6. Сот орындаушысының мүлікті бағалауға байланысты, сондай-ақ мүлікті бағалау туралы есепті қабылдау не қабылдаудан бас тарту туралы әрекетіне осы бапта белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
251-бап. Шешiмдi орындаған кезде басқа тұлғалардың құқықтарының қорғалуы
1. Сот орындаушысы мүлiкке тыйым салу iсiн жүргiзу кезiнде мүлiктiң борышкерге немесе басқа тұлғаларға тиесiлi болуына қарамастан тыйым салудың күшiн жоюға негiз болып табылатын заң бұзушылыққа жол берген жағдайда, сот басқа да тұлғалардың мүлiкке тыйым салудың күшiн жою туралы арыздарын осы Кодекстiң 250-бабында көзделген тәртiппен қарайды. Мұндай арыздар тыйым салынған мүлiктi өткізгенге дейiн берiлуi мүмкiн.
Өндiрiп алу қолданылған мүлiктiң тиесiлiлігiне байланысты құқық туралы дауды басқа тұлғалар әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде немесе адамға бұл туралы белгілі болған күннен бастап мәлiмдеуі мүмкін. Мұндай талаптарды сот талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қарайды.
2. Меншiк иелерi немесе мүлiкке шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, жалға алу, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заңда немесе шартта көзделген өзге де негiз бойынша иелiк ететiн тұлғалар мүлiкті тыйым салудан босату (тізімдемеден алып тастау) туралы талап қоюлар бере алады.
3. Мүлiкті тыйым салудан босату туралы талап қоюлар борышкерге және өндiрiп алушыға беріледі.
4. Егер сот орындаушысы мүлiкке тыйым салуды тәркiлеуге жататын нәрселер көрсетілмеген, мүлiктi тәркiлеу туралы үкімді, қаулыны орындау шеңберінде жүргiзсе, сотталған адам және мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi тиiстi орган жауапкер ретiнде тартылады.
Талап қою талаптары негiздi деп танылған жағдайда, егер тәркiленуге тиiсті мүлiк мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi органда болса және ол оны сауда ұйымдарына, басқа ұйымдарға сату, қайта өңдеу үшiн не өтеусiз берілсе, онда осы мүлiк заттай түрде қайтарылуға жатады. Мұндай жағдайда мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi органнан басқа көрсетілген сауда ұйымдары және басқа да ұйымдар iске қатысуға тартылады. Егер осы ұйымдар тізімдемеден алып тасталуға тиісті мүлікті сатпаған болса, онда оларға мүлікті заттай түрінде қайтару жөнінде міндет жүктеледі.
5. Судья мүдделi тұлғалардың арызына қарамастан, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мән-жайларды анықтап, арызды осы Кодекстің осы бабында және 250-бабында белгіленген тәртіппен қараған кезде мүлікті тыйым салудан босатуға (тізімдемеден алып тастауға) міндетті.
6. Егер мүлiктi тәркiлеуге байланысты тыйым салу жүргiзiлген мүлiк өткізілген немесе қайта өңдеуге жiберiлген болса, арызды осы Кодекстің осы бабында және 250-бабында белгіленген тәртіппен қараған кезде талап қоюшыға мүлiктi өткізуден түскен сома өтеледi.
252-бап. Сот орындаушысының қаулысын санкциялау
1. Заңда белгіленген жағдайларда сот орындаушысы соттың санкциялауына жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулы шығарады. Қаулыда санкцияланатын әрекеттерді қабылдау қажеттілігін туғызған уәждер мен негіздер жазылуға тиіс.
2. Соттың санкциялауына жататын қаулыны сот орындаушысы сотқа ұсынады. Қаулыға санкцияланатын әрекеттерді қабылдаудың негізділігін растайтын атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса беріледі.
3. Сот орындаушысының қаулысын сот материалдар сотқа түскен күні қарауға тиіс.
4. Сот орындаушысының қаулысын және оған қоса берілген атқарушылық іс жүргізу материалдарын қарап, сот атқарушылық әрекеттерді жасауға санкция береді немесе санкция беруден бас тартады.
