2. Төлем ордерінде банктің (ақша жөнелтушінің банкі мен бенефициардың банкі) немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның атауы бір рет көрсетілуі мүмкін.
37-бап. Төлем хабарламасы
1. Төлем хабарламасы ақша жөнелтушінің банктік шотын ашпай қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылады.
2. Төлем хабарламаларын беру және орындау тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
3. Банктік шотты ашпай электрондық терминалдар арқылы төлемдерді және(немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде ақша жөнелтушіге деректемелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін чек беріледі.
38-бап. Электрондық төлем құралы
1. Электрондық төлем құралын пайдалану осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Электрондық төлем құралын пайдалана отырып жасалатын операциялар бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы сәйкестендіру құралы арқылы расталған электрондық төлем құралын ұстаушының келісімі негізінде жүзеге асырылады.
3. Төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыру кезінде электрондық төлем құралын ұстаушының келісімін беру және растау тәртібі мен тәсілі электрондық төлем құралының эмитенті - банк пен электрондық төлем құралын ұстаушы арасында жасалған шартта белгіленеді.
7-тарау. ТӨЛЕМ КАРТОЧКАСЫ
39-бап. Төлем карточкасын шығару және пайдалану
1. Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкаларын шығаруды төлем карточкасын шығаруға құқығы бар Қазақстан Республикасының көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер жүзеге асырады. Төлем карточкаларын шығару және пайдалану төлем карточкасы эмитентінің төлем карточкасын ұстаушымен жасаған шарты негізінде жүзеге асырылады. Төлем карточкасының эмитенті өзге де ұйымдармен бірлесіп, төлем және өзге де көрсетілетін қызмет түрлерін ұстаушыларға оларды ұсыну үшін өздерінің арасында жасалған шарттардың тәртібі мен талаптарында төлем карточкаларын шығаруға құқылы. Негізге алынып төлем карточкаларын шығару және пайдалану жүзеге асырылатын шартты жасасу тәсілі мен талаптары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Төлем карточкасының эмитенті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiн төлем карточкаларын шығарғаны туралы хабардар етеді.
3. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушымен төлем карточкасын пайдалану туралы шарт жасасқанға дейін төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалану кезіндегі талаптар мен қауіпсіздік шаралары туралы, наразылықтарды беру тәсілдері мен оларды қарау тәртібі туралы хабардар етуге міндетті.
4. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлердегіні қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бюджетпен есеп айырысудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібін қолданатын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өз қызметін жүзеге асыратын орындарда төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған жабдықтарды (құрылғыларды) орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға міндетті. Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған жабдықтарды (құрылғыларды) қолданудың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес арнаулы салық режимін қолданатын және қызметін астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар осындай жабдықтарды (құрылғыларды) орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға міндетті. Осы бапта белгіленген талаптар сауда операциялары, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде қолма-қол ақшаны пайдаланбастан ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыратын дара кәсіпкерге және (немесе) заңды тұлғаға қолданылмайды.
5. Төлем карточкасының эмитенті өзінің интернет-ресурсында төлем карточкасының түрлері мен оны беру шарттары туралы ақпаратты, төлем карточкасын беру туралы үлгілік шартты, төлем карточкасын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратты орналастырады.
6. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасына қызмет көрсету үшін алынатын комиссияның мөлшері не оны төлемеген кезде берешекті есепке жазу туралы хабардар етеді, сондай-ақ төлем карточкасын ұстаушыға өздерінің арасындағы шартта көзделген тәртіппен оның төлем карточкасына қызмет көрсеткені үшін төлем карточкасын ұстаушының комиссияны төлеу фактісін растауды ұсынуын қамтамасыз етеді.
40-бап. Төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілетін төлемдер және (немесе) ақша аударымдары
1. Төлем карточкасын пайдалана отырып жүргізілетін төлем және (немесе) ақша аударымы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Төлемге және (немесе) ақша аударымына қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалануға байланысты құқықтары мен міндеттері дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ұсынылған төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылатын төлемді қабылдауға келісім берген кезден бастап туындайды. Дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның өзімен төлем карточкасына қызмет көрсету туралы келісім жасасқан банкке қатысты өзі қабылдаған төлем сомасында ақшалай талап құқығы туындайды. Көрсетілген банкте дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның ақшалай талабын орындау міндеті туындайды.
3. Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаған кезде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) қолма-қол ақша төленген кездегі олардың сатылу бағасынан аспайтын бағамен сатуды жүзеге асыруға міндетті.
4. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операциялар туралы өздерінің арасындағы шартта көзделген жағдайларда және тәртіппен хабардар етеді. Осындай хабарламаны жіберудің тәсілі мен кезеңділігі, сондай-ақ төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операциялар туралы хабардар еткені үшін төлем карточкасы эмитентінің комиссия мөлшері мен оны алу тәртібі төлем карточкасының эмитенті мен төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта белгіленеді.
5. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын жоғалтуы және (немесе) төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуы туралы хабарламаны тәулік бойы жіберу мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.
6. Төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасының жоғалу немесе төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылу фактісін анықтаған кезде бұл туралы төлем карточкасының эмитентін өздерінің арасындағы шартта белгіленген тәсілмен хабардар етеді. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының хабарламасы негізінде оның төлем карточкасын бұғаттайды.
Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушымен жасалған шартқа сәйкес рұқсат етілмеген операция бойынша ақшаны өзі дербес өтеген жағдайларды қоспағанда, төлем карточкасын ұстаушы рұқсат етілмеген операцияны өтеу үшін төлем карточкасының эмитенті белгілеген нысан бойынша өтінішті төлем карточкасының эмитентіне ұсынады.
7. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасының жоғалуы және(немесе) төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуы туралы төлем карточкасын ұстаушының хабарламасын алғаннан кейін рұқсат етілмеген операциялар жасалған жағдайда, олар үшін жауаптылықта болады.
8. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының рұқсат етілмеген операцияны өтеу туралы өтініші негізінде рұқсат етілмеген төлем фактісін анықтау бойынша шаралар қолданады және осындай өтінішті алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде оған рұқсат етілмеген операция мөлшерінде ақша сомасын өтейді не өздерінің арасындағы шартта көзделген тәсілмен себебін көрсете отырып, рұқсат етілмеген операцияны өтеуден бас тарту туралы хабарлама жібереді.
Үшінші тұлғалардан ақпаратты алу не тексеру жүргізу арқылы қосымша зерделеу қажет болған жағдайда, төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының өтінішін қарайды және ол бойынша Қазақстан Республикасы ішіндегі операциялар бойынша күнтізбелік отыз күн немесе шетелде жасалған операциялар бойынша күнтізбелік алпыс күн ішінде шешім қабылдайды және бұл туралы төлем карточкасын ұстаушыны өздерінің арасындағы шартта белгіленген тәсілмен хабардар етеді.
Төлем карточкалары эмитентінің рұқсат етілмеген операцияны өтеуден бас тартуы төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын пайдалану қағидаларын бұзуын не оның төлем карточкасын пайдалана отырып алаяқтық операцияларға қатысуын растайтын негіздер, белгілер немесе фактілер болған кезде жүзеге асырылады.
9. Төлем карточкасының эмитентін төлем карточкасының жоғалуы немесе төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуы туралы хабардар етпеген жағдайда, төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасының жоғалуына немесе төлем карточкасының рұқсатсыз пайдаланылуына байланысты барлық тәуекелдерді көтереді.
10. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыға оның төлем карточкасын пайдалануына байланысты құжаттарды және ақпаратты шартта айқындалған тәртіппен ұсынуға міндетті.
11. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушыға жіберілген және одан алынған хабарламаларды тіркейді, сондай-ақ тиісті ақпаратты жіберген және алған күннен бастап оларды кемінде үш жыл сақтайды.
