4) осы Кодекстің 272-бабының 5) тармақшасында көзделген жағдайларда - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімі күшіне енгенге дейін;
5) осы Кодекстің 272-бабының 6) тармақшасында, 273-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда - сот құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындағанға дейін;
6) осы Кодекстің 272-бабының 7) тармақшасында және 273-бабының 7) тармақшасында көзделген жағдайларда - медиация, партисипативтік рәсім тоқтатылғанға дейін;
7) заңсыз түрде Қазақстан Республикасына алып өткен немесе Қазақстан Республикасында ұсталып отырған баланы қайтару туралы немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде балаға қатысты қол жеткізу құқығын жүзеге асыру туралы соттың шешімі немесе осы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым немесе осы Кодекстің 272-бабының 8) тармақшасында көрсетілген арызды соттың қарамай қалдыруы туралы ұйғарымы заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 275-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
275-бап. Іс жүргізуді тоқтата тұру туралы соттың ұйғарымына шағым жасау, прокурордың өтінішхат келтіруі
Осы Кодексте көзделген жағдайларда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 276-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
276-бап. Іс жүргізуді қайта бастау
Іс жүргізуді тоқтата тұруды туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейін іске қатысатын адамдардың арызы бойынша немесе соттың бастамасымен іс бойынша іс жүргізу қайта басталады. Іс жүргізу қайта басталған кезде сот іске қатысатын адамдарға азаматтық іс жүргізудің жалпы қағидалары бойынша хабарлайды.
Іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға және прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
Ұйғарымның көшірмесі іске қатысатын адамдарға ол түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей оны алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі не тапсырылады.
24-тарау. ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУДІ ТОҚТАТУ
277-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың негіздері
Сот, егер:
1) іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса;
2) сол тараптардың арасындағы дау бойынша сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына немесе тараптардың татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді орнықтыруына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы сот ұйғарымы болса;
3) сол бір тараптар арасындағы дау бойынша, сол бір нысана туралы және сол бір негiздер бойынша қабылданған төрелік шешім болса;
4) сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдаса;
5) тараптар татуласу келісімін жасасса және сот оны бекітсе;
6) тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасса және оны сот бекітсе;
7) іс бойынша тараптардың бірі болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін даулы құқықтық қатынас құқық мирасқорлығына жол бермесе;
8) iс бойынша тарап ретiнде әрекет ететін ұйым қызметi тоқтатылуына және құқық мирасқорларының болмауына байланысты таратылса;
9) шет мемлекетте соттық иммунитеттің бар екені анықталса, iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
278-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың тәртібі мен салдары
1. Іс бойынша іс жүргізу сот ұйғарымымен тоқтатылады.
2. Іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған жағдайда сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.
3. Осы Кодекстің 277-бабының 1), 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік бажды осы Кодекстің 107-бабының талаптарына сәйкес қайтару туралы көрсетеді.
Сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып, талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралардың күшін жояды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың ұйғарымына осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртіппен жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
25-тарау. ТАЛАП ҚОЮ АРЫЗЫН ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫРУ
279-бап. Талап қою арызын қараусыз қалдырудың негіздері
Сот, егер:
1) талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген немесе шартта көзделген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаса;
2) талап қою арызын әрекетке қабілетсіз адам берсе;
3) талап қою арызына қол қоюға және оны беруге өкілеттігі жоқ тұлға қол қойса немесе оны берсе;
4) осы немесе басқа бiр соттың не төреліктің іс жүргізуінде сол бір тараптар арасындағы дау бойынша, сол бір нысана туралы және сол бір негiздер бойынша бұрын қозғалған iс болса;
5) егер заңда өзгеше көзделмесе, тараптар арасында заңға сәйкес осы дауды төреліктің шешуіне беру туралы келісім жасалса;
6) істі өзінің қатысуынсыз қарауды өтінбеген талап қоюшы екінші шақыру бойынша сотқа келмесе;
7) өзінің мүддесіне сай іс қозғалған тұлға мәлімделген талапты қолдамаса;
8) талап қоюшы талап қою арызын қайтарып алу туралы арыз берсе;
9) көрсетушіге арналған күші жойылған бағалы қағаздар және ордерлі бағалы қағаздар бойынша құқықтарды қалпына келтіру туралы істер жөніндегі арыз жарияланған күннен бастап үш ай мерзім аяқталғанға дейін берілсе;
10) жылжымайтын затқа коммуналдық меншік құқығын тану туралы арыз заңда белгіленген мерзімнен бұрын берілсе немесе заңда көзделген жылжымайтын мүлікті иесіз деп тіркеу рәсімдері бұзыла отырып берілсе;
11) осы Кодекстің 105-бабының үшінші бөлігінде және 106-бабының екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік баж төленбесе;
12) осы Кодекстің 34-тарауында көзделген ерекше талап қою ісін жүргізу бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны туралы мәліметтер ұсынылмаса;
13) істі ерекше іс жүргізуде қарау кезінде талап қою ісін жүргізуде қаралуға жататын, соттың ведомстволығындағы құқық туралы даудың бар екені анықталса, арызды қараусыз қалдырады.