Санкция беру сот орындаушысының қаулысына судьяның қолымен расталатын «Санкциялаймын» деген сот мөртаңбасын қою арқылы жүзеге асырылады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда судья атқарушылық әрекеттерді жүргізуге санкция беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Электрондық құжат нысанында берілген сот орындаушысының қаулысына санкция беруді сот судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландыру арқылы жүзеге асырады. Санкция беруден бас тарқан жағдайда судья санкция беруден бас тарту туралы электрондық құжат нысанында уәжді ұйғарым шығарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы сот санкциялаған қаулысына осы Кодекстің 250-бабында көзделген қағидалар бойынша шағым жасалуы мүмкін.
Атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыға санкция беруден бас тарту туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
20-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДІ ОРЫНДАУ
253-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату
1. Егер төрелік шешiм онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, өз пайдасына төрелік шешім шығарылған төрелік талқылау тарапы (өндiрiп алушы) төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арызбен төреші дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Атқару парағын беру туралы арызға мыналар қоса беріледі:
1) төрелік шешімнің төлнұсқасы немесе көшiрмесi. Тұрақты жұмыс iстейтiн төрелік шешiмiнiң көшiрмесiн осы төреліктің басшысы растайды, төрелік шешімнің көшiрмесi нақты дауды шешу үшiн нотариатта куәландырылуға тиiс;
2) заңда белгiленген тәртiппен жасалған төрелік келiсiмнiң төлнұсқасы немесе нотариат растаған көшiрмесi.
3. Атқару парағын беру туралы арыз төрелік шешімді ерiктi түрде орындауға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешiктiрмей берiлуi мүмкiн.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Белгiленген мерзiм өткiзіп берілген, мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат және растайтын құжаттар қоса берілмеген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай қайтарады, бұл жөнінде ұйғарым шығарылады. Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
5. Сот аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арыздың мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.
6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес жұмыс күні iшiнде жеке-дара қарайды.
7. Сот өндiрiп алушының төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы түскен арызы, сондай-ақ оны сот отырысында қарау орны мен уақыты туралы борышкерге хабардар етеді. Өндiрiп алушы да оның арызын қараудың орны мен уақыты туралы хабардар етіледі. Егер борышкерден сот отырысына келе алмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтінішхат түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.
8. Сот төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде төрелік шешімді мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.
9. Сот арызды қараудың нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Соттың атқару парағын беру туралы ұйғарымы дереу орындалуға жатады.
254-бап. Атқару парағын беру
1. Сот төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстiң 241-бабының қағидалары бойынша берiледi.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған соттың ұйғарымына жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн.
255-бап. Атқару парағын беруден бас тарту
1. Сот, егер:
1) өзiне қарсы төрелік шешім қабылданған тарап сотқа:
төрелік келiсiмнің - тараптар оны көндірген мемлекеттің заңдары бойынша, ал мұндай нұқсау болмаған кезде - Қазақстан Республикасының заңдары бойынша жарамсыз болып табылатынына;
төрелік шешім төрелік келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының не төрелік келiсiмнiң шегінен шығатын мәселелер бойынша қаулылардан тұратынының, сондай-ақ даудың төреліктің ведомстволығына жатпайтыны салдарының;
төрелік келісім тараптарының біреуін соттың әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп танығанының;
өзiне қарсы шешiм шығарылған тарап төрешінің тағайындалуы туралы немесе төрелік талқылау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенінің немесе төрелікке сот дәлелді деп таныған басқа да себептермен өз түсiніктерiн бере алмағанының;
сол бір тараптардың арасындағы дау бойынша, сол бір нысана туралы және сол бір негiздер бойынша шығарылған, заңды күшiне енген соттың шешiмi немесе төрелік шешім не талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе төреліктің ұйғарымы болғанының;
заңды күшіне енген сот үкiмiмен анықталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудың нәтижесiнде төрелік шешімнің шығарылуы мүмкiн болғанының;
төреліктің құрамы немесе төрелік талқылау рәсімі заңның талаптарына сәйкес келмегенінің;
шешімнің әлі тараптар үшін міндетті болмағанының немесе оның күші жойылғанының немесе оның орындалуын заңына сәйкес ол шығарылған елдің соты тоқтата тұрғанының дәлелдемелерін ұсынса;
2) сот осы төрелік шешімді орындауға келтіру Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келетінін немесе өзі бойынша төрелік шешім шығарылған дау заңға сәйкес төрелік талқылау нысанасы бола алмайтынын анықтаса, төрелік шешiмді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
2. Егер төрелік келісімде қамтылатын мәселелер бойынша төрелік шешімді осындай келісімде қамтылмайтын мәселелер бойынша шешімдерден бөліп алу мүмкін болса, онда төрелік шешімнің төрелік келісімде қамтылған бөлігін мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тартылмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сот төрелік шешімді орындау туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады, оған осы Кодекске сәйкес жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
21-тарау. СЫРТТАЙ IС ЖҮРГIЗУ ЖӘНЕ СЫРТТАЙ ШЕШIМ ШЫҒАРУ
256-бап. Сырттай іс жүргізудің негіздері
1. Отырыстың уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған, келмей қалуының дәлелді себептерін хабарламаған және істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұрамаған жауапкер сот отырысына келмей қалған жағдайда, егер талап қоюшы бұған қарсы болмаса, іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
2. Іске бірнеше жауапкер қатысқан кезде, сот отырысына барлық жауапкерлер бір мезгілде келмей қалған жағдайда, іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
3. Егер сот отырысына келген талап қоюшы жауапкер жоқта істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға келіспесе, сот істі талқылауды кейінге қалдырады және жауапкерге жаңа сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлама жібереді. Тиісті түрде хабарландырылған жауапкер тағы да келмей қалған жағдайда, сот талап қоюшының пікіріне қарамастан, істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарайды.
