Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 ж. 21 қаңтардағы № 64 Қаулысы
(2013.03.09. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2017 жылғы 1 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 2013.03.09. № 910 Қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
«Терроризмге қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шiлдедегi Заңының 17-бабын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
ҚР Үкіметінің 2013.03.09. № 910 Қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қоса беріліп отырған Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И.Тасмағамбетов |
ҚР Үкіметінің 2013.03.09. № 910 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 21 қаңтардағы
№ 64 қаулысымен
бекітілген
Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды
әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру
ҚАҒИДАЛАРЫ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Әлеуметтік оңалту Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен терроризм актісінен зардап шеккендер деп танылған (бұдан әрі - зардап шеккендер) Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ұсынылады.
3. Зардап шеккендерді әлеуметтік оңалту қажетті тегін құқықтық көмек көрсетуді, медициналық және психологиялық оңалтуды (бұдан әрі - әлеуметтік оңалту) қамтиды.
4. Әлеуметтік оңалтуды терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) терроризм актісі жасалған орын немесе зардап шеккендердің тұратын жерлері бойынша республикалық және жергілікті бюджетте көзделген қаражат есебінен және осы қаражат шегінде жүзеге асырады.
5. Шет мемлекеттің аумағында жасалған терроризм актісінен зардап шеккендер деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтарын әлеуметтік оңалту, егер халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, осы қағидаларда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру тәртібі
6. Әлеуметтік оңалтуды жүзеге асыру үшін адамдарды зардап шеккендер деп тану туралы қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысы негіз болып табылады.
7. Әлеуметтік оңалу үшін зардап шеккендер немесе оның атынан жақын туысқандары (заңды өкілі) терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіретін уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық органына (бұдан әрі — Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы) зардап шеккендердің тегі, аты, қалауы бойынша әкесінің аты, оның пошта мекенжайы, алуды қалайтын әлеуметтік оңалтудың түрі көрсетілген өтінішпен жүгіне алады.
8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы екі жұмыс күні ішінде зардап шеккен адамға немесе оның атынан жүгінген жақын туысқанына (заңды өкіліне) талап етілетін әлеуметтік оңалтудың түрін алу қажет мемлекеттік органның (ұйымның) атауы, орналасқан жері, зардап шеккен адам көрінетін нақты қызметкер, қызметтік телефоны, факсының нөмірі, электронды поштасының мекенжайы (қажет болған жағдайда) көрсетілген өтінішті қарау нәтижесі туралы жазбаша жауап жолдайды.
9. Зардап шеккендерге құқықтық көмекті өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органдары кешіктірмей жазбаша, ауызша және электронды түрде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органдары зардап шеккендерге қажетті құжаттарды алуға көмек көрсетеді.
10. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы зардап шеккен адамның құқықтық көмек алу жөніндегі өтінішінің көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органына жолдайды.
Құқықтық көмек алу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органына мынадай құжаттар ұсынылады:
1) терроризм актісінен зардап шеккен адамның жеке куәлігінің көшірмесі;
2) терроризм актісінен зардап шеккен деп тану туралы қаулының көшірмесі.
Жазбаша немесе электрондық цифрлық қолтаңба қойылған электронды құжатпен жүгінген жағдайда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органдары зардап шеккендерге бес жұмыс күні ішінде өтінішті қарау нәтижесі туралы жауап жолдайды.
11. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органының басшысы терроризм актісінен зардап шеккендерге құқықтық көмек көрсету бойынша өткізілген іс-шаралардың қорытындысы туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органының бастығына хабарлайды.
12. Зардап шеккендерді психологиялық оңалту терроризм актісі(актілері) жасалған орын бойынша кешіктірілмей жүзеге асырылады және оларға тиісті бейіндегі мамандардың (психологтардың) көмек ұсынуынан тұрады.
Психологиялық оңалтуды іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы ведомствоаралық жұмыс тобын құрады.
Ведомствоаралық жұмыс тобына терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың психологиялық қызмет бөлімшесінің мамандары мен штаттық психологтары, денсаулық сақтау ұйымдарының, халықты әлеуметтік қорғау жүйесі ұйымдарының, арнайы білім беру ұйымдарының (психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері) мамандары енгізіледі.
Психологиялық оңалту жөніндегі ведомствоаралық топтың басшысы болып терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы бастығының орынбасары тағайындалады.
13. Психологиялық оңалтуды алу Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органына осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген өтінішпен қоса мынадай құжаттар ұсынылады:
1) терроризм актісінен зардап шеккен адамның жеке куәлігінің көшірмесі;
2) адамды терроризм актісінен зардап шеккен деп тану туралы қаулының көшірмесі.
14. Психолог-маман зардап шеккенге психологиялық кеңес беруді жүзеге асырады және қажет болған жағдайда қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуды, оның ішінде балаларды медициналық оңалтуды көрсететін медициналық ұйымдарда одан әрі емделу үшін денсаулық сақтау ұйымына жүгінуді ұсынады.
15. Ведомствоаралық жұмыс тобының басшысы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органының басшысына психологиялық оңалту бойынша жүргізілген іс-шаралардың қорытындысы туралы хабарлайды.
16. Терроризм актісінен зардап шеккен адамдарды медициналық оңалтуды Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 қарашадағы № 1342 қаулысымен бекітілген Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту қағидаларына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдары тегін медициналық көмек көрсетудің берілген кепілдік көлемі шегінде жүзеге асырады.