23) 43-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары лауазымдарын атқаратын мемлекеттік қызметшілер өздеріне тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін мынадай:
1) бағынысты адам жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамаудағы немесе тиісінше орындамаудағы кінә арасындағы байланыс анықталған;
2) бағынысты адамға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы не сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі тоқтатқан жағдайлардың жиынтығы кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.»;
24) 44-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Теріс себептермен қызметтен шығаруға алып келетін тәртіптік теріс қылық жасаған адамдарды өз еркімен қызметтен шығару, адамдарды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға құқыққа сыйымсыз тағайындау және (немесе) мемлекеттік әкімшілік лауазымдардан адамдарды құқыққа сыйымсыз босату, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды құқыққа сыйымсыз қолдану, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария ету, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қасақана қабылдамау, бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау да тәртіптік теріс қылықтар деп танылады.»;
4-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза уақытша бос мемлекеттік лауазымды қоспағанда, кез келген төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.»;
9-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Орталық мемлекеттік орган басшысының шешімімен орталық мемлекеттік орган, оның ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі не орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының шешімімен орталық мемлекеттік органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі.»;
25) 45-бапта:
2-тармақтың төртінші бөлігі алып тасталсын;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Тәртіптік жауаптылық туралы мәселені қарау және тәртіптік жазаны қолдану мерзімінің өтуі осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу не әкімшілік іс жүргізу кезеңінде, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылығы мәселесін шешуге әсер ететін сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.»;
26) 46-баптың 2-тармағындағы «тартылушы» деген сөз «тартылған» деген сөзбен ауыстырылсын;
27) 56-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«56-бап. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары
1. Мемлекеттік қызметшілер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалатын тәртіппен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
2. Тұрғынжай жағдайларын жақсартуға мұқтаж мемлекеттік қызметшілерге жеке тұрғынжай құрылысы үшін жер учаскелері беріледі. Жер учаскелерін берудің шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Мемлекеттік қызметшілер және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері медициналық қызмет көрсетуді тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде белгіленген тәртіппен пайдаланады.
4. Мемлекеттік органның штат кестесі қысқарған кезде қысқартылатын мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу жүргізіледі.
5. Мемлекеттік орган жойылған (таратылған) жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу жүргізіледі.
6. Мемлекеттік органға басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) не қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функцияларын, өкілеттіктерін және (немесе) штат бірліктерін беру кезінде берілген функцияларды, өкілеттіктерді атқарған және (немесе) осы штат бірліктерінде тұрған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың біліктіліктеріне сәйкес басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік органдағы мәні бірдей мемлекеттік лауазымдар ұсынылады.
Мәні бірдей лауазым болмаған жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшіге ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда осы мемлекеттік органдағы өзге мемлекеттік лауазым ұсынылуы мүмкін.
Мемлекеттік әкімшілік қызметші жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда ол қызметтен шығарылуға жатады.
Ұсынылған лауазымнан бас тартқан, кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
Ескертпе. Осы тармақтың мақсаттары үшін басқа мемлекеттік орган деп дербес заңды тұлға ретінде тіркелген мемлекеттік орган түсініледі.
7. Мемлекеттік органның ішінде басқару құрылымы өзгерген кезде мемлекеттік әкімшілік қызметші бұрын атқарған лауазымымен мәні бірдей, бұрын атқарған лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес келетін лауазымға тағайындалады.
Мәні бірдей лауазым болмаған кезде, мемлекеттік әкімшілік қызметшіге ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда өзге лауазым ұсынылуы мүмкін.
Мемлекеттік әкімшілік қызметші ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда ол қызметтен шығарылуға жатады. Кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
8. Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген жағдайларда уақытша болмаған мемлекеттік қызметшіні алмастыру не мемлекеттік қызметшінің өзінің келісуі жағдайларынан басқа, өзге бос мемлекеттік лауазым болған кезде мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді уақытша бос мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға жол берілмейді.
Осы баптың 6 және 7-тармақтарына сәйкес ұсынылатын лауазым туралы хабарламаны алған мемлекеттік әкімшілік қызметші қабылданған шешім туралы бес жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Көрсетілген мерзімде шешім болмаған жағдайда, мемлекеттік қызметші қызметтен шығарылуға жатады.
9. Мемлекеттік әкімшілік қызметші лауазымы атауының не ол жұмыс істейтін мемлекеттік орган (құрылымдық бөлімше) атауының еңбек жағдайларының өзгеруіне алып келмейтін өзгертілуі мемлекеттік әкімшілік қызметшінің мемлекеттік қызметті тоқтатуы немесе оны басқа лауазымға қайта тағайындау үшін негіз болып табылмайды.
