Қазыналық кәсiпорынның ақшалай қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда, оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.
2. Мекеменің жауапкершiлiгi осы Кодекстiң 44-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен туындайды.
208-бап. Мекеменi меншiктену құқығының ауысуы
Мекеменi меншiктену құқығы басқа адамға ауысқан кезде бұл мекеме өзiне тиесiлi мүлiкке оралымды билiк жүргiзу құқығын сақтап қалады.
11-тарау. Ортақ меншік
ҚР 02.03.98 ж. № 211; ҚР 07.07.04 ж. № 577-II Заңдарымен 209-бап толықтырылды
209-бап. Ортақ меншiк ұғымы мен оның пайда болу негiздерi
1. Екi немесе бiрнеше адамның меншiгіндегі мүлiк оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Мүлiк меншiк иелерiнiң әрқайсысының меншiк құқығындағы үлестерi белгiлене отырып (үлестiк меншiк) немесе ондай үлестер белгiленбей (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.
3. Мүлiкке ортақ меншiк үлестiк меншiк болып табылады, бұған мүлiкке ортақ меншiк құру заңда көзделген реттер қосылмайды.
4. Ортақ меншiк екi немесе бiрнеше адамның меншiгiне мүлiк түскен кезде пайда болады, оны өзiнiң мақсаты өзгертiлмейiнше бөлуге болмайды (бөлiнбейтiн заттар), өйткенi ол заңға сәйкес бөлiнуге жатпайды. Бөлiнетiн мүлiкке ортақ меншiк заң құжаттарында немесе шартта көзделген реттерде пайда болады.
5. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың келісімi бойынша, ал келісімге қол жетпеген жағдайда - сот шешiмi бойынша ортақ меншiкке осы адамдардың үлестi меншiгi белгiленуi мүмкiн.
6. Жылжымайтын мүлiкке меншiк кондоминиум нысанында пайда болуы мүмкiн, бұл жағдайда жылжымайтын мүлiктiң жекелеген бөлiктерi азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың дара (бөлек) меншiгiнде болады, ал жылжымайтын мүлiктiң бөлек меншiкте емес бөлiктерi ортақ үлестiк меншiк құқығымен жылжымайтын мүлiк бөлiктерiнiң иелерiне тиесiлi болады.
Әрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесi оның жылжымайтын мүлiктiң өзiне тиесiлi бөлiгiне бөлек меншiгiнен ажырағысыз.
Әрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесiнiң мөлшерi мен оны ұстауға арналған шығындарға қатысу дәрежесi, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жылжымайтын мүлiктiң дара (бөлек) меншiктегi бөлiктерiнiң мөлшерiне байланысты болады.
Кондоминиумның әр алуан түрлерiнiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерi заң актілерімен айқындалуы мүмкiн.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Инвестициялық пай қорының активтерiне ортақ үлестiк меншiктiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заң актiсiмен айқындалады.
210-бап. Үлестiк меншiк құқығындағы үлестi анықтау
1. Егер үлестi меншiкке қатысушылар үлестерiнiң мөлшерi заң құжаттары негiзiнде анықталуы және оған барлық қатысушылардың келісімiмен белгiленуi мүмкiн болмаса, үлестер тең деп саналады.
2. Үлестi меншiкке барлық қатысушылардың келісімiмен олардың әрқайсысының ортақ мүлiктi құру мен көбейтуге қосқан салымдарына қарай қатысушылардың үлестерiн анықтау мен өзгерту тәртібі белгiленуi мүмкiн.
211-бап. Үлестi меншiкке қатысушының оны жақсартуға байланысты құқықтары
1. Ортақ мүлiктi пайдаланудың белгiленген тәртібін сақтай отырып, оны бөлмей жақсартуды өз есебiнен жүзеге асырған үлестi меншiк қатысушысының ортақ мүлiкке құқықтағы өз үлесiн тиiсiнше ұлғайтуға құқығы бар.
2. Ортақ мүлiктi бөлiп алып жақсарту, егер үлестi меншiкке қатысушылардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, оны жасаған қатысушының меншiгiне түседi.
