Сот талқылауының мерзімін ұзарту туралы ұйғарым прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қарауға жатпайды.
Егер тараптың бұрын білдірілген келісімді қайтарып алу туралы өтінішхаты келіп түссе, сот ауызша талқылауға көшеді.
Егер бұл істі дұрыс шешу үшін қажет болса, сот өз қалауы бойынша ауызша талқылауға көшуге құқылы.
2. Жазбаша талқылау тәртібімен әкімшілік іс ауызша талқылауды жүргізбестен қаралады.
3. Әкімшілік іс осындай тәртіппен қаралған кезде сот тараптар ұсынған және өз бастамасы бойынша талап етілген дәлелдемелерді зерттейді және олар бойынша шешім қабылданады.
4. Жазбаша талқылау кезінде сот қосымша сол мерзім ішінде өтінішхаттар мен құжаттарды ұсынуға болатын мерзімді тағайындайды.
149-бап. Дәлелдемелерді зерттеу ерекшеліктері
1. Дәлелдемелерді зерттеу, дәлелдеу нысанасы мен шектері жазбаша іс жүргізудің сипаты мен осы бапта белгіленген ерекшеліктері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің нормаларында белгіленеді.
2. Әкімшілік процестің тараптары жазбаша дәлелдемені ұсынған адамдарды қоспағанда, мұндай дәлелдеменің қатыстылығына, жарамдылығына және анықтығына дау айтуға құқылы.
3. Сот жазбаша талқылауда, егер бұл әкімшілік істің тез шешілуіне ықпал етсе, ауызша талқылау үшін көзделген дәлелдемелерді жинау (ұсыну) және зерттеу үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген қағидаларды сақтаудан ауытқуға құқылы.
Сот жеке процестік әрекетті жасау немесе процестік мәселені шешу үшін ауызша сот отырысын тағайындауы мүмкін.
Мұндай сот отырысы жазбаша талқылаудың мәні жол беретін шамада ауызша сот талқылауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Бұл ретте сот қажетті ақпарат пен дәлелдемелерді жазбаша нысанда ұсынуды талап ете алады.
Қажетті ауызша сот талқылауын өткізгеннен кейін жазбаша іс жүргізуді одан әрі жүзеге асыру қосымша ұйғарымдар шығарылмастан жалғасады.
150-бап. Жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралатын әкімшілік іс бойынша шешім
Жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралған әкімшілік іс бойынша шешім осы Кодекстің 24-тарауында белгіленген және жазбаша іс жүргізу мәніне сәйкес келетін қағидалар ескеріле отырып қабылданады және оған апелляциялық және кассациялық тәртіптермен шағым жасалуы мүмкін.
24-тарау. СОТТЫҢ ШЕШІМІ
151-бап. Соттың шешімін шығару
1. Сот дауды мәні бойынша шешетін сот актісі шешім нысанында шығарылады. Шешім қысқаша нысанда шығарылуы мүмкін.
2. Шешім әкімшілік істі талқылаудан кейін шығарылады және ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады. Айрықша жағдайларда әкімшілік істің күрделілігі ескеріле отырып соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей дайындалады.
3. Шешімді шығару күні мыналар болып табылады:
ауызша іс жүргізу үшін - әкімшілік іс бойынша шешім жарияланған күн;
жазбаша іс жүргізу үшін - соттың шешімінде көрсетілген күн.
152-бап. Шешімнің мазмұны
1. Сот әкімшілік істің мән-жайларын тікелей зерттеу нәтижелеріне негізделген өзінің ішкі сенімінің негізінде шешім шығарады. Шешім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
2. Соттың шешімі кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.
3. Соттың шешімін түсіндіру туралы мәселені қоспағанда, сот шешімінің кіріспе, сипаттау және қарар бөліктерінің мазмұны, сондай-ақ олардағы анық қате жазулар мен арифметикалық қателерді түзету, қосымша шешім шығару тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес айқындалады.