280-бап. Талап қою арызын қараусыз қалдырудың тәртібі мен салдары
1. Талап қою арызы қараусыз қалдырылған жағдайда іс бойынша іс жүргізу соттың ұйғарымымен аяқталады. Бұл ұйғарымда сот істі қарауға кедергі келтіретін, осы Кодекстің 279-бабының 1), 2), 3), 9) және 10) тармақшаларында санамаланған мән жайларды қалай жою керек екенін көрсетуге міндетті. Осы Кодекстің 279-бабының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша талап қою арызын қараусыз қалдыра отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік бажды қайтару және талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралардың күшін жою туралы көрсетеді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Талап арызды қараусыз қалдыру туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
3. Талап қою арызын қарау үшін қалдыруға негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін мүдделі тұлға жалпы тәртіппен сотқа тағы да талап қою арызын беруге құқылы.
Ұйғарымның көшірмесі талап қою арызына қоса берілген материалдармен бірге талап қоюшыға жіберіледі немесе табыс етіледі.
26-тарау. ХАТТАМАЛАР
281-бап. Хаттама жүргізудің міндеттілігі
1. Бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жеке процестік әрекет туралы жазбаша нысанда хаттама не сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілген кезде қысқаша хаттама жасалады.
Іске қатысатын адамдардың бәрі сот отырысына келмеген жағдайда аудио-, бейнежазба жүргізілмейді.
2. Істі бірінші сатыдағы сотта сот талқылауына дайындау кезінде алдын ала сот отырысында, осы сатыда даудың мәні бойынша шешім шығарылатын жағдайларды қоспағанда, хаттама соттың қалауы бойынша жүргізіледі.
3. Істі апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарайтын жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ осы Кодекстің 413-бабының екінші бөлігінде және 420-бабының төртінші бөлігінде көзделген қағидалар бойынша жаңа дәлелдемелер зерттелген жағдайда апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысында хаттама жүргізу міндетті емес.
4. Кассациялық сатыдағы сотта хаттама жүргізілмейді.
282-бап. Хаттаманың мазмұны
1. Сот отырысының немесе отырыстан тыс жасалған жеке процестік әрекеттің хаттамасы істі талқылаудың немесе жеке процестік әрекет жасаудың барлық елеулі мән-жайларын көрсетуге тиіс.