4. Егер сот отырысына келмеген жауапкерден істі оның қатысуынсыз қарау туралы арыз келіп түссе, іс сырттай іс жүргізу тәртібімен емес, жалпы тәртіппен қаралуға жатады.
5. Сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады, ол істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қараудың негіздері көрсетіле отырып, сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
6. Талап қоюшы талап қоюдың нысанасын немесе негіздерін өзгерткен, талап қою талаптарын ұлғайтқан кезде сот істі осы сот отырысында сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға құқылы емес. Істі қарау талап қою арызын талап қоюдың өзгертілген нысанасымен немесе негізімен, талап қою тараптарының ұлғайтылған мөлшерімен бірге жауапкерге табыс ету үшін кейінге қалдырылады.
Жаңа сот отырысында іс осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген негіздер болған кезде сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
257-бап. Сырттай іс жүргізу тәртібі
Сот сырттай іс жүргізу тәртібімен істі қарау кезінде іске қатысатын адамдар берген дәлелдемелерді зерттейді, олардың дәлелдерін ескереді және сырттай шешім деп аталатын шешім шығарады.
258-бап. Сырттай шешімнің мазмұны
1. Сырттай шешімнің мазмұны осы Кодекстің 226-бабының қағидаларында айқындалады.
2. Сырттай шешімнің қарар бөлігінде жауапкердің осы шешімнің күшін жою туралы арыз беруінің мерзімі мен тәртібі көрсетілуге тиіс.
259-бап. Сырттай шешімнің көшірмесін салып жіберу
Сырттай шешімнің көшірмесі жауапкерге, сондай-ақ сот отырысына қатыспаған талап қоюшыға ол шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, оны алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып салып жіберіледі.
260-бап. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың мазмұны
1. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызда:
1) сырттай шешім шығарған соттың атауы;
2) арыз берген тараптың атауы;
3) жауапкердің сот отырысына дәлелді себептермен келмей қалуын куәландыратын мән-жайлар туралы мәліметтер және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер, сондай-ақ сырттай шешімнің мазмұнына ықпал етуі мүмкін дәлелдемелер;
4) арыз берген тараптың өтініші;
5) арызға қоса берілетін материалдардың тізбесі болуға тиіс.
2. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызға тарап немесе өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қояды және іске қатысатын адамдардың саны бойынша арыздың және оған қоса берілген материалдардың көшірмелерімен бірге сотқа ұсынылады.
261-бап. Соттың арыз қабылданғаннан кейінгі әрекеттері
Сот іске қатысатын адамдарға сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың қаралатын уақыты мен орны туралы хабарлайды, оларға арыздың және оған қоса берілген материалдардың көшірмелерін жібереді.
262-бап. Арызды қарау
1. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды сот ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде сот отырысында қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмей қалуы арызды қарауға кедергі болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сырттай шешімнің күшін жою туралы не сырттай шешімнің күшін жоюдан бас тарту туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
263-бап. Соттың өкілеттіктері
Сот сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды қарап, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы немесе сырттай шешімнің күшін жою және істі мәні бойынша соттың сол немесе өзге құрамында қайта қарау туралы ұйғарым шығарады.