212-бап. Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету
1. Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету оның барлық қатысушыларының келiсуiмен жүзеге асырылады.
2. Үлестi меншiкке әрбiр қатысушы өзiнiң үлесiн өз қалауы бойынша сатуға, сыйға тартуға, өсиет етуге, кепiлге беруге, не осы Кодекстiң 216-бабында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
213-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану
1. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану оның барлық қатысушыларының келiсуiмен, ал келісімге келмеген жағдайда - сот белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Үлестi меншiктiң әрбiр қатысушысы ортақ мүлiктiң өз үлесi мөлшерiне тең бөлiгi өзiнiң иеленуiне және пайдалануына берiлуiне құқылы, ал бұл мүмкiн болмаған жағдайда - өз үлесiне тиесiлi мүлiктi иеленетiн және пайдаланатын басқа қатысушылардан тиiстi ақша сомасын немесе өзге де өтем төлеудi талап етуге құқылы.
214-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi пайдаланудан алынатын жемiстер, өнiмдер мен табыстар
Үлестi меншiктегi мүлiктi пайдаланудан алынатын жемiстер, өнiмдер мен табыстар ортақ мүлiктiң құрамына келiп түседi. Жемiстiң, өнiм мен табыстың одан кейiнгi бөлiнуi, үлестi меншiктiң қатысушылары арасында, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, олардың үлестерiне сәйкес жүргiзiледi.
215-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi күтiп ұстауға байланысты шығындар
Үлестi меншiктiң әрбiр қатысушысы ортақ мүлiк бойынша өз үлесiне сәйкес салықтар, алымдар және өзге де төлемдер төлеуге, сондай-ақ оны күтiп ұстау мен сақтауға байланысты шығындарға қатысуға мiндеттi.
2007.07.08 № 321-III Заңымен 216 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
216-бап. Сатып алудың басым құқығы
1. Үлестi меншiк құқығындағы үлестi бөгде адамдарға сату кезiнде сатылатын үлестi оның сатылатын бағасы бойынша және жария саудаға салып сату реттерiнен басқа тең жағдайларда үлестi меншiктiң қалған қатысушыларының сатып алуға басым құқығы болады.
Үлестi меншiкке барлық қатысушылардың келісімi болмаған жағдайда үлестi меншiк құқығындағы үлестi сату үшiн жария саудаға салу осы Кодекстiң 222-бабының 2-тармағында көзделген реттерде және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Үлесiн сатушы оның сату бағасын және оны сатудың басқа да шарттарын көрсете отырып, үлестi меншiктiң басқа қатысушыларына өз үлесiн бөтен адамға сату ниетi туралы жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi. Егер үлестi меншiктiң басқа қатысушылары сатып алудан бас тартса немесе қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығындағы сатылатын үлестi бiр ай iшiнде, ал басқа мүлiк жөнiнен - хабар алған күннен бастап он күн iшiнде сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген адамға сатуға құқылы.
3. Үлес сатып алудың басым құқығы бұзыла отырып сатылған жағдайда үлестi меншiктiң кез келген басқа қатысушысы үш айдың iшiнде сотта өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды талап етуге құқылы.
4. Үлестi сатып алудың басым құқығын басқа бiреуге беруге рұқсат етiлмейдi.
5. Осы баптың ережелерi айырбас шарты бойынша үлестi иелiктен айыру кезiнде де қолданылады.
6. Осы баптың ережелері стратегиялық объектілерді иеліктен шығару жағдайларына қолданылмайды.
217-бап. Үлестi меншiк құқығындағы үлестiң шарт бойынша сатып алушыға ауысатын кезi
Үлестi меншiк құқығындағы үлес, егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, шарт жасасқан кезден бастап шарт бойынша сатып алушыға ауысады.
Мемлекеттік тiркеуге немесе нотариат куәландыруға тиiстi шарт бойынша үлестi меншiк құқығындағы үлестiң ауысатын кезi осы Кодекстiң 238-бабының 2-тармағына сәйкес белгiленедi.
218-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктiң бөлiнуi және одан үлестi бөлiп шығару
1. Үлестi меншiктегi мүлiк оған қатысушылар арасындағы келісім бойынша өздерiнiң арасында бөлiнуi мүмкiн.
2. Үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн бөлiп шығаруды талап етуге құқылы.
3. Үлестi меншiкке қатысушылар ортақ мүлiктi бөлу немесе бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығарудың әдiстерi мен шарттары жөнiнде келісімге келе алмаған жағдайда үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн заттай бөлiп берудi талап етуге құқылы.
Егер үлестi заттай бөлiп беруге заң құжаттарында жол берiлмесе немесе ол ортақ меншiктегi мүлiкке шамадан тыс залал келтiрмейiнше мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығушы меншiк иесi үлестi меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетуге құқылы.
4. Осы бап негiзiнде үлестi меншiктiң қатысушысына заттай бөлiп берiлетiн мүлiктiң меншiк құқығындағы оның үлесiне сәйкессiздiгi тиiстi ақша сомасын немесе өзге өтем төлеу арқылы жөнге келтiрiледi.
Басқа меншiк иелерiнiң үлестi меншiкке қатысушыға оның үлесiн заттай бөлiп берудiң орнына өтем төлеуiне қатысушының келiсуiмен жол берiледi. Тиiстi меншiк иесiнiң үлесi шамалы болып, нақты бөлiп шығару мүмкiн болмай және ол ортақ мүлiктi пайдалануға онша мүдделi болмаса, сот бұл меншiк иесiнiң келісімi болмаған күнде де үлестi меншiкке қатысушыларды оған өтем төлеуге мiндеттей алады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес өтем алғаннан кейiн меншiк иесi ортақ мүлiктегi үлеске құқығын жоғалтады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында жазылған қағидалар бойынша ортақ мүлiктi бөлу немесе одан үлестi бөлiп шығару мүмкiн болмаған кезде сот мүлiктi жария сауда-саттықта сату, одан түскен соманы кейін ортақ меншiкке қатысушылар арасында олардың үлестерiне мөлшерлес бөлiп беру туралы шешiм қабылдайды.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 219-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
219-бап. Ортақ бiрлескен меншiк
1. Ортақ бiрлескен меншiк:
1) ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi;
2) шаруа қожалығы мүшелерінің ортақ меншігі;
3) жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк түрiнде болады.
2. Заң құжаттарында ортақ бiрлескен меншiктiң басқа да түрлерi көзделуi мүмкiн.
3. Ортақ бiрлескен меншiк, егер оған қатысушылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, тағайындалады және қолдануда болады.
220-бап. Бiрлескен меншiктегi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету
1. Бiрлескен меншiкке қатысушылар, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, ортақ мүлiктi бiрлесiп иеленедi және пайдаланады.
2. Мүлiкке билiк ету жөніндегі мәмiленi қатысушылардың қайсысы жасағанына қарамастан бiрлескен меншiктегi мүлiкке билiк ету барлық қатысушылардың келісімi бойынша жүзеге асырылады.
3. Егер барлық қатысушылардың келісімiнен өзгеше туындамайтын болса, бiрлескен меншiкке қатысушылардың әрқайсысы ортақ мүлiкке билiк ету жөнiнде мәмiлелер жасасуға құқылы. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың бiреуi ортақ мүлiкке билiк етуге байланысты жасаған мәмiле басқа қатысушылардың талап етуiмен мәмiле жасаған қатысушының қажеттi өкiлеттiгi болмады деген себеппен мәмiледегi екiншi тарап бұл жөнiнде бiлгенi немесе көпе-көрiнеу бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген ретте ғана жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Нотариаттың куәландыруын немесе мемлекеттік тiркеудi керек ететiн мәмiлелер жасасу кезiнде бiрлескен мүлiкке басқа қатысушылардың мәмiле жасауға келісімi нотариалдық тәртiппен расталуға тиiс.
4. Егер осы Кодексте немесе өзге де заң құжаттарында бiрлескен меншiктiң жекелеген түрлерi үшiн өзгеше белгiленбесе, осы баптың 1-3-тармақтары қолданылады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 221-бап өзгертiлдi
221-бап. Бiрлескен меншiктегi мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару
1. Ортақ меншiктi бiрлескен меншiкке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығару қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүлiкке құқығындағы үлесi алдын ала анықталған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Ортақ мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару кезiнде, егер заң актілерімен немесе қатысушылардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, олардың үлестерi тең деп танылады.