2. Хаттамада:
1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) сот отырысы басталған және аяқталған уақыт;
3) істі қарайтын соттың атауы, сот отырысы судьясының, хатшысының тегі мен аты-жөні;
4) істің атауы;
5) соттың стенографияны қолданғаны туралы мәліметтер және процесте аудио-, бейнежазба жүргізудің мүмкін еместігінің себептері;
6) іске қатысатын адамдардың, өкілдердің, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келгені туралы мәліметтер;
7) іске қатысатын адамдарға, өкілдерге, сондай-ақ аудармашыға, сарапшылар мен мамандарға олардың процестік құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілгені туралы мәліметтер;
8) төрағалық етушінің өкімдері және сот отырысы залында шығарылған ұйғарымдар;
9) іске қатысатын адамдар мен өкілдердің арыздары, өтінішхаттары мен түсініктемелері;
10) куәлардың ауызша айғақтары, сарапшылар мен мамандардың түсіндірмелері;
11) дәлелдемелер мен құжаттардың жария етілгені және зерттеудің, аудиожазбаларды тыңдаудың нәтижелері және бейнежазбаларды, киноматериалдарды қарау туралы мәліметтер;
12) осы Кодекстің 56-бабының негізінде іске қатысатын мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындысы туралы мәліметтер;
13) сот отырысы залында орын алған сұрақтар мен жауаптардың мазмұны;
14) сот жарыссөздері мен репликалардың мазмұны;
15) осы Кодекстің 54-бабының негізінде іске қатысқан прокурордың қысқаша қорытындысы;
16) шешімнің және ұйғарымдардың мазмұны жария етілгені және түсіндірілгені туралы, оларды түпкілікті нысанда дайындау мерзімдері, шағым берудің тәртібі мен мерзімін түсіндіру туралы мәліметтер;
17) іске қатысатын адамдарға сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертулер беру құқықтарының түсіндірілгені туралы мәліметтер;
18) хаттаманың түпкілікті нысанда жасалған күні көрсетіледі.
3. Істі талқылауды аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалана отырып тіркеп жазған кезде қысқаша хаттама жасалады.
4. Қысқаша хаттаманың мазмұны осы баптың екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 6) және 18) тармақшаларында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Сондай-ақ сот аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланғаны туралы, аудио-, бейнежазба бар файлдың атауы көрсетіледі.
Аудио-, бейнежазба жеткізгіші және қысқаша хаттама іске қоса тіркеледі.
Іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша сот аудио-, бейнежазбаның көшірмесін және қысқаша хаттаманы немесе сот отырысының хаттамасын ұсынады. Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайларда, іске қатысатын адамдарға аудио-, бейнежазба және сот отырысының хаттамасы берілмейді, оларға аудио-, бейнежазбамен және сот отырысының хаттамасымен сотта танысу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
5. Сот отырыстарын аудио-, бейнежазбаға түсіру сот талқылауы барысын дәл тіркеу үшін сот ісін жүргізу мақсатында ғана, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық сот ісін жүргізуде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді белгілеу мақсатында пайдаланылады.
Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу тәртібін соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.
283-бап. Хаттама жасау
1. Сот отырысының немесе жеке процестік әрекеттің хаттамасын сот отырысының хатшысы жасайды не сот отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізілген кезде қысқаша хаттама жүргізіледі.
2. Хаттама, қысқаша хаттама компьютерлік, машинкада жазу не қолмен жазу тәсілдерімен жасалады.
3. Іске қатысатын адамдар мен өкілдер хаттаманың қандай да бір бөлігін жария ету туралы, өздері іс үшін елеулі деп есептейтін мән-жайлар жөніндегі мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ал жеке процестік әрекет туралы хаттама ол жасалғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей дайындалуға және оған қол қойылуға тиіс. Күрделі істер бойынша сот отырысының хаттамасы сот отырысы аяқталғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей дайындалуға және оған қол қойылуға тиіс.
5. Хаттамаға төрағалық етуші мен хатшы қол қояды. Барлық өзгерістер, түзетулер, толықтырулар хаттамада ескерілуге және олардың қолы қойылып куәландырылуға тиіс.
6. Сот іске қатысатын адамдардың өтінішхаты бойынша төрағалық етушінің және сот отырысы хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы хаттаманы танысу үшін беруге міндетті.
7. Егер іске қатысатын адамдар өздерінің ауызша нысанда берген түсіндірмелерін, арыздарын, өтінішхаттарын, қорытындыларын қосымша жазбаша нысанда берсе, сот жазбаша құжаттарды олардың мазмұнын хаттамада оларды толық көрсетпей-ақ іске тіркейді.