264-бап. Сырттай шешімге шағым жасау
1. Жауапкер немесе оның өкілі өкілеттіктері болған кезде сырттай шешім шығарған сотқа осы шешімнің күшін жою туралы сырттай шешімнің көшірмелерін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде арыз беруге құқылы.
2. Осы Кодекстің 260-бабының бірінші бөлігіне сәйкес берілген арызды қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған күннен бастап бір ай ішінде жауапкер сырттай шешімге апелляциялық тәртіппен шағым жасауға құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сырттай шешiмге - осы шешiмнiң күшiн жою туралы арыз беру мерзiмi өткеннен кейін, ал егер арыз берілсе, осы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы сот ұйғарым шығарған күннен бастап бір ай ішінде іске қатысатын адамдар апелляциялық шағым беруі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
265-бап. Сырттай шешімнің күшін жоюдың негіздері
1. Егер сот жауапкердің:
1) сот талқылауының уақыты мен орны туралы хабарланған бола тұра сот отырысына дәлелді себептермен келмегенін;
2) сырттай шешімнің мазмұнына әсер етуі мүмкін дәлелдемелерді ұсынғанын куәландыратын мән-жайлардың жиынтығын анықтаса, сырттай шешімнің күші жойылуға жатады.
2. Жиынтығында осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздердің болмауы бірінші сатыдағы соттың сырттай шешімнің күшін жоюына мүмкіндік тудырмайды.
266-бап. Істі қарауды қайта бастау
1. Сот сырттай шешімнің күшін жою туралы ұйғарым шығарып, онымен істі мәні бойынша қарауды қайта бастайды.
2. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған жауапкер келмей қалған жағдайда, істі жаңадан қараған кезде сот шешімі сырттай шешім деп танылмайды. Жауапкер осы шешімнің күшін жою туралы қайта арыз беруге құқылы емес.
267-бап. Сырттай шешімнің заңды күші
Сырттай шешім осы Кодекстің 240-бабының бірінші бөлігінде белгіленген қағидалар бойынша күшіне енеді.
22-тарау. СОТ ҰЙҒАРЫМЫ
268-бап. Сот ұйғарымы және оны шығару тәртібі
1. Іс мәні бойынша шешілмейтін сот актісі ұйғарым нысанында шығарылады.
2. Сот ұйғарымды осы Кодекстің 223-бабында көзделген тәртіппен дербес процестік құжат түрінде шығарады.
3. Сот күрделі емес мәселелерді шешкен кезде сот отырысы залынан шықпай-ақ ұйғарым шығара алады. Ұйғарымның мазмұны туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
4. Ұйғарым не оның қарар бөлігі шығарылғаннан кейін дереу жарияланады. Ұйғарым түпкілікті нысанда шешімнің қарар бөлігі жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде дайындалуы мүмкін.
269-бап. Ұйғарымның мазмұны
1. Соттың кеңесу бөлмесінде шығаратын ұйғарымда:
1) ұйғарымның шығарылған күні мен орны;
2) ұйғарым шығарған соттың атауы, сот отырысындағы судьяның және хатшының тегі және аты-жөні;
3) іске қатысатын адамдар, даудың нысанасы немесе мәлімделген талап;
4) ұйғарым шығарылатын мәселе;
5) соттың өз түйіндерін шығару себептері және сот басшылыққа алған заңдарға сілтеме;
6) соттың процестік шешімі;
7) егер ұйғарымға шағым жасалуға болатын болса, оған шағым жасау тәртібі мен мерзімі көрсетілуге тиіс.
2. Сот отырысы залында сот шығаратын ұйғарым осы баптың бірінші бөлігінің 4), 5) және 6) тармақшаларында санамаланған мәліметтерді де қамтуға тиіс.
270-бап. Соттың жеке ұйғарымы
1. Заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
2. Қолданған шаралар туралы хабарламау өздеріне жеке ұйғарым жіберілген тұлғалардың сотты құрметтемегені үшін осы Кодекстің 119 және 120-баптарының талаптарына сәйкес әкімшілік жауаптылығына әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолдану тиісті тұлғаларды соттың жеке ұйғарымы бойынша қолданған шаралар туралы хабарлау міндетінен босатпайды.