Шешімнің қарар бөлігінде сот осы Кодекстің 127-бабының бесінші және тоғызыншы бөліктерінде белгіленген талаптарды ескере отырып және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны орындамаудың құқықтық салдарларының басталғаны туралы көрсетеді.
4. Сот шешімінің уәждеу бөлігі мыналарды қамтиды:
1) даудың мән-жайлары;
2) талап қою талаптары мен олардың негіздемелері;
3) сот өз шешімін негіздейтін дәлелдемелер;
4) соттың қандай да бір дәлелдемелерді қабылдамауының дәлелдері;
5) сот әкімшілік процеске қатысушылар дәлелдерінің әрқайсысымен неліктен келіспейтіндігінің негіздемесі;
6) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары;
7) мәлімделген талаптардың әрқайсысы бойынша соттың қорытындылары.
Жауапкер талап қоюды таныған жағдайда уәждеу бөлігінде талап қоюдың танылғаны және соттың оны қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін.
Соттың шешімі жазбаша нысанда шығарылады және оған судья қол қояды.
153-бап. Қысқаша шешім
1. Қысқаша шешім кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.
Шешімнің уәждеу бөлігінде дәлелдемелер олардың мазмұнын ашпай, санамалап көрсетілуі мүмкін.
2. Талап қоюшының дәлелдерімен немесе ол ұсынған дәлелдеменің қабылданбауымен келіспеген кезде сот, егер онда жазылған негіздерді түпкілікті деп есептесе, шағымды сотқа дейінгі қарау нәтижелері бойынша шешімге сілтеме жасауға ғана құқылы.
3. Сот тараптардың өтінішхаты бойынша, бірақ соттың қысқаша шешімі табыс етілген кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шешімді дайындауға міндетті. Толық шешімнің мәтіні осындай өтінішхат келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады.
154-бап. Шешімнің заңдылығы және негізділігі
1. Соттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс.
2. Соттың шешімі, егер ол заңның барлық талаптарын сақтай отырып және заңның негізінде шығарылса, заңды болып танылады.
3. Егер шешім сотқа ұсынылған дәлелдемелерді сот отырысында жан-жақты және объективті зерттеу негізінде шығарылса, ол негізді болып танылады.
155-бап. Шешім шығару кезінде сот шешетін мәселелер
1. Сот шешім шығару кезінде дәлелдемелерді бағалайды және қандай мән-жайлар анықталғанын, осы әкімшілік іс бойынша қандай құқықтық акт қолданылуға тиіс екенін және талап қоюдың қанағаттандыруға жататынын-жатпайтынын айқындайды. Егер әкімшілік істе бірнеше талап қойылса, онда сот барлық талаптар бойынша шешім шығарады.
2. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асырған кезде сот Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерден асқанын-аспағанын және әкімшілік қалауды жүзеге асыру осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келетінін-келмейтінін де тексереді.
3. Әкімшілік актіні немесе оның бір бөлігін заңсыз деп тану, егер соттың шешімінде өзгеше көрсетілмесе, оның күшін жоюға, сондай-ақ одан не оның бір бөлігінен туындайтын барлық заңды салдарлардың күшін жоюға алып келеді.
4. Сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
5. Шешімде сол мерзім ішінде соттың шешімі орындалуға тиісті мерзім көрсетіледі.
156-бап. Дау айту туралы талап қою бойынша шешім
1. Егер талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіге дау айту туралы талап қою негізді болып табылса және сот оның заңсыздығын таныса, онда ол толық немесе қандай да бір бөлігінде оның күшін жояды.
2. Шешімді қабылдаған кезде орындалып қойған немесе орындалып жатқан, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің заңсыздығы танылған жағдайда, сот жауапкерді орындаудың күшін жоюға мәжбүрлеуге және талап қоюшыны шешімде белгіленген мерзімде бастапқы жағдайына қайтару бойынша әрекеттер жасауды талап етуге құқылы.