12. Төлем карточкасының эмитенті төлем карточкасын ұстаушының өтініштерін, оның ішінде төлем карточкасын немесе оның деректемелерін пайдалануға байланысты даулы жағдайлар туындаған кезде шартта белгіленген, бірақ осындай өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде, сондай-ақ төлем карточкасы шетелде пайдаланылған жағдайда, өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын мерзімде қарайды. Төлем карточкасын ұстаушыға өтініштерді қараудың нәтижелері туралы, оның ішінде жазбаша нысанда ақпарат (төлем карточкасын ұстаушының талабы бойынша) жіберіледі.
13. Төлем карточкасының эмитенті ұстаушыдан алған хабарлама негізінде немесе ұстаушы төлем карточкасын пайдалану тәртібін бұзған кезде шартқа сәйкес эмитенттің бастамасы бойынша оны төлем карточкасын ұстаушының оны пайдалануын тоқтата тұрады немесе тоқтатады.
14. Төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын пайдалануын тоқтата тұру немесе тоқтату төлем карточкасын ұстаушының және эмитенттің көрсетілген пайдалануды тоқтата тұрған немесе тоқтатқан кезге дейін туындаған міндеттемелерін тоқтатпайды.
41-бап. Төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Өздері шығарған төлем карточкалары пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған операциялар бойынша Қазақстан Республикасының банктері арасындағы төлемдерді өңдеу және төлемдер клирингі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының резидент банктері шығарған төлем карточкалары пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған банкаралық операцияларға қызмет көрсету жүйесін осы жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін операциялық және технологиялық функцияларды жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операциялық орталығына беру не арнайы ұйым құру арқылы ұйымдастыруға құқығы бар.
Мұндай арнайы ұйымның қызметін жүзеге асыру және төлем карточкалары эмитенттерінің - банктердің аталған ұйыммен өзара іс-қимыл жасау тәртібіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
8-тарау. ЭЛЕКТРОНДЫҚ АҚША
42-бап. Электрондық ақша эмитенттері, иелері және электрондық ақша жүйесінің операторы
1. Электрондық ақша эмитенттері Қазақстан Республикасының аумағында шығаратын электрондық ақша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ғана номиналдануға (көрсетілуге) тиіс.
2. Электрондық ақшаны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банктер және Ұлттық пошта операторы шығаруға құқылы.
3. Мыналар:
1) электрондық ақша эмитентінен, агенттен немесе өзге де жеке тұлғалардан электрондық ақшаны алған жеке тұлғалар;
2) агенттер;
3) жеке тұлғалардан азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемақы ретінде электрондық ақшаны алған дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар электрондық ақша иелері болып табылуы мүмкін.
4. Электрондық ақша иесінің құқықтары электрондық ақшаны алған кезден бастап туындайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жеке тұлға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен асатын сомада электрондық ақшаны иемденген жағдайда, электрондық ақша эмитенті оны сәйкестендіруді жүзеге асыруға міндетті.
Электрондық ақша эмитенті шарттың негізінде «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға электрондық ақша эмитентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша электрондық ақшаның иесі - жеке тұлғаны сәйкестендіруді жүзеге асыруға уәкілеттік беруге құқылы.
Электрондық ақшаның иесін сәйкестендіруді электрондық ақша эмитенті электрондық ақша иесінің өзі қатысқан және жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде не банкаралық ақша аударымдары жүйесінің операциялық орталығынан қолжетімді дереккөздерден алынған мәліметтер негізінде қашықтан сәйкестендіру арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келмейтін өзге де тәсілмен жүргізеді.
6. Электрондық ақша эмитентінің өзі немесе банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым немесе төлем ұйымы электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған тиісті шарттың негізінде электрондық ақша жүйесінің операторлары болып табылуы мүмкін. Электрондық ақша эмитенті мен электрондық ақша жүйесінің операторы (егер ол электрондық ақша эмитенті болып табылмаса) арасындағы қатынастар осы Заңмен және олардың арасында жасалған шартпен реттеледі.
7. Электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған шарттардың талаптарына сәйкес және өзіне электрондық ақша эмитенті (эмитенттері) берген өкілеттіктердің негізінде оның (олардың) атынан жеке тұлғалармен, агенттермен, дара кәсіпкерлермен және электрондық ақша жүйесіне қатысатын заңды тұлғалармен шарттар жасасуға құқылы. Бұл жағдайда электрондық ақша иесі электрондық ақша жүйесінің операторымен жасасқан шарт осы шарт жасалған күннен кейін электрондық ақша жүйесіне қатысушылар болған электрондық ақша эмитентін (эмитенттерін) қоса алғанда, бір жүйенің шеңберінде өзі (өздері) шығарған электрондық ақшаны пайдалану кезінде электрондық ақша эмитентімен (эмитенттерімен) жасалған шартқа теңестіріледі.
8. Электрондық ақша эмитентінің электрондық ақша шығару жөніндегі қызметті тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
9. Электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін осы Заңда, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген талаптарды және шектеулерді ескере отырып қамтамасыз етуге міндетті. Электрондық ақша эмитенті және электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу туралы шарттың талаптарына сәйкес электрондық ақша иесінің алдында электрондық ақшаға рұқсатсыз қол жеткізу немесе оларды рұқсатсыз пайдалану, сондай-ақ электрондық ақша эмитентін бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысындағы не электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуіндегі қателер немесе іркілістер салдарынан электрондық ақша иесіне келтірілген залал үшін жауаптылықта болады.
43-бап. Электрондық ақшаны шығару және өткізу
1. Электрондық ақша эмитенті жеке тұлғалардан немесе агенттерден растауды ұсына отырып, электрондық ақша шығарғаны үшін комиссиялық сыйақыны шегере отырып, өзіне қабылдайтын міндеттемелердің номиналды құнына тең сомада ақша алғаннан кейін электрондық ақша шығаруды жүзеге асырады. Электрондық ақша эмитенті өзі шығарған электрондық ақшаны олардың Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы номиналды құнына сәйкес өтеу жөніндегі шартсыз және кері қайтарылмайтын ақшалай міндеттемені қабылдайды.
2. Электрондық ақша эмитенті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін электрондық ақша шығару жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы хабардар етеді.
3. Электрондық ақша эмитентінің электрондық ақша шығарған кезде комиссиялық сыйақы, сондай-ақ электрондық ақша эмитенті көрсететін қосымша қызметтер үшін ақы алуы жасалған шарттың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Электрондық ақша эмитенті мен олардың иесі - жеке тұлға арасындағы қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың арасында жасалған электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу шартымен реттеледі.
5. Электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу шарты жасалғанға дейін электрондық ақша эмитенті немесе электрондық ақша иесі атынан әрекет ететін электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша жүйесіне қатысуға ниет білдірген жеке тұлғаға:
1) электрондық ақша эмитентінің және электрондық ақша жүйесі операторының атауы мен орналасқан жері, сондай-ақ егер электрондық ақша жүйесінің операторы банк болып табылмаса, оның тіркеу нөмірі туралы;
2) электрондық ақшаны пайдалану шарттары туралы;
3) электрондық ақша эмитентінің және (немесе) электрондық ақша жүйесі операторының электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу кезінде электрондық ақша иесінен алынатын комиссиялық сыйақыны алу мөлшері мен тәртібі туралы;
4) электрондық ақша эмитентімен немесе электрондық ақша жүйесінің операторымен байланысқа арналған ақпаратты қоса алғанда, наразылықтар беру тәсілдері мен оларды қарау тәртібі туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
6. Осы Заңның 13-бабының 4-тармағында көзделген талаптардан басқа, электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу шартында:
1) электрондық ақшаны шығару (сатып алу) талаптары;
2) электрондық ақшаны пайдалануға белгіленетін шектеулерді қоса алғанда, электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру талаптары;
3) электрондық ақша иесінің электрондық ақшаға және оларды пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыруға құқықтарын куәландыру тәртібі;
4) электрондық ақшаны өтеуге ұсыну тәртібі мен тәсілдері және оны өтеу тәртібі;
5) электрондық ақшаны пайдалану кезінде электрондық ақша эмитенті мен олардың иесі арасында ақпарат алмасу тәртібі, оның ішінде электрондық ақша эмитентін электрондық ақшаға қол жеткізуге бақылаудың жоғалғаны немесе оларды рұқсатсыз пайдалану туралы хабардар ету тәртібі мен мерзімдері;
6) тараптардың өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылығы қамтылуға тиіс.