3. Егер істі қарау кезінде сот тараптардың, процеске басқа да қатысушылардың, лауазымды немесе өзге де тұлғаның әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін тапса, ол бұл туралы прокурорға хабарлайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Жеке ұйғарымға мүдделерiне оның қатысы бар тұлғалар осы Кодекстiң 429-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген тәртiппен жеке шағым беруі және прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
271-бап. Іске қатысатын адамдарға сот ұйғарымының көшірмелерін салып жіберу
Іске қатысатын, сот отырысына келмеген тараптар мен басқа да тұлғаларға іс бойынша іс жүргізудің тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы туралы не арыздың қараусыз қалдырылуы туралы сот ұйғарымының көшірмелері оны алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып ұйғарым түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей салып жіберіледі.
23-тарау. ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУДІ ТОҚТАТА ТҰРУ
272-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру міндеті
1. Сот:
1) егер даулы құқықтық қатынас құқық мирасқорлығына жол беретін болса, азамат қайтыс болған немесе заңды тұлға қайтадан ұйымдастырылған, таратылған;
2) азамат заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған;
3) жауапкер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында болған немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында жүрген талап қоюшы өтініш берген;
4) азаматтық, қылмыстық немесе әкiмшiлік сот iсiн жүргiзуде қаралып жатқан басқа істің шешілуіне дейін бұл істі қараудың мүмкіндігі болмаған;
5) егер ол осы іс бойынша қолданылуға тиіс заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтындығын байқаған және осы актінің конституцияға сәйкес еместігін тану туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жасаған, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің басқа соттың бастамашылығымен осы іс бойынша қолданылуға тиісті нормативтік құқықтық актінің конституцияға сәйкес келетіндігін тексеріп жатқандығы белгілі болған;
6) құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмамен шет мемлекеттің сотына өтініш жасаған;
7) тараптар медиатормен медиация жүргізу туралы шарт жасасқан жағдайларда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті. Медиацияны жүргізу мерзімін ұзартқан кезде тараптар бұл туралы бірлескен жазбаша хабарламамен сотқа хабарлауға тиіс;
8) бала туралы дауға байланысты іс бойынша соттың заңсыз
түрде Қазақстан Республикасына алып өткен немесе Қазақстан Республикасында ұсталып отырған баланы қайтару туралы немесе егер бала Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көрсетілген, осы балаға қатысты қолданылуға жатпайтын жасқа толмаған болса, балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт негізінде берілген арызды іс жүргізуге қабылдау туралы сот ұйғарымының көшірмелері келіп түскен жағдайларда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті.
273-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру құқығы
Сот:
1) тарап Қазақстан Республикасының Қарулы К үштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында шақыру бойынша әскери қызметте болған немесе ол басқа да мемлекеттік міндетті орындау үшін тартылған;
2) заңды тұлғалар өкілдерінің іске қатысатын жағдайларын қоспағанда, тарап істі қарау мерзімінен асатын уақытта қызметтік іссапарда болған;
3) заңды тұлға өкілдерінің іске қатысатын жағдайларын қоспағанда, тарап медициналық ұйымда стационарлық емдеуде болған;
4) қаралып жатқан іс бойынша құқықтық көмек көрсету туралы сотқа тапсырылған өтініш;
5) бала асырап алу туралы істер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган асырап алушылардың тұрмыс жағдайын зерттеуді тағайындаған;
6) сот сараптама тағайындаған;
7) сотта медиация жүргізілген немесе партисипативтік рәсім жүргізілген;
8) осы Кодекстің 133-бабында көзделген жағдайларда жауапкер және (немесе) бала іздестіруде болған жағдайларда іске қатысатын адамдардың арызы бойынша немесе өз бастамасымен іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұра алады.
274-бап. Іс жүргізуді тоқтата тұру мерзімдері
Іс бойынша іс жүргізу:
1) осы Кодекстің 272-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда - шығып қалған тұлғаның құқық мирасқоры анықталғанға немесе әрекетке қабілетсіз тұлғаға қорғаншы тағайындалғанға дейін;
2) осы Кодекстің 272-бабының 3) тармақшасында және 273-бабының 1), 2), 3), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда - тарап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамында болуын тоқтатқанға дейін, ол мемлекеттік міндетті орындауды аяқтағанға дейін, қызметтік іссапардан оралғанға дейін, емдеу мекемесінен шыққанға немесе сырқатынан айыққанға дейін, сарапшының қорытындысын немесе қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қорытындысын сотқа табыс еткенге дейін, жауапкерді іздестіргенге дейін;
3) осы Кодекстің 272-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда - соттың шешімі, үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгенге дейін;