3. Ортақ мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару негiздерi мен тәртібі осы Кодекстiң 218-бабының ережелерiмен белгiленедi, өйткенi ол осы Кодекспен, басқа да заң құжаттарымен бiрлескен меншiктiң жекелеген түрлерi үшiн өзгеше белгiленбеген және бiрлескен меншiкке қатысушылар қатынастарының мәнiнен туындамайды.
222-бап. Ортақ мүлiктегi үлестен ақы өндiрiп алу
1. Үлестi немесе бiрлескен меншiкке қатысушыға несие берушi қатысушыда басқа мүлiк жеткiлiксiз болған жағдайда борышқордың ортақ мүлiктегi үлесiн одан ақы өндiрiп алу үшiн бөлiп беру туралы талап қоюға құқылы.
2. Ортақ меншiктiң өзге қатысушылары борышқордың үлесiн сатып алудан бас тартқан реттерде несие берушi борышқордың ортақ меншiк құқығындағы үлесiн жария саудаға салу жолымен осы үлестен сот арқылы ақы өндiрiп алуға талап етуге құқылы.
3. Егер мұндай жағдайда үлестi заттай бөлiп шығару мүмкiн болмаса, не үлестi немесе бiрлескен меншiктiң қалған қатысушылары бұған қарсылық бiлдiрсе, несие берушi борышқордан өз үлесiн ортақ меншiктiң өзге қатысушыларына осы үлестi нарықтық құнына сәйкес бағамен сатып, сатудан түскен қаражатты борышты өтеуге салуды талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 223-бап өзгертiлдi
223-бап. Ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi
1. Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкi, егер бұл мүлiк ерлi-зайыптылардың үлестi меншiгi болатыны, не олардың әрқайсысына тиесiлi немесе меншiк құқығында тиiстi бөлiктерде ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады.
2. Ерлi-зайыптылардың некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың некеде тұрған кезiнде сыйға тартылған немесе мұрагерлiк тәртiппен алған мүлкi олардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.
Қымбат бағалы және басқа әсемдiк заттарын қоспағанда, жеке пайдаланудағы заттар (киім-кешек, аяқ киім және т.б.), некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражатына сатып алынғанымен, оларды пайдаланған жұбайдың меншiгi деп танылады.
Егер некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнiң есебiнен сол мүлiктiң құнын едәуiр арттырған қаражат жұмсалғаны (күрделi жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және т.б.) анықталса, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен меншiгi деп танылуы мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша жаза өз меншiгіндегі мүлiкке ғана, сондай-ақ бұл мүлiктi бөлiсу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрiне тиесiлi болатын ортақ мүлкіндегі өз үлесiне ғана қолданылуы мүмкiн.
4. Ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiк құқықтарының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңдарымен белгiленедi.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 224-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
224-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының меншігi
1. Шаруа қожалығының мүлкі, егер оның мүшелерінің арасындағы шартта өзгеше белгіленбесе, оларға бірлескен меншік құқығында тиесілі болады.
Бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестік нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығының мүлкі оның мүшелеріне ортақ үлестік меншік құқығында тиесілі болады.
Өзіндік кәсіпкерлікке негізделген фермер қожалығының мүлкі оған жеке меншік құқығында тиесілі болады.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің меншігінде жер учаскелері, жер учаскесіндегі екпелер, оның ішінде жеке орман қорындағы екпелер, еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда өсіріліп, ұсталатын жабайы жануарлар, шаруашылыққа арналған және өзге де қора-қопсылар, мелиорациялық және басқа да құрылыстар, өнім беретін және жегін мал, құс, ауыл шаруашылығына арналған және өзге де техника мен жабдықтар, көлік құралдары, құрал-саймандар және қожалық мүшелері берген және (немесе) қожалық үшін оның мүшелерінің ортақ қаражатына сатып алынған басқа да мүлік болуы мүмкін.