157-бап. Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша шешім
1. Әкімшілік актіні шығарудан бас тартудың не жауапкер әрекетсіздігінің нәтижесі болып табылатын әкімшілік актіні қабылдамау заңға қайшы келетін немесе талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себеп болған жағдайда, сот әкімшілік органға әкімшілік актіні қабылдау міндеттемесін жүктейді.
Сот жауапкерге ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндетін жүктеуге құқылы.
2. Сот шешімде әкімшілік актінің мазмұны мен оны қабылдау мерзімін, сондай-ақ орындылығы мәселелерін шешуді қоспағанда, әкімшілік іс үшін елеулі маңызы бар өзге де мән-жайларды айқындауы мүмкін. Соттың мұндай шешімі әкімшілік акт қабылданғанға дейін оны ауыстырады.
Әкімшілік қалау болған кезде талап қоюшының талаптарын қанағаттандыру туралы нақты шешім шығару мүмкін болмаған жағдайда, сот жауапкерге соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, тиісті әкімшілік актіні талап қоюшының пайдасына қабылдау туралы міндеттемені жүктейді.
158-бап. Әрекет жасау туралы талап қою бойынша шешім
1. Әрекет жасау туралы талап қою негізді және заңды деп танылған кезде сот жауапкерді нақты әрекеттер жасауға міндеттейді және оларды орындау үшін мерзім белгілейді.
Егер талап қоюшы бір мезгілде жауапкердің нақты жасаған әрекетінің құқыққа қайшылығын тануды талап етсе, сот шешімде әкімшілік органның іс жүзіндегі әрекеті құқыққа қайшы болғанын таниды.
2. Әрекетке тыйым салу туралы талап қою негізді және заңды деп танылған кезде сот жауапкерге кейіннен нақты әрекеттер жасауға тыйым салады.
159-бап. Тану туралы талап қою бойынша шешім
1. Тану туралы талап қою қанағаттандырылған кезде сот, егер мұндай талаптар дербес талаптар ретінде мәлімделген болса, қандай да бір құқықтық қатынастың болуын немесе болмауын немесе оның мазмұнын таниды.
2. Сот, сондай-ақ, егер тану туралы талап қою негізді және заңды болса, ал осы мән-жайды тану талап қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қажет болса, бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануға құқылы.
3. Сот, сондай-ақ талап қоюшының талап етуі бойынша, егер ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің күші жойылса немесе оның қолданысы өзге тәсілмен, оның ішінде оның қандай да бір бөлігінде күшін жойса, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануға құқылы.
160-бап. Залалдарды өтеу туралы талапты шешу
1. Талап қоюшы осы Кодекстің 132, 133, 134 және 135-баптарында көрсетілген талап қоюлармен бір мезгілде осы талаптармен себеп-салдарлық байланыстары бар залалдарды өтеу туралы талап қоюға құқылы.
2. Тиісті талаптар қанағаттандырылған жағдайда сот шешімде келтірілген залалдың мөлшерін айқындайды.
161-бап. Сот шешімінің заңды күшіне енуі
Бірінші сатыдағы соттың шешімі, егер дереу орындалуға жіберілмеген болса, осы шешім, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, апелляциялық шағым жасауға арналған мерзім өткен соң заңды күшіне енеді.
Апелляциялық шағым жасауға, өтінішхат келтіруге арналған мерзімі өткізіп алынған және сот мерзімді қалпына келтіруден бас тартқан жағдайларда, шешім бас тарту туралы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді.
25-тарау. САЙЛАУҒА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСАТЫН АЗАМАТТАР МЕН ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ ӘКІМШІЛІК ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
162-бап. Талап қоюды беру
Мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, кәсіпорынның, ұйымның, олардың лауазымды адамдарының шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылады деп есептейтін азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі, кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың кеңесші дауыс беру құқығы бар өкілдері, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары осы Кодекстің 16-тарауында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген соттылық бойынша сотқа талап қоюды беруге құқылы.
163-бап. Сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы әкімшілік істі қарау
1. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, сайлауды, республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнінен бастап бір ай ішінде келіп түскен талап қою - бес күндік мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскен талап қою дереу қаралуға тиіс.
Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тізімдерін түзету қажеттігі туралы сайлау комиссиясының шешіміне шағым жасау туралы талап қою келіп түскен күні қаралуға тиіс.
2. Талап қоюды сот талап қоюшының, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органы, кәсіпорын, ұйым өкілінің, прокурордың қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмей қалуы әкімшілік істі қарауға және шешуге кедергі болмайды.
164-бап. Соттың шешімі, оған шағым жасау, прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қарау, наразылық білдіру және орындау
1. Талап қою негізді деп танылған соттың шешімі бұзылған сайлау құқығын қалпына келтіру үшін негіз болып табылады.
2. Бірінші сатыдағы соттың шешіміне, егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, шешімнің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш күн ішінде апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.
3. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша осы Кодекстің 105-бабында көзделген соттылық қағидалары бойынша шығарылған соттың шешімі ол жарияланған күнінен бастап заңды күшіне енеді және шешімінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш күн ішінде шешімге кассациялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
4. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген шешімдерге апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты, кассациялық шағым, прокурордың наразылығы - сотқа келіп түскен күнінен бастап үш күн мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскендері дереу қаралады.
5. Заңды күшіне енген соттың шешімі тиісті мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына, кәсіпорынға, ұйымға, сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
26-тарау. ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ АЗАМАТТАРДЫҢ АЛҚАБИ РЕТІНДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУГЕ ҚАТЫСУ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗАТЫН ШЕШІМДЕРІНЕ, ӘРЕКЕТТЕРІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ДАУ АЙТУ ТУРАЛЫ ӘКІМШІЛІК ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
165-бап. Талап қоюды беру
1. Жергілікті атқарушы органның шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) азаматтың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысу құқығы бұзылады деп санайтын азамат осы Кодекстің 16-тарауында белгіленген соттылығы бойынша сотқа талап қоюмен жүгінуге құқылы.
2. Талап қоюға азаматтың алқабиге кандидаттардың тізіміне енгізу және алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқықтарының бұзылғаны туралы куәландыратын дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.
3. Талап қою Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасына сәйкес азаматтарды алқабилерге кандидаттардың алдын ала тізімдерімен таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде сотқа берілуі мүмкін.
166-бап. Әкімшілік істі қарау
1. Осы Кодекстің 165-бабында белгіленген мерзімдерде келіп түскен талап қою - екі жұмыс күні ішінде, ал осы мерзім аяқталатын күні келіп түскені дереу қаралуға тиіс.
2. Әкімшілік істі сот талап қоюшының, тиісті жергілікті атқарушы орган өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмеуі әкімшілік істі қарау және шешу үшін кедергі болып табылмайды.
167-бап. Соттың шешімі және оны орындау
1. Азаматтың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысу құқығының бұзылуы анықталған соттың шешімі алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімдеріне түзетулер енгізу үшін негіз болып табылады.
2. Соттың шешімі тиісті жергілікті атқарушы органға жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
27-тарау. СОТ АКТІЛЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
168-бап. Апелляциялық шағым беру тәртібі
1. Апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
2. Заңды күшіне енбеген соттың шешімдеріне әкімшілік процеске қатысушылар апелляциялық шағым беру арқылы апелляциялық тәртіппен түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап екі ай ішінде шағым жасауы мүмкін. Прокурордың апелляциялық өтінішхаты осы Кодекстің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап екі ай ішінде берілуі мүмкін.
3. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына жекеше шағым, прокурордың өтінішхаты ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
4. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін.
Апелляциялық өтінішхат келтіру құқығы әкімшілік істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі.
5. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар өз құзыреті шегінде әкімшілік істің қаралуына қатысқан-қатыспағанына қарамастан шешімге апелляциялық өтінішхат келтіруге құқылы.
Апелляциялық шағым жасау, өтінішхат келтіру мерзімдері өткен соң, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, соттың шешімі заңды күшіне енеді.