Мұндай жағдайда мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға құқығы бар уәкілетті адам (орган) мемлекеттік лауазымға тағайындау туралы тиісті акт шығарады.
10. Егер негізгі жұмыскер жұмысқа шықпай, атқаратын мемлекеттік әкімшілік лауазымды босатқан жағдайда, осы уақытша бос мемлекеттік лауазымды атқарып жүрген мемлекеттік қызметші конкурс өткізілместен, жұмысын тұрақты негізде жалғастыра алады.
Мұндай жағдайда мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға құқығы бар уәкілетті адам (орган) уақытша бос мемлекеттік лауазымға қабылданған адамды тұрақты негізде мемлекеттік лауазымға тағайындау туралы тиісті акт шығарады.
11. Мемлекеттік қызметші қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне мемлекеттік органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді, бұл ретте, жәрдемақының мөлшері «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленгеннен төмен болмауы керек.»;
28) 60-бапта:
2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Отставкадан бас тартылған жағдайда мемлекеттік саяси қызметші заңға сәйкес отставкадан бас тарту туралы шешім қабылдаған адамның (органның) шешімі бойынша тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.»;
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«3-1. Осы тармақтың 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік саяси қызметшілер, егер олар тағайындалған күннен бастап үш ай өткен соң сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған жағдайда:
1) өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, жауапты хатшы, аппарат басшысы не орталық мемлекеттік органның облыстық, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумақтық бөлімшесінің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде - орталық мемлекеттік органның басшысы;
2) өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың әкімі;
3) өзі жетекшілік ететін ведомствоның, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде - орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары;
4) өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде - облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімінің орынбасары;
5) өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде, осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген адамдарды қоспағанда, әкім отставкаға өтініш береді.
Мемлекеттік саяси қызметшілер осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен не Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі тоқтатқаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде отставкаға өтініш береді.»;
29) 61-баптың 1-тармағында:
11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«11) әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы;»;
мынадай мазмұндағы 20-1) тармақшамен толықтырылсын:
«20-1) сынақ мерзімінің қанағаттанарлықсыз нәтижелері;».
28-тармақ ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
28. «Атом энергиясын пайдалану туралы» 2016 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2016 ж., № 1, 1-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат):
7-1-баптың 6-тармағы «қызметтік куәлігін» деген сөздерден кейін «не сәйкестендіру картасын» деген сөздермен толықтырылсын.
29-тармақ 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
29. «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2016 ж., № 7-І, 46-құжат; 2017 ж., № 14, 51-құжат; № 16, 56-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 14, 44-құжат; № 16, 53, 55-құжаттар; № 19, 62-құжат; 2019 ж., № 2, 6-құжат; № 15-16, 67-құжат):
1) 30-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша осы актілерде реттелетін құқықтық қатынастарға қарай ғылыми (құқықтық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, лингвистикалық, экологиялық, экономикалық және басқа да) сараптама жүргізілуі мүмкін.»;
2) мынадай мазмұндағы 33-1-баппен толықтырылсын:
«33-1-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама
1. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың мақсаты сыбайлас жемқорлық нормаларын анықтау, сондай-ақ оларды жоюға бағытталған ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілетін заңнамалық актілердің жобаларынан басқа, Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының нормативтік қаулыларын, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарын, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, өзге нормативтік құқықтық актілердің жобалары да міндетті тәртіппен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жасауға жатады.
3. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі.».
30-тармақ 2020 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
30. «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2018 ж., № 1, 1-құжат):
6-баптың 1-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацындағы «120 (үшінші бөлігінің 3) мен 5) тармақтарында және төртінші бөлігінде), 121 (үшінші бөлігінің 3) мен 5) тармақтарында және төртінші бөлігінде)» деген сөздер «120 (3-1 және төртінші бөліктерінде), 121 (3-1 және төртінші бөліктерінде)» деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап.
1. Осы Заң:
1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1, 2, 3, 5, 7, 8, 9, 10, 11, 13, 15, 16, 17-тармақтарын, 19-тармағының 4) тармақшасын, 20-тармағын, 25-тармағының 2) және 3) тармақшаларын, 27-тармағының 16) тармақшасын және 28-тармағын;
2) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 26-тармағының 2) тармақшасын және 29-тармағын;
3) 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 30-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. 1-баптың 27-тармағының 5) тармақшасы үшінші абзацының қолданысы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы абзац мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын және оның орынбасарларын қоспағанда, мемлекеттік қызметшілер бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, облигацияларды, бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акциялары жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемдегі жай акцияларды) сатып алуға және (немесе) өткізуге құқылы.».
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2019 жылғы 26 қараша
№ 273-VІ ҚРЗ