3. Шаруа немесе фермер қожалығының қызметі нәтижесінде алынған жемістер, өнім мен кірістер шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің ортақ мүлкі болып табылады және олардың арасында келісім бойынша пайдаланылады.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 225-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
225-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының мүлкiн бөлу
1. Барлық мүшелерiнiң шығып кетуiне байланысты немесе өзге де негiздер бойынша шаруа немесе фермер қожалығы тоқтатылған жағдайда ортақ мүлiк осы Кодекстiң 218 және 221-баптарында көзделген ережелер бойынша бөлiнуге тиiс.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң бiрi одан шыққан кезде, шаруашылықтың өндiрiс құрал-жабдықтары бөлiнуге жатпайды. Қожалықтан шыққан адамның бұл мүлiкке ортақ меншiктегi өз үлесiне сәйкес ақшалай өтем алуға құқығы бар.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде бiрлескен меншiк құқығындағы шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қожалық мүлкiне үлестерi тең деп танылады.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 226-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
226-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын шаруашылық серiктестiгi немесе кооператив етiп қайта құрған кездегi мүлiктiң құқықтық режимi
1. Қожалық мүлкi негiзiнде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi шаруашылық серiктестiгiн немесе өндiрiстiк кооператив құруы мүмкiн. Қайта құрылған мұндай шаруа немесе фермер қожалығының заңды тұлға ретінде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi өзiне салымдар және басқа жарналар түрiнде берген мүлiктiң, сондай-ақ оның қызметi нәтижесiнде алынған және заңдарға қайшы келмейтiн өзге де негiздер бойынша сатып алынған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
2. Шаруа немесе фермер қожалығының серiктестiкке қатысушылары немесе кооператив мүшелерi болып табылатын мүшелерi салымдарының мөлшерi осы Кодекстiң 218-бабында немесе 225-бабының 3-тармағында көзделген тәртiп бойынша белгiленетiн шаруа немесе фермер қожалығының мүлкiне ортақ меншiк құқығындағы өз үлестерiн негiзге ала отырып белгiленедi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен ; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 227-бап өзгертiлдi
227-бап. Жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк
Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік және тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес жалдаушы сатып алған немесе тегiн алған мемлекеттік тұрғын үй қорының үйіндегі тұрғын жай, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жалдаушының және онымен бiрге тұрақты тұратын отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде кәмелетке толмаған және уақытша тұрмайтын мүшелерiнiң бiрлескен меншiгiне көшедi.
Жекешелендiрiлген тұрғын үйге бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi тұрғын үй қатынастары туралы заң актілерінде белгiленедi.
12-тарау. Бірлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк)
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 228-бап өзгертiлдi
228-бап. Жай серiктестiк
1. Жай серiктестiк бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде құрылады.
Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) бойынша тараптар табыс табу немесе заңға қайшы келмейтiн өзге де мақсатқа қол жеткізу үшiн бiрлесiп әрекет жасауға мiндеттенедi.
Жай серiктестiк заңды тұлға болмайды.
2. Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) азаматтардың, азаматтар мен заңды тұлғалардың арасында, заңды тұлғалар арасында жасалады (консорциум).
3. Жай серiктестiк қатысушыларының бiрлескен қызметi туралы шартқа байланысты мiндеттемелерi, егер бiрлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, үшiншi жақтар алдында ортақ болып табылады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 229-бап жаңа редакцияда
229-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ iстерiн жүргiзу
Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың ортақ iстерiн жүргiзу олардың ортақ келісуі бойынша жүзеге асырылады. Өзара келісу бойынша олар бірлескен қызметке басшылық етудi және ортақ iстердi жүргiзудi, бұл жағдайда шартқа қалған қатысушылар берген сенімхат негiзiнде әрекет ететін қатысушылардың бiрiне немесе осы Кодекстің 823-бабында және Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасында көзделген жағдайларда үшінші тұлғаға тапсыра алады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 230-бап
230-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi
1. Бiрлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар өз мақсаттарына жету үшiн жарналарын ақшалай немесе басқа мүлiкпен, не еңбек үлесi арқылы қосады.