6. Бірінші сатыдағы соттардың сот актілеріне әкімшілік процеске қатысушылардың апелляциялық шағымдарын, прокурордың өтінішхатын облыстық және оған теңестірілген соттар қарайды.
2021.20.03. № 20-VІІ ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 7-бөлік өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Осы Кодекстің 102-бабы үшінші бөлігінің қағидалары бойынша қаралған әкімшілік істер бойынша шығарылған сот актілеріне апелляциялық шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын астананың соты қарайды.
8. Апелляциялық сатыдағы соттағы әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ ол сотқа келіп түскен күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Сот талқылауының мерзімін ұзарту туралы ұйғарым прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қаралуға жатпайды.
Апелляциялық сатыдағы сотта алдын ала тыңдау осы Кодекстің 21-тарауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік іс ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.
9. Әкімшілік процеске қатысушының уәжді өтінішхаты бойынша сот оған өзінің құқықтық ұстанымын негіздеу үшін бір айдан аспайтын қосымша мерзім беруге құқылы.
2021.20.03. № 20-VІІ ҚР Заңымен 10-бөлік өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы шағым жасаудың кассациялық мерзімі өткен соң күшіне енеді.
Кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайтын, бірінші сатыдағы соттың ұйғарымдарына жекеше шағымдар бойынша апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары жария болған күнінен бастап күшіне енеді.
Әкімшілік істің одан әрі жылжу мүмкіндігіне кедергі келтіретін апелляциялық сатыдағы соттың өзге де ұйғарымдарына кассациялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
169-бап. Кассациялық шағым жасау тәртібі
1. Кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
2. Соттың заңды күшіне енбеген шешімдері мен ұйғарымдарына әкімшілік процеске қатысушылар кассациялық шағым беру арқылы кассациялық тәртіппен апелляциялық сатының түпкілікті нысандағы сот актісі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде шағым жасай алады.
Прокурордың кассациялық өтінішхаты осы Кодекстің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап бір ай ішінде берілуі мүмкін.
Кассациялық өтінішхат келтіру құқығы облыстардың прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға тиесілі.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары өз құзыреті шегінде әкімшілік істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан, шешімге кассациялық өтінішхат келтіруге құқылы.
Кассациялық шағым жасау, өтінішхат келтіру мерзімдері өткен соң, егер кассациялық шағым, өтінішхат берілмесе, соттың шешімі заңды күшіне енеді.
3. Заңды күшіне енген, оның ішінде татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу тәртібімен аяқталған әкімшілік істер бойынша сот актілері Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының өз бастамасы бойынша да, осы баптың екінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаттары бойынша да келтірілген, оған осы Кодекстің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша берілген наразылықтары бойынша заңды күшіне енген күнінен бастап үш ай ішінде қайта қаралуы мүмкін.
Аталған мерзім осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша сот актілерін қайта қарау жағдайларына қолданылмайды.
2021.20.03. № 20-VІІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Сот актілеріне кассациялық шағымдарды, өтінішхаттар мен наразылықтарды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы қарайды.
5. Кассациялық сатыдағы сотта әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ ол сотқа келіп түскен күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі.
Сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат - ол келіп түскен күннен бастап алты ай ішінде, ал әкімшілік істі талап етіп алдыру жағдайында әкімшілік іс келіп түскен күннен бастап алты ай ішінде қаралады.
Кассациялық сатыдағы сотта алдын ала тыңдау осы Кодекстің 21-тарауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
6. Кассациялық сатыдағы әкімшілік істер бойынша қаулылар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Кассациялық тәртіппен қайта қарауға мыналар негіздер болып табылады:
1) қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін ауыр орны толмас салдарға алып келуі мүмкін жағдайлар;
2) қабылданған қаулы белгіленбеген адамдар тобының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын жағдайлар;
3) қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар.
170-бап. Жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау жөнінде іс жүргізу
Жаңадан ашылған және жаңа мән-жайлар бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.