284-бап. Хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына ескертулер
Іске қатысатын адамдар немесе олардың өкілдері сот отырысының хаттамасымен, қысқаша хаттамамен, аудио-, бейнежазбаның мазмұнымен олар дайындалған және оларға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде танысуға құқылы. Көрсетілген тұлғалар танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаға жасалған процестік әрекеттердің және олардың нәтижелерінің тіркелуінің толық еместігін көрсете отырып, жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы.
285-бап. Хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына жасалған ескертулердi қарау
1. Хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына жасалған ескертулерді оларға қол қойған төрағалық етуші қарайды, ол ескертулермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын өзінің бұрыштамасымен және қойған қолымен куәландырады.
2. Төрағалық етуші берілген ескертулермен келіспеген жағдайда олар істі қарауға қатысқан тұлғалар хабарландырыла отырып, сот отырысында қаралады. Істі қарауға қатысатын тұлғалардың келмеуі хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына ескертулерді қарауға кедергі болмайды.
Төрағалық етуші ескертулерді қараудың нәтижелері бойынша оларды қанағаттандыру туралы не оларды толық немесе ішінара қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Ескертулердің бәрі іске тігіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша шығарылған соттың ұйғарымы шағым жасауға және прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.
4. Хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына ескертулер олар берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
5. Егер төрағалық етуші дәлелді себептермен хаттамаға, қысқаша хаттамаға, аудио-, бейнежазбаның мазмұнына ескертулерді қарай алмаса, олар іс материалдарына қоса тіркеледі.
3-КІШІ БӨЛІМ. ЕРЕКШЕ ТАЛАП ҚОЮ ІСІН ЖҮРГІЗУ
27-тарау. САЙЛАУҒА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСАТЫН АЗАМАТТАР МЕН ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
286-бап. Арыз беру
Мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, кәсіпорынның, ұйымның, олардың лауазымды адамдарының шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылды деп санайтын азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі, кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірілген тұлғалары, кеңесші дауыс беру құқығы бар саяси партиялардың өкілдері, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары осы Кодекстің 3-тарауында және басқа да заңдарда белгіленген соттылық бойынша жазбаша арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
287-бап. Арызды қарау
1. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында өзгеше көзделмесе, сайлауға, республикалық референдумға әзірлік және оны өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнiнен бастап бір ай ішінде келіп түскен арыз - бес күн мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күннен аз уақытта, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін түскен арыз дереу қаралуға тиіс.
Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмдерiндегі түзетулердің қажеттiлігi туралы сайлау комиссиясының шешiмiне шағым жасау туралы арыз келiп түскен күнi қаралуға тиiс.
2. Сот арызды арыз берушінің, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органы, кәсіпорын, ұйым өкілінің, прокурордың қатысуымен қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған аталған адамдардың сотқа келмеуі істің қаралуы мен шешілуіне кедергі болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 288-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
288-бап. Соттың шешімі, оған шағым жасау, оны прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қарау, наразылық келтіру және орындау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Арыз негiздi деп танылған соттың шешiмi бұзылған сайлау құқығын қалпына келтiру үшiн негiз болып табылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Республикалық референдум туралы» 1995 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында өзгеше көзделмесе, шешімнің көшірмелері тапсырылған күннен бастап үш күн ішінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.
3. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ осы Кодекстің 28-бабында көзделген соттылық қағидалары бойынша шығарылған, Референдумның орталық комиссиясының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істер бойынша сот шешіміне шешімнің көшірмелері тапсырылған күннен бастап үш күн ішінде кассациялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Республикалық референдум туралы» 1995 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында өзгеше көзделмесе, осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген шешімдерге апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты, прокурордың кассациялық шағымы, наразылығы сотқа келіп түскен күннен бастап үш күн мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күннен аз қалғанда, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскендер дереу қаралады.
5. Заңды күшіне енген сот шешімі тиісті мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органына, ұйымға, сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапты болады.