7. Агент тараптардың құқықтары мен міндеттері, электрондық ақшаны өткізу және сатып алу тәртібі мен талаптары айқындалатын, электрондық ақша эмитентімен немесе электрондық ақша жүйесінің операторымен жасалған шарттың негізінде жеке тұлғаларға электрондық ақшаны өткізуді не жеке тұлғалардан электрондық ақшаны сатып алуды жүзеге асырады.
44-бап. Электрондық ақшаны пайдалану және өтеу
1. Электрондық ақшаны оның иесі - жеке тұлға азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемдерді жүзеге асыру, сондай-ақ электрондық ақша жүйесі қағидаларында айқындалған және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін шарттарда өзге де операцияларды жүргізу мақсатында пайдаланады.
2. Азаматтық-құқықтық мәмілелерді жасау кезінде дара кәсіпкердің және (немесе) заңды тұлғаның электрондық ақшаны төлемақы ретінде қабылдауы электрондық ақша эмитентімен не электрондық ақша жүйесіне қатысушы болып табылатын өзге де банкпен жасалған шарттың негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау кезінде электрондық ақша жүйесінде электрондық ақшаны алған дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қабылданған төлем сомасында электрондық ақша эмитентіне ақшаны талап ету құқығы туындайды.
3. Электрондық ақша эмитенті және электрондық ақша жүйесінің операторы «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес алаяқтықты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды анықтау, сондай-ақ болғызбау мақсатында электрондық ақша жүйесінде ұйымдастырушылық пен рәсімдік іс-шараларды қамтамасыз ету және енгізу жөнінде шаралар қабылдайды.
Электрондық ақша жүйесінің операторы «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты ұсынады. Электрондық ақша эмитенті қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға банк болып табылмайтын электрондық ақша операторлары туралы мәліметтерді олармен тиісті шарт жасасқаннан кейін береді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иесі - жеке тұлға жасайтын бір операцияның ең жоғары сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшеріне тең сомадан аспауға тиіс.
5. Электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иесі - жеке тұлғаның бір электрондық құрылғысында сақталатын электрондық ақшаның ең жоғары сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі жүз еселенген мөлшеріне тең сомадан аспайды.
6. Егер электрондық ақша эмитенті мен электрондық ақша иесі - жеке тұлға арасында жасалған шартта электрондық ақша эмитентінің немесе электрондық ақша жүйесі операторының өзге комиссиялық сыйақысы көзделмесе, электрондық ақшаны өтеуді электрондық ақша эмитенті оның номиналдық құны бойынша тең ақша сомасын электрондық ақша иесінің - жеке тұлғаның банктік шотына аудару не оған қолма-қол ақшаны беру арқылы жүзеге асырады.
7. Электрондық ақшаның иесінен электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу кезінде комиссиялық сыйақыны, сондай-ақ электрондық ақшаның эмитенті көрсететін қосымша қызметтер үшін төлемді алу электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу туралы шарттың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Егер электрондық ақша эмитенті мен дара кәсіпкер немесе заңды тұлға арасында жасалған шартта өзгеше мерзім көзделмесе, электрондық ақша эмитенті азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша ақы төлеу кезінде жеке тұлғалардан дара кәсіпкер немесе заңды тұлға алған электрондық ақшаны олардың пайдасына электрондық ақша түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтеуді жүзеге асырады.
Бағалы қағаздармен операцияларды жүргізген, электрондық ақшаны пайдалана отырып, сыйақы төлеген, электрондық ақша пайдалануды ынталандырумен байланысты төлем кезінде заңды тұлғаның басқа заңды немесе жеке тұлғаларға электрондық ақшаны аударуына жол беріледі.