), жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірін;
3) жою тәсілін;
4) биологиялық материалды жоюды жүзеге асырған лауазымды адамдардың тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), лауазымын және қолтаңбасын, уәкілетті бөлімшенің атауын көрсете отырып жояды.
24-бап. Геномдық ақпараты бар материалдық жеткізгіштерде қамтылатын мәліметтер
Геномдық ақпараты бар материалдық жеткізгіш ақпараттық картадан осы Заңда белгіленген мәліметтерді, сондай-ақ:
1) геномдық ақпарат алуды жүзеге асырған мемлекеттік орган бөлімшесінің атауын;
2) қылмыстық істің нөмірін;
3) сот сарапшысы қорытындысының немесе маман қорытындысының нөмірін және күнін;
4) геномдық ақпаратты;
5) биологиялық объектінің атауын және геномдық ақпараты сот сараптамасы немесе зерттеу нәтижесінде алынған адамның процестік мәртебесін қамтуға тиіс.
25-бап. Геномдық ақпаратты алу
Геномдық тіркеуге жататын адамдар туралы геномдық ақпаратты:
1) геномдық тіркеуге жататын сотталғандардың биологиялық материалынан алуды - ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі;
2) анықталмаған адамдардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған, хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының, танылмаған мәйіттердің биологиялық материалынан алуды - ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі немесе анықтау, тергеу органдары сот сараптамасын тағайындаған жағдайда, сот сараптамасы органы, лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлға жүзеге асырады.
26-бап. Геномдық ақпаратты өзгерту және (немесе) толықтыру
Геномдық тіркеуден өткен адамдардың геномдық ақпаратын өзгерту және (немесе) толықтыру дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
27-бап. Геномдық ақпаратты жинақтау және сақтау
Геномдық тіркеуді жүргізу кезінде алынған геномдық ақпаратты жинақтауды және сақтауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарда ішкі істер органдары жүзеге асырады.
28-бап. Геномдық ақпаратты пайдалану
1. Геномдық тіркеуді жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпарат:
1) қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды ашу және тергеп-тексеру, сондай-ақ оларды жасаған адамдарды анықтау және белгілеу;
2) Қазақстан Республикасының хабарсыз кеткен азаматтарын, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздестіру;
3) танылмаған мәйіттер бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын анықтау;
4) іздестіріліп жатқан немесе анықталып жатқан адамдардың туыстық қатынастарын анықтау мақсатында пайдаланылады.
2. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының геномдық ақпараты осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген мақсатта пайдаланылады.
29-бап. Геномдық ақпаратты сақтау мерзімдері
1. Геномдық тіркеуге жататын сотталған адамның геномдық ақпараты геномдық тіркелген күнінен бастап оның қайтыс болу фактісі анықталғаннан кейін жиырма бес жыл өткенге дейін, ал оның қайтыс болғаны туралы мәліметтер болмаған немесе сот оны қайтыс болды деп жариялаған кезде ол жүз жасқа толған күнге дейін сақталады.
2. Биологиялық материалы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған анықталмаған адамдарды геномдық тіркеуді жүргізу кезінде алынған геномдық ақпарат геномдық тіркелген күнінен бастап жиырма бес жыл сақталады.
3. Хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарын геномдық тіркеуді жүргізу кезінде алынған геномдық ақпарат хабарсыз кеткен адамның жүрген жері анықталғанға немесе оқиғаның немесе қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылғанға дейін сақталады.
4. Танылмаған мәйіттерді геномдық тіркеуді жүргізу кезінде алынған геномдық ақпарат қайтыс болған адамның жеке басын анықтағанға дейін, бірақ геномдық тіркелген күнінен бастап жиырма бес жылдан аспай сақталады.
30-бап. Геномдық ақпаратты жою
1. Геномдық тіркеуді жүргізу нәтижесінде алынған геномдық ақпаратты осы Заңда көзделген сақтау мерзімдері өткеннен кейін, оны сақтауды жүзеге асыратын ішкі істер органдары жояды.
2. Сотталғаннан кейін геномдық тіркеуге ұшыраған ақталған адамның геномдық ақпараты соттың ақтау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін бір жылдан ерте жойылмайды.
3. Геномдық тіркеу кезінде алынған геномдық ақпаратты жоюды ішкі істер органдарының уәкілетті бөлімшесі оның басшысы бекітетін актілер бойынша:
1) геномдық ақпаратты жою күнін және негізін;
2) геномдық ақпараттың тіркеу нөмірін;
3) тіркелген адамның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), жынысын, туған күнін және жерін, жеке сәйкестендіру нөмірін (ол болған кезде), жеке басын куәландыратын құжатының нөмірін;
4) жою тәсілін;
5) геномдық ақпаратты жоюды жүзеге асырған лауазымды адамдардың тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), лауазымын және қолтаңбасын, уәкілетті бөлімшенің атауын көрсете отырып жүзеге асырады.
Танылмаған мәйіттің геномдық ақпаратын жою актісінде анықтау, тергеу органының атауы және геномдық тіркеуге бастамашы болған лауазымды адам, қылмыстық істің нөмірі, әрекеттің саралануы, танылмаған мәйіт табылған күн және орын көрсетіледі.
4-тарау. ДАКТИЛОСКОПИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ГЕНОМДЫҚ
ТІРКЕУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
31-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласында:
1) дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекітеді;
3) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
32-бап. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласында:
1) дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын әзірлейді;
2) дактилоскопиялық және геномдық ақпараттың дерекқорын қалыптастыру, жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
33-бап. Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның дактилоскопиялық тіркеу саласындағы құзыреті
Сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган дактилоскопиялық тіркеу саласында:
1) шетелде Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарынан, Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан дактилоскопиялық ақпарат жинау және өңдеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
34-бап. Көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның дактилоскопиялық тіркеу саласындағы құзыреті
Көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган дактилоскопиялық тіркеу саласында:
1) Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы өздеріне қатысты шешім қабылданған адамдардың дактилоскопиялық ақпарат дерекқорын қалыптастыру, жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы өздеріне қатысты шешім қабылданған адамдарды дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
35-бап. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының дактилоскопиялық тіркеу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары дактилоскопиялық тіркеу саласында:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басын растау рәсімін жүзеге асыру және осы адамдардың дактилоскопиялық ақпарат дерекқорын қалыптастыру, жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
36-бап. Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау
Прокуратура органдары мемлекет атынан дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
37-баптың қолданысы 2023 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
37-бап. Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау тәртібі
Дактилоскопиялық және (немесе) геномдық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
38-баптың қолданысы 2023 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
38-бап. Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
2021.29.06. № 58-VІІ ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 39-бап өзгертілді
39-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Мыналардың:
1) өздерінің дактилоскопиялық ақпаратын немесе өздері заңды мүдделерін білдіретін адамның дактилоскопиялық ақпаратын жинауға және (немесе) өңдеуге, қорғауға байланысты мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау бөлігінде осы Заңның 7-бабының 1-тармағы 2) тармақшасының;
2) осы Заңның 2-тарауының;
3) дактилоскопиялық тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау бөлігінде осы Заңның 37-бабының;
4) Қазақстан Республикасының дактилоскопиялық тіркеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық бөлігінде осы Заңның 38-бабының қолданысы 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2016 жылғы желтоқсанның 30-ы.
№ 40-VI