2. Шартқа қатысушылардың ақшалай немесе өзге де мүлiктiк жарналары, сондай-ақ олардың бiрлескен қызметi нәтижесiнде жасалған немесе сатып алынған мүлiк олардың ортақ үлестi меншiгi болып табылады.
3.алынып тасталды
4. Шартқа қатысушылардың мүлкiне осы Кодекстiң ортақ үлестi меншiк туралы қалыптары қолданылады, егер осы тараудың нормаларында өзгеше көзделмесе, басқа заң актілерімен немесе бiрлескен қызмет туралы шартпен.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 231-бап өзгертiлдi
231-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ шығындары мен залалдары
Бiрлескен қызметi бойынша ортақ шығындарды және соның нәтижесiнде пайда болған залалдарды жабу тәртібі қатысушылардың шартымен белгiленедi. Егер шартта мұндай тәртiп көзделмесе, ортақ шығындар мен залалдар шартқа қатысушылардың ортақ мүлкi есебiнен жабылады, ал жетпей қалған сомалар олардың арасында осы мүлiктегi үлестерiне қарай бөлiнiп салынады.
232-бап. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру және қатысудан бас тарту
1. Бiрлескен қызметке қатысу құқығын беру бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушылардың келісімiмен ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Бiрлескен қызмет туралы шартқа (жай серiктестiк шартына) қатысушы өз қалауы бойынша бiрлескен қызметке қатысудан бас тартуға құқылы.
3. Бiрлескен қызметке қатысушылардың қайсы бiреуiнiң қатысудан бас тартуы салдарынан келтiрiлген залалдар, егер бiрлескен қызмет туралы шартта (жай серiктестiк шартында) өзгеше көзделмесе, толық көлемiнде өндiрiлiп алынады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 233-бап өзгертiлдi
233-бап. Консорциум
1. Консорциум - бiрлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негiзiнде заңды тұлғалар нақты шаруашылық мiндеттерiн шешу үшiн белгiлi бiр ресурстарды бiрiктiрiп, күш-жiгердi үйлестiретiн ерiктi түрде тең құқықты уақытша одақ (бiрлестiк).
2. Консорциумға қатысушылар өздерiнiң шаруашылық дербестiгiн сақтап қалады және басқа консорциумдардың, қауымдастықтардың қызметiне қатыса алады.
Консорциумға қатысушылардың арасындағы қатынастар шарт негiзiнде құрылады.
3. Консорциумды басқару консорциумға қатысушылардың консорциалдық келісімiне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Консорциумға қатысушылар, егер консорциалдық келісімде өзгеше ескертiлмесе, консорциум қызметiне байланысты мiндеттемелер бойынша ортақ жауапты болады.
5. Консорциум өз қызметiн алдына қойған мiндеттерiн орындағаннан кейiн немесе оған қатысушылардың шешiмi бойынша тоқтатады.
234-бап. Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi туралы ережелер
Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi осы Кодекске Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
13-тарау. Меншік құқығына және өзге де заттық құқықтарға ие болу
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 235-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
235-бап. Меншiк құқығына ие болу негiздерi
1. Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншiк құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиедi.
Мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған жемiстерге, өнiмге, табысқа меншiк құқығы осы Кодекстiң 123-бабына сәйкес алынады.
2. Меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлiктi иелiктен айыру туралы өзге мәмiленiң негiзiнде ие болуы мүмкiн.
Азамат қайтыс болған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы өсиетке немесе заңға сәйкес мұрагерлiк бойынша басқа адамдарға көшедi.
Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорларына заңды тұлғаларға көшедi (осы Кодекстiң 46-бабы).
Меншiк иесiнiң мүлкiн меншiк иесiнiң еркiнен тыс басқа тұлғаға беруге осы Кодексте көзделгеннен басқа реттерде жол берiлмейдi.
3. Осы Кодексте көзделген реттер мен тәртiп бойынша тұлға меншiк иесi жоқ мүлiкке, меншiк иесi белгiсiз мүлiкке, не меншiк иесi бас тартқан немесе өзге негiздер бойынша ол меншiк құқығын жоғалтқан мүлiкке меншiк құқығын алу мүмкiн.