28-тарау. ЖЕРГIЛІКТI АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ АЗАМАТТАРДЫҢ АЛҚАБИ РЕТIНДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ IСIН ЖҮРГIЗУГЕ ҚАТЫСУ ҚҰҚЫҚТАРЫН БҰЗАТЫН ШЕШIМДЕРІНЕ, ӘРЕКЕТТЕРIНЕ (ӘРЕКЕТСIЗДІГІНЕ) ДАУ АЙТУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
289-бап. Арыз беру
1. Жергіліктi атқарушы органның шешiмiмен, әрекетiмен (әрекетсiздiгiмен) азаматтың алқаби ретiнде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу үшiн iрiктеу рәсiмiне қатысу құқығы бұзылып отыр деп санайтын азамат осы Кодекстiң 3-тарауында белгiленген соттылық бойынша сотқа арыз берiп жүгiнуге құқылы.
2. Азаматтың алқабиге кандидаттардың тізіміне енгізу және қылмыстық сот ісін жүргізуге алқаби ретінде қатысу құқығы бұзылғаны туралы куәландыратын дәлелдемелер арызға қоса тіркелуге тиіс.
3. Арызды Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасына сәйкес алқабилерге кандидаттардың алдын ала тізімдерімен азаматтарды таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде сотқа беруге болады.
290-бап. Арызды қарау
1. Осы Кодекстің 289-бабында белгiленген мерзiмде келіп түскен арыз - екi жұмыс күні ішінде, ал осы мерзім аяқталатын күні келіп түскен арыз дереу қаралуға тиіс.
2. Сот арызды арыз берушінің, тиісті жергілікті атқарушы орган өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiсті түрде хабарландырылған көрсетілген адамдардың сотқа келмей қалуы iстi қарау және шешу үшін кедергi болмайды.
291-бап. Арыз бойынша сот шешiмi және оны орындау
1. Азаматтың қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқаби ретiнде қатысу үшiн iрiктеу рәсiмiне қатысу құқығының бұзылуын анықтаған сот шешiмi алқабиге кандидаттардың алдын ала жасалған тiзiмдерiне түзетулер енгiзу үшiн негiз болып табылады.
2. Сот шешiмi тиiстi жергiлiктi атқарушы органға жiберiледi. Сот шешiмiнiң орындалмауына кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.
29-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ, ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ, ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ, ҰЙЫМДАРДЫҢ, ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ШЕШІМДЕРІ МЕН ӘРЕКЕТТЕРІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ДАУ АЙТУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
292-бап. Арыз беру
1. Азамат және заңды тұлға мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) сотта дау айтуға құқылы. Жоғары тұрған органның, ұйымның, лауазымды адамның, комиссиялардың немесе омбудсменнің өтінішті қарауы заңда белгіленген жағдайларда азаматтың және заңды тұлғаның арызы сотқа жүгінудің осындай тәртібі сақталғаннан кейін беріледі.
Жеке қолданыстағы құқықтық актінің заңға сәйкессіздігіне, сондай-ақ, мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның әрекеттеріне наразылықты заңсыз актіні шығарған немесе заңсыз әрекеттерді жасаған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамай тастаған жағдайда прокурор актіні, іс-әрекетті заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.
2. Осы тараудың қағидалары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы істер бойынша арыздар сотта қарауға жатпайды.
3. Арыз сотқа осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық қағидалары бойынша беріледі. Аудандық соттардың соттылығына жатқызылған арыздар азаматтың тұрғылықты жері бойынша сотқа не әрекеттеріне дау айтылып отырған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің орналасқан жері бойынша сотқа берілуі мүмкін.
4. Арыз берушінің мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтер туралы хабардар болу негізі бойынша Қазақстан Республикасынан шетелге кетуіне рұқсат беруден бас тартуға кету туралы өтінішті қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде шешім қабылдаған органның орналасқан жері бойынша тиісті аудандық және оған теңестірілген сотта дау айтылады.
5. Прокурордың сотқа жүгінуі наразылық білдірілген жеке қолданыстағы құқықтық актінің қолданылуын сот қарағанға дейін тоқтата тұрады.